Сейтбекова М.Д., Кәрібекова Ш., Жолымбет А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 

АДЫРАСПАН -  КӨП ЖЫЛДЫҚ, ДӘРІЛІК ӨСІМДІК

 

 

Адыраспан (Harmal немесе Peganum harmala) — көп жылдық, терең тамырлы өсімдік. Сабы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті, дәрілік өсімдік. Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар.

Бірсыпыра кісілер шипалы қасиеті бар өсімдіктер жайлы білгісі келеді. Оның ішінде көздері көрмеген, құлақтары анда-санда ғана естіген адыраспан не дейді. Адыраспан-түйетабандар тұқымдас, тарамдалған бұтағы мол көп жылдық шөптесінді өсімдік, жапырақтары кезектесе бітеді. Бозғылт-сары гүлдері жеке-жеке өседі. Жемісі-қоңыр түсті ірі ұрығы бар, диаметрі 1сантиметрдей шар тәріздес қауашақ. Биіктігі 30-60 сантиметрдей, мамыр-шілде айларында гүлдейді [1].

Қазақстанда, еліміздің Европалық бөлігінің Оңтүстік белдеулерінде, Кавказбен Орта Азияда кездеседі. Негізінен сортаң далаларда, елді мекендерге таяу алқаптарда, сондай-ақ құрғақ, тасты беткейлерде өседі.

Химиялық құрамы. Адыраспанның құрамында улы гармин және гармалин алкалоидтары, ал гүлі мен бұтағында пеганин алкалоиды болады. Адыраспан - улы өсімдік, сондықтан оны тек дәрігердің нұсқауымен ғана пайдалануға болады.

Қолданылуы. Емдік мақсатқа адыраспанның шөбін яғни бұтақтарын, жапырақтары мен гүледерін пайдаланады. Адыраспан-ежелден белгілі дәрілік өсімдік. Кезінде атақты Абу Али Ибн Сина оны сегізкөз нервісінің қабынуы кезінде болатын шаншуларды басатын дәрі ретінде қолданған. Халық медицинасында адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері аурулары кезінде бұлау жасауға пайдаланылады, ал шөбінен жасалған қайнатынды суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып табылады. Адыраспанды Кавказ халқы ұйықтататын дәрі ретінде пайдаланады. Оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді және жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені ыстап залалсыздандырады.
Емдік қасиеті жағынан адыраспан  Орта Азияда ертеден-ақ белгілі болған. Бұл арада оның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдейді, қара немесе қызыл бұрышқа араластырып теңге қотырға жағады және несеп жүргізетін, тер шығаратын дәрі ретінде, қолданады.

Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатады да, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді. Ол үшін осы айтылған құрамдағы 10 грамм қоспаны жарты литрдей суға салып 2 сағат тұндырады. Содан соң оны баяу жанған отқа қойып 8 минуттай қайнатады. Суыған соң сүзіп тазалайды. Препаратты тамақтанардан жарты сағат бұрын 50 грамнан 4 рет ішеді. Осылай 4-6 ай емделу керек.
Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі. Тұнбасын суық тигенде пайдалануға болады. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға қолданылады [2].

Адыраспанды тасшөппен, қара аңдыз тамырымен қосып қайнатады да, радикулитті, сегізкөз невралгиясын емдеуге қолданады. Бұл ауруларды емдеген кезде жоғарыдағы қайнатындыны ішумен бірге шөбімен белді булау да жақсы нәтиже беретіні байқалады.

Адамзаттың тіршілік етуі барысында өсімдіктер әлемінің алатын орны ерекше зор. Қазіргі медицинада қолданыста жүрген дәрі-дәрмектердің 40 пайыздай бөлігі тап өсімдіктер дүниесінен жасалады екен. Қоршаған орта өскіндерінің адам ағзаларын жақсартуға осындай өлшеусіз көмегі барын біздің ата-бабаларымыз бағзы замандардан бері жақсы білген. Сонау алты ғасыр бұрын өмір сүрген халықтық емші Өтейбойдақ Тілеуқа­былұлының (1388-1478 жж.) «Шипагерлік баяны» соның бергі кезеңдердегі өнегесі ғана. Тарбағатай өңірінде 1787 жылы өмірге келіп,1850 жылы қайтыс болған атақты Ырғызбай Досқанұлы емші дәрілік өсімдіктерді жақсы білгендіктен, онымен жанды да, малды да емдеп, жаза алатын дәрежеге жеткен. Ол кезінде ұлы Абайдың әкесі Құнанбайды дәрілік шөптерімен ауыр дерттен жазып шығарған деген сөз бар. Емші шипалы өсімдік­тердің гүлінен, жапырағы мен тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай науқастарға ем болатынын табиғи түйсігімен дөп біліп, білігін одан ары дамытқан [3].

 

Әдебиет:

1.     Ә.Нұрмағамбетов «Қазақстан ұлттық энциклопедиясы» 1990ж.

2.     Жетісу. Энцилопедиясы-Алматы: (Арыс баспасы)

3.     Интернет желісі