PhD доктор Аубкирова К.К. – ғылыми жетекші

Арынгазы Г. – 3 курс студенті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік унверситеті, Қазақстан

С.Маатаның Хизанат Шамаил романындағы Таяу Шығыс мәселелері

Египет жазушысы әрі журналист, белгілі қоғам қайраткері Салах Маата өзінің 2005 жылы Әбдел Құддус сыйлығына ие болып, үлкен жетістікке жеткен «Шамаил қазынасы» атты шығармасын 2002 жылдың 15 ақпанынан бастап жаза бастайды да, үш айдан соң, яғни 2002 жылы мамыр айында жазып бітірген екен. Бұл тарихи романда мәмлүктер кезіндегі шынайы өмір шебер суреттелген. Мәмлүктер тұсындағы тарих туралы жазылған бұл романға тоқталмас бұрын «Мәмлүк» сөзінің этимологиясын қарастырсақ, ол – Ислам тарихында үлкен рөл ойнаған «ақ құлдарға» қатысты туындаған. Бұл сөз араб тіліндегі «Мәләкә» - иелену, билеу деген етістіктің ырықсыз етісінің есімшесі. Мағынасы: 1. Иеліктегі, біреудің қол астындағы, біреуге тәуелді адам. 2. Жалдамалы. Егер мәмлүктер кезеңінің деректеріне сүйенсек онда олар біздің түсінігіміздегі құлдармен тең еместігін аңғарамыз. Тіпті, қазақ шежіресінде де Сыр бойынан Мысыр мен Сирия жеріне қоныс аударған оғыз, қыпшақ тайпалары болғандығы, оларды «көндігер» деп атағандығы жөнінде айтылады екен [1, 95]. Мәмлүктерді «ақ құлдар» дегеннен гөрі «жалдамалы» немесе «арнайы дайындықтағы адам» деу орынды сияқты [2, 8-9].

Жазушы Салах Маата тарихи шындықтарды өз шығармасында өрнектей отырып тізіп шықса да, автор оқырмандарға тек тарихи айғақтарды жеткізумен ғана шектелмей, осы тарихи оқиғалар мен Сұлтан Бурқуқ, Жакам, Шейх әл-Махмұди сияқты тарихи тұлғалар арқылы қазіргі заманда орын алған шынайы оқиғаларды да астарлы әрі бейнелі түрде жеткізеді.

Шамаил қазынасы Баб Зуейланың солтүстігінде орналасқан. Оны Малик Камил Мұхаммед ибн әл-Адил Абу Бакр ибн Аййубтың тұсында Каир қаласында уәли болған Әмір Алам ад-Дин Шамаил негізін қалайды. Ол жантүршігерлік көрінісі мен үлкен азап, жауыздық пен қатігездік арқылы аты шыққан түрмелердің бірі болған. Шамаил қазынасына тек өлім жазасы мен ауыр жазаға тартылғандар, атақты қылмыскерлер немесе сұлтанға қарсы шығып, оған қастандық ұйымдастырғандар қамалатын болған. Бұл жағдай Фараж ибн Бурқуқтың тұсында шегінен шығып, түрмеге қамалғандар ауыр азапқа ұшырап, сыртқы әлеммен байланыстары үзілетін болған. Тек Сұлтан Шейх әл-Махмұди таққа отырғаннан кейін Шамаил қазынасы Каир қаласындағы үлкен мешіттердің біріне айналады [3].

Міне, жоғарыда келтірілген тарихи шындықтар Салах Маатаның «Шамаил қазынасы» атты тарихи романында ойдан шығарылған кейіпкер Жәләл ад-Дин Жумдардың тағдыры арқылы шебер тізбектеледі. Онда тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар екінші орынға шығады да, шығарманың негізгі идеясын құрайды. Жазушының бұл шығармасы туралы араб тіліндегі деректерде де кездесіп, оның тарихи маңыздылығы ерекше аталады. Мысалы, Абуд Мұстафа әл-Абуд өзінің «Шамаил қазынасы... Тарихи роман қалай жазылады?» атты мақаласында былай деп жазады:

Жазушының Шамаил қазынасы атты бұл түрмеге берген сипаттамасынан және ондағы қылмыскердің: «Неліктен оны тозақ не қасірет, болмаса, тамұқ не жаһаннам деп атамай, қазына деп атағанын түсінбедім» деген сұрағына қылмыскерлердің бірі кекесін дауыспен: «Әрине, қазына деп атайды, себебі оның ішінде өте бағалы заттар сақталынған... Жер бетінде бізден бағалы жан бар ма осы?» деген және романдағы бас кейіпкерлердің бірі Алә ад-Дин «Оны тұрғызған Камил Мұхаммед әл-Аййуби патшаның уәзірі болған Алам ад-Дин Шамаилды Алланың қарғысы атсын» деген сөздерінен оның мағынасын аңғаруға болады.

Жазушының сипаттамасы мен Шамаил қазынасының мағынасын түсінгеннен кейін Ирақтағы «Абу Ғрейб» (سجن أبو غريب) атты түрмеде орын алған және қазірде болып жатқан азаптар оқырманның көз алдына келеді. Бұл шығырманы оқығаннан кейін жазушының тарихи романдарды жазуда қазіргі заманды көрсету үшін өткен тарихты қайта жаңғыртқанын байқай аламыз [4].

