Қабул О. Қ.

аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ЖОҒАРҒЫ ОҚУ ОРНЫ МЕН МЕКТЕП АРАСЫНДАҒЫ ӨЗАРА САБАҚТАСТЫҚ

 

Жалпы өзара байланыс ынтымақтастық тудырады, ынтымақтастықта оқушы күштірек әрі ақылдырақ болып, ол өзі шеше алатын интеллектуалды қиындықтар деңгейі жөнінен биікке көтеріледі. Сондықтан мектеп пен жоғарғы оқу орындары арасындағы өзара байланыс белгілі бір мәдени биік деңгейдегі қарым-қатынаста туары айдан-анық. Мектеп пен жоғарғы оқу орындары арасындағы өзара байланысты қалыптастыру тікелей білім беру барысында, оқыту процесінде ұйымдастырылады және сол арқылы бірін-бірі толықтырып, байытып отырады.

Сонымен, өзара байланыс саласы тек тәжірбиелі мұғалімдер мен кәсіби оқытушылардың ғана емес, сондай-ақ әр түрлі ғылым салаларындағы зерттеушілердің де көңілдерін өздеріне аударып отыр. Соның ішінде байланыс табиғаты, оның тікелей және жас ерекшелігі, өзгеру жэне өсу механизмдері философтар мен социологтардың да жеке тақырыптарына айналды, өйткені ол – ертеңгі күнге сенім, ертеңгі күнге үміт ұялатады. Ол бірінші кезекте қоғамдық қажеттіліктен туындайтыны да белгілі. Өз кезегінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин мектеп ашу және оны жақсы мүғалімдермен қамтамасыз ету ісіне баса мән беруімен бірге, сол мектептер мен мұғалімдердің хал-жағдайларына, тұрмысына, шаруашылық істеріне де ерекше көңіл бөліп отырған. Бұл жөнінде ол: «мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса, оның ісі еш уақытта да оңға баспайды, пайдалы еш нәрсе бермейді; оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді»- деп жазды [1, 185].

Ұлы педагог-ғалымның бұдан жүз жыл бұрын жазған бұл сөздері осы уақытқа дейін өзінің маңызын, актуалдығын жоғалтпай келеді; бәлкім ол өмір бойы жоғалтпас та, өйткені қазірдің өзінде де халыққа білім беру, мектеп ашу, оқытушылар дайындау, балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беру мәселелері күн тәртібінен түспей келеді. Дәлірек айтқанда, білім саласын толығымен қамтитын ХХІ-ғасырға тән білімнің жаңа жүйесі арқылы жасалатын жалпы әлемдік модельге енуді уақыттың өзі осыны жүктеп отыр.

Қазіргі ақпараттық қоғам заманында адамзат болмысының өзі қалыптастырып отырған бәсекеге біздің де Қазақстан Республикасының азаматтары ретінде атсаласып өз үлесімізді қосуға дайын болуымыз керек. Соңғы уақыттары қоғамның саяси-элеуметтік, экономикалық жағдайының күрт өзгеруіне байланысты адамдардың жалпы дамуына, әрбір адамның өзіндік ерекшеліктеріне, олардың ұжымдық, топтық, өзара байланыстары ықпалын арттыруға аса зор мән берілуде. Оған айқын мысал: жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әсер ететін қоғамдық жағдайлардың мазмүны өзгеріп, оқыту мен тәлім-тәрбие берудің барлық бағыттары шығармашылықпен іздестірілуде.

Жалпы, мектептер мен жоғарғы оқу орындары арасындағы өзара байланыстары жұмыстарын бір ретке келтіру, жоспарлау, оның көлемі мен құрылымы туралы бірқатар ұсыныстар мен бағыттар айтылып, көрсетілгенімен, оның жүзеге асырылуында да бүгінгі күндері проблемалы мәселелер бары белгілі. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары арасындағы өзара байланыс мәселерін жоспарлауда мынаны есте сақтағанымыз абзал: қатып қалған, өзгермейтін ештеңе жоқ, әрбір мектеп, әрбір жоғарғы оку орындары өздерінің талаптары мен өз деңгейлеріне сай жүмыс істеуге тырысып отыруы шарт. Педагогикалық жоғарғы оқу орындары педагогтік этика, мәдениет, өзара байланыс нормалары туралы арнайы ғылыми практикалық бағыттағы жүмыстар жүргізіліп отырса да болады [2, 106].

Мектептің басты кейіпкерлері – шәкірттері мен ұстаздары десек, қай мемлекетті алсақ та, қай деңгейде болса да - мүғалімдер мен окушылар мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Оқушыға тәлім-тәрбие беріп, оның мінез құлқын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын білім шаңырағы десек, оған міндетті түрде - мектептер мен жоғарғы оқу орындары жатқызамыз.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы» бұл салада атқарылатын істердің жан-жақты бағыттарын  айқындап  берді.  Оның ішінде жас ұрпақтың адамгершілік игіліктерін, шығармашылық қабілеттерін ояту, жалпы жэне этностық мәдениетін, кәсіптік деңгейін, өзіндік білім мен тәрбие алу мәселелерін қамтыған.

