Баймаханова  Ш.Ү. - ғылыми жетекші     

Файзуллаеу У.О. – 3 курс студенті

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы арабизмдердің игерілуі

 

Тіліміздегі  діни наным-сенімге  байланысты сөздер мен сөз тіркестері  тіл байлығы ретінде тек сөз өнерінің өрісін кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар бағзы замандардан бергі рухани өміріміздің байлығы, оның қыр-сырларын  өз бойына  жинап, жан-жақты  сипаттауда  да  ерекше рөлі  бар. Осы орайда  таза  тілдік  фактілердің  өзін  ғана  зерттеумен  шектелмей, сол  фактілерді  халықтың  рухани  мәдениеті  мен тарихына, салт-дәстүрі мен ұлттық  дүниетанымына байланыстыра  зерттеуді  мақсат еттік. Қазақ тіліндегі діни наным сенімдерге байланысты сөздер мен сөз тіркестері Қ.Ғабитханұлының, С.Жанпейісованың, т.б. зерттеулерінде әр түрлі дәрежеде қарастырылған

Ал егемендік алғаннан кейін  барымызды  бағалап, жоғымызды  түгендеуге кірістік.Осы тұста  қазақ ойшылы, дінтанушы ғалым  М.Бұлұтай: “Араб тіліндегі  дін  сөзі  “дәйн ” түбірінен шыққан үстемдік, егемендік, бас ию, қарыздану, тапсырылу, біреудің бұйрықтарын орындау, оның  билігін мойындау, заң, жол, әдет, жауапқа  тарту, жаза беру, сыйлыққа бөлеу, үкім, мүлік, дағды сияқты  көптеген мағыналарды  береді. Осы түбірден  жасалған  әл-Даийан  абсолютті  құдірет иесі, әр істің бодауын  беретін, хикметпен басқаратын, егемен күш иесі  дегенді  білдіреді ”, -деп жазады [1, 20]. Демек, дін дегеніміз – аса биік билік иесіне мойынсұнып, оған бағыну және оның бұйрықтарын орындау.

Тұрмағамбет шығармаларында дінтанымдық лексиканың молынан ұшырасатынына 2007 жылы “Дешті Қыпшақ” баспа үйінен шыққан шығармаларын оқығанда куә болдық. Бұл ғылыми басылымда шайырдың кеңестік цензурадан баспа бетін көрмеген, бұрын-соңды жарияланбаған өлеңдері, терме-толғаулар, арнау, айтыс, хикая дастандары мен мақал-мәтелдері оқырман қауымға жол тартқан. Шайыр шығармаларында Алланың эпитеттері жиі қолданылады: Маннан, Хақ, Жаппар, Кәрім, Саттар, Мәулән. Зүлжәләл және т.б.

Зүлжалал -  ұлылық иесі, Алланың 99 есімінің бірі.Реті келгенде, айта кету керек: зүлжалал - қазақ тілінде сөз, ал араб тілінде – сөз тіркесі. Араб тілінің сөзжасамында зу – “ие, еге” мағынасын береді және есім сөздермен тіркесіп, жаңа сөз жасайды. Мысалы, қарнайн – екі мүйіз, Зү-л-қарнайн – екі мүйізді, хиджа –қажылыққа бару, зү-л-хиджа – қажылыққа баратын ай, ай күнтізбесінің он екінші айы.

Саттар Тұз-дәмің тататұғын түгесілсе,  Міндіріп «ағаш атқа» асырады. Көзіңді қарға, құзғын шоқымасқа, Туғаның топырақпен жасырады. Соны ойлап, Саттар Хаққа сәнә айтып, Ойлы ерлер күніне бес бас ұрады  [Т.І.].  Саттар Хақ – жаратушы ие, Алла деген мағынада беріледі.    

Мұғжыза – құдайдың құдіреті. Бірақ ол пенделердің қалауы бойынша орындалады. Мұғжиза дегеніміз – оқымыстылардың да, қарапайым адамдардың да ақылына сыймайтын, сенімнің (иманның) нәтижесінде ғана байымдауға, сезінуге болатын ғажап іс. Мұндай істер Алла тағаланың ғылымымен бола тұрса да, пайғамбар жасаған сияқты әсер қалдырады. Нұх пайғамбардың кеме жасап, топан судан бүкіл жанды мақұлқаттың ұрығын аман қалдыруы, Салих пайғамбардың қара тастан ақ түйе шығаруы, Мұса пайғамбарға Ніл дариясының қақ айрылып жол беруі, Сүлеймен пайғамбардың құстың, хайуанаттың тілін білуі, Иса пайғамбардың өлген адамдарды оп – оңай тірілте алатын қабілеті болуы, тағы осы сияқты ірі істер – мұғжиза [2, 15]. Ақын қолданысында араб тіліндегі мұғжиза сөзі мұғжыза вариантында қолданылған. Кереметтен мұғжиза қайталанбайтындығымен ерекшеленеді.

Пырақ. Міндіріп пырақтардың неше түрін, Өзіме озат  айқын  шырай    берсе (Т.І.). Қазақ тілінде тұлпар аттарға қатысты қолданылатын «пырақ», «дүлдүл» сөздері жиі айтылады. Мемлекетіміздің елтаңбасында символдық белгілердің біріне пырақтың бейнесін беруі де қазақ халқының тарихындағы жылқы малының айрықша орын алатындығын білдіріп тұр.

