ОӘЖ 581.4.1.412

 

Сихымбаев Ә.Е., Төлеміс Е.Х., Рысбаева Г.М., Бекова Г.Д.

Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Мирас» университеті

СИВЕРС АЛМАСЫНЫҢ ГЕНДІК ҚОРЫН САҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

         Сиверс алмасы – раушангүлділер тұқымдасына жататын Қазақстанның Қызыл кітабына енген бағалы ағаш болып табылады. Сонымен қатар бұл өсімдік ҚР   2006 жылғы 31 қазандағы № 1034 қаулысымен өсімдіктердің сирек және жойылып кету қаупі төнген түрлерінің тізіміне енгізілген.

         Сиверс алмасын көп жылдар бойы зерттеуге ҚР ҰҒА-ның академигі А. Жанғалиев көп күш қайратын жұмсады. Ол бұл алманың генетикалық ресурстарын басқарудың теориясы мен практикасының негіздерін дайындап, әзірледі. Атап айтқанда аталған жабайы алманың 27 сорттық клондары таңдалып, патенттелді және ҚР-ның селекциялық жетістіктерінің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Оның көп жылғы зерттеулерінің нәтижелері «Яблоневые леса Зайлийского и Джунгарского Алатау», «Дикие плодовые растения Казахстана», «Дикая яблоня Казахстана» сияқты монографиялық еңбектерінде кеңінен баяндалады (1).

         А. Жанғалиевтің Сиверс алмасы бойынша жүргізген ғылыми еңбектеріне шетелдік ғалымдар үлкен қызығушылық танытты. Бір топ американдық ғалымдар 1989 – 1996 жылдары қазақстандық ғалымдармен бірге республиканың аумағында жабайы жемісті, оның ішінде Сивирс алмасының ормандарында ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Экспедициялық зерттеулердің нәтижелері бойынша Сиверс алмасының, кәдімгі өріктің, Регель алмұртының гендік қорын сақтау жөнінде ұсынымдар дайындалды. Нәтижесінде Сиверс алмасының ормандары ұлттық және дүниежүзілік игілікке айналып отыр. Оның басқаруындағы экспедиция Оңтүстік Қазақстан облысының тау аумағынан Сиверс алмасының 21 формасын, Недзвецкий алмасының 2 формасын іріктеп бөлді (2).

         Сиверс алмасын бірінші рет 1796 жылы петербургтік ботаник Иоганн Сиверс бұрынғы Семей губерниясының Үржар  ауылында өсіп тұрған жерінде көңіл аударып, сипаттап жазған. Қазіргі танда жүргізілген ғылыми зерттеулердің нәтижесінде 5000 мәдени алма сортының ата тегі Сиверс алмасынан шыққандығы анықталды. Ағылшын ғалымдары Англиядағы 2000 мәдени алма сорттарының біздің республикадағы жабайы алмадан шыққандығын дәлелдеп отыр. Мұны француз ғалымдары да мойындады (3).

         Сайрам – Өгем  МҰТП-і құрылған  2006 жылдан  бастап Сиверс алмасының гендік қорын сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл ағаш   ұлттық парк аумағының Көкбұлақ, Даубаба, Машат, Сайрамсу, Өгем, Келес, Бақшелпек учаскелерінде таралған.

         Сиверс алмасының құндылығы -  улы пестицидтерді қолданбай одан жақсы өнім алуға болады. Оның кейбір ағаштары қырық градус суыққа шыдап, зиянкестер мен ауруларға төтеп береді. Жемісінің түстері бойынша көк, қызыл, қызғыш, сары болып келеді, ал дәмдері банан, апельсин, алмұрт жемістеріндей болса, дәмі қышқыл – тәтті. Жемісінің хош иісі мен жоғары шырындылығы адамды өзіне тартады. 

