Уразгалиева С.Б.

аға оқытушы, филология магистрі,

Хасенова Ж.У.

 қазақ филологиясы мамандығының 2 курс студенті

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

 ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ ЯССАУИ ДӘСТҮРІНІҢ КӨРІНІСІ

 

    Біздің ата-бабамыз бір Алланың құлы, Мұхаммедтің (ғ.с.) үмбеті екенін мойындаған, ислам дінін берік ұстап, оның барлық қағидаларын орындауға пейіл берекесін салған. Бұл жағдайды Алланың құдіретін жырлап, артына хикметтер қалдырған Қожа Ахмет Иасауиден көреміз. Оның хикметтеріне үңіле отырып, оның ішкі жан сырын жақсы танимыз, әсіресе, хикметтері (толғаулары десе де болады) Алланың бірлігін, пайғамбардың хақтығын, Құранның шындығын жан-жақты әдемі түсіндіреді, терең де нәзік жырлайды. Яссауи хикметтері - бастан аяқ бір сазбен, терең оймен, үлкен тебіреніспен, шабытпен жазылған. Осы ғұламаның дәстүрін, сазын, сарынын ұлы жырауларымыз туындыларында жалғастырғаны белгілі. Тіпті, ХY ғасырда ғұмыр кешкен Асан қайғыдан бастап, Шәкәрім Құдайбердіұлына дейін бұл сарын бірде-бір рет үзілмей жалғасып келген. Ел қамын жеген Асан қайғы://«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,/Заман азып, заң тозып жаман болар./Қарағайдан шайыр кетер,/Ханнан күш, қарындастан қайыр кетер»//, [1.13],  -десе, Қожа Ахмет Иасауи:/«Білгейсің бұ дүние барша елден өтер/Малға да сен бе қолдан кетер./Ата-ана қарындас қайда кетті ойлап көр,/Төрт аяқты шабан ат бір күні саған жетер»//, [5,38], - дейді. Екі ақынның айтайын деген ойы, ішкі сыры түсінікті, өмірде тұрақты еш нәрсе жоқ, бәрі өтпелі, тек бір Алла ғана мәңгілік екенін білдіріп тұр. Ал, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет жыраулардың толғауларынан да Қожа Ахмет Иасауи хикметтерінің сарынын, сазын, ықпал-әсерін табуға болады. Мәселен, Шалкиіз жырауды алайық. Ол - ислам дінін ұстанған, оның тәңірісі көк емес, Алла екенін жырлаған, төменде берілген оның толғауларынан үзінділер келтірейік: //«Тәңірінің үйі кебені/Ибраһим-Халил алла жасапты,/Ғазірейіл жан алмаға қасап-ты»// немесе, //«Әбсінде ғалым жидырып,/Ақ кітабын жайдырып...»//[2,47]. Біз бұл үзінділерден Шалкиіздің құранға, ислам дінің қағидаларына қаншалық жетік болғаны бізге мәлімсіз, алайда оның оның сауаттылығы күмән туғызбайды. Ал, атақты жырау Қазтуған өзінің ерлік пен өрлікке, қажыр мен қайратқа толы жырларында Алланы естен шығармаған, оның құдіретін барынша сезінген, ол «Мадақ» жырында былай://«Бұлыт болған айды ашқан,/Мұнар болған күнді ашқан,/Мұсылманмен кәуірдің/Арасын бұзып өтіп дінді ашқан,/Сүйіншіұлы Қазтуған!»// [1,38], - деп толғаған.  Бір ауыз сөзінің өзі жыраулардың дінді қаншалықты құрмет тұқаны жайлы мағлұмат береді. Жыраудың осы туындысына зер сала қарасақ, оның ислам жолында еш тайынбайтынын, өз діні үшін ғазиз өмірін де арнайтынын көреміз. Қазтуған ақын Қожа Ахмет Яссауи жолымен жүріп, көпке қызмет етуді, ел үшін игілікті іс атқаруды борышым деп санайтын сияқты. Тіпті, өлеңінің соңында өз аты-жөнін айтуы да сопы ақынға бір табан жақындай түскендей әсер қалдырады. Бұқардың ислам дініне көзқарасына тоқтала кетейік.//«Ей, айтушы, алланы айт,/ Тәңірім сөзі бұрқанды айт,/ Төрт шадияр Мұстафа,/ Мұсқап ашқан ғаламды айт, /Тәңірім салса аузыңа / Аты жақсы құдайды айт,/ Кәлима алла - құранды айт,/ Жан жолдасың иманды айт!»// [5,98]. Бұл жолдардан жыраудың ислам дінің жай-жасарына қаншалықты қанық болғандығы көрінеді. Бұқар, сөз жоқ, діншіл. Оның атақты он бір тілегінің ең біріншісі - құдай қаламайтын іске аяқ баспау://«Бірінші тілек тілеңіз/Бір аллаға жазбасқа!»// [1, 63].

