П.ғ.к., доцент Салимбаева Ш.О.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ЖЕТКІНШЕК ЖАС КЕЗЕҢІНДЕГІЛЕРГЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ МЕН ПСИХОКОРРЕКЦИЯ ЖҮРГІЗУДІҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

 

Психологиялық кеңес беру мен психокоррекция жүргізу қажеттілігі барлық жас кезеңдерінде орын алады. Дегенмен жеткіншек жас кезеңінде мінез ерекшеліктері қалыптасып, оның өмірлік максатқа байланысты бола бастайтыны, өмірге деген көзқарасы және бағыттылығымен байланысты екендігі анықталған. Сондықтан психологиялық қызметтің осы бағыттағы жұмыстарының басым көпшілігі жеткіншек жас кезеңіндегілерге көмек көрсетумен байланысты ұйымдастырылады.

Жеткіншектің ересектік белгілерді қабылдауда соларға теңелсем дейтін үлгілердің алуан түрлі болуына байланысты. Қалыптасатын өмірлік құндылықтардың мазмұны, жеткіншектің жеке басының қалыптасуының жалпы бағыты көбінесе белгілі бір үлгілерге бағдарлануға байланысты болады. Осы үлгіге негіз болатын ересектердің сыртқы келбетінің өзіне тән белгілері мен мінез-құлық мәнерлері, кейбір өздеріне тән ерекшеліктері болғандықтан балалармен салыстырғандағы артықшылық жағдайлары неғұрлым айқын көрінетін ересектіктің сыртқы белгілері жеткіншектер үшін тартымды болып көрінеді. Олар – темекі тарту, карта ойнау, шарап ішу, сөйлеу мәнері, киім мен шаш қоюдағы ересектерге тән мода сәндік, опа-далап, әсемдік заттар, қылымсу тәсілдері, дем алу, көңіл көтеру, ілтипат білдіру т.б. тәсілдерін басшылыққа алады. Сигарет ұстаған бала өзіне-өзі ересек болып көрінеді, төңірегіндегілерге де солай болып көрінемін деп ойлайды. Жеткіншек үшін ересек еркектің немесе әйелдің мұндай белгілерін қабылдау оның өзінің ересектігін көрсетудің өзінде сондай сенімді орнықтырудың амалы. Барлық ересектерге тән қасиеттерді балалармен еліктеу арқылы қабылданады. Мұның өзі ересектікке жетудің ең оңай тәсілі болып табылады, ал жеткіншек үшін оның өзінің ересектігін айналасындағыларға байқатқызатын маңызды әдісі. Сондықтан оның мұндай формасы өте кең тараған ерекше тұрақты болады және жеткіншектерде көбінесе бірінші кезекте орын алады да, оның жағымсыз екенін балаларға ұғындыру қиынға соғады.

Жеткіншектерде жоғары сыныптағылар немесе басқа балалар нақты үлгілер болатыны жиі кездеседі. Әдетте жеткіншектерді ересектер өмірінің азды-көпті тыйым салынған жақтарына баулитындар, оларға өздерінше «мұғалім», «үйретуші» болатындар нақ солар болады. Юристердің айтуы бойынша, жеткіншектердің қарым-қатынастарының негізі бос уақытты өткізу мәдениетінің төмендігі деген пікір, «көңілді, жеңіл» өмір стиліне еліктеу өте қауіпті болып шығады. Бұл орайда оқу жеткіншектің өмірінде әдетте маңызды орын алмайды, танымдық ынта жоғалады, сөйтіп өзіне сәйкес өмірлік құндылықтарымен қоса уақытты көңілді өткізу деген өзіне тән ерекше ниет бекиді. Уақытты бұлай өткізуге ақшаның қажет болуы право тәртібін бұзушылықтардың себебіне айналуы мүмкін. Қазіргі бар мәліметтерге қарағанда, жасы жетпей право тәртібін бұзушылардың көбінің бос уақытын өткізу мәдениеті төмен болады. Ересектіктің дамуындағы мұндай бағыт - өте-мөте жағымсыз бағыт.

