“Филологические науки”/3.Теоретические и методологические проблемы исследования языка
М.ф.н. И.С.Каирбекова
Ж.А. Сатпаева
У.Ж. Жандаева
Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Қазақстан
Қазақ
фразеологизмдерінің фольклорлық мәнмәтіндегі репрезентациясы
Кез-келген
тілдің фразеологиясы сол тіл мен тіл тұтынушы халықтың
өзіндік ерекшелігін танытатын аса бай қазынасы болып табылады.
Сондықтан фразеологизмдер көптеген ғалымдардың зерттеу
нысанына айналып отыр.
Фразеологизмдердің
мағынасы ерекше лингвистикалық категория ретінде
заттық-ұғымдық және коннотациялық
компоненттерді қамтитын аса күрделі құрылымнан
тұрады. Фразеологизмдерде лингвокреативтік үдерістердің
нәтижесінде қайта танылған әлем бейнесі де, сол
әлемдегі адамның әлеуметтік жағдайы да, сондай-ақ
адамның өзі және оның эмоциялары мен ішкі жан
дүниесі – бәрі көрініс табады. Фразеологизмдердің
семантикасы белгілі бір этностың мәдени даму үдерісін
бейнелейді. Фразеологизмдерді зерттеу арқылы халықтың
тұрмыс-тіршілігі, тарихы, рухани дүниесі, танымның
этностық ерекшелігі туралы мәлімет алуға болады.
Әлемнің
тілдік бейнесіндегі "Сұлулық" концептісі кез-келген
халықтың құндылықтар жүйесінде эстетикалық
талғамының қалыптасу тарихымен астаса отырып,
әлемнің фразеологиялық бейнесінде көрініс табады. Осындай
концепт-фразеологизмдер қазақ тілінің де фразеологиялық
әлем бейнесінде "ай мен
күндей", "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" фразеологизмдері арқылы
вербалданады. Қазақ тілінің фразеологиялық
сөздігінде "Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар"
фразеологизмніне "аса сұлу, өте көрікті" деген
түсінік берілсе [1, 17], Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігінде "Ай мен күндей" фразеологизміне "келісті,
көрікті" [2, 29] деген түсінік беріледі. Сөздіктерде
берілген анықтамаларды саралай келе, көне дәуірде ай мен күн
сұлулық пен көріктілік эталоны ретінде
жұмсалғанын байқаймыз. Бұл лексемалардың бейнелі
танымдық сипаты: Күндей сын. Көрікті, сұлу, әдемі
[3, 329], Айдай сұлу. Өте сұлу [2, 16] деген
тұрақты теңеулерде де көрініс табады.
"Ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмнің
құрамындағы "ауыз", "көз"
лексемаларына назар аударсақ, бұл екеуі де бейнелі мағынада
жұмсалған. Ол мағыналары да сөздіктерде көрініс
табады: Ауыз зат. Адам, кісі мағынасында [2, 446]. Көз зат. Бір
нәрсенің өзі [3, 97]. Сонда концепт-фразеологизмнің
қалыптасуына уәж болған семантикалық доминант,
ментальді бейне – ай мен күндей адам. Келесі кезекте "ай",
"күн" ұйытқы сөздерінің
мағыналық жағынан дамуын
Э.В.Севортянның "Түркі тілдерінің
этимологиялық сөздігінен" көреміз. Сөздікте
бұл сөздің 9 мағынасы көрсетілген. Ғалым
"күн", "күндіз", "тәулік",
"шуақты", "өмір", "тіршілік" деген
мағыналарының өзара байланыстылығын көрсете келе,
соңғы "ауа-райы", "күн күркіреу"
деген мағыналарының өзара жақындығын
көрсетеді де сөздік мақаласында "күн"
ұғымының архетипін анықтауда А.М.Щербак, А.Вамберли,
В.Г.Егоровтың пікірлеріне сүйенеді. А.Вамберли
"күн" лексемасы "күй" етістігінен
жасалған туынды негіз екендігін көрсетсе, оны В.Г.Егоров та
қолдап, "күн" лексемасын күй, күйдірумен
байланыстырады [4, 100-101].
Фразеологизмдердің концептуалдық
құрылымын талдау үшін "ай десең аузы бар,
күн десең көзі бар" деген концепт-фразеологизмнің
қазақ ертегілердің мәнмәтіндегі көрінісі
арқылы қазақ халқының
құндылықтар жүйесіндегі әлемнің тілдік
бейнесінің бір бөлігі ретіндегі фразеологиялық әлем
бейнесіндегі алатын орны анықталады.
