Мәңгі өшпес поэзия сарыны

 Кульбаева М.М., А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік                университетінің аға оқытушысы , филология  магистрі

(Ғафу Қайырбековтің 85 жылдығына арналған)

Ғафу Қайырбеков – ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясындағы өнер тудырған аса көрнекті ақындардың  бірі. Ана тілінде алғаш рет ұйқасты сөз құрастырып,өлең жаза бастағанынан өмірінің соңғы  күндеріне дейіңгі жарты ғасыр ішінде ол өте өрнекті еңбек етіп, туған әдебиетіне мол да қымбат мұра қалдырды. Табиғатында ақын боп жаратылған дарынды жастың шығармашылық қабілеті ерте ашылды да, бірден-бірге жедел жетіліп, тез қалыптаса бастады. Жас ақын деген атаққа сонау мектеп қабырғасында-ақ ілінді.Ғ.Қайырбеков 1928 жылы 15тамызда Қостанай облысының Жангелдин ауданында, Торғай кентінде туған. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін оқуын үзіп, еңбекке араласты: аудандық мекемелердің бірінде кеңсе қызметін атқарды. Майданға кеткен ерінің   орынын басып, еңбекке араласқан әйел туралы  «Ана қуаты» атты өлеңі  аудандық газетте жарық көріп, тұңғыш рет баспасөз бетінде жарияланды.Өң бойына біткен табиғи ақындық дарынды суарып,  шыңдай түсті,шынайы көркемдік қасиеттерді қапысыз аңғаратын таза талғам қалыптастырды. Оқуын бітіргеннен кейін Қазақстан Жазушылар одағының қарамағына жіберіледі. Ұзақ жылдар бойы «Жазушы» баспасында поэзия редакциясын басқарады; «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында бас редактордың орынбасары болып істейді. Сөйтіп, еліміздегі әдеби өмірдің қайнаған қалың ортасында болды. 1954 жылы оның «Құрдас » атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Көлемі қалтаға салып жүретін қойын дәптердей ғана шағын кітапшаның негізгі  мазмұны әдеттегідей жас талапты қай-қайсысына  да тән болып келетін алғашқы махаббат сезімі мен өмірге өзімсіне қараған жасқа исігіп, аналық  мейірін тосатын табиғат тақырыбы еді. Солардың ішінде ақынның өзіндік үнін айқын естіртетін тың леппен қатар бағзы бір өзгелер машығында қалыптасып қалған есік сүрлеулерге еліктеу элементтері де жоқ емес еді. «Кешір маған жас сұлу», «Есімде сол күн, сол дала», «Жалғыз сөз» сияқты өлең жолдары осының айғағы болатын.Жыр жинақтарының керуен көшіндей ұзақ-шұбақ тізімі мынадай болып келеді:«Қосбасар» (1956), «Дала қоңырауы» (1957, поэма), «Таулар соөйлейді» (1960), «Арал әуендері» (1961), «Алғашқы асу» (1964, бірінші таңдамалысы), «Жер астындағы жұлдыздар» (1965), «Большевик ауыл» (1967), «Алтын бесік» (1969), «Көсемнің нұрлы атымен» (1970), «Сарыарқа саздары» (1972, екінші таңдамалысы), «Қанатты жылдар» (1976), «Асу алда» (1977), «Жұлдызды тағдырлар» (1980), «Маңғыстау мұнаралары» (1983), «Туған топырақ» (1985), «Күн теңескен» (1986), «Ана туралы жыр» (1987), «Шұбалаң» (1988). Бұл аталғандар-  ақынның үлкен поэзиясындағы тың туындылары. Олардың сыртында Ғ.Қайырбековтың поэзияда балалар әдебиетіне қосқан үлесі өз алдына. Атап айтқанда, «Балықшы Иван» (1951); «Балқурай» (1962); «Күн баласы» (1963); «Ақ көйлекті шал» (1968); «Алғашқы қоңырау» (1982).

1978 жылы ақынның елу жасқа толуына орайластыра, алғашқы ширек ғасыр ішіндегі өлең майданындағы еңбегінің есебі ретінде «Беласар» деген атпен екі томдық көлемді таңдамалы шығармалар жинағы, одан кейінгі он жылдық еңбегінен 1988 жылы тағы сондай қостомдық таңдамалысы жарық көрді.

Тәуелсіздік жырлары ақынның жаңадан шабыт шақырып, өзгеше бір ырғақпен тебіренген тұсында туған шығармалары өзі өмірден өткеннен кейін бастары қосылып, 2003 жылы «Көнсадақ» деген атпен жеке жинақ түрінде баспадан шықты. Негізгі шығармашылық бағыты поэзия бола тұрып, ақын прозаға да, әдеби сынға да қалам тартып көрген. Оның «Ақ желкен» (1976), «Жел қайық» (1980) атты проза кітаптары, «Бір кеменің үстінде» (1981) атты сын кітабы бар.Ғафу жырларын тақырып, мазмұн жағынан қарастырып, сапалық қасиеттеріне үңілгенде де, алдымен көзге шалынатыны көркемдік ізденістер аясының кеңейе түскендігі аңғарылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ж.

2.    А.Нұрқатов  Ғ.Мүсіреповтің творчестволық жолы.-Алматы., 1962 ж.

3.    М.Бақбергенов  Сөз зергері.-Алматы., 1967 ж.

4.    Ғ. Мүсірепов Таңдамалы үш томдық шығармалар жинағы. 1 том. Алматы «Жазушы» 1980 ж.

5.    Т. Ақшолақов Шығарманың көркем айшықтарын таныту. Алматы., 1994 ж.