Алайда ненің де болса өз бастауы бар, жағымсыз жайлардың да алғашқы түйіншектері жеткіншектік жақтың басында пайда болуы мүмкін. Ең кіші жеткіншектердің класын сырт пішінінің ересектігі айқын аңғарылатын балалардыц дүрліктіріп жүретіні жиі болады. Олардың ішінде есейіп кеткендер де көп болады. Мұндай балаларды кластастары қалғандарымен салыстырғанда ересектер деп түсінеді, нақ осы себептен де оларға барынша ықыластанады. Біреулері оларды жазғырса, енді біреулері оларға теңесуге әрекеттенеді, олармен әбден жақындасуға тырысады. Мұның өзі тәрбиешілер үшін тікелей дабыл болуы керек: ересектіктің мұндай жағымсыз көріністерін дереу әйгілеп, жеткіншектерде ересектіктің құндылық мазмұны туралы, шынайы сыйластық пен беделдің негіздері туралы дұрыс ұғым қалыптастыру қажет.

Балалардың арасында күштілігімен, батылдығымен, ептілігімен, спорттық іскерліктерімен көзге түсетін құрдасы да жеткіншекке үлгі болуы мүмкін. Мұндай балалар өте-мөте белгілі болады, ал мұның үстіне олар жақсы жолдас болса, олардың беделі өте жоғары болуы мүмкін. Қорқақтықтың көріністері үзілді-кесілді айыпталады. Өзінің батылдығын көрсету үшін жеткіншек шектен асқан істерге, ал кейде қоғамдық жағымсыз істерге де тәуекелге баруы мүмкін. Дене күші жоғары бағаланады. Кейде сыныпта немесе бір топ баланың ішінде барлық балалар кімнің күші кімнен асып түсетінін біледі, соны көрсету үшін сайыстарға да түседі. Жеткіншектер өздерінің дене күшінің өсуіне өте сергек қарайды. Олар күресіп, күш сынасқанды жақсы көреді. Күрестің алуан түрлері жұрттың алдында өтеді. Кейбір балалардың төбелесқойлығы көбіне біреуден өзінің күші басым екенін дәлелдеуге тырысумен байланысты. Жолдастары сыйлайтын болуы үшін жеткіншек өзі айтатын ерлік қасиеттерінің әр түрлі көріністеріне өзінің қатынасу шамасын едәуір асыра көрсетуі мүмкін.

Бұл тұрғыдан жоғары баға, алу жеткіншек үшін өте маңызды. Ол былай тұрсын, жолдастары өзін «әлсіз», «жасқаншақ», «қыз құрлы жоқ» деп ойламасын деп жеткіншек өзі дұрыс емес, әділетсіздік, қаталдық деп санайтын қылық жасауы немесе сондай коллективтік істерге қатынасуы мүмкін. Ол өзін де, жолдастарын да іштей айыптауы мүмкін, бірақ ашық наразылық айтуға көбіне батылы бармайды. Өздерінің қылмысты мақсаттарын жүзеге асыру үшін құқық тәртібін бұзушылар (жасы жетпегендері де, ересектері де) жеткіншек ер балалардың нақ осы «ер болып көрінсем» деген ниетін пайдаланады.

Жеткіншектік шақта ер балалардың көпшілігінде ерлік қасиеттері ересек адамды, жолдасын, өзін бағалаудың мәнді критерийі болады, жеке басының құнды қасиеттерінің өзіне тән ерекше категориясына айналады; осылар арқылы әдетте спортпен байланысты ынта мен ұнамды іс-әрекеттердің тұрақты тобы анықталады. Әр алуан жеткіншектерде басқалардың арасындағы бұл құндылықтардың алатын орны әр түрлі әрі көбіне өте маңызды болуы мүмкін. Алайда жеткіншектің (немесе жеткіншектер тобының) адамгершілік тәрбиесі жеткіліксіз болса, әлеуметтік-моральдық бағыттылығына қарамай күшке, ерік-жігерге, батылдыққа табыну келіп шығуы мүмкін. Жеткіншек ер балаларды тәрбиелеудің аса маңызды міндеті - оларда ерлік қасиеттер, бұл қасиеттердің адамгершілік мазмұны туралы дұрыс түсінік қалыптастыру.

