Жақсылықова Н.Е., п.ғ.к., доцент, Нұртазаева А., магистрант

Қазақ ұлттық аграрлық университеті, ҚР, Алматы қ.

 

КОЛЛЕДЖ ПЕДАГОГЫНЫҢ БАҚЫЛАУ МЕН БАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Жаңа жаһандану қоғамында ұлт­­тық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші - білім деңгейімен өлше­неді. Сондықтан, әлемдік білім ке­ңістігіне кірігіп, кәсіби арнайы білім беру жү­йе­сін халықаралық биікке көтеру бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұл мәселені шешу тек кәсіптік оқыту педагогтарының қолында. Өйткені, сол педагогтар ел­дің ертеңгі келер ұрпақтарын, болашақ кәсі иелерін тәрбиелейді. Колледждің оқыту процесінде білім алушылардың кәсіби білім, білік, дағдыларын есепке алуда, бақылау  және бағалау оның аса қажет құрамдас бөлігі болып табылады.

Колледж педагогы арнайы пәндерінің сабақтар жүйесінде оны дұрыс ұйымдастыра білуі, көп жағдайда оқу-тәрбие процесінің табысты болуына және оның іске асуына оң әсер етеді. Ол үшін, педагог білім алушының оқу материалының меңгеру дәрежесін, сапасы мен көлемін, теориялық және өндірістік оқытудан алған білімдері мен практикалық дағдысының қалыптасып меңгеруін үнемі анықтап отыруы тиіс.

Бұл бағытта білім алушылардың, сабақтар жүйесіндегі кәсіби білімін, біліктері мен дағдыларын есепке алу, бақылау және бағалаудың маңызы зор.

Бақылаудың көмегімен меңгерген теориялық білімдерін меңгерудегі сапасы, біліктілік пен дағдының қалыптасу дәрежесі анықталады. Осы тұрғыда кәсіби білім, білік, дағдыны есепке алу және бағалау мәселесіне теориялық және практикалық талдау жасаудың маңыздылығы ерекше.

Күнделікті бақылау оқыту процесінде күнделікті қолданылады және сабақ барысында білім алушылардың оқу-танымдық іс-әрекетіне басшылық жасайды. Ол ішкі және сыртқы байланысты жан-жақты жүзеге асыруға мүмкіндік туғызады, соның негізінде білім алушылардың қызыққан мамандығының оқу іс-әрекетіне ықпал етеді.

Күнделікті бақылау педагогтың жалпы немесе жекелеген білім алушылар жұмысына жүйелі түрде бақылау жасау көмегімен жүргізіледі. Бақылаудың бұл түрі білім алушылардың топтағы немесе берілген үй тапсырмаларын өзіндік орындауға, болашақ кәсіп иесі болуға, сонымен қатар олардың қызығушылығы және ынтасының артуына, жауапкершілік сезімін ынталандыруына үлкен манызға ие.

Ағымдық бақылау – бұл типтік оқу бағдарламаларындағы белгілі нақты тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы және әрбір кезеңдері негізінде білім алушылардың меңгерген кәсіби білімі, кәсіби шеберлігі мен іскерлігі, кәсіби дағдысының игеруі тексеріледі. Сонымен бірге, педагог жаңа тақырыптың кейбір басты мәселелерін өткен тақырыптардағы оқу материалдарымен толықтырады, кейбір анықтамаларды, ұғымдарды, техникалық ғылыми ережелерді білім алушылардың есіне салады.

Қорытынды бақылау - барлық арнайы пәндер бойынша жыл соңында өткізіледі. Бақылау процесінде ағымдық және тарау (модуль) бойынша бақылау нәтижелері есепке алынады. Білім алушылардың жыл бойында алған теориялық және тәжірибелік-практикалық, өндірістік алған білімдері анықталады.

Сондықтан қорытынды бақылаудың негізі емтихан, сынақ және білім алушылардың жылдық үлгерімдері бағаланады. Емтихан мен жылдық үлгерім бағаларынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды бағалары шығарылады.

Бақылау әдістері арқылы білім алушылар жұмысының тиімділігі мен мазмұны туралы кері байланыс қамтамасыз етіледі. Бақылау әдістеріне ауызша, жазбаша және тесттік бақылау әдістері жатады. Бұл дәстүрлі әдістерге қарағанда бағдарламалап бақылау әдістерінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар машинасыз және машиналы бағдарламалап бақылау әдістеріне бөлінеді.

Машинасыз бағдарламалап бақылау әдістері бойынша перфокарталар және бақылау карталарын қолданып, білім алушылардың теориялық және практикалық білімдерін анықтайды. Педагог арнайы пәндерін оқыту және білім беру мазмұны бөлімі бойынша алдын-ала кемінде 25-30 сұрақтарды дайындап, әрбір сұраққа 5 вариантты жауаптың мазмұнын жазады. Олардың ішінен бір сұраққа ғана дұрыс жауап беріледі.

Бағалаудың мағынасы «жақын отыру» дегенді білдіретін латын сөзінен шыққан. Бағалаудың негізгі сипаты бір адам басқа адамның не айтып, не істегенін немесе өзін-өзі бақылау жағдайында өзінің дербес ойлауын, түсінігін немесе тәртібін мұқият бақылауы болып табылады. Бағалауды өткізу үшін білім алушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындықтармен кездесуі мүмкін екендігін анықтау қажет.

Бағалау жоспарланған нәтижелермен салыстырғанда білім деңгейі мен оқудың және кәсібін меңгерген оқытудың қаншалықты дәрежеде екендігін білу үшін қажет. Бағалау оқу мен оқытуда қолданылып жатқан әдістемелік ұстанымдардың тиімділігін білу үшін қажет.

Бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе - оқу процесі, сол арқылы білім алушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді. Негізі бұл жүйеде білім алушының оқу шеберханалары мен өндірісте қалай жұмыс жасағаны, қандай кәсіби іскерліктерінің қалыптасқаны, қалай ойланғаны мен өндірістік іс-әрекеттері бағаланады. 

Қорыта айтқанда, колледж пегагогтары, өз кезегінде, өзінің арнайы пәндерден сабақ беруіне ғана емес, білім алушылардың кәсіби оқу шеберлігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта ғана педагог оқыту ортасын құра алады. Осы орайда білім алушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, білім алушылардың сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын бірден-бір тәсіл көрсеткіштері бағалау болып табылады.

Әдебиеттер

1. Шәкілікова С., Қағазбаева А. Стандарттың орындалуы– мамандар дайындаудың сапасына қойылатын басты талап.// Қазақстан жоғары мектебі. -№1, 2009.

2. Талызина Н.Ф. Контроль и его функции в учебном процессе. // Советская педагогика. -М., №3. 1989.