«Абу Ғрейб» (سجن أبو غريب) - Ирақтың астанасы Бағдад қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Абу Ғрейб қаласындағы әлемдегі ең қорқынышты, азапқа толы атышулы түремелердің бірі. Бұл түрме өз жұмысын 1970 жылдан бастап, Ирақтағы көсемнің бірі Садам Хусейннің тұсында да белгілі болған. Бұл кезде түрме жалпы қауіпсіздік басқармасы Амн әл-Аммның қарамағында болатын. Тек 1984 жылдың өзінде төрт мың қылмыскер өлім жазасына тартылған. Арнайы қауіпсіздік ұйымының басшысы Саддам Камелдің өзі саяси тұтқындарды дарға асу мен азаптау шараларына қатысып отырған. Батыстағы баспасөз беттерінде бұл түрме «Саддамның азаптау орталығы» ретінде көрсетілген.

2004 жылы түрмедегі американдық солдаттардың ирақтық тұтқындарды азапқа салып, оларды қинауы туралы бірнеше айғақтар ашылып, осы мәселе әлемдік деңгейде үлкен жан-жал тудырып, бұл атышулы түрме 2006 жылы 9 наурызда уақытша жұмысын тоқтатқан болатын. Американдық салдаттар қатігездік пен асқан жауыздық танытып түрмеге алынған ирақтық тұтқындарды түрлі жолдармен азаптап, суретке түсіп, достарына үлкен мақтанышпен жіберіп отырған [5]. Олар мұнымен ғана шектелмей, тіпті өлген адамның денесіне қатыгездікпен түрлі тәжірибелер жүргізген. Осы іске қатысты он екі американдық сотқа тартылып, бас бостандығынан айрылу, қызметінде төмендетілу сияқты жазаларға тартылған. 2009 жылы түрме қайта жөндеуден өтіп, заман талабына сай жабдықталып, өз жұмысын қайта жалғастырады. Қазіргі таңда бұл жер Орталық Бағдад түрмесі деп аталып, 12 мың адамға есептелінген үлкен кешенді құрайды [6].

Бұл түрме туралы, онда орын алған азаптар мен американдық солдаттардың тұтқындарға көрсеткен жауыздықтары мен қатыгездіктері туралы ресейлік жас журналист Михаил Сергушевтің «Тюрьма Абу Грейб. Добро пожаловать в ад» атты 2005 жылы жарық көрген кітабында баяндалады. Жас журналист өзінің еңбегінде өмірде болған шынайы оқиғаларды негізге ала отырып, американдық жауынгерлердің қандай жолмен терроризммен күресіп, Иранда қалай демократиялық режим орнатып жатқанын суреттейді. Онда Абу Ғрейб түрмесіне (سجن أبو غريب) тұтқынға түскен командир Николай Мазуренко өзінің бастан кешкен азаптары туралы сөз қозғайды.

Міне жазушы өзінің «Шамаил қазынасы» атты шығармасы арқылы көрсеткісі келген басты мәселе де осы болар. Романда Шамаил қазынасы қандай жантүршігерлік көріністер арқылы суреттелсе, тарихта да Абу Ғрейб түрмесі сондай азапқа толы болып отыр. Автордың өзі айтқандай бұл роман мәмлүктер кезіндегі тарихты баяндаса да, оны осы заманмен тығыз байланысын да аңғару қиын емес. Жазушы өткен тарих арқылы, яғни мәмлүктер кезіндегі сұлтанның озбырлығы мен қатыгездігі, сонымен қатар әмірлердің арасындағы алауыздық пен өзара талас-тартыстар арқылы қазіргі кездегі араб елдерінің арасындаға өзара түсініспеушілік пен алауыздықты, ал Сұлтан Наср Зин ад-Дин Аби ас-Суадат Фараж ибн Бурқуқтың билігі тұсындағы Темірланның жорығы мен қатігездігі арқылы Америка мен Еуропадағы ірі елдердің, сионистердің араб елдеріне деген қатынасын көрсеткісі келсе керек.

Салах Маата өмірге шынайы көзбен қарап, мистикалық көріністерден бас тартады. Оның авторлық ұстанымы – қоғамда шынайы орын алған надандық, зұлымдық, қаталдық, әділетсіздік сияқты жағымсыз сипаттарды көрсету болып табылады. Мәмлүктер кезеңінде болған оқиғаны баяндай отырып, бір ғана кейіпкерге үлкен көңіл бөліп, оның психологиялық жағдайына, ішкі әлемі мен оны қоршаған әлеміне басты назар аударса да, ондағы тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалар арқылы қазіргі таңда орын алған шынайы өмір мен ащы шындықты көрсетеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. - Алматы: Мектеп, 1988. – 163 б.

2 Әлібекұлы А. Мәмлүктер кезіндегі түркі-қыпшақ әдебиеті (дамуы, әдеби өкілдері, өлең өлшемі). Автореферат. – Алматы, 2005. - 26 б.

3 http://www.coptichistory.org/new_page_1994.htm

4 أسامة الألفي. نهـــاد شـريف‏‏ رجـل زاده الخيــال // الأهرام. 09.01.2011

5 45 www.news.ru

6 www.rian.ru/docs/about