БАЙСЕНГИРОВА  МЕРУЕРТ

ҚазҰПУ-дың 1 курс магистранты

 

БАҚ-тәрбие құралы

 

         Адамзат баласының қай кезде де болмасын алдына қойған мұрат-міндеттерінің ең бастысы – ата-баба дәстүрін жалғастыратын саналы ұрпақ тәрбиелеу. Еліміздің ежелден дәріптеп, қастерлеп келген ұлттық өнері мен мәдениетінің тегін тектеу, болмысын тану, оның асылын тарихтың рухани көшіне ілестіріп отыру арқылы бүгінгі және болашақ ұрпақ қамын жасау, өскелең өмір талабы болып табылады. Дәл қазіргі уақытта ұрпақты тәрбелеудегі белгілі бір  үлес бұқаралық ақпарат құралдарында екені анық.

 «Рухани мәдениеттілікті игерте отырып, бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру – барлық ұлттық бұқаралық ақпарат құралдарының ұстанған мақсаты. Сара сөзді салмақты бағалайтын халқымыз тілді тәрбиенің пәрменді құралы, ақыл-ойдың қоймасы деп таниды. Қазақтың айтыс өнерінде, терме-толғауларында, бесік жырларында, аңыз-әңгімелерінде, мақал-мәтел, нақыл сөздерінде ел тағдыры, ұрпақ қамы, ар-ождан мәселелері ақыл-өсиет ретінде айтылады. Қазақ теледидары және радио бағдарламаларында осынау асыл маржанды тарату арқылы көпшілік қауымға тәлім-тәрбие беру мәселесі басты мақсат болуы қажет»-деп К.Қабылғазина пікір білдіреді. [1, 26 б.].

Бұқаралық ақпарат құралдарының өзі баспасөз және электронды құралдар болып бөлінеді. Баспасөз құралдарына газет, журнал, жарнама құралдары жатса, ал электронды құралдардың тізіміне мыналар кіреді: радио, телеарна, интернет желісі, бейне және аудио жазбалар. Халық ақпарат алу үшін аталғандардың бәріне де жүгінеді деп айтуға болады. Алайда да, халыққа көлемінде,  мазмұнында  шек жоқ  ақпарат құралдарының барлық ақпаратының тәрбиелік маңызы зор деп айтуға да болмайды.

Осы мәселе жөнінде еңбектерінде  құнды пікірлер білдірген Б.М.Жапарова мен К.Нұрбекова былай жазады:  «Өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдарының күшімен, мүмкіндігімен қоғамға ұсынылып жатқан көлемі шексіз ақпараттардың бәрі бірдей адам баласын ізгілікке, адамгершілікке, рухани тазалыққа жетелейді деп кесіп айту еш мүмкін емес. Өйткені жаңа замандағы мерзімді баспасөздерде де, телеарналардағы түрлі бағдарламалар да, хабарлар мен кинолар да, Интернет желісінде де адамның сана-сезіміне, мінез-құлқына кері ықпал етерлік оғаш әрі жағымсыз жаңалықтар, көріністер, насихаттар, бағыт «бұқаралық ақпарат құралдарының жас ұрпақ тәрбиесіне оң ықпалы бар» деген сыңаржақ ой-пікірден, ескілікті ұстанымнан арылуға тиіспіз»-дей келе, қазіргі ақпарат құралдарының тәрбие мәселесіне кері ықпалын тигізетіндігін атап өтеді:

         Сөз жоқ, бүгінде отбасылардың көпшілігінде жас баланың ақпарат құралдарынан нені көріп, нені оқып жатқанына онша-мұнша мән-маңыз берілмейді.  Дұрыс көңіл аудармаудың салдарынан буыны қатып, бұғанасы бекімеген, ақыл-ойы, сана-сезімі толыспаған, ақ-қараны, жақсы-жаманды әлі де болсын өздігінше айыра алмайтын жас бала көкірегіне жағымсыздықтарды да сіңіре беретіні де мәлім.

