Шағын және орта кәсіпкерліктің аймақтық даму ерекшеліктері мен бағыттары

 

Махашева Ж.А. аға оқытушы, ЖГТУ

 

Нарықтық қатынастардың дамуының қазіргі жағдайында кәсіпкерлік қызмет еркіндігін сақтай отырып, шағын кәсіпкерлікті дамыту ерекше мәнге ие болады. Өйткені шағын кәсіпкерліктің өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары экономиканы жаңарту жағдайында әртараптандыру мәселесін шешуге, инновациялық мүмкіндіктерді пайдаланумен іске асыруға, еліміздің экономикалық даму стратегиясын жүзеге асыруға айтарлықтай ықпал етеді. Қазіргі кезде шағын кәсіпкерлікті қалыптастыру, дамыту және қызмет тиімділігін арттыру маңызды орынға ие болады. Себебі шағын кәсіпкерлік жалпы ұлттық өнімнің және жалпы ішкі өнімнің көлемін, халықты жұмыспен қамту жағдайын, экономиканың өсу қарқынын анықтауға белгілі бір деңгейде әсер етіп қана қоймай, икемді аралас экономиканы қалыптастыруға, түрлі меншік нысандарының ұтымды үйлесуі мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға да мүмкіндік береді.

Әлемдік және отандық тәжірибе көрсетіп отырғандай, әр түрлі ұйымдастыру-құқықтық нысандардағы кәсіпорындардың шағын және орта  кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылуының негізгі белгісі жұмысшылардың саны, жарғылық капиталының мөлшері, активтерінің шамасы, айналым көлемі және т.б. болып табылады.

Құрамына дамыған елдер кіретін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының анықтауы бойынша кәсіпорындағы персоналдар саны 19 адамға дейін «өте шағын», 100 адамға дейін «шағын», 100-499 адамға дейін «орта» және персоналдар саны 500-ден жоғары болса «ірі» кәсіпорындар ретінде анықталған.

Біздің елімізде кәсіпорындағы жұмыскерлер саны мен активтерінің мөлшері бойынша оны шағын, орта немесе ірі бизнеске жататындығын анықтай аламыз. Яғни, басты критерий жұмыскерлер саны және активтердің мөлшері болып табылады.

Нарықтық экономикасы дамыған елдердің тәжірибесі шағын кәсіпкерліктің ұлттық экономикада аса маңызды функциялар атқарады: сұраныс пен ұсынысты теңестіру арқылы нарықтық қатынастарды үдетудің ерекше механизмін қамтамасыз етеді, жалпы ұлттық өнімнің тең жартысынан астамын өндіреді, жаңа жұмыс орындарының 70 %-ға жуыған ашатынын, адам ресурстарының жандандырылуына және инновациялық әлеуетке (потенциал) елеулі ықпал жасайды.

Ел экономикасын дамытуда шағын кәсіпкерліктің маңыздылығы өте жоғары. Ал, осы шағын кәсіпкерлік қандай да бір іс бастау үшін ірі көлемде инвестицияларды талап етпейді және ресурстар айналымының жоғары жылдамдығына мүмкіндік береді. Осыған байланысты экономиканы қайта құрылымдау проблемаларын ұтымды шешуді, нарықты тұтыну тауарларымен толықтыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекелік ортаны күшейту арқылы өндірілетін өнімдер мен көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын құра отырып, жұмыссыздық мәселесін шешуге қол жеткізуге болады.

