Право/ 9.Гражданское  право

З.ғ.м. Талипова Ж.Ж.

Инновациялық Еуразия университеті, Қазақстан

Кәсіпкерлік мәмілелердің жарамдылығы мен жарамсыздығы

Мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда, тараптың әрқайсысы екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтарып береді. Егер мәміле жарамсыздығы оның басында танылса, онда ол орындалмайды. Ал заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда құнын ақшалай өтеуге міндетті. Көбінесе, мәміленің жарамсыздығында екі жақтағы тараптар кінәлі болады. Мысалы, мәміле алдаушылықпен жасалды. Алданған тарап, мәміленің жарамсыздығында кінәлі емес. Осындай жағдайда кінәлі тараптан мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтаруды талап етеді.

Қазақстан Республикасының азаматтық кодекінің 157-1-бабына сәйкес:

-                     Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда екi тараптың да теріс пиғылы болған кезде олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға арналғандардың барлығы соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған жағдайда оның екiншi тараптан алғандарының барлығы және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң барлығы тәркiленуге жатады. Егер тараптардың бір де біреуі орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң барлығы тәркiленуге жатады.

-                     Қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталған теріс пиғыл тараптардың бiрiнде ғана болған, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленген жағдайда, оның мәмiле бойынша алғандарының барлығы екiншi тарапқа қайтарылуға жатады, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге жатады.

-                     Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген салдарларды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдарлар басталады [1].

Сот мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, нақты мән-жайларды ескеріп, оны одан әрi орындауға тыйым салумен шектелуге құқылы.

Мәмілелердің қазіргі нарықтық экономика жағдайында ролі өте зор, осыған орай мәмілелер кәсіпкерлік қызметте де үлкен қызмет атқарады.

«Кәсіпкерлік мәмілелер дегеніміз – өз мүліктік жауапкершілігі не өз атынан немесе заңды жауапкершілігіне заңды тұлғаның атынан өз тәуекелімен іске асыратын, пайда немесе жеке табыс табу мақсатымен азаматтар және заңды тұлғалармен жасалатын мәмілелер. Кәсіпкерлік мәмілелердің тікелей мақсаты пайда, табыс табу болып табылады. Мүлікті сыйлау немесе мұраға өсиет қалдыру, кәсіпкерлік мәмілелер болып табылмайды, өйткені негізгі себеп оның негізгі мәні жоқ, өйткені, біржақты мәмілелер кәсіпкерлік болып табылмайды. Кәсіпкерлік мәмілелер екі және көпжақты мәмілелер болып табылады» [2].

Мәміле, алдымен, заң қолдайтын, рұқсат ететін, тыйым салмайтын құқылы іс-әрекет, субъектінің мінез-құлқы. Азаматтар және заңды тұлғалар жасайтын барлық мәмілелер заңда аталып және суреттелуі тиіс дегендік емес, керісінше, заң қарастырмаған мәмілелер де болуы мүмкін, тек олар заңға қайшы келмей, оның тыйымдарын бұзбағаны талап етіледі [1]. Кәсіпкерлік мәмілелердің заңдылығы мен заңсыздығының Қазақстандық кәсіпкерлер іске асырғанда үлкен практикалық маңызы болады. Қазақстандық сот өндірісі практикасында кәсіпкер, талап қоя отырып, шығындарды өтеуге өз құқығын іске асыра алмаған жағдайлары жиі кездеседі, өйткені оның өз клиенті, бизнес-серіктесі және т.б. жасаған шарты заңсыз болып шыққан. Бұл неліктен?

Себебі көбіне қандай жағдайларда шарт заңсыз деп мойындалуы мүмкін және мұның салдарлары қандай екендігі туралы тараптардың білмеуі болып таылады. Алдану немесе қателесу немесе алдау, сондай-ақ тараптардың бірінің келісімдері бұрмалау фактілерін пайдаланумен шарт жасау жағдайлары әрине, сирек кездеседі. Кәсіпкерлік мәмілелерді жасай отырып, (шарттар, келісімдер, контрактілер) кәсіпкерлер жасалған шарт жарамсыз деп мойындалмай ма, яғни заңды күші болмайтын және заңды салдарларсыз болатындығын анықтау айқын білулері тиіс.

Шарттардың жарамсыздығының негізгі шарттары. Кәсіпкерлік шарт заңға, көпшіліктің тәртібі мен адами қасиеттерге (адамгершілік, мораль) қайшы келмеуі тиіс. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлік шарттың заты, мақсаты, нысаны заңды болуы тиіс.

Жалпы құқық елдерінде заңсыз шарттардың екі түрі регламенттелген.

Заң талаптарына сай келмейтін шарт (uoid contract). Ол ешқандай заңды міндеттемелерді жасамайды. Мысалы, “мөрдің артында” шарттарынан басқа, considration болмайтын шарт осындай болып табылады. Мұндай жағдайда шарт мүлде болмайды деп айтса, дәлірек болар еді. Сондай-ақ заң (illelgal contracts) мен көпшілік тәртіпке қайшы шарттар да заң талаптарына сай емес деп мойындалады.

Дауласуға болатын шарт (uoidable contract) егер мүдделі тарап шартты заңсыз деп мойындау туралы талап қоймаса, күшін сақтайды. Мұндай талапты бергенде шартты заңсыз деп мойындау туралы сұрақты сот шешеді. Дегенмен, дауласатын шарттарды құзырлы тұлғалар дәлелдеуі мүмкін, онда олар заңды болады. Негізінен бұл қате немесе қателесу әсерінен жасалған шарттар немесе осы заңды тұлға органы құзіретін асыра қолданумен заңды тұлға жасаған шарттар.

Мәміленің жарамдылығы заң талаптарына сәйкес айқындалады. Мәміленің жарамды болуы шарттарына жататындар:

- мазмұны заң талаптарына сәйкестігі;

- мәмілеге қатысатын және оны жүзеге асыратын адамның қабілеттілігі;

- еркі мен ерік білдірудің сәйкестігі;

- мәмілелердің нысанын сақтау [18].

Мәміле шын мәнінде заңға қайшы келмеуі тиіс, яғни кез келген құқықтық нормативтік құжаттарға сай келуі қажет. Мысалы, азаматтық қүқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін шектеуге бағытталған мәміле жарамсыз мәміле болып, табылады [1].

«Мәміле ерікті әрекет болғандықтан, оны әрекет қабілеттілігі бар әрбір азамат жасай алады, ал заңды түлғалар жалпы және арнайы әрекет қабілеттілігі болғандықтан мәміле жасауға қабілетті деп саналады.

Мәміленің жарамды болуы үшін ерік және ерік білдіру бір-бірімен сәйкес келуі керек. Олардың арасындағы сәйкессіздік мәмілені жарамсыз етіп көрсетеді.

Мәміле оның нысанын сақтау кезінде құқықтар мен міндеттер туғызады, сол арқылы тұлғалардың ерік білдіруі немесе ресми куәландыру әдісі көрінеді. Мәселен, оған мәмілені нотариалдық куәландыру мен тіркеуді айтуға болады» [1].

 

Әдебиеттер:

1.                 Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (өзгерістер және толықтырулармен) // Параграф информациялық жүйесі // http://adilet.zan.kz

2.                 Қазақстан Республикасының азаматтық құқығы. Оқулық Ғ.Төлеуғалиев 1-том - Алматы: «Жеті Жарғы», 2003. – 236 б.