Көптеген жеткіншек қыз балалардың атам заманнан ерлер қасиеттері деп саналатын жігерлілік, батылдық, қажырлылық, ұстамдылық т.б. қасиеттерге жеткісі келетінін атап айту керек. Ер балалар сияқты олар да өздерінде осындай қасиеттерді тәрбиелейді. Әйелге тән қасиеттер қазіргі жеткіншек қыздар мен бойжеткендер үшін әрқашан тартымды деуге болмайды. Мұның өзі әйелдің қоғам өмірі мен семьядағы жағдайының өзгеруіне байланысты. Қоғамдық мұратты бейнелердегі өзгеріс осыдан келіп шығады, ал бұлар өз кезегінде қыз балаларда ұнамды қасиеттер туралы түсініктің қалыптасуына ықпал жасайды. Қыз баланың мұрат тұтқан бейнесінің мазмұны оның алған тәрбиесі мен ортасының нақты ерекшеліктеріне де едәуір байланысты болады.

Ересектермен қатар және теңдей еңбекке қатынасу, оларға үлкендер тарапынан көп сенім білдірілген жағдайда жеткіншекте жауапкершілік, дербестік, оңтайлылық сезімін, әр түрлі істер мен міндеттерді орындауда, басқалар туралы ойлап, қамқорлық жасау, сезімталдық пен ілтипаттылық қасиеттерін қалыптастырады. Бұл қасиеттердің қалыптасуына қолайлы жағдайлар жеткіншектерді ересек адамның көмекшісі әрі тірегі позициясында болғанда жасалады. Жақын адамдардың игілігі, олардың қамын ойлау жеткіншек үшін ерекше маңызды болып, өмірлік қазына сипатын алады. Мұның өзі адамгершілік сенімдердің, жеке мінез-құлықтың, болашаққа жоспар құрудың ерте бастан қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды.

Болашаққа арналған жоспарлар туралы ойлағанда жақындарының қамын ойлау көп орын алады. Көптеген жеткіншек ер балалардың ересектердің әр түрлі іскерліктерін - ағаш және темір ұсталығын меңгеруге, станокта жұмыс істеуге, автомашина, мотоцикл, трактор жүргізуге, фотосурет түсіруге, мылтық атып, аң аулауға, компаспен бағдарлануға т.б. іс-әрекеттерді үлкендердей орындауға ұмтылатынын атап айту керек. Қыз балалар да олардан қалыспай, тек әйелдер іскерліктерін ғана меңгерумен шектелмейді.

Жеткіншектік шақтың басы осындай іскерліктерді үйретуге ең қолайлы уақыт. Бұл үшін жеткіншекті қолғанат ретінде ересектердің тиісті кәсіптерінде пайдаланылуы қажет. Жеткіншектердің өздері де осыған ұмтылады және сабақ пен үйретудің мазмұны неғұрлым байыпты болса, жеткіншектер жұмысқа соғұрлым ынталана кіріседі. Ересектердің өзіне сенім көрсеткенін жеткіншек ұнатады, оны ақтауға тырысады. Пәндер мен еңбек сабақтарындағы жұмыс балалар үшін жаңалық неғұрлым көп болса, ілгерілеушілік болса, олар өз еңбегінің нәтижесін, оның қоғамға пайдалылығын айқын көрсе, солғұрлым ол жұмыс жеткіншектерге тартымды болады.

Балалар үшін ересектердің өздері маңызды әрі қызықты деп санайтын істер мен іс-әрекеттерге қатынасу неғұрлым тартымды. Кішкентай жеткіншектер ересектің көмекшісі роліне әбден риза, ал неғұрлым естияр болған сайын ол уақытша болса да, жұмыстың қай учаскесінде болса да ересектің орнын толық ауыстырып, әйтеуір мүлдем дербес іс-әрекет жасауға ерекше қуанышты болады. Бұл жеткіншекті жаңа жетістіктерге ұмтылдырады. Ересектермен іскерлік ынтымақ ересектіктің көрінуінің игілікті формасы үшін жағдай жасайды. Мұндай ынтымақ әрбір жеткіншектің өмірінің маңызды әрі ұнамды мазмұны бола алады және болуға тиіс те. Жеткіншек өзіне ересектердің сенім білдіргенін сезініп, өз еңбегінің пайдалылығын көрсе, іскерлік көрсетіп, ынтымақ болады. Тәрбиешілер жеткіншектің үлкендерге көмекшісі позициясын белсене қалыптастырып, оны барынша қолдап, нығайтып отыруы керек. Мұндай позицияның болуы жеткіншекте шын мәніндегі әлеуметтік-моральдық ересектіктің және жеке адамның көптеген құнды адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы үшін өте маңызды.

