Право/ 9.Гражданское  право

З.ғ.м. Талипова Ж.Ж.

Инновациялық Еуразия университеті, Қазақстан

Мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың және олардың бiрлестiктерiнiң меншiк құқығы

 

Мемлекеттiк емес заңды тұлғалар мен олардың бiрлестiктерiнiң меншiгi жеке меншiктiң кеңiнен тараған түрiнiң бiрi болып табылады. Жекешелендiру үрдiсi кезiнде жеке меншiкке негiзделген мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың қолындағы мүлiктердiң саны күрт өсiп кеттi.

Азаматтық кодекс мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың ұйымдастыру-құқықтық түрiн қарастырады. Осыған байланысты мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiк құқығы институты шаруашылық серiктестiктерi мен акционерлық қоғамдардың (компаниялардың) меншiк құқығы және өндiрiстiк кооперативтердiң меншiк құқығы деп бөлiнедi. Көптеген дамыған елдерде мемлекеттiк емес заңды тұлғалар жалпы тұжырым бiрлiгiмен сипатталады. Яғни, оның бәрi де заңды тұлға, сонымен бiрге өз мүлкiнiң меншiк иесi ретiнде көрiнедi. Компаниялардың мүлiкке қатысушылардың ешқандай ұжымдық немесе үлестiк меншiгi ешқашан, еш жерде болған емес. Әдетте олар бiрлескен тұлғалар, бiрлескен капитал ретiнде ерекшеленедi. Айта кететiн жайт, компанияның қатысушылары қатысушылардың қарыздарына ешқандай жауапкершiлiктi мойындарына алмайды. Олардың салымдары тиiстi компанияның меншiгiне айналады.

Шаруашылық серiктестiктерi мен акционерлiк қоғамдардың аталған және басқа маңызды белгiлерi Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерiнiң заңдарында әркез көрсетiлмегенi байқалады. Бұл мәселеде екi тәсiлдi шартты түрде бөлiп қарауға болады: бiрiншiден, шаруашылық серiктестiктерiнiң құқықтық мәртебесi азды – көптi мұқият реттеледi, әрi ол арнайы заңмен жүзеге асады. Екiншiден, басты назар акционерлiк қоғамдарға бөлiнген, ал серiктестiктiң құқықтық мәртебесi тек жалпы ережелермен ғана анықталады немесе ешқандай анықталмайды. Осы орайда соңғы әдiс кейбiр мәселелердi шешпейдi. Мысалы, кейбiр заңдарда заңды тұлға ретiнде сенiм серiктестiктерiн немесе толық серiктестiктердi мойындамайды, сондай-ақ жауапкершiлiгi шектелген серiктестiктер жабық түрдегi акционерлiк қоғамдармен теңестiрiледi.

Мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiк құқығы ерекшелiктерiн айқындайық: мемлекеттiк емес заңды тұлғаның өзi оған жататын мүлiктiң меншiк иесi болып табылады. Құрылтайшылар (қатысуышлар) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 36-бабының 2 және 4-тармақтарына сәйкес мүлiк қатынасына мынадай құқықтарды иеленедi:

а) мiндеттемелiк құқығын (шаруашылық серiктестiктерi, акционерлiк қоғамдар (компаниялар), өндiрiстiк кооперативтер);

б) не заттық, не мiндеттемелiк құқықтарын (қоғамдық бiрлестiктердiң, қоғамдық қорлар мен дiни бiрлестiктердiң құрылтайшылары) [1].

Шаруашылық серiктестiгi мен өндiрiстiк кооперативтердiң қатысушылары мiндеттемелiк құқығына әдетте, өз еркiмен шыққанда немесе ұйым таратылғанда мүлiктен өз үлесiн талап ету құқығын, сондай – ақ құқық мирасқорлықтарының (мұрагерлердiң) үлесiн (жарнасын) бөлудi талап ету құқығын қосып алады. Егер қатысушы шығып кеткен уақытта толық серiктестiк сақталып қалса, оның шығып кеткен күнiнде жасалған балансқа сәйкес шығып кететiн қатысушыға серiктестiк мүлкiндегi үлесiнiң салған салымына тең құны төленедi. Қатысушының талабы бойынша және серiктестiктiң келiсуiмен салымы толық немесе iшiнара заттай түрде қайтарылуы мүмкiн. Шығып кеткен қатысушыға оның осы жылы серiктестiкте болған кезеңiнде серiктестiктiң сол жылы алған таза табысының оған тиесiлдi бiр бөлiгi де төленедi. Серiктестiкке қатысушының пайдалануға ғана берген мүлкi сыйақы төленбей заттай түрде қайтарылады. Толық серiктестiкке қатысушының өз үлесiн (үлесiнiң бiр бөлiгiн) оның басқа қатысушыларына немесе үшiншi жақтарға қалған барлық қатысушылардың келiсiмiмен ғана беруге болады.