Республикада білім беру туралы заңды жүзеге асырудың маңызды жолының бірі – болашақ мұғалімдерді мектепте халықтық педагогика негізінде жүргізілетін тәлім-тәрбие ісіне даярлау. Бұл бағыттағы басты мақсат - оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу. Тәрбиеде жеке түлғалық бағыт ұстау, жастардың бостандығы мен әлеуметтік құқын мойындау. Осыған орай болашақ мұғалімнің өзіне ғана емес, оның тәрбиеші ретіндегі дайындығына да талап күшейіп отырғаны белгілі. Республикада адамгершілік сапалары, нақтырақ айтқанда басты құндылық – адам жайындағы түсінік елеулі өзгеріске ұшыраған қазіргі кезеңде мұғалімдердің кәсіптік дайындығын соған сай ұйымдыстыру қажет. Болашақ мұғалімді кәсіптік жағынан дайындауда халықтық тәжірибелерді пайдалану қажеттігі осыдан келіп туындайды.

Студенттерді мектептегі сыныптан тыс тәрбие ісін жүргізуге дайындауды жоғары оқу орындарындағы бүкіл оқу-тәрбие жұмыстарының жүйесі қамтамасыз етуі керек. Педагогика курсы бойынша «Оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеу» тақырыбының мазмұнын ашу процесінде оқытушы педагогикалық тұрғыдан ықпал ретінде мұғалімнің кәсіптік әдептілігінің мәнін ашады, өйткені ол бала санасына әсер ете отырып, оның адамгершілік сапаларын да қалыптастыратыны сөзсіз. Адамгершілік тәрбие берудің мазмұнын, әдістерін, жолдарын ашуда оқытушы балаларға талап қоюдың халықтық үлгісіне назар аудара отырып, ол үшін қазақтың мақал-мәтелдерін, өлең-жырларын пайдалануға әбден болады.

Жалпы, мұғалімдік те, оқытушылық та – кәсіп те, әрі қасиет те. Бұл жерде өз мамандығын сүйетін, оны жетік меңгерген мамандардың тәжірбиелеріне талдау жасағанда, сол жетістіктің негізгі кілті – тәрбиеленушілерді немесе білім алушыларды сайлау, олармен санасуы, т.б.барысында көруге болады [3, 88].

Жоғарғы оқу орындарындағы студенттік аудиторияларда өткізілетін дәріс, семинарлық-практикалық сабақтарды да түрлі жаңаша әдіс-тәсілдермен өткізу – студенттерді қазіргі заман талаптарына сай білімі жетілген, мінез-құлқы қалыптасқан ұстаз жеке тұлға ретінде қалыптастыруға көмегі тиері сөзсіз, әсіресе жоғарғы оқу орындарында философия, саясаттану, мәдениеттану, т.б. қоғамдық пәндері негізінде оқытып үйрету, оның еркіндігі, дербестігін көбейту, білім беру ісін басқаруды демократияландыру, ізгелендіру, сондай-ақ жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға септігін тигізуге көмектеседі, әрі оларды оқып-үйренуде адамзат жинаған құндылықтар, рухани және адамгершілік тәжірбиелер туралы материалдар болашақ мамандарды ізгілікке, мейірімділікке, адамгершілікке, салауатты өмір сүруге тәрбиелеуге өз үлесін қосады. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин жалпы, адам танытатын күрделі құбылыс деп, адам немесе жеке тұлға өзінің сана-сезімін, көз қарасын, рухани-саяси дүние танымын үнемі еңбектің, білімнің негізінде көтеріп, жетілдіріп отыруды қажет деп санады. Яғни, ғылым-білімге ден қойып, қоршаған дүние туралы, қоғамның бүгінгі мен болашағы жайлы ой айтып, халық үшін қызмет етуге шақырады [1, 186].

Бүгінгі күндері қоғам өмірінің барлық салаларында саяси-әлеуметтік және құқықтық-рухани өмірде түбегейлі бетбұрыс жүзеге асып жатқан кезде педагог-ғалымның осындай зерделі ой-пікірлерін ескере отырып, қазіргі жағдайдағы жоғарғы оқу орындары мен мектептердің арасындағы өзара байланыс мәселесін аша түсу маңызды.

Әдебиеттер тізімі

1. Алтынсарин Ы. Ұмытылмас есімдер. // Ұлы ғалымдар өмірінен (ХV-ХХ ғ.), «Қазақстан», А., -1994ж. -185 б.

2. Шалабаев А. Жалпы білім беретін мектептің жұмысын жоспарлау // Ізденіс. - 2000ж., №3. -106 б.

3. Алтынбекова Ж. Мектеп пен ЖОО-ы арасындағы қарым-қатынас –  сапалы білім берудің шарты // Педагогика. - 2005ж., № 4. 88 - бет.