Шағын кәсіпкерліктің тиімділігінің басты факторы – олардың өнім өндіру облысында, сондай-ақ қолданылатын еңбек құралдары бойынша бір жақты мамандануы. Шағын кәсіпкерлік шектеулі номенклатурада   (1-2 түрінен 5-7 түрге дейін) өнімдер өндіреді және бір мезгілде жоғары өнімділікпен ерекшеленетін бір жақты мамандандырылған құрал-жабдықтарды қолданады. Ол қысқа мерзімде өндіріс технологиясын және өндірістік үрдісті сапаландыруға ғана емес, сондай-ақ негізгі құралдардың ұдайы өндіріс процессін өзгертуге мүмкіндік береді. Шағын және орта кәсіпкерлік инфрақұрылымдық бөлімшелер құруға көп шығын жұмсауды қажет етпейді, яғни көлік шаруашылығын, арнайы коммуникациялар, жөндеу шаруашылығын және үлкен қоймалар ұстаудың қажеттілігі жоқ. Өндіріс көлемінің шағын болуы материалдық-техникалық жабдықтауды, сондай-ақ өнімнің дайындығына байланысты өткізуді жүзеге асыруды жылдамдатуға мүмкіндік береді. Ол еңбек ресурстарын тиімді пайдалануда да ерекше мәнге ие болады. Әсіресе, қосымша жұмыс орындарын құруға, адамдарға маман ретінде өздерінің шығармашылық қабілеттіліктерін жүзеге асыруға жағдай туғызады.

Шағын және орта кәсіпкерліктің ел экономикасында маңызды орынға ие болуын және тиімді қызмет етуін оның келесі артықшылықтарымен түсіндіруге болады:

1)   шағын кәсіпкерліктің икемділігі, өндірілетін өнімдердің тұтынушылардың талғамына сай тез бейімделу мүмкіндігі;

2)   жергілікті ресурстарды пайдалану мен жергілікті нарықта қызмет етуі;

3)   кәсіпорынды басқарудың қарапайымдылығы, ірі бюрократиялық құрылымның болмауы;

4)   жұмыскерлердің және кәсіпорын басшысының жоғары нәтижеге жетуге деген ортақ мүдденің болуы, мотивацияның жоғарылығы;

5)   ірі өндіріспен тиімді өзара әрекетте болу мүмкіндігі, яғни ірі кәсіпорындар арқылы қосалқы бұйымдар мен бөлшектерді өндірушілер және жеткізушілер ретінде әріптестік қатынаста болу;

6)   кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті бастапқы капиталдың және жұмсалатын шығындардың салыстырмалы түрде аз болуы;

7)   өндірісті жаңарту, жаңашылдықты енгізу, жаңа идеяларды жүзеге асыруға икемділігі.

Аймақтық деңгейде шағын және орта кәсіпкерлік жөніндегі саясат аймақтың әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыру мен жүзеге асыру кезеңдерінің жалпы жүйесімен ұштасуы тиіс. Бұл жерде:

-      аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұжырымдамасы мен бағдарламасын әзірлеу (оларда шағын және орта кәсіпкерлік орны мен рөлі белгіленеді және шағын кәсіпкерлікке өзіндік аймақтық тапсырыс қалыптастырады);

-      аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті басқару мен реттеудің ұйымдық құрылымының жүйесін жасау;

-      шағын  және орта кәсіпкерліктің өзін-өзі ұйымдастыру жүйесін жасау;

-      жергілікті әкімшіліктің шағын және орта кәсіпкерлікке басқарушы ықпалының нысандары мен әдістерінің жүйесін қолдану;

Аймақта кәсіпкерлікті басқарудың негізгі принциптеріне  мыналар жатады:

-      кәсіпкерліктің түрлеріне қарамастан оны дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау;

-      шаруашылық жүргізуші субъектілердің маңыздылығын айқындау;

-      олардың қызметін ең алдымен экономикалық және қаржы ынталандырмасын  пайдалана үйлестіру;

-      жергілікті органдардың шаруашылық жүргізу субъектілерімен өзара тиімді шартты және экономикалық қатынастарын орнату;

-      қала тіршілігінің ерекше маңызды міндеттерінің шешілуін қамтамасыз ету үшін шектеулі мөлшерде әкімшілік шараларын қолдану;

-      қалалық қызмет көрсететін бірқатар кәсіпорындардың негізгі функциялық мақсатын белгілеу;

-      кәсіпкерлік саласында азаматтар құқықтарының бұзылуына, табиғи ресурстардың қарақшылықпен пайдаланылуына жол бермеу;

-      кәсіпкерлік қызмет түрлерінің дамуын құрылымдық реттеу;

-      аумақтық шағын бизнес кәсіпорындарын тіркеу тәртібін жеңілдету.

