Байсабаев Дархан Баубекович.

Орталық Азия Университеті

«6М030100 – Құқықтану» мамандығының1 курс магистранты

 

Экономикалық қауіпсіздік - ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде

 

Қазіргі кезде саяси мемлекеттік қызметкерлердің, құқықтанушылардың, экономистердің және т.б. назарлары келесі мәселеге аударылған, ол экономикалық қауіпсіздік. Әлемдік экономинаның жаһандану жағдайында республикамыздың экономикалық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі  бұл мемлекеттің тәуелсіздігінің кепілі, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің негізгі құрамы.  Әлсіз және тиімсіз экономикалық жағдайда  ішкі және сыртқы қауіп қатерлерді ұстау өте қиындыққа әкеліп соқтырады.«Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2013 жылғы Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында экономикалық қауіпсіздік мәселесі 10 сын-қатермен айқын көрсетілген. Жаңа қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа сая­си бағыты жасалды. Сонымен, экономикалық қауіпсіздік дегеніміз  - тұрақты экономикалық өсу, қоғамдық қажеттердің тиімді түрде қанағаттандырылуы, басқарудың жоғары сапасы, экономикалық мүдделердің ұлттық және халықаралық деңгейлерде қорғалуы қамтамасыз етілетін жай-күйі.

Экономикалық қауіпсіздік - ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі, оның іргетасы, материалдық негізі. Тарихи және қисынды тұрғыда Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттіліктің қалыптасуымен, қоғамның экономикалық мүдделерін сезінумен катар пайда болады. Экономикалық қауіпсіздік объектілері - жалпы елдің экономикалық жүйесі, сондай- ақ оның құрамдас элементтері: табиғи байлықтары, өндірістік және бейөндірістік қорлары, жылжымайтын мүлік, қаржы ресурстары, адами ресурстар, шаруашылық құрылымдар, отбасы, адамның жеке басы, т.б. Экономикалық қауіпсіздікке төнген қатер - елдің шаруашылығына келеңсіз әсерін тигізетін, жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіретін құбылыстар мен үдерістер. Экономикалық қатерлер ең жалпы түрде алғанда ішкі және сыртқы қатерлер сиякты біріккен белгілері бойынша жіктелуі мүмкін. Экономикалық қауіпсіздік көрсеткіштері - жалпы экономикалық жүйенің жай-күйі, оның орнықтылығы мен жұмылғыштығы туралы жалпы түсінік беретін ең елеулі параметрлер. Оның маңызды көрсеткіштері: жалпы ішкі өнімнің өсуі, тұрмыс деңгейі мен сапасы, инфляция қарқыны, жұмыссыздық нормасы, экономиканың құрылымы, халықтың мүліктік жағынан жіктелуі, экономиканың қылмыстық сипат алуы, шаруашылыктың техникалық базасының жай- күйі, бәсекелесуге қабілеттілік, импортқа тәуелділік, ішкі және сыртқы борыш, т.б. Экономикалық қауіпсіздіктің шекті мәні - сақталмауы экономиканы күйрететін, елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайды ушықтыратын шекті шама. Бұл орайда Экономикалық қауіпсіздіктің нақты жай-күйін сипаттау үшін көрсеткіштердің өзінің емес, оның шегінің маңызы зор. Бұл шектің шамасы экономиканың дамуы деңгейіне, қалыптаскан дәстүрлерге, ағымдағы шаруашылық жағдайға байланысты. Көрсеткіштер жүйесі мен олардың шекті мәнін әзірлеу - экономика ғылымының өзекті мәселелерінің бірі. Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары - қауіпсіздікке төнген ішкі және сыртқы қатерлерге жол бермеуге бағытталған тәсілдердің, саналы іс-қимылдардың жиынтығы.

Экономикалық қауіпсіздік, ұлттық қауіпсіздіктің дараланған және біртұтас бөлігі бола тұра, мемлекет ішінде және оның аумағында жүргізілетін, мемлекеттің, ұйымдардың және адамдардың экономикалық мүддесін қорғайтын, және экономикада тұрақтылықты, тәуелсіздікті және бәсекеге қабілеттілікті қамтитын, тауар мен қызметтерді өндіруге, бөлуге, және тұтынуға оңтайлы жағдайды қамтамасыз ететін, және қоғамдағы басқа да әлеуметтік жағдайларды қамтитын, үздіксіз жүргізілетін құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық шаралардын жиынтығы. 

Осы анықтама экономикалық қауіпсіздіктің негізгі мәнің ашуға мүмкіндік береді:

1. Экономикалық қауіпсіздік бұл ұлттық қауіпсіздіктің өте маңызды бөлігі, осыған тұтас мемлекеттің қауіпсіздігі байланысты.