"Ай
десең аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмінің ұғымдық өрісі
"Төрт дәруіш", "Жеті өнерпаз",
"Алтын балық" ертегісінің мәнмәтінде адамды
ерекше таң қалдырып, жан-тәнін, ақыл-есін билеп алатын,
көргенде бірден ғашық болатын ғажайып, ерекше
құбылыс ретінде көрініс табады: "... Екінші
бөлмеге қарасам, оң жақ қабырғада бір
шымылдық құрулы тұр. Аржағында, ай десе аузы бар, күн десе көзі
бар, қара қасы қиылып бір қыз отыр. Көзім
түскен кезде, бойымнан тағат кетіп, жан-тәніммен
ғашық болып: "Ей сен не қылған адамсың?
" – дедім. Үндемейді, жымия қарап көрген сайын сабырымды
алып барады... " [5, 62].
"...Бұл
ханның ұлы болмапты, жалғыз-ақ ай десе аузы бар, күн десе көзі бар Қаншайым атты
бір қызы болыпты. Қыздың сұлулығы сондай,
қараған адам есінен танып қалады екен" [5, 54].
"...Баланың басын алмақшы
болған патша санаты баланың көрікті жүзінен есі ауып
құлайды. Екінші санаты да оның аяғын
құшады. Бұған ашу шақырған патша
балаға қылышын алып өзі ұмтылады. О да есі ауып
құлайды" [5, 36]. Бұл ертегілерде "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмі қазақ
халқының ментальді дүниетанымында басқалардың
ерік-жігері мен есіне ерекше әсер ететін тылсым күш ретінде
репрезентацияланып, мәдени
концептер ретінде көрініс табады.
"Гүл – Санобар",
"Ұшар ханның баласы" ертегісінің
мәнмәтінінде "ай
десең аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмінің ұғымдық мазмұны
құбылуға бейім немесе ерекше жаратылғандық белгісі
негізінде танылады: " ...Маймылдың терісін киген бір ай десе аузы бар, күн десең
көзі бар, бір сұлу қыз екен... " [5, 114],
"...Баяғы өткен заманда Ұшар хан деген хан болыпты. Сол
хан жас кезінде ай десең аузы бар,
күн десең көзі бар асқан тамаша бір сұлу
қызға ғашық болады. Қызды іздеп жер бетінен еш
таба алмайды" [5, 126].
"Жақсылық пен
жамандық" ертегісінде ханның жалғыз қызы ретінде;
"...Ай десең аузы бар, күн десең көзі бар
қызы бар екен, сол жалғыз қызын берді ...» [5, 82]. Ертегі
мәтіндерінде зерделеніп отырған концепт-фразеологизмі ерекше
сұлу адамды бейнелейді. Әрі мұндай сұлулар
әркімнің қолына түспейтін, ай мен күндей алыс,
қол жетпес адамдар болатынын байқаймыз. Мұндай ақпарат
концептінің құндылық өрісін анықтайды.
Қазақ халық ертегілерінде "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмі негізінде
қалыптасқан қазақ халқының ментальді
дүниетанымына тән сұлу қыздың сипаты ашылады.
"Ермек" ертегісінде құпия сандықтан шыққан
қыз былайша сипатталады: "...Кемпір балталап сандықты
бұзады. Аузын ашып қарағанда бір ай десе аузы бар, күн десең көзі бар, қасы-көзі
қиылған, аузы оймақтай, ерні жұп-жұқа,
мұрынның қанындай қып-қызыл, белі
нәп-нәзік құмырсқаның беліндей,
сүп-сүйрік саусағы бар, үріп ауызға
салғандай, орта бойлы бір қыз шыға келеді. Кемпір
сасқанынан шалқасынан түсіп, талып жатып, әлден
уақытта есін жиып, сөзге келеді" [5, 252]. Демек,
қазақ ментальді дүниетанымында "ай десең аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмі негізінде қазақ халқының
әлем құндылықтар бейнесіндегі қазақ
қызына тән, халықтың эстетикалық талғамы
нәтижесінде қалыптасқан сұлулық эталоны ретінде
танылады.
Қазақ ертегілерінде "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмі қызға
ғана қатысты емес, ерлерге де қатысты қолданылады.
"Қарамолда" ертегісінде: "...Ай десе аузы бар, күн десең көзі бар сұлу
жігіт болып тұра қалады. Қыз екеуі кең әзілге
кірді" [5, 101]. "Көрген түстің өңде
орындалуы" ертегісінде: "...Күнсұлу жүкті болып, ай десе аузы бар, күн десең
көзі бар сұлу бір ұл тауыпты...Енді түсінің
аумай шешілуі: оң жағынан
туған ай – Айсұлу атты сүйгені, сол жағынан туған
күн – Күнсұлу атты сүйгені... " [5, 213].