Жеткіншек жас кезеңінде балалар санасында үлкендік сезімнің нығайуымен байланысты жаңа праволарға ие болмақшылық тілегі ересектермен қарым-қатынастың барлық салаларын қамтиды. Жеткіншектер бұрын ынталана орындап жүрген талаптар қойылғанда оған қарсық мінез көрсете бастайды: өзінің дербестігін тежегенге және жалпы алғанда «кішкентай бала секілді» қамқорлық жасап, бағып-қаққанға, жүріп-тұрғанын бақылағанға, баладан үлкендердің тілін алуды және ешқандай сынамай орындауды талап етіп, орындалмаған нәрселерге жазалағанға, кіммен жолдас-жора болуын таңдауына, оның барлық мүдделерімен, көзқарасымен, пікірімен санаспағанға, ретсіз кеңес бергенге т.с.с. қамқорлықтар түріне ол ренжіп, қарсылық көрсетеді. Жеткіншекте өзінің қадір-қасиетін анық сезіну арқасында ол өзін кемсітуге, дербестікке деген правосынан айыруға болмайтын адаммын деп ұғынады. Ересектермен қарым-қатынастың балалық кезде болған типтері (баланың ересектермен қатынасындағы тең правосыздық жағдайын бейнелейтін) жеткіншек үшін енді қолайсыз, оның өзінің ересектік дәрежесі туралы түсінігіне сәйкес келмейтін болады. Осы жағдай ересектердің жеткіншекке қатынасты праволарын шектейді де, өз праволарын ұлғайтады, өзінің жеке басы мен адамдық қадір-қасиетін құрметтейді, сенім білдіріп, дербестік берілуін, яғни ересектермен айқын тең праволылықты талап етіп, оларға мұны мойындаттыруға тырысады.

Жеткіншектің қарсылығы мен бағынбауының әр түрлі формалары кездеседі - көбінесе олар ересектермен қарым-қатынастардың бұрынғы типін жаңа деңгейде, ересектердің қарым-қатынастарына тән типіне өзгерту амалдарын пайдаланады. Жеткіншектің ересек сезімі өзінің төңірегіндегілердің оны үлкен деп мойындауын қажетсінуінің пайда болуына байланысты ересек пен жеткіншектің бір-бірімен қарым-қатынастарындағы праволарының мүлдем жаңа проблемасын туғызады. Жеткіншектік кезеңнің маңыздылығы мен ерекше орын айқындайтын жай сол, нақ осы уақытта ересек адам мен баланың қарым-қатынасының балалық шаққа тән типінен ересек адамдардың қарым-қатынасына тән, саналық тұрғыдан жаңа типіне өту жүзеге асады. Бұл өту жеткіншек пен ересектің әлеуметтік өзара іс-әрекетінің жаңа тәсілдерін қалыптасу процесі ретінде болады. Ескі тәсілдерді жаңалары біртіндеп ығыстырады, бірақ олар қатарласып та жүреді. Мұның өзі ересектерге де, жеткіншекке де көп қиындық келтіреді. Ересектермен қарым-қатынастың жаңа нормалары — жеткіншектің қалыптасып келе жатқан этикалық дүниетанымының маңызды мазмұны болып орын алады.

