С.АСФЕНДИЯРОВ-КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
т.ғ.к. Бекмуратова
Биби-Айша Мамыраймовна
Халықаралық
гуманитарлық-техникалық университеті, Шымкент қ.
XX ғ.бас
кезіндегі қазақтың демократиялық
интелегенциясының көрнекті өкілі С.Асфендияров 1889 жылы қазан айында
қазіргі Оңтүстік Қазақстан Облысы, Сарыағаш
ауданы аймағында туылды.Оның әкесі сол кездегі
Түркістан генерал-губернаторы тілмашы, Әскери дәрігер болды.
Аудармашылық жолды дұрыс көрген ол баласын тілмаштық
мектепке беріп, орысша оқытады.
Санжар жастайынан өте зерек
болып, айналасындағы қоғамдық-саяси
оқиғаларға өзіндік көзқарасымен қарап
өседі. Оған өскен ортасы мен билікке деген пейіл,
дөрекілік, тілалғыштыққа бейімділік, үстем
тапқа деген тәкаппарлық жат болып көрінді. Бала кезінен
осындай таптық айырмашылықты айыра білген оны бай мен кедей,
қанаушы мен қаналушы арасындағы теңсіздік,
әлеуметтік әділетсіздік мәселелері көп ойландырды.
Жастайынан осындай әлеуметтік
теңсіздіктерді көре білген Санжар есейе келе оны өзіндік ой
саралаумен, өзіндік дүниетаным жүйесімен сараптауға
ұмтылады. Сол кездегі заманға сай білімді, сауатты жанұяда
тәрбиеленген ол әкесінен қалған медицина туралы
кітаптардан басқа тарих, биология, география салаларындағы
кітаптарды және еуропалық саяхатшылардың Орта және Орталық
Азия елдеріне жасаған қызықты саяхаттары туралы
жазылған кітаптарды қосымша түрде оқып, әлемге
деген өзінің қызығушылығын оята бастады.
Осының әсерінен ол тілмаштық жолды емес, өз
халқының азаттығы үшін оның тарихын зерттеп,
қоғамдық-мәдени деңгейін көтеруге
тырысқан азамат болуға көңіл бөлді. [1]
Оның әлемге деген
ұмтылушылығы бірінші орыс революңиясынан кейінгі
кезеңге сәйкес келді. Ол 1907 жылы сол кездегі
Қазақстан мен Орта Азияның ірі мәдени орталығы
Ташкент қаласындағы оқытушылар училищесін өте
жақсы бітіріп, білімін жалғастыру мақсатымен Петербургтегі
әскери-медицина академиясына оқуға барады. Оны 1912 жылы
бітіреді. Сосын оңтүстік шекаралық бекінісі - Термезге орыс
әскери полкының дәрігері болып орналасады. Жоғары
білімді, талантты да зерек Санжар бұл жерде емдеу қызметімен
қатар қарапайым халық үшін де өз қызметін
аямайды. Өз білімін халық үшін жұмсау мүмкіндігі
жолындағы бағытты өзінің алдына мақсат етіп
қойды. Ол жергілікті халық тұрмысы жөнінен «Туркестанская
губерния ведомости» басылымына мақалалар да жазып тұрды. «Осындай
зиялы ортада өскен Санжардың білімдарлығы мен
ғалымдығының сыры, осында болса керек». [2]
С.Асфендияров 1919-1920 жылдары
Түркістан кеңестік республикасында Денсаулық сақтау
халық комиссары болып қызмет істеді. Бұл жұмысты
жүргізу сол кезде өте қиын болды. Медицина кадрларының
жоқтығы көп қиыншылықтар туғызды,
соғыс зардабы да күшті болды. Осыған қарамастан С.Асфендияров
жұқпалы аурулармен күресу, науқастарды алдын ала емдеу
шараларын қолдану, халыққа ақысыз дәрігерлік
жәрдем көрсету жұмыстарын ұйымдастыруға көп
еңбек сіңірді. Ол 1920 жылы Түркістан АКСР Жер-су халық
комиссары болып тағайындалады. Осы жылдары ол Мәскеуде, Түркістан
АКСР-нің тұрақты өкілі және ұлт істері
халық комиссариатының коллегия мүшесі болып қызмет
атқарды. Бұл жерде ол өзіне тән іскерлікпен Орта Азия
халықтарына Коммунистік партияның ұлт саясатын
түсіндіру жолында қажырлы күрес жүргізді. 1923-1924
жылдары РКП(б)-ның Орта Азиялық бюросының мүшесі,
Түркістан АКРС-і Орталық Комитетінін жауапты хатшысы. 1928 жылдан
Бүкілодақтық атқару комитетінің хатшысының
орынбасары және оның Президиум мүшесі, 1927-1928 жылдары
Мәскеу университетінің профессоры және Мәскеу Шығыстану
институтының ректоры қызметін істеді.