Ірі аймақтағы шағын кәсіпкерлік жөнінде аумақтық саясаты нақтылай жүзеге асыру үшін арнаулы ұйымдық құрылым жасау қажет. Мұның өзі жаңа бюрократтық аппарат құрылуын білдірмейді. Ең алдымен қала басқармасында бар құрылымдардың қызметін және шағын кәсіпорындар мен қарым-қатынастарын ретке келтіруді көздейді. Кейбір жағдайларда шағын кәсіпкерлікке неғұрлым пәрменді ықпал жасау үшін жұмыс істеп тұрған органдар негізінде жаңа арнайы орган да құрылуы мүмкін.

Сындарлы саясатпен жүргізілген реформалар еліміздің барлық өңірлерінде өз нәтижесін беріп жүр. Атап айтсақ, аймақтарда шағын және орта кәсіпкерлік, жаңа өндіріс ошақтары мен шағын кәсіпорындар өркендеп қана қоймай, біртіндеп қана жая бастады. Еңбектенген адамға еш кедергі жоқтығын, қимылдаса табысқа жететінін халық түсініп, масылдық ойдан арылған. Әп деген-ақ бүйірі шығып, байып кетпесе де, ертеңгі күнге деген, сенімдері нығайып, көңілдері тоғайған. Өйткені, тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұша бастағандығын халықта байқап сезіп отыр.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түсінуіміз қажет. Біз кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек, деген сияқты батыл үндеулер Елбасының Халыққа Жолдауында айтылған болатын. Сонымен қатар, Жолдауда шағын және орта кәсіпкерлікке байланысты Даму банкімен Инвестициялық қорға барлық кәсіпкерлердің қолы жете бермейтіндігін айтты. Сондықтан “шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры” өзіндік бір үлкен қаржылық нарыққа айналуға тиіс. Бұл қорға биылғы жылы республикалық бюджеттен қосымша 10 миллиард теңге бөлінген. Сонда шағын бизнес субьектілерін несиелеу мүмкіндігі 25 миллиард теңгеге дейін өсті.

Шағын кәсіпкерлікті аймақтық дамыту, ең алдымен, өндірістік саланы көтеруге, шағын кәсіпкерлікті қолдаудың инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарының неғұрлым көп санын құруға, жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлік ортамен неғұрлым жоғары деңгейде өзара іс-қимыл жасауына бағытталған болады.

Бағдарламаның іс-шараларының негізінен аймақтық деңгейде жүзеге асырылатын болады. Аймақтық бағдарламалар мәслихаттардың сессияларында бекітіледі және жұмыстың шағын кәсіпкерлік инфрақұрылымының элементтерін облыстық және аудандық деңгейлерде құру жөніндегі шаралар:

-      халықтың, әсіресе, жұмыспен қамтылған неғұрлым қалың жіктерін кәсіпкерлік қызмет саласына тарату жөніндегі іс-шаралар;

-      аяқталмаған құрылыс пен пайдаланылмай отырған объектілерді шағын кәсіпкерлік субъектілеріне беру мәселелері;

-      мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар сияқты негізгі бағыттарын қамтуға тиіс.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.                  Қазақстан республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген Қарқынды индустриалдық-инновациялық дамудың 2010-2014 жж арналған Мемлекеттік бағдаралмасы

2.                  Блинова К.В. «Микро кредитование и развитие микро кредитных организаций в Казахстане» // Банки Казахстана, №1 – 2004ж.

3.                  Омарбекова Ж. «Шағын және орта бизнесті дамытудың экономикадағы рөлі»// Заң, 11/ 1998ж.