Жұмаділдаев М.- М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
доценті, э.ғ.к., (Тараз қ.)
Ауыл
шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру
мәселелері
Әлемде ауыл шаруашылығы
өнімін өндіруге қажетті табиғи ресурстардың
тапшылығы жылдан-жылға ұлғаюына байланысты
азық-түлік қауіпсіздігі бүгінде қай елдің
болсын бірінші кезектегі мәселесі болып қалады.
Еліміздің
агроөнеркәсіп кешенін дамытуда мемлекет тарапынан ерекше
көңіл бөлінуде. Мемлекет
ауыл шаруашылығы өндірісіне мол қаржы бөліп,
орта және кіші бизнесті дамытуға көптеген іс-шаралар
атқарылуда.
Алайда сол қаражаттарды
пайдаланудағы
жетістіктердің деңгейі жоғары емес. Ауыл
шаруашылығы дақылдарының түсімділігі мен мал
өнімдерінің өнімділігі агроөнеркәсіп саласында
өндірістің жоғарғы тиімділігін қамтамасыз ете
алмауда. Олардың басты себебі ауыл шаруашылығы өндірісіне
озық технологиялардың, ғылымның жаңа
жетістіктерінің толық енгізілмеуінен. Бұл жағдай
негізінен шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің
иелігіндегі жер алқаптарының шағындығы мен оларды
күтіп баптауға, өнімді жинауға қажетті
техникалардың жетіспеушілігінен
және сол құрылымдарда білікті ауыл шаруашылық
мамандарын ұстап тұруға мүмкіндіктерінің
жоқтығынан орын алып отыр.
Шаруа қожалықтары мен
жеке кәсіпкерлер бүгінгі күнде еліміздегі ауыл
шаруашылығы мәселелерін толық шеше алмауда. Олардың
өндірісі ұсақ тауарлы деңгейде
қалыптасқан.Бүгінде шаруа қожалықтары мен
фермерлер, серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер еліміздегі ауыл шаруашылық мақсатындағы
жерлердің 55,1 пайызын иеленіп
жалпы азық-түлік өнімдерінің 25,7 пайызын
өндіреді [ 1 ].Бұл жоғарғы көрсеткіш емес. Жеке кәсіпкерлердің өндірістік қуатының жеткіліксіз болу салдарынан ауыл тұрғындарын
жұмыспен қамтитын өндіріс орындарын ашуға
мүмкіншіліктері жоқ. Олардың тәжірибесінде
шаруашылық мәселелерімен
өздерінің отбасылары ғана айналысып, ауылдағы
жұмыссыздықты жоя алмауда. Табыстары ірі өндіріс орындарын
ашуға және ауылдың әлеуметтік жағдайын
жақсартуға жеткіліксіз.
Азық-түлік
өнімдерінің көп түрі
елімізге сырттан әкелінеді, яғни қажетті
өнімдермен өзімізді толық қамтамасыз етпейміз. Өндірілген ауыл шаруашылық
өнімдерінің едәуір бөлігі өзімізде
өңделмей шикізат ретінде сыртқа арзан бағамен өткізілуде.
Сондықтан ауыл
шаруашылығын қарқынды дамыту үшін бұл салада
мемлекеттік, ұжымдық, өндірістік ұйымдар,
шаруашылық қожалықтар және жеке кәсіпкерлік
құрылымдарды шектеусіз
қатар қалыптастырып, олардың тиімді жұмыс жасауына мемлекет тарапынан жаңа іс-шаралар
қарастырылуы тиіс. Бұл іс-шараларды жүзеге асырудың
бірден бір жолы ауыл шаруашылық
құрылымдардын ірілендіріу болып табылады.
Алайда шағын шаруа қожалықтары
мен жеке кәсіпкерлер өз еркімен
ауыл шаруашылық кооперативтеріне, ірі кәсіпорындарынға
бірігуге құлықты емес. Оның басты себебі - нормативтік
құқықтық базаның жетілмегені, кооператив
қызметінің айқын болмауына байланысты кооператив мүшелерінің
бір біріне сенімсіздігі.