2. Экономикалық қауіпсіздік бұл мемлекеттің ішіндегі және оның аумағындағы, мемлекеттің экономикасының жағдайының қорғалуы.

3. Экономика саласындағы қатынастардың дамуындағы оңтайлы жағдайларды құруға бағытталған экономикалық қауіпсіздік.

4. Экономикалық қауіпсіздіктің қамтылған деңгейі қоғамдағы болып жатқан  әлеуметтік және экономикалық үрдіске әсері.

            Жалпы, мемлекет экономикасының қауіпсіздігін төмендегі көрсеткіштер бойынша анықтайды:

1. Өмір сүрудің сапасы мен деңгейі;

2.Инфляция деңгейі;

3.Жұмыссыздық деңгейі;

4.Экономикалық өсу;

5.Бюджет тапшылығы;

 6.Мемлекекеттің қарызының мөлшері;

 7.Алтын-валюталық резерв жағдайы;

 8.Көлеңкелі экономиканың деңгейі;

 9.Экологияның жағдайы;

10.Азық-түлік қауіпсіздігі.

Осы ретте Қазақстанның осы көрсеткіштер бойынша қаншалықты ұлттық экономикалық қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін талдап, сараптап көрсек.

 Жалпы мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігіне келсек, онда оның аспектілеріне мұқият тоқталу керек болады және оны атап қана қоймай, оның мемлекетке маңызды екенін көрсету.

            Экономикалық қауіпсіздік елдің ұлттық қауіпсіздігі құрылымының ең маңызды құраушысы, өйткені қауіпсіздіктің барлық қалған түрлері жеткілікті экономикалық қамсыздандырусыз әрекет ете алмайды.  Экономикалық қауіпсіздік – бұл экономиканың жай-күйі, онда жеке тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің, аймақтың немесе кәсіпорынның экономикалық мүдделері ішкі және сыртқы қауіптерден сенімді түрде қорғалуы; ол елдің де, жеке адамның да, кәсіпорынның да тұрақтылығының негізі. Экономикалық қауіпсіздік дәстүрлі түрде экономикалық жүйенің сапалы маңызды сипаттамасы ретінде қарастырылады, экономикалық жүйе халық өмірінің қалыпты жағдайын қолдау, халық шаруашылығының дамуын ресурстармен тұрақты қамтамасыз ету, сондай-ақ ұлттық-мемлекеттік мүдделерді тізбекті түрде жүзеге асыру қабілетін анықтайды.

Әрине, экономикалық қауіпсіздіктің қауіптерін болдырмау, оларға қарсы шығу және олардың жағымсыз әсерін жоққа шығару қабілеті де болуы тиіс.  Қауіптер жалпы экономикаға ғана емес, сонымен бірге оның құрамдас бөліктері болып табылатын салаларға, өнеркәсіптік аудандарға, жекелеген кәсіпорындарға және т.б. бағытталуы мүмкін. Басқаша айтқанда, экономикалық қауіпсіздік ұлттық экономиканың тиімді динамикалық өсуіне, қоғамның, мемлекеттің сұраныстарын қанағаттандыруға, әр түрлі қауіптер мен залалдардан кепілдендіруші ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсеке қабілетін қамтамасыз ету қабілетіне жағымды ықпал ететін ішкі және сыртқы жағдайлардың жиынтығы.  Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды қызметінің құрамына кіреді. Экономикалық қауіпсіздік мәселесі ешқашанда өзінен өзі әрекет етпеген. Ол қоғамның дамуының әрбір сатысындағы экономикалық өсу міндеттерінен шығатын туынды болып табылады. Осы мәселенің нақты мазмұны қазіргі уақытта қалыптасқан ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты өзгереді.

Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекет қызметі келесі негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылуда:

1) экономикалық дамудың іс-жүзіндегі немесе болжанатын параметрлері экономикалық қауіпсіздіктің шекті мәндерінен ауытқыған жағдайларды анықтау және елдің қауіпті аймақтан шығуы бойынша кешенді мемлекеттік шараларды әзірлеу; 

2) Қазақстан Республикасы экономикалық қауіпсіздігі қауіптерін жою немесе туындауына жол бермеу бойынша шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында жұмыстарды ұйымдастыру.

 

  

                   Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.Назарбаев Н. Халыққа Жолдауы – 2013. «Қазақстан-2050» стратегиясы-қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»

2.Казаков Н.Д. Безопасность и синергетика (опыт философского осмысления) // Безопасность. Информационный сборник Фонда национальной и международной безопасности. – 1994. – №4.

3. Балғарина Н.Б."Қауіпсіздіктұжырымдамасыболашаққақызмететеді" ЕгеменҚазақстан, 2-маусым 2000ж. 

4.Байгісиев М.Н. "Халықаралық экономикалық қатынастар",  Алматы, 1998ж.