Оның шығармашылық
қызметінің шарықтауы Кеңес Өкіметі кезінде
басталды. А.Асфендияров қазақ тілінде оқулықтар мен
оқу құралдарын жазды. Мамандығы дәрігер бола
тұра, тарихты, әдебиетті, өнерді, тіл білімін, биологияны
терең зерттеді. Қазақ тарихын алғашқылардың
бірі болып зерттеп «Қазақстан Тарихы» (көне заманнан
бүгінге дейінгі) жинағының I және II томын жазды. Ол
1927 жылы Мәскеу қаласында жұмысы кезінде тарих
ғылымының профессоры атағын алды. Бұл
Қазақстан тарихында тарих ғылымы саласында қазақ
оқымыстысына берілген тұңғыш атақ болды [3].
Ол ана тілінен басқа орыс,
ағылшын тілдерін жетік білген. Ол Қазақ Педагогикалық
институтында, ғылым академиясының қазақ филиалында
еңбек ету жылдарында қытай тілін үйренуге ден койғанын
аңғартатын да мәлімет бар. Шығыстанумен
шұғылданатын ғалымдар үшін қытай тілін білу
қажеттілігін шәкірттеріне айтып отырған.
Ол 1937 жылы 22 тамызда
қамауға алынады. Оны тергеу Мәскеуде жүргізіледі.
Алғашында оған Қазақстандағы ұлтшылдар
ұйымының мүшесі, Кеңес Өкіметіне қарсы
қастандық әрекеттер жасады және герман, жапон,
ағылшын барлау органдарының пайдасына шпиондық жұмыстар
жүргізді деген айыптар тағылды. Ол 21 қыркүйек
күнгі жауабында «Өкімет алдында күнәм жоқ, ешқандай
ұйымға да қатысым
жоқ», - деп баяндайды. [4]
С.Асфендияров 137 жылы 29 қарашада
айып қорытындысы шығарылған соң, сол кездегі
Қазақ ССР құжаты бойынша 11 айып тағылып, осы
айып қорытындысымен 1938 жылы 24 ақпанда таныстырылды. Келесі
күні КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының
жабық мәжілісінде оның ісі қозғалып, оған
РКФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-1а, 58-2, 58-9 және
58-11 баптарында көрсетілген қылмыстарды жасаған болып,
ең ауыр жаза - ату жазасына бұйырылады.
Оның есімі содан кейінгі жиырма
жыл бойына Қазақстан тарихынан сызылып тасталды. 1956 жылғы
КОКП ХХ-съезінен кейін ол ақталып, оның 70 жасқа толу мерейін
республика жұртшылығы 1959 жылы ғана атап өтті.
Бірақ тоқырау заманы басталысымен С.Асфендияровтың
еңбектері тағы да әділетсіз саясаттың назарына ілігеді.
Оның шығармаларында социалистік құрылысқа
сіңірген еңбегі «ұмыт» қалып, есімі атүсті ғана айтылатын
дәрежеге жетті. Осы кезде тек Қ.Жұманов, М.Қаратаев,
Р.Сүлейменов тәрізді бірен-саран атақты ғалымдар
ғана мұндай әділетсіздіктерге жандары күйіп,
өздерінің естеліктерінде С.Асфендияровтың бейнесін сомдауға
әрекет жасады. С.Асфендияров туралы мазмұнды да шынайы
әңгіме XX ғасырдың 80-жылдарының аяғына
қарай қозғала бастады. Қазақ КСР Министрлер
Кеңесінің 1989 жылғы 11 қаңтарда
қабылдаған қаулысына сәйкес, Алматы мемлекеттік
медицина институтына С.Асфендияровтың есімі берілді.