Мемлекет тарапынан берілетін
субсидиялар олардың жағдайын жақсартуға
бағытталған. Алайда оларды рәсімдеу, алу кезінде шаруа
қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер көптеген
қиындықтарға кездесуде. Несие мен субсидия алуға
тапсыратын құжаттардың саны көп. Сонымен қатар
шаруашылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер сол
құжаттарды тиісті
заңдарға, ережелерге сай сауатты дайындауға әлі де
болса дайын емес. Оларды дайындау,
тиісті органдардың бекітуі мен куәландыруынан өткізу
көп уақытты талап етеді. Ауыл шаруашылығында жеке
кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасындағы субсидия
мен жеңілдетілген несиелерді рәсімдеуге байланысты қатынастарды
жеңілдету, реттеу қызметтерін
жүргізетін құрылымдар дамымаған. Оларды рәсімдеу
ауыртпашылығы жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына
жүктелген. Сондықтан шаруашылықты тиімді дамытуға
қажетті субсидия мен басқа да мемлекеттік қолдаулар шаруа
қожалықтары мен фермерлерге жеткілікті мөлшерде және
қажетті мерзімде беріле бермейді. Бұл өз кезегінде берілген субсидиялардың нәтижелі де тиімді жұмсалуын
қамтамасыз етпейді. Жергілікті мемлекеттік органдардың бұл мәселені толық шешуге мүмкіншіліктері
жоқ. Сондықтан осы аталған олқылықтарды жоюды жүзеге асыратын органдарды
құру қажет, немесе ол қызметтерді реттеп
жүргізуді тиісті жергілікті атқару органдарының
бөлімшелерінің құзырына беру қерек.
Осыған
байланысты агроөнеркәсіп саласын дамытуға мемлекет тарапынан
белгіленген қолдау іс-шараларына өзгерістер өткізген
жөн.
Ауылды қолдау
бағдарламасына тиісті бөлінетін қаражаттар нақты мақсаттарға
сәйкес жоспарланып бөлінгені дұрыс. Бүгінде орта, кіші
кәсіпкерлікті дамытуға бөлінетін мемлекеттік қаражаттар
тікелей ауылдағы жұмыссыздықты немесе қажетті
азық-түлік өнімдерін өндіру мәселелерін шеше
алмауда. Сондықтан аграрлық салада атқарылатын іс-шараларды
алдын ала сараптан өткізіп,
қандай өнімдер қанша көлемде өндіріледі, оны
кімдер өңдейтінін және кімдер тұтынтынын нақты
анықтап алу керек. Мемлекеттік қаражаттар нақты өндіріс
орындарын ашуға мүмкіндігі бар құрылымдарға
беріліп, күтілетін нәтижелер айқындалу қажет. Бұл
жерде заңды және жеке тұлғалардың
агроөнеркәсіп кешенін дамыту ниеті жеткіліксіз. Олардың
материалдық-техникалық базасын
дамытпай және қажетті ауыл шаруашылық мамандарымен
қамтамасыз етпей сатып алынған асыл тұқымды мал басынан
немесе басқа да іс-шаралардан тиімді нәтижелер күтуге
болмайды. Субсидияның берілуі және мемлекет тарапынан
көрсетілетін қолдау нақты ауыл шаруашылығы өнімін
өндіре алатын құрылымдардың мүмкіндігін (агротехникалық
шараларды енгізе алатын егіндік жерлердің көлемі,
материалдық-техникалық базасы,
мамандармен қамтылуы) сараптау,
анықтау нәтижелері бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана
ауыл шаруашылығында тиісті нәтижелерге жетуге болады. Қазіргі
кезде кәсіпкерлер дайындайтын
бизнес жоспарларының сапасы сын көтермейді. Сондықтан
көп жағдайда мемлекеттік қаражаттар басқа
мақсаттарға жұмсалып, қажетті өнім
өндірілмей, күтілетін нәтижелер орындалмай жатады.
