A.Ж.Кaдыpкyлoв

М.Х.Дyлaти aтындaғы Тapaз мeмлeкeттiк yнивepcитeтi, Қaзaқcтaн

 

ҚР әкімшілік заңнамасының қалыптасуының қазіргі жағдайы және келешегі

 

Қазақстандық әкімшілік заңнамадағы процестердің әрқайсысы белгілі бір дәрежеде, тиісті заң актілерімен реттелу қажеттігі, және осыған байланысты тиісті процестердің ерекшелігіне байланысты нормативтік-құқықтық актілерінде өзгерістер мен толықтырулар уақытында енгізілуі керектігі қазіргі кезде өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуден басқа әкімшілік процесс және оның іс жүргізу түрлері әлі күнге дейін тиісті құқықтық реттелумен қамтамасыз етілмей отыр. Процестің барлық түрлерінің ішінде тек, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық түрлері ғана құқықтық құбылысқа ие болуына байланысты, процестің осы түрлерін реттейтін нормалар жиынтығы маңызды жүйелік сипатқа – азаматтық іс жүргізу, әкімшілік іс жүргізу және қылмыстық іс жүргізу түріндегі қазақ құқығындағы іс жүргізудің дербес саласының мәртебесіне ие. Осыған байланысты, процестің жаңа түрі ретіндегі Әкімшілік іс жүргізу құқығы және әкімшілік процесске қызығушылық тудырады.

Қазақстанның Конституциясы бойынша адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.[1] Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін алуына, мемлекеттің халықаралық қатынастардың толыққанды субъектісі ретінде әлемдік қауымдастыққа енуіне және елдегі экономикалық, саяси саладағы өзгерістерге байланысты, қолданыстағы заңнаманы, оның ішінде әкімшілік іс жүргізу саласын түбегейлі өзгерту туралы мәселенің өзектілігі артып отыр.

Сонымен қатар, әкімшілік процесс түсінігін тар мағынада анықтау үшін оның юрисдикциялық сипатының алынуына да байланысты.

Ел дамуының бағдарламалық құжаты – «Қазақстан-2050. Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев «...өзекті заң актілерінің қабылдануы ... біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді... Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек», деп айрықша атап өткен.[2] Осы орайда, Қазақстан Республикасында жүргізіліп отырған реформалар мен заңнамадағы модернизациялау, биліктің әрбір тармағын, ең алдымен халықтың мұң-мұқтажына етене жақын, азаматтың құқығы мен бостандығын қамтитын атқарушы билікті зерттеудің жаңа әдістерін қажет етеді. Осы мақсатты жүзеге асыруда 2014 жылдың 5 шілдесінде жаңа ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі қабылданған болатын.[3]

Қазіргі таңдағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнама Кеңес мемлекеттері кезінде құрастырылып, кодификацияланған.

Әкімшілік құқық бұзушылықтармен күресу міндетті түрлі мемлекеттік инспекциялармен жүзеге асырылады. Тиісті заңдар қабылданып, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік болды.

Егеменді Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылық шеңбері кеңейтіліп жатыр. Әкімшілік айыппұлдардың көлемі өсіп, санкциялардың күші қатайды, міндетті шаралардың тізімі көбейді. Демек, біршама оң өзгертулер енгізілді деуге болады. Дегенмен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарды жетілдіру мәселесін ұмытпау керек. Себебі, қоғам дамып, жаңа қатынас түрлері пайда болып жатыр, ал оларды дұрыс реттеу мәселесі қоғамның дамуына сай алға жылжуы керек екені сөзсіз.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдарды жетілдірудің басты бағыттарын анықтау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясының ІІ бөлімінің маңызы бар. Яғни «Адам және азамат» бөлімінің әрбір сөйлемі заңдардың негізі болуы керек.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың әр нормасы, соның ішінде материалды және процессуалды нормалар Конституцияның осы бабына толығымен сәйкес болуы керек. Себебі, бұл бөлімнің әр бабы Қазақстандығы адам және азаматтың статусын белгілейді.

Әрине, ең біріншіден Конституцияның 16 бабының сақталуы, тексерілуі тиіс. Яғни, адамды тек заңда көзделген ретте және соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауға болады. Әр адамның қорғаушының көмегін пайдалануға құқығы бар. Сонымен бірге осы бөлімнің 14 бабының мазмұны да ескерілуі тиіс. Яғни, заң мен сот алдында барлығы тең және ешкімді еш белгілері бойныша кемсітуге болмайды. Бұл екі баптың мазмұны, шыны керек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылғаны айқын. Дегенмен, бұл қағидалардың орныдалуын бақылау жұмысын қадағалау керек.

Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылық туралы процесс кезеңдерінде жетілдіру керек. Теріс әрекеттердің және әкімшілік жазалау шараларының сипатын ескере отырып құқық бұзушылықты қараудығы сот органдарының рөлін арттыру қажет. Ал, тәркілеу, арнайы құқықтан айыру, қамауға алу, әкімшілік жолмен шығару сияқты шараларды сот тәртібімен қолданған дұрыс.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар жасайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істерді шешкенде тек ювеналдық әділет органдарына жүктелген жөн.

Іс бойынша өндіріске қатысушы адамның аталуы мен мәртебесін өзгертіп, оны өзіне қатысты өндіріс жүргізілетін адам деп атау заңды.

2015 жылы прокуратура органдары әкімшілік істер бойынша қаулылардың заңдылығын тексеріп өтті. 2015 жылы ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің нормаларын бұзғаны үшін 204858 адамға қарсы әкімшілік іс қозғалды.[4] Ал, 2014 жылы болса 1,5 есеге кең болған еді. Бұның басты себебі жаңа кодекстің қабылдануы деп айтуға болады.

Дегенмен, мамандардың айтуынша, істер бойынша шығарылған қаулылардың заңға емес болып табылған жағдайлар аз емес. Мысалы, 2014 жылы прокурорлардың наразылығы бойныша 800 қаулы өзгертіліп, тоқтатылды.[4]

Кейде соттар келтірілген зияннан ондаған есе аз болатындай айыппұл салып жәбірленушілердің мүдделерін қорғау орнына, зиян келтіреді. Сонымен қатар, мынадай ауыр қателер болғаны тіркелген: 2011 жылы 18 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысының аудандық соты 2-ші топтағы мүгедек Кертаев М.Ж. азаматты 15 тәулікке қамауға алуға қаулы шығарды.[4]

Осындай мысалдардың көптігі әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнаманың жеткіліксіз деңгейде екенінен болып отыр, және де Әкімшілік процестік кодексті қабылдауды қажет етеді.

Заңдарды жетілдіру жолдарын табу ыңғай емес. Ол үшін барлық сот органдарының қызметкерлерінің біліктілігін тексеріп, жұмыстарын жақсарту үшін қолайлы жағдай жасау керек. Заң шығарушылардың жұмысы да уақытқа сай өзгеріп отыруы керек. Азаматтардың өз құқықтарын білуге, өз мүдделерін қорғауға үйрету керек.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. 30.08.1995 ж.

2.  Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі. 05.07.2014 ж.

3.  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050. Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. 14.12.2012 ж.

4.  Т.Е.Сарсенбаев. ҚазҰУ хабаршысы. Заң сериясы. №4 (72). 2014 ж.