Салимбаева Ш.О., Джакупова Ш.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

МЕКТЕПТІҢ ОҚУ – ТӘРБИЕ ПРОЦЕСІНДЕ

САЛТ – ДӘСТҮРДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

         Бүгінгі күні  қазақ халқының ұлттық мәдениетін қайта өркендету жағдайында жас ұрпақты ұлттық дәстүрмен тәрбиелеудің заңды объективті қажеттілігі туды [1].

Қазақта «балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана сөз бар. Сондықтан жеткіншек ұрпақтың өз халқының рухани қазынасымен оның ұлттық тәрбиесімен әдет – ғұрып, салт – дәстүрімен тереңірек танысу қажеттігі бірінші орынға қойылып отыр. Өйткені өз халқының, әрі бүкіл адамзаттың өткенін біле адамның жеке тұлғалық болмысын қалыптастырып, оны рухани – мәдени кемелдендіретін маңызды көрсеткіш болып табылады. Баланың бойына рухани азық бала алатын бірден – бір фактор халықтың салт – дәстүрі. Ал салт – дәстүрдің тәрбиелік мәнін, оның мектептегі оқу – тәрбие процесінде пайдаланудағы маңызын ашып көрсету қазіргі заман талабынан туындап отырған мәселе.

Кейінгі кезде этнопедагогика ғылымында жеке адамның дамуындағы гуманизациялық және мағыналық құрылымның қалыптасуына байланысты ұлттық сана сезім, ұлттық дүниетаным т.б. талаптар қою көзделіп отыр.

Еліміздің болашағы болар, тәуелсіз мемлекеттің ұлттық болмысын сақтай алатын ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі күннің негізгі мақсаты. Ал ол үшін болашақ ұрпақтың тұлғалық болмысын қалыптастырып, оның рухани – мәдениетін дамыту өте маңызды екенін Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев Республикадағы білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезіндегі сөйлеген сөзінде дәлелдеп берді. Онда «Білім беру ісін реформалаудың стратегиялық міндеттерінің бірі – шығармашылық тұрғыдан ойлай білетін жеке тұлғаны мәдениетті, рухани биік деңгейде тәрбиелеу болып отырғанына баса назар аударып, жалпы білім беретін орта мектепте білім берумен қатар адалдық, адамдық, ізгілік, отан сүйе білу сияқты асқақ сезімдерге тәрбиелеу қажеттілігі өзекті мәселе деді [2].

Бұл мәселеге халық тағылымы салт – дәстүрдің қосар үлесі өте көп.

Елбасының «Қазақстан - 2030» Қазақстан халқына Жолдауының «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде «бабаларымыздың игі дәстүрін отанымыздың территориясының бүтіндігін сақтау, мемлекетімізге қауіп төндіретін кез – келген сыртқы және ішкі күштерге қарсы тұрудың өзі жастарды ұлттық рұхта тәрбиелеу мүмкіндігін жүктейді.

Халықтың төл құндылығы болып есептелетін салт – дәстүрді ұрпақ тәрбиесіне қолдану үшін оны мектепте оқу – тәрбие процесінде пайдалану өте маңызды.

         Жалпы оқу – тәрбие процесі ұлттық негізде болу туралы сонау жиырмасыншы ғасырдан бастап қазақ зиялылары тілге тиек етіп келеді. Мәселен: «Мағжан Жұмабаев, А.Байтұрсынов, Ш.Уалихановтар салт – дәстүрді оқу тәрбие процесінде пайдалана отырып білім беру тәрбие жолында халықты үлкен биіктерге көтеретіндігін атап көрсетті. Ал казіргі үлкен өзгерістерге ұшыраған жаңа қоғам жағдайында адамзаттың жаландану процесіне бой беріп ұлттық болмыс пен рухани азғындау қауіпінде тұрғанында жас жеткіншектерді ұлттық рухта, өз тілін, дінін, салт – дәстүрін толық үйретіп, рухани бай, берік сенімді ұлтжанды етіп тәрбиелеу өзекті мәселе.

          Мектепте оқу – тәрбие процесінде салт – дәстүрді пайдаланудың маңызы:

         Ол халақтың тәрбие саласындағы тәжірибесімен амал жолдарымен, педагогикалық мүмкіндіктерімен етене таныстырады. Сонымен бірге жеке тұлғаның мәдени – рухани қалыптасуында мынадай функцияларды атқарады.

         1) Тәрбиелік. Жеке тұлғаның дамуына, рухани – мәдени кемелденуіне көмектеседі. Отанға, жерге, халық мәдениетімен тарихына, салт – дәстүріне деген сүйіспеншілік сезімін, аялы көзқарасын қалыптастырады. Салт – дәстүрдің әлеуметтік рухани күшін танып білуге көмектеседі.

         2) Танымдық. Халықтың салт – дәстүріндегі бала тәрбиесіндегі маңызы, салт – дәстүрдің құндылығы, адам өміріне қажеттілігі жөніндегі түсінігі кеңейеді.

         3) Дамытушылық. Жеке тұлғаны ұлттық дүниетанымдық, этномәдени құндылықтарды қабылдап, бағалай білу қабілеттерін дамытады. Салт – дәстүрге деген қызығушылығын арттырады, оны күнделікті өмірде пайдалануға талпындырады.

         4) Шығармашылық – ізденушілік. Халық мұрасын салт – дәстүрлерін өздігінен дербес іздестіріп, талдап, зерттеуге түрткі болады. Меңгерген материалдарын оқушылар өздерінің сыныптан тыс тәрбие жұмыстарында, сыныптағы пән мазмұнына қарай (реферат, баяндама) шеберлікпен қолдануға септігін тигізеді [3].

         Мектепте оқу – тәрбие процесінде салт – дәстүрді пайдаланудың тағы бір маңыздылығы жеке тұлға бойында азаматтық қасиеттер жауапкершілік, инабаттылық, белсенділік, іскерлік сияқты қасиеттерді қалыптастырады.

 

Әдебиет:

 

1.     А. Құдырова, Ә.Әбиева. «Педагогика» А, 2003ж

2.     З.Әбілова, Қ.Қалиева. «Этнопедагогика оқулығы» А, 1999ж.

3.     М.Тілеужанов. «Халық тағылымы» Алматы 1996ж.