Ауыл шаруашылық
өндіріс орындарын және олардың өнімдерін
өңдейтін кәсіпорындарды ашу, ауылдағы
жұмыссыздықты жоюды және
ауыл халқын тұрақтандыруды
қамтамасыз етеді. Себебі жұмыс орындарының
жоқтығынан ауыл тұрғындарының
қалаларға қоныс аударулары жиі көрініс табуда. Алайда
олардың қаладан да жұмыс орынын табуы қазіргі кезде
оңайға түсіп жатқан жоқ. Қалаға
қоныс аударғандардың ішінде бұрын ауыл
шаруашылығында қызметте болған тәжірибелі маманд
баршылық. Олар өз мамандығы бойынша қызмет істеуге
жарамсыз жандар емес. Жұмыс орыны табылса ауылдық жерлерде
тұруға және қызмет істеуге олар әлі де ынталы.
Жалпы еліміздің
териториясының көлемінің кең екенін және
олардың толық игерілмей жатқанын ескерсек ауыл
халқының қала төңірегіне жаппай шоғырлануын
қолайлы жағдай деп айтуға болмайды. Агломерация саясатынан бас тартуға болмайды, тек оны
қай жерлерде қандай көлемде жүргізуді анықтап
алған жөн. Еліміздегі ауыл
тұрғындарының бәрін қалаға
шоғырландырған жағдайда ауыл шаруашылығы
мақсатындағы жерлерді игеру
және халықты қажетті сапалы азық-тілікпен қамтамасыз ету мәселесе
қиындайды. Жалпы еліміздегі аудандық жерлердегі шағын
қалалардың жағдайын жақсарту басты мәселе болу
керек. Қажет болған жағдайда тың, игерілмей жатқан аймақтарда
шағын қалаларды немесе қала үлгісіндегі жаңа
кенттерді салуды жоспарлауды қолға алудың маңызы зор.
Еуропада кейбір Азия, Америка елдерінде
халықтың қалаларда шоғырлану қажеттіліктен
туындаған. Оларда біздің еліміздегідей кең территориясы,
яғни ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлері жоқ, сондықтан да
халықтың көбі қалаға шоғырланған.
Біздің елдің жағдайында бұл жағдай жаппай орын
алмауы тиіс. Астана, Алматы және
басқа ірі қалаларда халықтың шоғырлануының шегі болу керек. Үлкен
қалалардың тұрғындарын азық-түлік
өнімдерімен қамтамасыз етудің де өз проблемалары бар.
Қала тұрғындарын қамтамасыз ету үшін
кәсіпкерлер
бағаларының тиімділігіне байланысты азық-түлік
өнімдерін шет елдің арзан азық-түлік тауарларымен
қамтамасыз етіп, отандық өнімдердің тұтыну
қабілеттілігін төмендетуі
ықтимал.
Жоғарыдағы айтылған
мәселелерді шешу өз кезегінде еліміздің территориясының
тұтастығын сақтауда да мәні зор саяси мәселе
болмақ. Игерілмей жатқан
территориямыздан жаңа шағын қалалар немесе ірі кенттер
салынып оларда жаңа жұмыс орындары ашылатын болса жастарға,
шет елдердерден келетін қандастарымызға тұрғын
үй, жұмыс орындары көптеп табылған болар еді. Бірінші
кезекте аудандардың
территориясынан осындай объектілердің санын анықтап, олардың
құрылысына шетелдік, отандық инвестицияларды мол тартуды жоспарға енгізу қажет.
Ауылдық жерде өндіріс
орындары көптеп ашылса ауыл шаруашылығының, өнеркәсіп,
құрылыс және басқада мамандардың ауылға барып қызмет істеуіне жол
ашылады. Бұл өз кезегінде жұмыссыз жүргендер мен
тұрғын жайлары жоқтарға төленіп жатқан
жәрдем ақылар көлемін азайтуға мүмкіндіктер
береді. Себебі қазіргі кезде осы аталған жәрдем ақылармен
күн көріп отырғандар саны аз емес. Ал үнемделген
жәрдем ақыларды жоғарыдағы мәселелерге
жұмсауға болар еді. Осы мәселелер Парламентте қаралып
тиісті шешімдер қабылданса бұл халық құптайтын
мәселе болары сөзсіз.
