Шалболова Ү.Ж., Жақсылықова П.Ж.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті

Шағын және орта кәсіпкерліктің мәні және экономикадағы  рөлі

 

Кәсіпкерлік әр түрлі қызмет сферасында (заңмен тыйым салынған сфералардан басқа) тұтынушылар мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыру, өз кәсібін дамыту және бюджет пен басқа шаруашылық субъектілерінің алдындағы қаржылық міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін табыс табу мақсатында еркін экономикалық шаруашылық жүргізуді сипаттайды. Шағын және орта кәсіпкерлік – экономикалық өсу қарқынын, халықтың жұмыспен қамтылуын, жалпы ішкі өнімнің құрылымы мен сапасын анықтайтын басты секторлардың бірі. Шағын және орта кәсіпкерлік дамуының жоғары деңгейі нарықтық экономиканың тиімді қалыптасуына қажетті жағдай боп табылады. Шет елдерде шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа жұмыс орындарын құру, тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету сияқты басымдылықтарына орай, оны дамытуға баса назар аударылады.

Біздің еліміз үшін шағын және орта бизнесті дамыту – ең басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында «Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет» екендігін атап өтті[1].

Шағын және орта кәсіпкерліктің мәнін екі жақты көзқараспен қарастыруға болады:

-                       жеке тұлға үшін;

-                       экономика үшін.

Адамдар үшін шағын және орта кәсіпкерліктің маңыздылығы келесідей:

а) Жалдамалы еңбек күшіне сұраныстың  артуы. Бизнес иесі жауапкершіліктің айтарлықтай бөлігін өз мойнына алады деп есептегінімен де, барлығына бірдей үлгермейді, басқа да шешімін таппайтын мәселелер баршылық. Осыған орай, шағын және орта кәсіпкерлік жалдамалы жұмыс күшін қажет ететін болады. Әрбір жаңа кәсіпорын жұмыспен қамтылғандар санын арттыруға мүмкіндік береді.

б) Ірі кәсіпкерліктің қызығушылығын тудырмайтын саладағы тауарлар мен қызметтерді ұсыну. Көбінесе шағын және орта кәсіпкерлік адамдардың тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

в) Өз кәсібін құру арқылы өмір сүру сапасын жақсарту мүмкіндігі. Бұл жерде маңыздылығы: табыстың көбею мен өзін өзі бағалауының арту мүмкіндігі.

Шағын және орта кәсіпкерліктің экономика үшін маңыздылығы төмендегіше:

а) Жалпы өнімнің артуы. Кәсіпкер өз кәсібін құру арқылы аймақтың, елдің жалпы өнімінің өсуін қамтамасыз етуін жүзеге асыратын белгілі бір идеямен нарыққа шығады. Бизнес идеяның неғұрлым тиімді болса, кәсіпорынның аймақтық экономиканың өсуіне қосар үлесі соғұрлым артпақ. Мысалы шағын және орта бизнестің ЖІӨ-де алатын үлесін салыстырар болсақ, Қазақстанда – бұл шамамен 16%. Ал, мысалы, Ұлыбританияда – 52%, Италияда – 55%, Германияда – 57%.[2]

б) Салықтық түсімдердің артуы. Бұл жоғарыда көрсетілген пункттің салдарынан туындайды. Егер де кәсіпкер ешқандай пайда таппаса да, салық салынатын жүргізілген операциялар, меншік нысандары, қызметкерлердің еңбек ақысы бар.

в) Экономика мен қоғамдық прогрестің дамуын қамтамасыз ететін бәсекелестіктің күшеюі. Әрбір нарыққа кірген жаңа кәсіпорынның қажетті ресурстарға қол жеткізуі қиындап, тұтынушылар үшін күрес күшейеді. Осылайша кәсіпорын шығындарды қысқарту үшін процестер оңтайландыруға, жеткізушілерге жақсы шарттар ұсынуға, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, бағаны түсіруге тура келеді.