    Және Бұқардың діншілдігі жай тақуалық емес. Ол «құдайдың - бір, пайғамбардың - хақ» екендігіне шын көңілімен сенген жан. Құдайға құлшылық етіп отыру парыз ғана емес, дінді берік ұстанған адамға алланың рахматы көп екеніне сенген.Кешегі өткен жырауларымыздың қай-қайсысы да Алланы бір деп таныған, ел-жұртына адал қызмет істеуге, көптің көңілінен шығуға таңдайынан жар, маңдайынан терін төккен. Толғаулардың өзекті қырларының бір саласы ондағы діни-сопылық танымдардың жырлануында жатыр. Жыраулар діни мектептерде білім алған, діни сауатты адамдар болды. Сондықтан олардың мұраларында діни-ұғымдар мен сопылық бағыттар анық сезіліп тұрады. Олар тақуа да емес, діншіл де емес, діндәр болды. Жыраулардың барлығы дерлік ислам дінін қолдап, дінді халық арасындағы бірліктің сақталуына мұрындық еткені анық. Дін - абсолюттік шындық. Ал сопылық - ислам дінін көшпенді халық арасында кең уағыздауға құрылған ілімдердің негізі. Олай болса, қайбір жыраудың осы тақырыпқа орай арнаған жыр өрнектерінде сопылық ілімнің түйдек-түйдек көрініс алуы ислам дінін қазақ арасында уағыздауда әдебиеттің алар орнын анықтаса керек. Әсіресе, Алланы шексіз сүю, оның бар екеніне шек келтірмеу идеясы сопылық поэзияның негізгі лейтмотивіне айналса, ал жырау мұраларында бұл идея халықтық түсінікке сай жырланып отырған. Мысалы, Бұқар жырауда://«Алла деген ар болмас,/Ақтың жолы тар болмас»//[3,21]. Дулат ақында://«Бір «Алладан басқаның,/Көпті қылған ғайыбы»// [4,38]. Мұрат ақында: //«Тәуекел. Хақтың ісі бір Алладан,/Хаққа шет Алла десе болмайды адам»// [1,301].

     Көшпенді халық дүние танымына негізделген сопылық әдебиет өкілдерінің мұралары күнделікті уағыз айтушы молдалардың сөзіне қарағанда анағұрлым жұғымды болғандығы сөзсіз. Сопылардың адамгершілік, қанағат, әділет, қайырымдылық сияқты ислам философиясындағы терең ұғымдардың ақын-жыраулар поэзиясында кең жырлануы халық тарапынан қолдауға ие болды. Осы бағыттағы олардың әр сөзі құмған сіңген судай халық санасына жұтылып жатты. Жыраулар мұраларындағы мәселелердің бірі - иман. Иман діни философиядағы ең күрделі, құдайға құлшылық жолындағы қасиетті қажеттіліктердің бірі саналады. Иман шапағатын өзіне жүктеу барлық адам баласының қолынан келетін іс. Қожа Ахмет Иасауи ілімінде: //«Дүние менікі дегендер -жаһан малан алғандар,/Құзғын құстай арамға белшесінен батқандар./Молда, мүфти болғандар- жалған жала жапқандар,/Ақты қара қылғандар: ол тамұққа түседі»// [5,38], -,деп иманға ерекше көңіл бөледі. Тіршіліктегі істеген әрекетің, сөйлеген сөзің иманмен нұрланып, жан-жағыңдағылармен осы тұрғыда қарым - қатынаста болуы тиіс. Осы мәселені жыраулар://«Мал-дүниенің опасы,/Иман жанның сапасы./Ауыздағы иманың/ Раушан болған нұрмен тең»//[1,301]-деп тілге тиек етеді.