Осы жылдың қазан айында
С.Асфендияровтың жүз жылдық мерейтойы Алматы қаласында
өткізілді. «Ғылым» баспасынан Қазақстан
ғалымдарының библиография сериясы бойынша «Санжар
Жағыпарұлы Асфендияров» деген кітапша жарыққа
шығарылды.
1985 жылы кеңестік дәуірдегі қайта
құру саясатымен тұспа-тұс келген ғылыми
ізденістердің басты да маңызды нәтижелерінің бірі -
С.Ж.Асфендияровтың бұрын беймәлім болып келген жаңа
шығармаларының анықталуы болды. Мәселен, Ташкент
кітапханаларының қорларынан оның 20-дан астам
мақалалары, ал Алматы қаласындағы А.С.Пушкин атындағы
республикалық ұлттық кітапханасында сирек кітаптар мен
қолжазбалар қорынан оның бүркеншік есімімен жарияланған
«Шатер мира» атты бір әдеби шығармасы анықталды.
Жабылған мұндай рухани байлықтар біздің С.Асфендияров
туралы түсінігімізді айтарлықтай кеңейтіп, оның
беймәлім тағы да бір қырын ашуға мүмкіндік
жасады.
«Шатер мира» повесі 1935 жылдың
басында жарыққа шығып, көлемі жағынан үш
баспа табақтан асатын, орыс тілінде шығарылған, алты
бөлімнен тұратын еңбек болып табылады.
Шығармадағы басты оқиғалар Түркістан өлкесі
тарихының аса күрделі болып табылатын кезеңі - 1907-1921
жылдарды қамтып көрсеткен.
С.Асфендияровты «Шатер мира»
кітабының авторы деп айтуға республикадағы белгілі тарихшы,
тарих ғылымының докторы, профессор Х.Әбжановтың
пікірлеріндегі негіздемелер:
Біріншіден, ғалымның
басқа еңбектерінде айтылған ойлар, қорытындылар мен
пікірлер повесте қайталанды. Нақтылап айтсақ,
төңкеріске дейінгі зиялы қауым оның жіктелуі
еуропалық өмір мен шығыстағы өмір
салтындағы айырмашылықтары туралы пікірлер «История Казахстана (с
древнейших времен)», «Шығыстағы ұлттық төңкерісшіл
қозғалыстың тарихы». «Қазақстандағы 1916
жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. «Тарихи очерк»
кітаптарында да, повесте де сол күйінде кездеседі.
Екіншіден, повестің бас
кейіпкері Аға-Аббастың прототипі - Санжар Асфендияровтың
өзі. Аға-Аббастың 1917-1921 жылдар арасындағы
өмірі, қызметі мен жоғарылап өсуі -
Асфендияровтың жүріп өткен жолы мен оның өмір
белестері. Осы кітаптағы Тұрар Рысқұловты да тану
қиын емес.
Келесі бір дәлелді
айғақ -Тұрар Рысқұловтың жазғандары
болып табылады. 1936 жылы «Казахстанская правда» газетінде жарық
көрген бір мақаласында Т.Рысқұлов «Шатер мира» повесін
С.Джафаров деген емес, С.Ж.Асфендияров жазды деп ашық көрсеткен.[4]
1938
жылы 25 ақпанда он бір бөлімнен тұратын айып
қорытындысы мен ату жазасына кесілген, С.Асфендияров артында өшпес
із қалдырды. Ал оған тағылған айыптар реті мынадай
болды: С.Ж.Асфендияров
1. 1918 жылдан бастап
контрреволюцияның пантүркілік ұйым басшыларының бірі
бола отырып, Кеңес Өкіметін құлату мақсатымен
белсенді антикеңестік жұмыс жүргізген.
