3 курс докторант Оспанова
Ақнұр Абдужапарқызы (әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті)
Амантай Шәріп зерттеулеріндегі қазақ поэзиясындағы
Алаш идеясының түрікшілдік және исламшылдық
сарындардың қозғалуы
«Қазақ поэзиясы және
ұлттық идея» еңбегінде Амантай Шәріп ХХ ғасыр
басындағы Қазақ Ағартушыларының баса мән
беріп қолданған «Алаш» ұғымының тарихи
төркінін нақтылы деректермен ұғындырып, ХХ ғасыр
басындағы қазақ зиялысы, қазақ
әдебиетінің өкілдері бұл атауды нендей мақсатта
қолданып отырғандығын тарихи жүйемен сабақтастыра
зерделеген.
«Қазақтың
этникалық сана-сезімінің астарында қадым замандардан бері
жасап келе жатқан мән-маңызы зор тағы бір сөз
бар. Ол «алаш» аталды.
«Қазақ Совет
Энциклопедиясында» оған мынадай анықтама берілген: «Алаш, Алаш
мықы – ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш
қауым болып біріккен одағы, «Қазақ» деуден
бұрынғы елдің жалпы
аты» (21). Олай болса, тарихи семантикасы тұрғысынан «алаш»
сөзі – әрі елдің жинақы есімі, әрі этноним.
Алаш
/ «алты сан алаш», «алты алаш», «алаш қауымы», «алаш ұрысы» /
ұғымының жай-жапсары хақында
Ұлықбектің «Тарих Ұлыс арбия, Насаб намен
қазақ»,
Қыдырғали Жалайырдың «Шами-ат-тауарих»
еңбектерінде, беріде Шоқан Уәлихановтың зерттеуінде
сөз сарапталған.
...
Жоғарыдағы
авторлардың қай-қайсысы да «алаш» атауының
тамырын туыстас түркі-монғол, тайпаларының бірде араласып,
бірде ажырасып жүрген дәуірлеріндегі
қауымдастықтардың ортасынан
қазып-қарастырған.
ХХ
ғасыр басындағы ұлттық мүдделер, Алаш идеясы
қазақ поэзиясындағы ағартушылық ағым
ауқымында да жан-жақты көрініс тапты.
Зерттеушілердің
пайымдауында ақылмен ойлап, ұлт болашағының
кезеңдік даму бағыттарын тезге салып отыратын
құбылыстарға мән берудің әлем
халықтарының тарихында өзіндік бай тәжірибесі
жан-жақты сараланып
отырғандығы белгілі.
Ұлт
тағдырының әдеби өрісте ағартушылық
мұраттармен сабақтас күн тәртібіне шығуы туралы
арнайы зерттеу еңбек жазған белгілі ғалым Амантай
Шәріптің осыған қатысты ойлары қамтып
жатқан құбылыстарға назар аударғанда, ғалымның
мәселенің нақтылы қалпын жүйелеп, айқындаудың өзіндік қисындарын жасауда
елеулі ойлар айтып кетіп отырғандығын көреміз.
Ағартушылық
мұраттардың әлемдік бай тәжірибесі тұнып
жатқан елеулі фактілерді атап өтіп отырып, қазақ
ағартушылығының аса бір ауқымды саласымен
астасқан проблемаға назар аударған ғалым былай дейді:
«Бастауын Шоқан, Ыбырай, Абай айтқан Қазақ
Ағартушылығы да өзіндік өзгешеліктерімен бірге,
бұл саяси, мәдени және философиялық феноменнің
жалпыға тән – типтік белгілерінен тысқары тұрған
жоқ...
Біз
сан-салалы, қыруар қатпарлы Қазақ
Ағартушылығының төл әдебиетіміздің
тумыс-тұрпаты мен тыныс-тіршілігіне тигізген әсері туралы бір
тарапта – ұлттық мұрат-мүдде тұрғысынан
сөз тарқатпақпыз». (1, 185 б.).
А.Шәріп
осыған қатысты ағартушылықтың әдеби мұрадағы
ұстанымдары туралы ой өрбіткен белгілі ғалымдар еңбегін
назарда ұстап отырғандығын ескерту арқылы, бұл
мәселенің ұлттық әдебиеттануда ілгеріден назарда
болғандығына да мән беріп өткен.
Зерттеуші
адамзат танымындағы даму тарихы туралы қасаң, біржақты
ұғымдардың баянсыздығы, «жаңа сападағы
тарихи сана құбылысы – тарихилық ұғымы» туралы тың
топшылауларға барады.
