Мұнай-газ орындарындағы өсімдіктер жамылғысының жағдайына техногенді факторлардың әсерін бағалау

Садыбекова Л.С.,  студент  Бахаева А.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекетік университеті

 

Маңғыстау облысының Орман қоры республикада жалпы пайыздың 1,46 құрайды. Облыстың ормандылығы өзгермейтін болып қалды. Маңғыстау облысының орман қорының жалпы ауданы 2012 жылы 242,4 мың.га құрайды. Олардың ішінен орманның жалпы ауданы 112,949 мың га құрайды. Әдістемеге сай жыл сайын орман ауданын көбейту үшін, 1500  қара сексеуіл тұқымдары Қостанай қаласындағы зоналық лабораторияға жіберіледі. Осы лаборатория нәтижелері бойынша қара сексеуілдің тұқымдары 300 га жерге себіледі.  Облыс аумағында және 3 ерекше қорғалатын табиғи аймақтар (ООПТ) бар, олардың жалпы ауданы  1801,2 мың.га құрайды.

Өсімдіктер ландшафтардың құрылуына маңызды роль атқарады. Өсімдіктердің негізгі қызметі – күн энергиясын фиксациялау және оттегінің, көмір қышқыл газының, судың минералды элементтердің айналымына қатысу. Сондықтан да, өсімдіктер жамылғысының бұзылуы бүкіл ландшафт кешеніне әсерін тигізеді. Өсімдіктерге мұнай-газ кешенінің теріс әсер етуінің негізгі факторларына: кәсіпшілік ауданын игеру барсында өсімдіктер қауымдастығын жою; мұнай және ақаба суларының төгілуі; бұрғыланған қалдықтарды көму; шлам қамбаларын және құбырлар құрылысында өсімдіктерді жою жатады.

Антропогендік әртүрлі әсерлерге өсімдіктер жамылғысының сезімталдығы өте жоғары. Сондықтан да, өсімдіктерге мұнай-газ кешенінің әсерін бағалауда, флоралық құрамы мен олардағы мұнай өнімдері және ауыр металдардың мөлшері қаралды. Аймақтың «Қаражанбасмұнай» АҚ, ӨФ «Өзенмұнайгаз» АҚ, және «Қаламқас» АҚ мұнай орындарындағы зерттеулерге жүгінсек, осы зерттеулер барысында мұнай-газ кешені аумағында өсетін өсімдіктерге жалпы антропогендік фон әсер ететіні анықталған. Осы орындардағы өсімдіктер типтерінің қатынасы елеулі ерекшеленбейді . Мұнай өнімдері өсімдіктердің жер астындағы бөлігіне және тамырларына еніп, онымен тікелей байланысында өсімдіктер тіршілігін тоқтатады. Жануарлар мұнай және мұнай өнімдерімен тікелей байланысында, әсіресе тіршілік ортасының жалпы өзгеру жағдайында қатты зиян шегеді. Өсімдіктер жамылғысы үшін ластанудың әсері өте айқын көрінеді [1].

Мұндай танаптарда өсімдіктер қауымдастығының қалыптасу дәрежесі әсер ету мерзімінен бастап ұзақ уақытқа байланысты, яғни бұзылған жер бетінде өсу жылдамдығымен анықталады. Мұнан басқа қайта қалпына келу ұзақтығы, көбінесе деградацияланған топырақ-грунт құрамымен анықталады.

Мұнай өндіруші аймақтардағы фауна өкілдері үшін ауыр металдар сияқты мұнай өнімдерінің де түсуі, трофикалық тізбек арқылы белгілі бір қауіп төндіреді [2].

Мұнаймен ластанған топырақта өсімдіктердің қайта өсіп жетілу, ластанудың бастапқы деңгейіне байланысты. Бастапқы ластану жүктемесі тым жоғары болса (16 және 24 л/м2) өсімдіктердің өсуі қайта қалпына келмейді. Сонымен, мұнаймен ластанғаннан кейін экожүйенің өздігінен қалпына келу механизмі өте күрделі. Өсімдіктері толық және жартылай бүлінген Маңғыстау облысының мұнай өндіруші аудандарында топырақ жүйесінің рекультивациялық тиімді, әрі кешенді іс-шараларын жасау қажет. Ал керісінше жағдайда бүлінген өсімдіктер жүйесі барлық экожүйенің мынадай өзгерістеріне әкеледі: биологиялық алуантүрлілік жұтанып, өсімдіктер жамылғысының шаруашылық құндылығы және өнімділігі азаяды; түпкілікті қауымдастықтың құрылымы бұзылады және т.б., осының бәрі табиғи кешеннің жалпы тұрақтылығының төмендеуіне әкеліп соғады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Колверт С., Интлунд Г.М. Защита атмосферы от промышленных загрязнений. М.: Металлургия, 1988.

2. Лебедева А.Н., Лаврик О.Л. Природоохранное законодательство развитых стран. Защита окружающей среды от загрязнения: методы контроля и регулирования. Ч.2. Новосибирск, 1992.-С.360.