«Шыңғыс наме» шығармасының тарихи
танымдық ерекшелігі
Ахметбай А.Ж.
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
магистранты
Бүкіл
дүниежүзі
халықтары көне замандардан
бері бір-бірлерімен әлеуметтік-экономикалық
қарым-қатынаста, рухани-мәдени байланыста тұрмыс-тіршілік
етіп келеді. Онсыз адамзат өркениетінің жалпы дамуы мен бүгінгі күнгі қалпын
көз алдымызға елестету мүмкін емес. Әрине, белгілі бір
уақыт ауқымында әлемдік өркениеттен таса қалып,
оның ықпалына мүлдем ұшырамай, өз алдына
тұрмыс-тіршілік кешкен жекелеген тайпалардың біздің
ғаламшарымыздың түкпір-түкпірінде өмір
сүргені рас, бірақ
олардың да ертелі-кеш басқа халықтармен
қарым-қатынасқа түсіп, жалпы адамзат дамуының
көшіне ілескеніне тарих куә.
Көптеген ұлттар мен ұлыстар қоныстануының
географиялық жағдайына
қарай, белгілі бір территорияны ұзақ уақыт мекендеп,
бір-бірлерімен көрші тұрып, тіршілік етті. Осындай тарихи
объективті себеп-салдарлардың нәтижесінде олардың арасында
әлеуметтік-экономикалық тығыз байланыс орнады. Ал ондай
байланыс өзінің ықпал ететін түрлі тетіктері
арқылы олардың тұрмыс-тіршіліктеріне әсер етіп, сан алуан ортақ
ұқсастықтардың пайда болуын ғана туғызып
қоймай, мәдени, рухани өмірлеріне де ықпалын жасады.
Бірінен екіншісіне ауысқан тұрмыстық-материалдық
және рухани-мәдениеттік жетістіктер өзінің барған жерінде қанат жайып, одан
әрі өркендеп, дамыды.
Қабылдаушы елдің өзіндік әдет-ғұрпы
мен тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен ой-санасының
әсерінен жергілікті мәдениетке сіңісіп, ассимиляцияға
ұшырады. Жаңа жағдай мен ортаға бейімделіп,
өзгеше сыр-сипатқа ие болды. Сөйтіп, ұлттық бітім-болмысы мен
ұлттық ерекшелігі бар мәдениет пен өркениеттің
өзіндік өзгеше үлгісі ретінде жалпы адамзат өркениеті
мен мәдениетіне ұласып жатты. Сондай-ақ, бір-бірінен алыс
отырған түрлі елдер де әлеуметтік-экономикалық
жақтан селбелесе байланысып, тұрмыс-тіршілігін түзеп,
өмір сүріп, бүгінгі
күнге келді.
Олардың арасында үнемі болып тұрған
сауда-саттық ісі мен басқадай да алуан түрлі байланыстар
және адамзат тарихының әр кезеңінде болған
әскери қақтығыстар мен жорықтар сан алуан қарым-қатынастың
қалыптасып дамуына өз әсерін тигізді. Екінші жағынан,
олар бір елдегі бұрыннан келе
жатқан дәстүрлі мәдениетті түбегейлі
өзгертіп немесе мүлдем жойып жібермесе де, өзгеше
мазмұн мен формаға көшуіне әкелді. Сол себептен де
дүниежүзі халықтарына ортақ болып келетін
әлемнің бүкіл кескін-келбеті мен бейне-көрінісі
әр ұлттың өзіндік дүниетанымы мен
қабылдауына лайықталып, ұлттық сипатқа ие болып
қалыптасқаны даусыз. Бұның дәлелдерін сонау
ықылым замандардан бүгінгі күнге келіп жеткен әр
ұлттың дүниетанымдық мәдени, әдеби, тарихи
т.б. рухани мұраларынан көптеп табамыз. Сондай-ақ,
қазіргі кезде дүниежүзінде өмір сүріп жатқан
әр ұлт пен ұлысқа тән ұлттық діл
(менталитет) де соның нақты дәлелі.
Дүниежүзі бойынша әлемдік
өркениетке өзіндік кескін-келбетімен келіп жеткен, оған
өзіндік үлесін қосқан халықтар аса көп
емес. Әлемдік өркениетке өзіне тән
мәдени бітім-болмысымен келгендердің бірі – түркі тілдес халықтар.