         Француз режиссері, биолог - ғалым Катрин Пекс бүкіл өмірін Сиверс алмасын сақтап, зерттеуге арнаған акад. А. Жанғалиевтың идеясы мен еңбегін соңғы жылдары ғалымдар мен саясаткерлер арасында документалдық фильмдер шығарып кеңінен насихаттауда. Ол акад. А. Жанғалиевке, өзінің бар өмірін басқалардың игілігі үшін риясыз арнап, өзінің жеке мүддесінен болашақ ұрпақтың мүдделерін жоғары қойған ғалым ретінде таңданады. Өткен жылы Катрин Пекс оңтүстік өлкесіне келіп, Сайрам – Өгем ұлттық табиғи парктің аумағында  А. Жанғалиевтың өмірінің соңғы жылдарында Сиверс алмасын зерттеу жұмыстарын жүргізген учаскелерді аралап, көптеген фото- және бейнесуреттер түсірді. Бұл жұмыстар жабайы алма жөнінде зерттеулер жүргізген  акад.  А. Жанғалиевтың ғылыми мұрасын насихаттауға арнаған деректі фильмге жаңа материалдар болады (4).

         Сиверс алмасының полиформизм яғни көп формаға ие болу қасиеті болғандықтан селекциялық жұмыстарда алманың жаңа сорттарын шығаруда болашағы үлкен. Тек Алатау бөктерінде оның 500 формасы өсетіндігі анықталды. 

         Құрамы глюкозаға, фруктоза мен сахарозаға, органикалық қышқылдар мен пектиндерге бай Сиверс алмасынан алынған дәмі қышқылтым – тәтті шырыны қант диабетімен ауырған адамның ағзалары мен ұлпаларын тез қоректендіріп, баурының жұмысын жеңілдетеді және дәрәханалық инсулинге салыстырғанда әсері жоғары екендігін қазіргі медицина анықтап отыр.

         Ұлттық парк аумағында 2007 жылдан бастап Сиверс алмасының екпе көшеттерін отырғызу қолға алынды. Өгем филиалында 5 гектар жерге 6 х 6 (м) схемасымен 1400 дана, ал 2009 жылы 4 гектар жерге көрсетілген схемамен 1008 дана профессор А. Жанғалиевтың басшылығымен іріктеп алынып, орман тұқымбағында өсірілген «Асқар», «Зайлийское осеннеплодное», «Зайлийское летнее», «Ася», «Джунгарское» деген Сиверс алмасының клондарының көшеттері отырғызылды. Олардың өсіп-дамуына фенологиялық бақылау жүргізілуде. Олардың дамуы мен өсуі жөнінде биометриялық өлшеу жұмыстары жүргізіліп, алынған деректер талдануда.  Қазіргі таңда, 2012 – 2016 жылдарға арналған перспективалық тақырыптық жоспарға сәйкес Сиверс алмасының плантациясын жасау жөніндегі ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіле бастады.

         Академик И. О. Байтулин (1987) бағалы сирек өсімдіктерді питомниктерде өсіріп, олардың гендік қорын екпелерде жинақтау – бұл өсімдіктерді сақтауға ықпалын тигізеді және үлкен шаруашылық маңызы бар екендігін атап көрсеткен болатын. Сондықтан өткен жылы біздің  парктің Өгем, Төлеби филиалдарында Сиверс алмасының плюстік ағашынан 6,5 кг тұқым жиналып, зертханалық тексеруден өткізгенде сапалығы 1 сыныптық талапқа сай келді. Бұл тұқымдар күзде тұқымбақта себілді.

         Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында Сиверс алмасының ормандарын заңсыз кесуден, өрттен қорғаудан, заңсыз мал жаюдан сақтау жыл сайын күшейтіліп келеді. Нәтижеде мұндай іс-әрекеттер Сиверс алмасының, бағалы формаларының сақталып, олардың табиғи жолмен ұрпақтануына оң ықпалын тигізіп келеді.     

          Жоғарыдағы алынған деректерді талдау, біздің парк орналасқан аймақта Алматы облысынан әкелінген Сиверс алмасы клондарының бейімделуі баяу өтетіндігін және жай өсетіндігін көрсетіп отыр.