"Ай
десе аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмі айдаhардың меншігіне берілген, өлімге қиылған адам деген
ұғымда "Алтын құс", "Кедейдің
үш баласы" ертегісінде
танылады: "...Кіріп келіп еді, үйде ай десе аузы бар, күн десең көзі бар бір
сұлу қыз отыр. Жігітті көріп қыз жылап қоя берді."
[5, 272]. "...Жұмагелді жүгіріп отырып, қаланың
шетіндегі бір жалғыз ақ үйге кіріп келеді. Ай десе аузы бар, күн десең
көзі бар бір сұлу қыз отыр. Жігітті көрген
қыз күліп жібереді. ...Жас жігіт ажалға кіріптар болдың
ғой деп күлдім, – дейді" [5, 172].
Қазақ халық ертегілерінің
дискурсында көрініс тапқан қазақ тілінің
фразеологиялық әлем бейнесіндегі "ай десең аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмінің сұлулық пен көріктілік эталоны
ретінде концептуалдану сипатын, фразеологизмнің ішкі формасындағы
фразеологиялық бейненің қалыптасуына негіз болған
"ай мен күн" уәждік бейнесін зерделейміз.
"Ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмінің
"Күн астындағы Күнікей қыз", "Ай
асытындағы Айбарша қыз", "Сақыпжамал",
"Төрт дәруіш" ертегісінде жаратылысы ерекше, күн,
аймен байланыстылығы анықталады: "...алтын сарайдан
күнмен шағылысып, адам сияқты бір нәрсе,
жарқ-жұрқ етіп, кірген қорасынан қайта шығып,
өзінің бастапқы шыққан алтын сарайына барып
кіріпті" [5, 306]. "...Ептеп бақылап қарасам,
жаңағы қыз қараңғы үйді нұрымен
жарық қып тұр екен" [5, 74]. Ертегілерде
жарқ-жұрқ ету, жарық қылу сөздері "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмінің
мазмұнын ашатын тірек сөздер арқылы анықталады. Ал
бұл концепт-фразеологизміндегі "Ай" ұйытқы
сөзі: Түнде жерге жарық сәуле беріп тұратын
планета [2, 86], "Күн" ұйытқы сөзі:
Әлемге жарық, қызу беріп тұратын планета [3, 402] екені
түсіндірме, этимологиялық сөздіктерде де бұл сема
көрсетілген. Екі ұйытқы сөз де "жарық"
семасымен байланысты.
"Ай
десең аузы бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмінің ұйытқы сөздері "ай"
және "күн" қазақ халқының мифтік
танымында ай мен күн егіз сұлу қыздар, ай мен күн
қосыла алмай күні бүгінге дейін күйіп, күйзеліп
жүрген ғашықтар ретінде танылуымен астасып жатады [6, 102-103].
Демек, «ай десең аузы бар,
күн десең көзі бар» концепт-фразеологизмінің
талданған ертегілер мәнмәтінінде анықталған
концептік мазмұнындағы күндей күйдіру, күндей
жарқырау, күннен жаратылу сияқты ментальді мәдени
ақпараттың болуы бұл фразеологизмді қазақ
тілінің ментальді маркерленген концепт-фразеологизмі ретінде
тануға негіз болады. Талдау нысаны
болған "ай десең аузы
бар, күн десең көзі бар"
концепт-фразеологизмінің қазақ ертегілерінде
репрезентациялануының негізінде алты түрлі концептуалдық
құрылымы анықталды:
1) адамды ерекше таң қалдыратын, көргенде бірден
ғашық болатын ғажайып, ерекше құбылыс;
2) ерік-жігері мен есіне ерекше әсер ететін тылсым күш;
3) құбылуға бейім немесе ерекше
жаратылғандық белгісі;
4) концептің ерлер мен әйелдердің
сұлулығын сипаттауда
ортақ болуы;
5) құбылыстың
күн, аймен байланысты болуы;
6) сұлуға ғашық болудың күндей
күйдіріп, азапқа салуы.
