Жақсыбаева С.Д., Жиентай А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

"БИЛІКӨЛ" БАССЕЙІНІНДЕГІ БАЛЫҚТЫ ҚОЛДАН ӨСІРУ ЖӘНЕ ЖЕРСІНДІРУ ШАРАЛАРЫ

 

Қазіргі таңда "Билікөл" бассейінінің балық шаруашылығындағы маңызын сақтап, өркендету үшін қолдан өсіру және оны жерсіндіру жұмыстарын батылырақ жүзеге асыру керек.

"Билікөл" бассейіндегі балықтардың саны соңғы кезде азаюда. Бұдан бірнеше жылдар бұрын бассейіндегі балықтардың саны анағұрлым көп болған. Оған себеп балық аулаушылардың аулау мөлшеріне жетпеген, әрі тұқым бермеген жас балықты ұстау болып табылады. Сонымен қатар ұрық шашу кезінде балықтарды ешқандай ережелерге қарамай шамадан тыс аулануы. Мысалы, 15%-дан астамы ауланып алынған, оның басым көпшілігі уылдырық шашып үлгермеген, әлі өсіп жетіспеген балық екенін ескерсек, балық қорына қаншама зиян келгенін көзге елестету қиын емес. Осындай факторлардың  жылдан  жылға  орын  алып  келуі, бағалы  балық  қорының азаюына әкеліп соқтырды. Соңғы жылдары "Билікөл" бассейінің балықтарды дұрыс ауламағандықтан 2 есе кеміді. Балық қорын молайтуға жұмсалатын тиімділігін көтеру максатында мына шараларды жүзеге асырған орынды болар еді: 1. Қаржыны нақтылы пайда беретін обьектілерге бөлу. 2. Бөлінген қаржының аталған мақсатта тиімді пайдаланылуын қадағалап отыру. 3. Жыл сайындағы бөлінген қаржының тиімділігін тексеру нәтижесінде балық қорын молайтуға қаржы жұмсаудың салыстырмалы артықшылығын анықтау.

Балық қорын молайтуға бағыттап жүргізген шараларды төмендегідей 3 топқа бөлуге болады:

1.                     Сулардың балық байлығын пайдалануды шектеу.

2.                     Балық байлығын қорғаудың экстенсивтік әдістерін пайдалану.

3.                     Балық байлығын қорғаудың интенсивтік әдістерін пайдалану.

Балықты қолдан өсіргенде мына факторларды ескеру керек: Әрбір шашылған    уылдырықтың    балық    болып    өсуі    нақтылы    жағдайларға байланысты. Мысалы, күзгі шашылған уылдырықтың 200-дің біреуі, ал жазғытұрымғы шашылған уылдырықтың 1000-ның біреуі ірі балық күйіне дейін өсе алады. Балықтардың ұрық шашу өнімділігі өте жоғары болып көрінгенмен оның аулау мөлшеріне дейін жететіндері кемде-кем. Мысалы, жоғарыда аталғандай сазан, жылына 93 мыңнан 1 млн 810 мыңға дейін уылдырық шашады, табан 50-ден 250 мыңға дейін, көксерке - 200 мыңнан 1 млн-ға дейін, карас - 300 мыңға дейін, ал амур - 500 мыңға дейін т.б.

Орташа есеппен алғанда балықтардың ұрық шашу өнімділігі 100 мың шамасындай. Егер осы уылдырықтың басым көпшілігі балыққа айналатыны болса, онда суға сыймай кетер еді. Бірақ жоғарыда келтірілген уылдырықтың көбі балыққа айналмас бұрын өзінен-өзі өліп қалады немесе басқа балықтарға жем болады. Ал уылдырық шабақ балыққа айналғаннан кейін де олардың жауы көптеп кездеседі, әсіресе жыртқыш балық оларды жаппай қырады. Осылардың салдарынан шашылған уылдырықтың жалпы санынан есептегенде олардың бір проценті, ал өте қолайлы жағдайда 3%-ті ғана өнеркәсіптік аулау мөлшеріне дейін өсіп жетіледі.

1.- кесте. Билікөл көліндегі шабақ саны, (дана/м2)

Балық түрі

Қаракөз

Мөңке

Сазан

Табан

Көксерке

Медака

Бұзаубас

2010 ж.

4,8

3,9

0,7

0,4

0,9

0,6

4,6

2011ж.

5,3

4,1

0,4

0,2

1,5

0,9

4,4

2012 ж.

1,0

0,36

>0,1

>0,1

>0,1

0,35

0,22

 

Балық өсірушілердің есептеуінше, табиғи жағдайда шашылған 1000 уылдырықтан тек қана 1-2 балық аулау мөлшеріне дейін өсіп шығады.

Балық жерсіндіру жұмысы таза өттегін және жылдам жүретін транспорт құралдарын пайдалану арқасында мүмкін болады. Балық жерсіндіру жұмыстары 20 мың км қашықтыққа дейін жүргізіледі. Бұл мақсатта сағатына 800 км жылдамдықпен ұшатын самолеттер пайдаланады. Олар жоғарыда көрсетілген қашықтыққа бір тәулікте жетеді. Бұл фактордың территориясы үлкен Қазақстан үшін зор маңызы бар. Бұдан біз техникалық және технологиялық жағынан балық жерсіндіру жұмысының зор мүмкіндіктері бар екенін көреміз, жерсіндіру кезінде 2 негізгі бағытты қарастырып алу керек:

1.                      Әрбір суға жаңа балықтарды қоныстырғанда, оны биологиялық және экономикалық жағынан жан-жақты негіздеу керек.

2.                      Жаңа қоныстырылған балықтың басқа балықтарға зиян тигізбейтініне, оған судағы жемдік организмдердің жеткілікті болатындығына көз жеткізу керек.

Жерсіндіру жұмысы жүргізілгені отырған судағы балықтардың сан жағынан ара қатынасының қалыпты болуына және жем жөнінен өзара бәсекелес болмайтынына көз жеткізу керек. Жерсіндіру жұмысы экономикалық жағынан тиімді болғанда ғана жаңа балықтарды қоныстандыруға ұсыныс жасалуы керек. Бұл жерсіндірудің 1-ші кезеңі.

Жерсіндіру жұмысының 2-ші кезеңі суға жаңадан қоныстандырылған балықты сан жағынан реттеп отыруға, оның ортаға жарамды және жарамсыз әрекеттерін зерттеуге, керек болған жағдайда, оның санын мейлінше азайтуға бағытталуы тиіс. Суға жаңа балықтар қоныстандырылғаннан кейін, ол жұмыстың нәтижелі болуына айтарлықтай қамқорлық жасалмайды. Бұл қамқорлық жаңадан қоныстандырылған балықты сан жағынан реттеп отыруға бағытталуы тиіс. Судағы қоныстандырылған балықтарды сан жағынан реттеуге, балық қорына зиян келтіретін жыртқыш немесе бағасы төмен балықтарды аулауға мән берілмейді.

 

Әдебиет:

1.        О Концепции развития рыбного хозяйства   республики Казахстан на 2007-2015 годы. Алматы. 2007.

2. Жұмалиев М.Қ, Бәйімбет Ә.А. Жануарлар әлемінің биологиялық әртүрлілігі. Алматы. Қазақ университеті. 2005.1- бөлімі

3.   Жизнь животных. 4 - том. Москва. Просвещение .1983.