Тамырын сан ғасырлық тарихтан алатын түркі
халықтарының әлем келбеті мен бейнесін танып-түсінуі
және оларды әр текті түрлі жанрда сомдауы – олардың
бізге мирас етіп қалдырған мәдени-әдеби мол мұраларынан айқын
байқалады. Және осы дүниелер дүниежүзі
халықта-рының өзін-өзі танып-білуінде рухани азық, сарқылмас қазына
болып келеді. Ол мұралардың көпшілігі түркі тілдес
ру-тайпалардың әлі іргесі сөгілмеген, шаңырағы
шайқалмаған біртұтас халық болған кезінде, сонау
өткен ғасырлардың қойнауында қалыптасқан
болатын.
Түркі тілдес халықтардың
шығу тегінің, тарихы мен рухани мұра-ларының
(тіл мен әдебиет т.б.) ортақтығы – оларға мына жаһандану зама-нында
бір-бірлеріне жақындасып, рухани жаңаруларын, бірлесе отырып
өз тарихының өткеніне терең үңіліп,
өзін-өзі танып-білуін ғана қажет еткізіп отырған
жоқ, оларға әлемдік өркениеттен өзінің
орнын анықтауда да, біртұтас түркілік мәдениетті
қалыптастырып, орнықтыруда да үлкен мүмкіншілік беріп
отыр. Себебі, қазіргі әлемдік бәсекелестік адамзат өркениетінің
көшбасшысы немесе алдыңғы қатарлы
елдерінің бірі болмасаң, із-түзсіз жоғалып, жойылып
кететіндігіңді өзінің техникалық прогрессивті дамуымен
үнемі ескертуде.
Әлбетте, әлемді танып-түсіну және ол туралы
ұғым бүкіл халықтарға ортақ болып келетіні
және ұлттық немесе жалпыадамзаттық
құндылықтарға айналған сол рухани
мұралар гуманистік
қағидалардың сабақтастығы негізінде жасалатыны,
сөйтіп, оның озық үлгілері әлемдік
өркениеттен берік орын алатыны ақиқат. Ондай
мұралардың көпшілігі әлемдік өркениеттің
жетістіктерінің қатарына жатқанымен, ұлттық
өзіндік сипаты болып, жалпы ұлттық, соның ішінде жалпы
түркілік өркениет пен түркілік ерекшелікті де нақтылай
отырып, бір негізден шыққан
бірнеше түркілік ұлттардың (қазақ, қырғыз,
өзбек, татар, башқұрт, саха, түрік т.б.)
қалыптасуына, олардың болашақ даму жолына және
олардың өзіндік өркениетінің
өрілуіне де негіз болды. Сонымен
қатар түркі тілдес елдерге әлемдік өркениеттен елеулі
орын иеленуде де маңызды рөл атқарды.
Дей тұрғанымен, қазақ
жазба тілінің ХV-ХVІІ ғасырлардағы жай-күйін танытатын
жазба нұсқалардың көпшілігі бізге жетпеген, ал басым
бөлігі түрлі объективті, ішінара субъективті
жағдайларға байланысты шетелдік мұражайлар мен кітапханалар
қорында жатыр.
Біз қарастырып отырған Өтеміс
қажының «Шыңғыс наме» шығармасындағы тарихи
мәтіндер сол кезеңдердегі, яғни ХV-ХVІ ғасырдағы ескі
қазақ жазба тілінің болмысынан, тілдік
құрылысынан жалпылама және нақты мәліметтер
береді. Бүгінгі таңда шығарманың екі
нұсқасы бар. Біз негізге алып отырған еңбектің алғашқы
нұсқасын В.П.Юдин
дайындаған шығарма
мәтінінің транскрипциясы. Ал А.З.Валидов 1913 жылы Орынбор қаласынан «Шыңғыс
наменің» Ташкент қолжазбасына қарағанда
әлдеқайда толық көшірмесін тапқан [1.88]. Стамбул
қаласында шыққан Мұстафа Кафалидің «Алтын Орда
хандығының құрылу және ыдырау дәуірі» атты
еңбегінде «Шыңғыс наменің» толық көшірмесі
пайдаланылғанын айтады [2.11].
«Жошы хан оғландарының
тарихы» туралы Өтеміс қажының бұл
көшірмесі қазір Стамбулда
сақтаулы және де лингвистикалық тұрғыдан
әлі зерттелген жоқ.
«Шыңғыс наме»
В.П.Юдиннің тарихи зерттеуінде ХVІ ғ.
Дешті-Қыпшақтың саяси және
әлеуметтік-экономикалық тарихын, әскери қызметін,
тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, идеологиясы және тілінің
жарқын кейпін танытатын шығарма ретінде ерекше орын алады.