Жалпы, адамзат баласының бәріне ортақ қауіп-қатер, жау болып табылатын жағымсыздықтар жеткілікті. Олар -  нашақорлық, қатігездік, қылмыскерлік, зорлық-зомбылық, жүгенсіздік пен жабайылық т.б. Өкінішке орай, бұқаралық ақпарат құралдарының кейбірі осы тектес адамзатқа ортақ қауіп-қатерді, жүгенсіздікті ашып көрсетемін деп, жас жеткіншектерге кері тәрбие сіңіріп жатқанын  аңдамайды немесе аңдағысы келмейді.

         Ненің жақсы, ненің жаман екенін ескермей, ара-жігін айырмай, «БАҚ – таптырмас тәрбие құралы» деген тар шеңбердегі ұғымдарға иек артты. Қаншалықты «тәрбие құралы» десек те, бұқаралық ақпарат құралдарының жеткіншектер сана-сезіміне кері әсер етерлік факторларын саусақпен санап  шығу мүмкін емес [2, 56 б.].

Қазіргі кезде түрлі телеарналардан үзілмей  көрсетілетін түрік, корей телехикаяларының тәрбиелік мәні бар деп айта алмаймыз. Мән-мағынасы, тәрбиесі жоқ сол телехикаяларды ата-анасы, бала-шағасымен қосылып тамашалайды. Жеткіншектің тәрбиесіне кері әсер беретінін ата-аналардың өзі де білмейтіні өкінішті-ақ!

Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық сананы қалыптастыруда, жас ұрпақ тәрбиесінде жетекші орын алып отырған ескере отырып, мынандай ұсыныстарды ұсынар едім:

1.     Барлық ақпарат құралдарынан  берілетін  ақпарат халыққа ұсынылмай тұрып, арнайы тексеруден өтіп отырғаны дұрыс. Ақпараттың тәрбиелік мәні анықталуы қажет.

2.     Тіліміз бен дініміз әлі де болса ақсаңдап тұрғанын ескере отырып, тіліміз бен дінімізді насихаттайтын ана тіліміздегі бағдарламалар мен фильмдер халыққа көптеп берілсе нұр үстіне нұр болары анық.

3.     Телеарналардан үзбей берілетін шетінен қатыгез, жауыз кейіпкерлері бейнеленген мультфильмдердің санын қысқартып, қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттайтын отандық туындыларды жиі көрсеткені абзал деп ойлаймын.

4.     Жоғары атап өткендей, ешқандай ұрпақ тәрбиесіне қосатын үлесі жоқ корей, түрік сериалдарын телеарналарға, интернетке шығаруға  тыйым салатын заң болғаны дұрыс.

Қазіргі күні елімізде тіркелген бұқаралық ақпарат құралдары санын атау қиын. Олардың ұстанымдары да, мақсаттары да әрқилы.  Адамды қасақана теріс,  жағымсыз жолға, көзқарасқа, ұстанымға жетелейтін ақпарат құралдары да аз емес..

         Сөз жоқ, бұқаралық ақпарат құралдарының жас ұрпақ тәрбиесіне ықпал етерлік мүмкіндігі аса зор. Бұл туралы айтылып та, жазылып та келеді. Бүгінде қайсыбір білім ордасы, жекелеген педагог-мамандар болмасын оқыту және тәрбие беру процесінде бұқаралық ақпарат құралдарының көмегінен айналып өте алмайды. Әрине, ақпарат құралдарындағы жас ұрпақ тәрбиесіне қажетті бағыттар пайдаланылады. Мұның өзі жеткіншектердің тұлғалық қалыптасуына, шығармашылық жетілуіне, таным көкжиегін кеңейтуіне айқын жол ашып келеді. Алайда  біз бұқаралық ақпарат құралдарының жас ұрпақ – жеткіншектер тәрбиесіне кері ықпал ететін жақтарын да қаперден шығармауға тиіспіз.

Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыздың бай рухани қазынасын жастарды тәрбиелеуге жүйелі түрде пайдалану ұлттық  БАҚ-тың еншісінде болуы міндетті.

 

 

Әдебиеттер тізімі:

 

1.    Қабылғазина К. «БАҚ-тың тәрбиелік функциясын арттыру мәселелері» // ҚазҰУ хабаршысы. Журналистика сериясы, 2010 ж.

2.    Б.м.Жапарова, К.Нұрбекова. «Бұқаралық ақпарат құралдарының бала тәрбиесіндегі алатын орны» // ҚарМУ  хабаршысы. Педагогика сериясы, 2008 ж.