Жоғарыда талданған
концепт-фразеологизмнің синомимі "ай мен күндей" фразеологизмі де жоғарыдағы
концептуалдық мазмұнмен астасып жататынын көреміз. Мысалы,
"Төрт дәруіш" ертегісінде сұлу қыздың
көркінен жарық түсетіні баяндаса: "...Дүние жүзінде
бір адамзаттың қызы бар. Аты – Күлзайра. Шіркін-ай,
мұнша да көрік біте береді екен. Кез келіп сол шаhардың ішін
аралап жүрдім. Бір қараңғы үйден өтіп келе
жатсам, терезеден жарық көрініп тұр екен. Ептеп бақылап
қарасам, жаңағы қыз қараңғы үйді
нұрымен жарық қып тұр екен" [5, 74]. "Ханның қойшысы" ертегісінде
сұлу қыздың сәулесінің аспанда ай болып
көрінуі баяндалады: "Қойшының жалғыз баласы
болған екен. Әлгі бала күн батып, қас
қарайғанда үйіне келе жатса, екі ай көреді...Әкесі: Ол – патша қызының сәулесі, біреуі кәдімгі
ай, – дейді" [5, 182]. "Жас
баланың сапары" ертегісінде: "...Бір күні
таңертең ерте тұрса, үйдің ішінде бір айдың сәулесі түсіп
тұр екен, жігіт қызды оятып: –Мынау айдың сәулесі
не? – деп сұраса, қыз оған: – Бұл арадан бірсыпра жерде
тұрады. Жалмауыз кемпір бар,
оның бір қызы бар, ол екеуіміз доспыз. Сондықтан менің
сәулем оған, оның сәулесі маған түсіп
тұрады, – депті» [5, 204]. Бұл
ертегілердің мазмұнында "ай
мен күндей" концепт-фразеологизмінің ментальді сипаты
аймен байланыстылығы ашылып, мифтік танымнан бастау алатын архетиптен
мағлұмат береді. "Алтын құс" ертегісінде:
"...Ақ боз үйде ай мен
күндей сұлу қыз отыр. Қызбен әңгімеге
кіріп отырғанда кеш болады. Қыз мырс етіп күлді. "Неге
күлдің? ", – деді жігіт. "Мен адам баласы жынға
кіріптар болады ғой деп күлдім", – деді" [5, 274]. "Кедейдің үш баласы"
ертегісінде үш алыптың сұлу қарындасы:
"...үйге кіріп келсе, бір ай
мен күндей сұлу қыз отыр, көре салып,
Жұмакелді шалқасынан түсіп талып қалады" [5, 46]. "Минуар мен Бибәтима"
ертегісінде: "...Жәшікті ашса, ай
мен күндей бір жас бала жатыр екен. Баланы күтіп, есін
жиғызып, тамақ беріп, мән-жайды сұрады. Бала...
"Әкем түсіңді айтпадың деп, суға салып
жіберді", – деді" [5, 80].
"Ғыпша" ертегісінде: "...жеті құлыпты ашып
қараса, үлде мен бүлдеге бөленген ай мен күндей бір сұлу қыз бетін ашып,
қайта жаба қояды" [5,
34]. "Ералы Батыр" ертегісінде: "...Ел ұйқыға
жата бергенде Ералы Батыр сағым болып ұшып келіп, ханның ай
мен күндей, перімен бірдей қызына ақ боз атты, ақ
киімді қалпында батыр жолығып, барлық сырды, түгел
айтты" [5, 162]. "Жас
баланың сапары" ертегісінде: ... "Бұл неткен отау
айдалада тұрған" деп, оған бұрылып, келіп аттан
түсіп, атты белдеуге байлап, үйге кірсе, үй ішінде ай мен
күндей болып бір қыз отыр екен" [5, 202]. Бұл ертегілердің
мәнмәтінінде "ай мен
күндей" қыздар
ерекше жаратылғандық, тылсым күшке ие адамзат кейде перизат
ретінде анықталады. Демек, "ай
мен күндей", "ай десең аузы бар, күн
десең көзі бар" концепт-фразеологизмдері –
қазақ халқының құндылықтар
жүйесінде сұлулық эталоны ретінде танылатын ментальді
маркерленген концепт. Мұндай тілдік бірліктер халықтың
дүниені түйсінуінен хабар беретін ақпараттық
дереккөз ғана емес, сонымен қатар әлемнің тілдік
бейнесін жасайтын ұлттың
эстетикалық таным-талғамын, кәсібін,
мінез-құлқын, ырым-нанымын, салт-дәстүрін,
әдет-ғұрпын, ұлттық рухын сақтап,
жан-жақты таратып, танытатын құрал. Демек, белгілі бір
халықтың материалдық және рухани
мәдениетінің көріністері тілде тарихи-мәдени тілдік
таңба, маркеленген бірлік ретінде қалыптасады.
Әдебиет:
1 Кеңесбаев І. Қазақ тілінің
фразеологиялық сөздігі. – Алматы. Арыс. 2007. – 796 б.
2 Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі. –Алматы: Ғылым, 1-том. 1974. – 696 б.
3 Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі. – Алматы: Ғылым, 5 том. 1980. – 639 б.
4 Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков (Общетюркскиеи
межтюркские основы на буквы «В», «Г» и «Д»). –Москва. Наука. 1980. –394 с.
5 Қазақ ертегілері.1- 4-том. –Алматы:Жазушы. 1988.
6 Тойшанұлы А. Түрік-моңғол мифологиясы. –Алматы:
«Баспалар Үйі» АҚ. 2009. –189 б.