г) Экономиканы жетілдіру. Бәсекелестіктің белгілі бір деңгейінде кәсіпкерлік қызмет тиімділігін арттыру үшін ескірген шаруашылық процесін жетілдіру немесе бәсекеқабілетті басымдылық жасау мақсатындағы инновация – жаңалық енгізуге тура келеді.[3]

Шағын кәсіпкерлік бірқатар артықшылықтар мен кемшіліктерге ие. Соларға нақтырақ тоқтала кетсек, шағын кәсіпкерліктің басымдылықтары:

-     артық бюрократиялық аппараттың болмауы салдарынан басқару шығындарының салыстырмалы аздығы және икемділік, шағын кәсіпкерлікті басқару шешімдерін қабылдау тезділігі (әсіресе қыхметкерлер саны оннан аспайтын микрокәсіпкерліктерде). Осы қасиет әр түрлі өзгерістерге тез әрі икемді жауап қайтаруға мүмкіндік береді;

-     капитал қажеттілігінің төмендігі және жергілікті нарық талаптарына сай өнім мен өндіріске тез өзгеріс енгізуге қабілеттілігі;

-     Шағын кәсіпкерлік субъектілері жергілікті нарықтың сұраныс деңгейін басқаларға қарағанда жақсы біледі. Өндірушілердің бағыты аймақтық нарыққа бағытталып, жергілікті халықтың қажеттіліктерін, қалауын, салт – дәстүрін, әдеттері мен басқа да сипаттамаларын зерттеп білуге негізделген;

-     шағын кәсіпкерлік субъектілерінде капиталдың неғұрлым жоғары айналымдылығы;

-     шағын кәсіпкерлік субъектілерінің капитал жұмсалуы аз болады. Олар да құрылыс мерзімі ұзақ емес және көлемі үлкен емес, сондықтан олар тез әрі арзанырақ қайта жарақтанады, жаңа технологиялар ендіріп, өндірісті автомандырады, қол мен машина еңбегін тиімді үйлестіре алады;

-     шағын кәсіпорындарда қызметкерлер жеңіске жеткенде ынталандыру деңгейі жоғары, әрі өз идеясын жүзеге асырып, өзінің қабілетін көрсетуге мүмкіндік алады.

Шағын кәсіпорындар тәжірибесі көрсеткендей, шағын кәсіпкерліктің бірқатар кемшіліктері бар және олардың ішіндегі маңыздылары:

-     ірі кәсіпорындарға қарағанда шағын кәсіпорындардың тәуекелділік деңгейі анағұрлым жоғары, осыған орай нарықтағы тұрақсыздық деңгейі жоғары;

-     шағын кәсіпорындар ірі кәсіпорындарға тәуелді;

-     басшының біліктілігінің әлсіздігі және кәсіби мамандардың аздығы.

-     шағын кәсіпкерлік қосымша қаржылай құралдарды тарту мен несие алу кезінде туындайтын қиындықтар;

-     шағын кәсіпкерлік нарықта билік пен жақсы ресурстық базаға ие емес.

-     шағын кәсіпкерлік капиталдың жетіспеушілігі мен салымның қайтарымдылығының ұзақ болу салдарынан инвестициялық қызметке бейімдігі төмен.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кемшілігі мен сәтсіздіздігі ішкі, және да сыртқы себептермен, шағын кәсіпорынның қызмет ету жағдайымен анықтайды. Шағын фирмалардың сәтсіздігі көбінесе шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің кәсіби біліксізділігі мен менеджерлік тәжірибесіздігімен байланысты.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.   Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол атты» Қазақстан халқына Жолдауы – Астана, 11.11.2014ж. /http://akorda.kz/

2.   Кәсіпкерліктің жедел курсы: оқу – әдістемелік құралы. – Алматы, 2010. - 202 б.

3.   Петраков М.А., Глебов С.Н. Место и роль субъектов малого и среднего бизнеса в экономике России // Российское предпринимательство. – 2013.–№9(231). — c. 63-68.