2. 1926 жылдан Мәскеудегі
орталық контрреволюциялық пантүркілік ұйымның
басшысы С.Қожановпен байланыс жасап, одан Кеңес Өкіметіне
қарсы қарулы көтеріліс дайындау, Коммунистік партия мен
өкімет басшыларына террор ұйымдастыру, бүлдіру -
қастандық әрекеттерді өрістету және еліміздегі
барлық контрреволюциялық күштер мен антикеңестік
ұлтшылдар ұйымдарымен қатынастарды күшейту туралы
нұсқалар алып, оларды ұйымның басқа белсенді
мүшелеріне таратып отырған.
3. 1938 жылдан бастап
ұсталған күнге дейін антикеңестік ұлтшылдар
ұйымының Алматы орталығының жұмысына
басшылық еткен.
4.1929-1930 жылдары Қазақстанда Кеңес
өкіметіне қарсы көтерілісті ұйымдастырушылардың
бірі болған.
5. Осы көрсетілген мерзімде
Қазақстанның бірталай облыстары мен аудандарында
ұлтшылдық ұйымдар құрып, олардың
бүлдіргіш-қастандық, ереуілшілдік жұмыстарын
басқарған.
6. Алматы оқу орындарында
(ҚарМУ, ҚазПИ), т.б. сТуденттер мен мұғалімдер арасында
ұйымға мүше тарту мақсатымен үлкен жұмыс
жүргізген.
7. 1920 жылдан бастап Англия, Жапония,
Германия пайдасына тыңшылық жұмыс жүргізіп,
көрсетілген елдердің барлау орындарына бұрынғы
Түркістан Республикасының, кейіннен Қазақстан,
Өзбекстан, Тәжікстан республикаларының
саяси-экономикалық жағдайлары жайында үнемі құпия
мәліметтер беріп тұрған.
8. 1932 жылы Алматыдағы
бүрынғы Қытай консулының көмегімен
Шыңжаң (Синцзянь) жерінде Жапония мен Германияның барлау
органдарымен Кеңес Одағына әскери шабуыл бола
қалған күнде Қазақстанды Кеңес
Одағынан бөлу жолында жәрдем алу мақсатында байланыс
орнатқан.
9. 1936 жылы
антикеңестік-ұлтшылдық ұйым орталығының
тапсырысы бойынша Қазақ мемлекеттік университетін жойып жіберген
өртті ұйымдастырушылардың бірі болған.
10. Орталық
антикеңестік-ұлтшылдық ұйымның
нұсқауымен оңшыл троцкийшілдер тобымен қатынас жасап,
онымен өзінің контрреволюциялық әрекеттерін
орайластырып отырған.
11. Қазақ
педагогикалық институтының ректоры, кейіннен Ғылым
академиясының казақ филиалы төрағасының
орынбасары қызметтерін атқара жүріп, үлкен
антикеңестік арандату жүмыстарын жүргізген.
Осылайша С.Асфендияров
қазақ тарихында өзінің қоғамдық
қайраткер дәрежесінде көрнекті тұлға ретінде
қала білді.
Әдебиеттер:
1.
Рсымбетов Ж.
Көрнекі ғалым, белгілі революционер.// Оңт.Қаз-н, 1987,
9-
шілде,
2-бет.
2.
Шымырбаева Г. С.Асфендияров потомок хана
Абулхаира.// Каз-я правда. 2002г. 5-июня.
3.
Шойынбаев Т. Қазактың талантты
ғалымы.// Соц-к Қаз-н. 1959ж. 16 октябрь. З-б.
4.
Назарбаев Г., Әбжанов Г.
Қазақстан: тарих пен тағдыр. Алматы. 2003. 219-6.
5.
Назарбаева Г., Әбжанов X.
Қазақстан: тарих пен тағдыр. А., 2003. 220-б
6.
Қ.Сейталиев., Халел Досмұхамедов және Санжар
Асфендияров,Қазақ Тарихы. №1.2005ж. 69-71 беттер.