Алдын ала анықталған Сиверс алмасының плюстік (құнды) ағаштарынан Өгем филиалында 6 кг тұқымы дайындалып, Алматы орман тұқым стансасында тексеруден өткізілді. Сараптаудың нәтижесінде  тұқымның сапасы 1 сыныпты болып бекітілді (куәлік №140 30.10.2012ж). Бұл тұқымның тазалығы мен өміршеңдігі 100%.  1000 тұқымның салмағы 35 гр болған. 2 қараша 2012 жылы 3 кг тұқым Келес орманшылығында 0,037 га жерге 1-2 см тереңдікте себілген (нормасы 1 кума метрге 5,6 гр). Ал қалған 3 кг тұқым Өгем орманшылығында 9 қарашада  0,037 га жерге  сондай  тереңдікте  себілген.      Төлеби  филиалында Сиверс алмасының плюстік ағаштарынан 500 гр тұқым жиналып, Алматы қаласында орналасқан орман тұқым стансасына тексеруге жіберілген. Сараптаудың  бойынша алынған 22.10.2012ж №134 куәлікке сәйкес жиналған тұқымның сапасы  1 сыныпты болған, тазалығы 80%, өміршеңдігі 92%. 1000 тұқымның салмағы – 29 гр. Жиналған тұқымның 250 грамы орталық тұқымбақта 0,031 га көлемдегі жерге, 9 қарашада (2012 ж.) 1-2 см тереңдікке себілген. Қалған 250 грамм тұқым көктемде эксперимент ретінде себіледі (5).

Сиверс алмасының Өгем филиалындағы отырғызылған мәдени екпелеріне, сонымен қатар Төлеби және Түлкібас  филиалдарындағы табиғи фитоценоздарына зерттеу жүргізудің  алғашқы жылы болғандықтан, бұл жұмыстар алдағы уақыттарда өзінің жалғасын табатын болады.

2012 жылы қыркүйек айында Өгем филиалының Бақшелпек орманшылығында 2009 жылы отырғызылған Сиверс алмасының екпелеріндегі бірқатар ағаштардың биіктіктері  мен тамыр мойнындағы  диаметрлеріне өлшеулер жүргізіп, алынған көрсеткіштерді математикалық вариациялық статистика әдістерімен есептегенде төмендегі деректер алынды. Үш жыл ішінде өсіп тұрған Сиверс алмасы клондары арқылы өсіріліп, отырғызылған көшеттерінің арифметикалық орташа биіктігі 163,3 ± 18,2см, ал олардың тамыр мойнындағы орташа диаметрі 24,8 ± 2,2мм болды. Алма ағаштарының биіктігі бойынша корсеткіштерінің түрлену (вариациялық) коэффициенті 26,7 пайызды құраса, ал тамыр мойнындағы диаметрінің түрлену коэффициенті 21,8 пайыз болды. Бұл коэффициенттер алма ағаштарының биіктіктері мен диаметрлерінің шамалары орташа арифметикалық көрсеткіштен өзгергіштік дәрежесі көп екендігін көрсетіп отыр.

Аталған филиалдың Өгем орманшылығындағы Аңшылар үйінің ауласында бір қатарға отырғызылған Сиверс алмасының ағаштарының биіктіктері мен диаметрлерін өлшеп, есептегенде олардың арифметикалық орташа биіктігі 148,3 ± 5,7см, ал тамыр мойнындағы арифметикалық орташа диаметрі 20,2 ± 0,5мм болып отыр. Бұл көрсеткіштердің түрлену коэффициенттері 9,97 – 11,9 пайыз аралығында. Орташа арифметикалық көрсеткішпен салыстырғанда өзгергіштік дәрежесі бірқалыпты екендігі байқалады.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     ТОО «Генофонд растений» отчет за 2001 г. Алматы 2001 г.

2.     К. Байжан. Жабайы алма мен өрік бағы қайта қалпына келтірілуде «Егемен Қазақстан» газеті, 23 мамыр 2008 жыл.

3.     Французская яблочная миссия «Мы должны спасти генитическую базу».  // №10 (510) 17 март 2010г.

4.     Академия наук  Каз. ССР. Институт ботаники «Охрана редких видов растений и растительности Казахстана», Алма-Ата, 1987.

5.     А.Д Джангалиев.  Дикая яблоня Казахстана. Алма-Ата, 1987.