Егер ересектің өзі инициатива білдірсе, немесе жеткіншектің талаптарын ескеріп, оған деген қарым-қатынасын қайта құрса, қарым-қатынастардың жаңа типіне өтудің сәтті формасы орын алуы мүмкін. Мұның шарты – ересек адамның жеткіншекке әлі бала деп қарамауы болмақ. Алайда бірқатар мәнді жағдайлар бұрынғы қарым-қатынастардың сақталуына қолайлы болады, атап айтқанда, бұл жағдайлар мыналар:

1) жеткіншектің жасы өсіп, жыныстық жетілуіне қарамастан оның қоғамдағы жағдайының өзгермеуі, ол мектеп оқушысы, әлі де сол қалпында қала бермек;

2) жеткіншектің материалдық жағынан ата-анасына немесе олардың орнындағыларға толық тәуелділігі, ата-анасының мұғалімдермен қатар қатал тәрбиешілер ролін атқаруы;

3) үлкендердің баланы багыттап және тексеріп отыру, бақылау әдетінен шықпағандығы (қажеттігін ұғынған күнде де, бұл дағдыны бұзу қиын);

4) жеткіншектің бет-әлпеті мен мінез-құлқында балалық белгілердің сақталып, оның өздігінен іс-әрекет жасай алмайтындығы.

Осының бәрі жеткіншектердің неше түрлі мінез көрсетуіне, тіл алуына кедергі жасайды. Өйткені жеткіншектер өздерінің праволары мен дербестігін ұлғайту қажеттігін іске асыру жолдарын іздеп, оны өздерінше ақтайды. Алайда ересек адамның мұндай көзқарасы жеткіншектің талаптарына қарсы келіп қана қоймайды, балалықтан ересектікке өтетін осы шақта балаларды тәрбиелеу міндетіне де қарсы келеді. Жеткіншектің әлеуметтік есеюін дамыту, болашақ дербес өмірге даярлау – қоғамдық тұрғыдан өте қажетті проблема. Мұның өзі күрделі процесс, ол уақытты талап етеді және жеткіншек ересектерге арналған нормалар мен талаптар жүйесінде өмір сүре бастаса ғана оны жүзеге асыру мүмкін болады. Тек осындай жағдайда ғана жеткіншек ересектерше іс-әрекет етуге, ойлауға, алуан түрлі міндеттерді орындауға, адамдармен қарым-қатынас жасауға үйрене алады. Нақ осы себептен де жеткіншекті тәрбиелеу міндеті ересектермен қарым-қатынастардың бұрынғы типін жаңамен ауыстыруды талап етеді.

Бұл талаптар орындалмауымен байланысты жеткіншектерде мінез акцентуациясының көптеген түрлері орын алады. Мінездің акцентуациясы дегеніміз мінездің жеке көріністерінің күшейтіп, норманың шегіне шығу нәтижесі. Адамға мінездеме бергенде оның не істегенін ғана айтып қоймай жұмысының сапасын, басқа адамдармен қарым-қатынасын ерекше көрсетеді. (қалай орындағаны үлкен роль атқарады). Біреулер жалқау, ұяң, бірақ сиысымды, көпшілікті сыйлайды, ізеттілік көрсетеді. Ал біреулер іскер, қатал, тілектестік білдіреді, бірақ жұмысты сапалы орындауды талап етеді. Үшіншілер аз нәрсені шала істеп оны жұртқа түгел мәліметтеп шығады, басқалардың табысын көре алмайды, ашушаң, ызақор, сыйымсыз болады.

Қорыта айтсақ жеткіншек кезеңінің осы ерекшеліктеріне байланысты психологиялық кеңес беру және психокоррекция ұйымдастырылады. Олар келесі мақсаттарын толық орындаудың маңызы өте үлкен: I-кезеңде психолог зерттелінушілердің проблемасын толық диагностикалауы және коррекциялық топтарды құруы; II-кезеңде әр клиентке жаңа тәжірибені үйретіп, оның дербестігін, шығармашылық қасиеттерін көрсетуге мүмкіндік береді; III-кезеңде клиенттің коррекция барысында меңгерген жаңа тәжірибесін өз бетімен көрсетуге, өз күшіне сенуін, өзін-өзі сыйлауын пысықтауға жәрдем береді.

Әдебиеттер :

 

1.     Абеуова И.А., Дусманбетов Г.А., Махаманова М.Н., Шерьязданова Х.Т. Психологическая служба в вузе. Алматы, 2004.

2.     Абрамова Г.С. Практическая психология. М., 2001.

3.     Алдамұратов Ә. Жалпы психология. Алматы, 1996.

4.     Анциферова Л.Н. Психология формирования и развития личности. М., 1981.

5.     Анастази А. Психологическое тестирование. В 2 т. М., 1982.