«Орыс
ағартушылығын зерттеуші, әдебиетші Т.П. Мокогененко жазғандай:
«Тарихилық бұрынғы болған оқиғаларға орай
соны көзқарастың бой көтергендігін байқатты. Ол
қоғамның үнемі өзгеріп, үздіксіз жылжу мен
жетілу үстінде болу қағидасын бекітті. Тарихилық
әрбір халықтың адамзаттың өткен өмірінде
алатын өз орнын біліп-байыптауына, әрбір ұлттың
мәдени ерекшелігін екшеуіне жағдай жасап, болашаққа
бағдар түзетті және оның ұстамдары –
бүгінгімен байырғының арасын байланыстырып берді» (Т.П.
Мокогененконың «Из истории формирования историзма в русской литературе»
атты зерттеуінен сілтеме берген – А.О.).
Еуропада
теологиялық тұрғыдан түсіндіріліп келген
«қасиетті тарихты» енді түрлі-түрлі концепциялармен
көмкерілген «азаматтық тарих» тұғырынан тайдырды,
«тарих философиясы» (Вольтер) термині пайда болды.
Әлбетте,
бұл қисындардан құлағдар қазақ
ағартушылары да «дін исламмен» дәйектелген тарихын қайта
топшылады» (1, 185 б.).
Амантай
Шәріп Абайдың қазақтың қайдан
шыққаны туралы «бірер
сөз» айту, Шәкәрімнің қазақ, түрік
шежіресі туралы ой қозғау жайларын әлемдік тарихқа
көзқарастың жаңа бағыт түзуімен
қисынды байланыстырады.
Амантай
Шәріп тарихилық принцип ұлттардың тарихи
танымының кеңи түсуіне ықпал еткендігін қадап
айтады. Ғалым мәселені тарқата отырып, күрделі
пайымдаулар жасауында көңіл бөлген қазақ
ағартушылығына тән басты өзгешелік өзіндік сипат
– тарих шындығы.
Қазақ
ағартушылығының айрықшаланар бір белгісі –
бостандыққа ұмтылған бодан жұрттың арасында
жүзеге асып, осыған орай билеуші империя мен бағынышты
халық руханияттарының өзара қақтығысуы
және қабысуы арқылы айшықталуы» (1, 188-б.).
А.Шәріп
зерделеулері отаршылдық езгі аясындағы елдер
жағдайындағы ағартушылық мұраттар, оның тарихи
алғышарттары туралы әлемдік тәжірибе
тұрғысындағы іргелі зерттеулер нәтижелерін назарда
ұстап отырып, нақтылы мәнде дамытыла түсіп
жазылған деуімізге толық негіз бар.
Африкалық
ойшыл Франц Фанонның отаршылық ауқымындағы рухани
болмыс, түлеу, түрлену тұрғысындағы
айқындамаларында отарланған елдің бастапқы сырт
ыңғайласу, еліктеу фактісі; осыдан кейінгі руханияттағы
өзгеше бір ойлы, күйзеліс күй; ақырында отар
жұрттан шыққан озық ойлының елін сілкінту,
серпілту миссиясын өз еркімен мойнына алу өзгерістері туралы
қағидаларына Амантай Шәріп барлығы ақиқат
демегенімен, елеулі қисындарына ден қояды.
Ыбырай
Алтынсарыұлы, Ақмолла Мұхамедиярұлы, Абай
Құнанбайұлы, т.б. ақындардың орыс
әдебиетінен тағылым алуды саналы түрде ұстанғандығы;
бірте-бірте зар замандық өткенді аңсау сарындарының
Мағжан Жұмабайұлы тұсындағы оянуға
үндеумен ұштасу үдерісі ақыры Міржақып
Дулатұлының азаматтық ұстанымы айқын поэзиясындағы «ұлтты
ұйқыдан тұрғызу мәселесінің концептуалдық
дәрежеге көтерілуі» - «құрғақ қиялдан
білім мен білікке арқа сүйейтін қауырт қимыл – саяси
күрескерлікпен сабақтастыру» жайлары егжей-тегжейлі зерделенеді.
Зерттеуші
тарихи дамудағы тілдер тоғыстығының пайдасы мен зарары
туралы да ағартушылық тарихы ауқымында орынды ой
қозғаған.
ХХ
ғасыр басындағы тіл проблемасы туралы күн тәртібіне
шыққан құбылысқа дер кезінде қатысты
айтылған ой-пікірлер, құбылыстың қилы
кезеңдегі шешімін табу жолындағы әрекеттер, шешілмей
қалып келе жатқан кеселді зардаптары туралы кең
пайымдаулармен ұласып кететін ғалым ойларының ұлт жадын
қозғау бағытындағы, қала берді қазақ
жұртына әлі де қажеттілігі ортаймаған ағартушылық
мұраттар мәніндегі маңызы елеулі.
Исмаил
Гаспралының Ресей
мұсылмандарының жайын қамдап кешкен ғұмырында
қазақ халқының
тағдырына алаңдаушылық та мейлінше айқын, нақты
қойылымда қозғалып отырғанын әдебиеттанушы
ғалым Дихан Қамзабекұлы
кең тарқатып саралайды.