Бұл сөздің түп мағынасына да қысқаша тоқтала кетсек: бұл сөздер қазақ тіліне ислам дінімен енген. «Пырақ» (арабша ол – Бурақ немесе Бурак) – Мұхаммед пайғамбар ғ.с. «миғрадж» түні жеті қат көкке көтеріліп, Алланың тағының алдына барған және қасиетті Иерусалим қаласына сапар шеккенде мінген қасиетті қанатты жануары. Діни ілім бойынша бұл қасиетті жануар басқа пайғамбарларға да қызмет еткен. Оны Алла тағала пайғамбарларға әдейілеп аспаннан түсіріп отырады. Алғашқы мұсылман дәстүрінде бурақ ақ түсті, ұзын денелі, құлағы ұзын, алдыңғы аяғында ақ қанаттары бар жануар ретінде сипатталатын. Бүгінде «Бурақ» сөзі өзгеріске түсіп, «пырақ» болып кеткен. Ал «Дүлдүл» – (арабша – «Дул-Дул») – Хазірет Әлінің талай шайқасқа мінген атының есімі. Дүл-дүл шындығында, жылқы мен есектің буданы қашыр болатын. Мұсылман бейнелеу өнерінде Хазірет Әлінің мінген Дүлдүлі қашырға тән ерекшеліктерімен (ұзын құлағы, үлкен басы) бейнеленеді. Ерлігімен аты шығып, аңызға айналған, мұсылмандар арасында әулие саналатын Хазірет Әлінің аты да қасиетті сипатқа ие болып, жүйріктің символына айналды. Мұсылмандыққа еніп, Хазірет Әліні пір тұтқан қазақ батырлары өз тұлпарларын да «дүлдүлге» теңейтін. Сөйтіп пырақ, дүлдүл сөздері жүйріктіктің символы, жүйрік аттардың эпитеттері, теңеулері болып қалыптасты [3]. Бұл сөздер қазір сөздік қорымыздағы пырақ мінді, пырақтай ұшты, жыр дүлдүлі, дүлдүл ақын т.б. секілді тіркестер құрамында қолданылады.

    Иәуми-л-жаза. Жәрдемі жар мен досқа және тиер, Күнінде көп жиылған иәуми-л-жаза (Т.І.). Иәуми-л-жаза – жаза күні, қиямет күні. Бұл – араб тіліндегі изафетті тіркес. Ислам дінінде ақырзаман болғанда қиямет күні туады. Бұл күні барлық өлген адамдар тіріледі және бұл дүниедегі бұрыс істері үшін жазаланады деген түсінік бар.“Исрафил  періштенің сырнайды екінші рет үрлеуінен кейін барлық адамдар қайта тіріліп, Ұлы Алла тағала алдында есепке тартылады.Сосын дүниедегі иман және іс-әректтеріне қарай  жұмаққа яки тозаққа барады. Ақырет күнінің  Құранда маңызды  орын алуын  төмендегіше түсіндіруге болады: өлімнен кейін қайта тірілуге толық иланған кез келген адамның  қоғамдағы сенімді тұлғаға айналары сөзсіз ”.

Діни сөздердің негізін араб, парсы тілдерінен енген сөздер құрайды. Ал кірме сөздердің семантикалық өзгерістерін қарастырғанда, әр уақытта олардың түпкі мағынасына көңіл бөлген жөн. Араб, парсы тілдерінде сөздер көп мағыналы болып келеді. Сөздер бір тілден екінші тілге ауысқанда негізгі мағыналарын сақтап қалады да, ауыспалы мағыналарын жоғалтады. Бұл жайлы Б.Сағындықұлы “көне жазба нұсқалардағы араб, парсы кірме сөздері, әдетте, өз тіліндегі көп мағыналық қасиетін жоғалтады”, - дейді [2, 28].

Ал Тұрмағамбет шығармаларының тілін зерттеуші жас ғалым Л.Ш.Құндақбаева қазақ тіліндегі араб, парсы лексикасын 3 топқа бөлуге болатынын айтады: 1. Қазақ әдеби тіліне, ауызекі сөйлеу тіліне ертеден еніп қалыптасып кеткен сөздер; 2. Сирек қолданылатын болғанымен, әдеби тілден бұрыннан таныс діни сөздер; 3. Тұрмағамбет шығармалары тіліндегі ақынның өзіндік сөз қолданысындағы сөздер [4, 15].

Осындай ғылыми тұжырымдарды негізге ала отырып, Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы араб, парсы сөздерінің шебер қолданылуын оның аялық білімінің соншалықты кеңдігімен байланыстыра қарастырамыз. Аялық білім танымдық қызметпен, яғни адамның ойлау жүйесімен тікелей байланысты. Сондықтан адам ойында танымдық қызмет арқылы қоршаған орта туралы жаңа білім, жаңа таным жасалады.

Пайдаланылған әдебиеттер:.

1.   Бұлұтай М. Ұлт және дін. Алматы, 2006.

2.  Сағындықұлы Б. Сравнительный анализ лексики тюркоязычных памятников XIV века: Автореф. дисс. канд. филол. наук. А.,1977.

3.                     Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі.-Алматы: Арыс, 2004.-616б.

4.                     Құндақбаева Л. Т.Ізтілеуұлы шығармаларындағы синонимдердің қолданылу ерекшеліктері. – Алматы, 2009. 85-86 б.