Бүгінде ауылда
өндірілген азық-түлік өнімдерін өткізу
мәселесі толық шешімін таппаған. Себебі ауылдық
жерлерде оларды өңдейтін кәсіпорындар жеткіліксіз. Орта,
шағын кәсіпкерлердің өндірген сүтті, етті,
жүнді көтере қабылдайтын комбинаттар жоқ.
Кәсіпкерлер өз өнімдерін
ретсіз әр түрлі
делдалдарға өткізуден
ойдағыдай табыстарын қамтамасыз ете алмайды. Себебі
жоғарыда аталған өнімдерді көп уақыт
сақтап, өзінің тиісті бағасына өткізу
мүмкін емес. Қала
тұрғындары сүт, қымыз, шұбат, сүзбе, май
және ет өнімдерін жеке тұлғалардан сатып
алуға мәжүбір. Олардың санитарлық нормаға
қаншалықты сәйкес келетіні белгісіз. Сондықтан да
оларды өңдейтін мемлекеттік кәсіпорындарды ашу қажет.
Бұл өз кезегінде өнімдердің сапасын
жоғарлатып,
тұтынушылардың денсаулығына зиян келтірмеуге
мүмкіншілік береді.
Мемлекет жаңа индустриалды
даму кезеңде ауыл шаруашылығына инвестиция салуды дұрыс
жүйеге келтіру керек. Бұл жағдайда тек бақылаушы
ретінде қатыспай оларды
басқару, реттеу мәселесіне тікелей кірісуі қажет.
Бүгінде барлық дамыған елдердің тәжірибесінде
мемлекеттік меншіктің ролі
жоғары деңгейде өсуде. Ресей
ғалымдарының
тұжырымдамасы бойынша
экономиканың тұрақтылығы мен жаңа
жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік меншік түрлері экономикамыздың 55-60
пайызынан кем болмауы керек [2]. Франция мен Германия және басқа да
батысевропалық елдерінде мемлекеттің Жалпы ішкі өнімдегі
үлесі 50 пайызды құрайды [3]. Осы жағдайларды ескеретін
болсақ Қазақстанда
ауыл шаруашылығын дамытудағы мемлекеттік меншіктің
деңгейі экономикамыздың
иновациялы-индустриалдық даму талаптарына сай келмейді. Озық
агротехникалық іс-шараларды және техналогияларды өндіріске
енгізе алатын, жеткілікті техникамен еңбек ресурстары мен қажетті мамандармен қамтамасыз
етілген ірі кәсіпорындардың үлесі төмен.
Бүгінде ауыл шаруашылығында
мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындар жоқтың қасы. Бар
болған жағдайда олардың дамуына тиісті дәрежеде
көңіл бөлініп жатқан жоқ. Бар болғаны
олардың мүліктерін аукционға шығарып жекешелендіру
амалдары орындалуда. Ал оларды жекешелендіруде қандай өндірістік
нәтижелерге жету мәселелері өз дәрежесінде
ойластырылмаған.
Сол себептен қоғамның
мүддесі үшін агроөнеркәсіп саласында меншіктің
басқа түрімен қатар нарықтық экономиканың
принциптеріне сай жұмыс жүргізетін мемлекеттік меншіктегі
кәсіпорындардың дамуын қамтамасыз ету керек. Бұл
іс-шараның маңыздылығы экономиканың
дағдарысқа кезіккен кезінде, оның ауыртпалығын
жеңілдетуде арта түседі. Сонымен қатар бұл мәселенің
оң шешілуі агроөнеркәсіп саласының дамуына және
халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлкен септігін тигізеді.
Әдебиеттер:
1. Қазақстан
Респубдикасы Статистика агенттігі «Қазақстан 2012 жылы»
стстистикалық жылнамасы.
2. Кошанов А.К. Альтернативная модель экономического роста и реальное
противоречие этапа форсированного индустриально-инавационного развития, Журнал
Экономика:
стратегия и
практика, 2012 г., №4
3. Стиглиц Дж.
Глобализация: тревожные тенденции, Журнал Экономист,
2010 г., №9