«Адамзаттың перзенті бола алған
қайраткердің «Орыс-Шығыс келісімі» еңбегінде қазаққа қатысты да
тілеуқор пайым бар. Ол табанды да
еңбекқор Ресей мұсылмандарын сипаттай келіп:
«Империяның ислам халықтары ішінде көшпелі
қазақтардан өзгесінің әл-ауқаты
түзеліп келеді. Сөз жоқ, қазақтың келешегі
адамгершілік негізде қалыптасады», – деп сенім білдіріпті.
И.Гаспринскийдің туысқан алаш жұртына жанашырлығын дәлелдейтін дерек
бір бұл емес. М.Дулатұлы «Оян, казағына» қосымша
ретінде Исмаилдың «Тәржіман» газетінде (1909 жыл №46) жарияланған
қазаққа қатысты бір мақаласын ұсынған екен. Мұнда
түрікке ортақ
қайраткер қазақ жерінің сорақы отарлануына
жанашырлығын білдіріп, тезірек
отырықшы болуға кеңес береді. «Құдайдың
әмірімен қазірде Қожа Ахмет Яссауи хазіретлері
қабірінен тіріліп шықса, – деп жазады ол, – қазақ
халқына дін үйретпес еді. «Өздерің де мұсылман
екенсіңдер» деп, дүлділіне мініп алып, Қара Еділден
Алатауға, Омбыдан Әмударияға дейін қазақ бір
жерді аралап: «Тез жұрт салып, шаһар болыңдар, егін
саймандарын алып, жер жыртыңдар» деп жар салар еді». И.Гаспринскийдің қазақ намазхандарына,
қарапайым азаматтарына айтқаны: «Қазақ ішінде имам
болушылар бес уақыт намазды оқытуға қандай жәһід қылса, бұл іске де
сондай жәһід қылсын. Егер қазақ халқы
таршылықтан қырғындық тапса, қабір
басындағы тастарға молланың не қажеті бар,
намаздың не қажеті бар», – деген ойлы сөз болса, алаш
оқығандарының есіне салғаны: «Еуропаның
прулетариясы үшін қанды жастар
төгуінің пайдалы,
бірақ өз халқыныз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың
қара халқы мазлұм (тепкі көрген), күнелтуі ауыр,
сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық
бір ұлы тайпа бола тұрып,
басқа халыққа
қарағанда жәрдемсіз азып-тозып кетер», –деген «дос болып, жылатып айтқан» сөз
(2, 98-б).
«Алаш
және әдебиет» зерттеуінде Дихан Қамзабекұлы Исмаил
Гаспралының «Тәржіман» газеті, жалпы ұстанымдары,
қазақ арасындағы жәдитшілік туралы тарқата айтып,
осы мәселенің зерттелуін өзіндік тың пайымдармен
толықтырды.
Ғалымның
қазақ әдебиетінің
даму тарихындағы Ағартушылық кезең туралы
тұтас тұғырнамалы, келешек зерттеулерге арқау болатын ой-тоқтам
жасауында проблеманы жан-жақты
зерделеп, игеріп, танып барып түйіндеу үрдісі жүйелі бағыт түзген.
ХХ
ғасырдың бас кезіндегі
қазақ поэзиясындағы түрікшілдік идеяның
көрінісі бағытындағы зерттеуімізде қазақ
әдебиетіндегі азатшылдық бағыт, азаматтық рух,
ағартушылық мұраттар тұрғысында мәселені
қилы кезеңде
қиюын тауып зерттеп, зерделеген белгілі ғалымдар еңбектерін методологиялық,
дерекнама, дәйектемелік тұрғыда кәдеге асыру барысында проблеманы кешенді пәндік
зерттеу ауқымында жүйелі,
зерттеген ғалым Дихан Қамзабекұлының тоқтам,
тұжырымдарын да ұдайы назарда ұстап отырдық.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Шәріп А. Қазақ поэзиясы және
ұлттық идея. – Алматы: «Білім», 2000. – 336 б.
2.
Қамзабекұлы Д. Алаш және
әдебиет. – Астана: «Фолиант», 2002. – 474 б.
3.
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы
әдебиет. – Алматы: «Білім», 1993.
– 204 б.
4.
Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы,
1989. – 409 б.
5.
Абай Құнанбайұлы.
Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы:
Жазушы, 1995. – Т.1. Өлеңдер мен аудармалар. – 296 б.
Резюме
В статье рассмотрены некоторые аспекты концептуальных
исследований ученого-филолога Амантая
Шарипова по вопросам историзма национальных идей, Просветительства.
Summary
This
article discusses some aspects
of conceptual studies philologists
Amantay Sharipov on
historicism nationalist ideas of Enlightenment.