Құқығы бар мирасқор (мұрагер) толық серiктестiкке кiруден бас тартқан немесе құқықты мирасқорды (мұрагердi) қабылдаудан серiктестiк бас тартқан жағдайда оған қатысушы қайтыс болған күнi белгiленген серiктестiк мүлкiндегi үлестiң құқықты мирасқорлық негiзiнде өзiне тиесiлi құны төленедi. Бiрақ бұл барлық қатысушылардың келiсiмi арқылы жүзеге асады [2].

Жауапкершiлiгi шектелген серiктестiктiң қатысушысы серiктестiктен оның өзге қатысушыларының келiсiмiнсiз кез келген уақытта шыға алады. Бiрақ ол өзiнiң серiктестiктен шығуынан 6 ай бұрын қалған қатысушыларға ескертуi тиiс. Дей тұрғанмен, құрылтайшылық құжаттарда қатысушының шығуы жөнiндегi өтiнiшiнiң берiлуi мерзiмi басқалай да қарастырылуы мүмкiн. Қатысушы кетерде оған мүлiктiң құны төленiп, ол серiктестiктiң қорындағы оның үлесiне сәйкес жүзеге асады. Қатысушы өзiнiң мүлiктегi үлесiн немесе кепiлдiк үлестегi тиесiлiн (бiр бөлiгiн) серiктестiкке мiндеттемелiк құқығын жүзеге асыруға орай үшiншi тұлғаға құрылтайшылық құжаттарына сәйкес бере алады. Меншiктiң пайда болуының жалпы негiздерiне мекемелердiң (қатысушылардың) салымдары, сондай-ақ табыстары мен заңмен тыйым салынбайтын басқа да көздерi жатады. Сондықтан да мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың көздерiн қалыптастыру мемлекеттiң немесе оның әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгiне жататын мемлекеттiк заңды тұлғалардың мүлiктерiнен ерекшеленедi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды жалға алып, кейiн оны сатып алу көзделсе, ол арнайы тәсiл болып табылады. Сондай-ақ оған мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiгiне мемлекеттiк мүлiктi тiкелей сатып алу, мемлекеттiк кәсiпорындарды акционерлiк қоғамға айналдыру (компанияға) да тиесiлi болады. Мемлекет құзыреттi немесе өкiлеттi орган ретiнде тек акционерлер ретiнде акционерлiк қоғамға мүше бола алады. Мемлекеттiк органдардың жауапкершiлiгi шектелген серiктестiкке қатысуға құқығы жоқ. Сонымен бiрге мемлекеттiк кәсiпорындар мен мекемелер жауапкершiлiгi

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 34-бабы 3- тармағына сәйкес коммерциялық емес ұйым кәсiпкерлiк қызмет пен өзiнiң жарғылық мақсаттарына сай келуiне қарай ғана айналыса алады [1]. Заң актiлерiне сәйкес мемлекеттiк емес заңды тұлғалар үшiн айналымнан алынған немесе айналымдағы әрекетi шектелген белгiлi бiр заттарды иеленуiне рұқсат етiлмейдi. Мұндай заттарды иелену немесе бөтен бiреуге беру үшiн тиiстi рұқсат керек болады, мүлiкке меншiк мәртебесiн және мүлiктi иелену, пайдалану және билiк ету өкiлеттiктерiн анықтау үшiн мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың құрылтайшылық құжаттары маңызды рөл атқарады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 58-бабына сәйкес құрылтайшылық құжаттарында әрбiр қатысушының үлес мөлшерi туралы, серiктестiктiң жарғылық қорына олар салатын салымның мөлшерi, құрамы, мерзiмi мен тәртiбi туралы, серiктестiктiң жарғылық қорына салым салу жөнiндегi мiндеттердi бұзғаны үшiн қатысушылардың жауапкершiлiгi туралы ережелер, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге де мәлiметтер болуға тиiс [1]. Осындай ерекшелiктерге байланысты мынадай анықтама беруге болады: мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың меншiк құқығы объективтiк тұрғыдан қарағанда – мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың материалдық игiлiктердi оларға ие болу мүмкiншiлiгiн қорғайтын, бекiтетiн құқық нормаларының жиынтығы болып табылады. Мемлекеттiк емес заңды тұлғалардың субъективтiк (тұлғалық) меншiк құқығы заң нормалары арқылы танылатын және қорғалатын өзiне тиесiлi мұлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және билiк ету құқығы болып табылады.

 

Әдебиеттер:

1.                 Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (өзгерістер және толықтырулармен) // Параграф информациялық жүйесі // http://adilet.zan.kz

2.                 Жайлин А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқулық, - Алматы: Жеті Жарғы, 2002. – 232 б .