     ХY ІІІ ғасырда өмір сүрген біз Бұқар Қалқаманұлына Қожа Ахмет Яссауидің біршама әсер-ықпалының болғанын байқағандаймыз. Осы орайда, жыраудың төмендегі толғауына көңіл аударайық://«Бірінші тілек тілеңіз,/Бір Аллаға жазбасқа./Екінші тілек тілеңіз,/Ер шұғыл пасық залымның,/Тіліне еріп азбасқа./Үшінші тілек тілеңіз,/Үшкілсіз көйлек кимеске./Төртінші тілек тілеңіз,/Төрде төсек тартып жатпасқа./Бесінші тілек тілеңіз,/Бес уақытта бес намаз,/Біреуі қаза болмасқа» //[1, 63], -деп ойлы жырау әріден қозғап жырласа, сіз де іштей жыраумен бірге жаратқан ие жалғыз Алладан жоғарыдағы тілекті тілейсіз. Кейбіреулердің айтқанындай, халқымыз аттың жалы, түйенің қомында арлы -берлі көшкенді ғана білмеген, елдігін, кісілігін, мұсылмандығын берік сақтаған, бұрынғы ата-бабамыздың иманы кәміл болған. Әйтпесе Бұқар жырау Құдайға құлшылық етіп, бес уақыт намаздың бірін де қаза қылмауын сұрар ма еді!? Жырау Қожа Ахмет Яссауидің дәстүрлі жолымен өмірдің өтпелілігін, бүгін алқып шалқып отырғандардың күні ертең-ақ, суы тартылған құдықтай құрғап қалатынын әр қырынан толғаған Бұқар://«Айналасын жер тұтқан/Айды батпас демеңіз!?/Айнала ішсе таусылмас,/Көл суалмас демеңіз!?/Құрсағы құшақ байлардан,/Дәулет таймас демеңіз!?/Жарлыны жарлы демеңіз!?/Жарлы байға теңеліп,/Жайлауға жарыса көшпес демеңіз!?»// [5,97].

    Сонымен, Алланың ақ жолымен көптің, оның ішінде кедей-кембағал, жоқ-жітіктің тілеуін тілеген Яссауидің ісі мен сөзін, дәстүрін жалғастырып жолын ұстанғандардың көрінісі ауызынан Алласы, басынан сәлдесі түспеген тақуа жан, бес уақыт намазын, отыз күн оразасын қаза қылмаған сезімтал да сергек, «сегіз қырлы, бір сырлы» парсат иесі ислам ғылымына жүйрік екендігі кейінгі ақын-жырауларымыздан көрінеді.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Дүйсенбайұлы Е. Нар заман мен зар заман поэзиясы. Алматы. 2008 ж. -275 б.

2. Мағауин М. «Қобыз сарыны» Алматы. 2006 ж. -47 б.

3. Бес ғасыр жырлайды. 1том. Алматы. 1989 ж. -310 б.

4. Жеті ғасыр жырлайды. Алматы. 2008 ж. -400 б.

5. Қожа Ахмет Иасауи. Диуани хикмет. Алматы. 1993 ж. -33-98 б.б.