«Шыңғыс намені» аудару жұмысында В.П.Юдин әрбір
сөздің барлық грамматикалық жағынан
қолданысын сөздік құрауда ұтымды
пайдаланған. Бұл материалдар сөзсіз қазақ
тілінің тарихын зерттеушілерге қызығушылық тудырары
анық. Қазақ даласындағы ХІҮ ғасырдағы
саяси оқиғаларды қарастырғанда ерекше маңызды
орынға шығатын шығармалардың бірі Өтеміс
қажының «Шыңғыс намасы» болып табылады. Расында да
«Шыңғыс нама» түркі тілінде жазыла отырып, көптеген
атаулар мен терминдердің түп нұсқалық негізде
бізге жетуіне, оның бұрмаланбауына мүмкіндік берген. Сонымен
қатар, шығармада Шығыс Дешті Қыпшақ
көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігі, әскери ісі, музыкасы,
шаруашылығы және де басқа өмірлерінің
қырлары туралы құнды мәліметтер келтірілген.
Далалық ауызша тарихи ілімнің (тарихнаманың) көрінісі
болып табылатын «Шыңғыс нама» әлі күнге тарихшылар
тарапынан назардан тыс қалып келеді. Орта ғасырлық
тарихтағы өзіндік ерекше орны бар Алтын Орда, Ақ Орда
кезеңін зерттеуде Өтеміс қажының «Шыңғыс намасы»
аса маңызды және неғұрлым шындыққа
жанасымды мәлімет көзі бола алады. Далалық ауызша тарихнама –
бүкіл Евразия халықтарының ауызша тарихнамасында ғана
кездесетін жеке жағдай. Ал ауызша тарихнамаға келер болсақ,
ол өз кезегіңде әлем халықтары ауызша
тарихнамасының бір бөлігі болып табылады. Міне,
сондықтан да, ауызша тарихнаманы - қоғамдағы
тарихнаманың даму барысындағы әмбебап, белгілі бір
кезеңдік- типологиялық ғажайып құбылыс деп
айтуымызға болады.
Тілдік
тұрғыдан қарастырғанда қазақ тілінің
көнелік сипаттары көне түркі жазба ескерткіштерінің
тілінен айқын байқалады. Қазақ халқының
ұлт болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан рулар
мен тайпалардың, ұлыстар мен халықтардың өз
заманында қолданған тілдері қазіргі қазақ
тілінің қалыптасуы мен дамуының қайнар көзі болып
табылады. Оның біріншісі, алғашқы қазақ
хандарының жарлықтары, бір-бірімен және өзге елдермен
арадағы қарым-қатынас қағаздары. Өйткені
әрбір қазақ ханы іс қағаздарын, үкім-жарлықтарын
жүргізіп, оны іс жүзіне асыратын, кеңсе хатшылығы
қызметін атқаратын уәзір ұстап отырған. Екіншісі,
тарихи шежіре сипатындағы тарихи туындылар. Бұл тарихи туындылардың
қатарына Өтеміс қажының «Шыңғыс наме»
шығармасымен қатар Қадырғали Қосымұлы Жалайыридің
«Жамиғат-Тауарих», Әбілғазы Бахадүр ханның
«Шежіре-и Түрки» еңбегі, «Әділ сұлтан» эпикалық
жыры сияқты туындылары жатады.
Бұлар жазба нұсқалар болғандықтан, хатқа
түскен кезеңдегі жазба дәстүрдің толық
сақталып қалғандығымен ерекшеленеді.
Түркітану
ғылымында белгілі бір жазба ескерткіштің лексикасын сөз
еткенде бірсыпыра зерттеушілер оның тұтас лексикалық
байлығын көрсету мақсатымен ескерткіштің сөздігін
берсе, екіншілері ескерткіштің лексикасын әр түрлі
ыңғайда жүйелеп, оған тілдік деректер келтірумен
шектеледі. Соңғысында ескерткіш лексикасы ондағы
сөздердің шығу тегі жағынан талданады немесе олар
семантикалық (мағыналық) жағынан тақырыптық
топтарға бөліп көрсетеді не сөз таптарына қатысты
жүйелейді [6.60].
Жоғарыда атап өткен
Өтеміс қажының «Шыңғыс намасы» ауызша,
елдің есінде қалған мәліметтер негізінде
жазылған, В.В. Бартольдтың айтуы бойынша: Ол тарихи
шығармалардан кейбір хандардың ғана атын тапты, тіпті
олардың хандық құру жылдары туралы мәліметтері
жұтаң еді, көптеген хандар өз атымен де аталмаған
екен. Сондықтан да ол білімді адамдардан ауызша өткен заман туралы
мәліметтер жинай бастады. Келе-келе ол аңыз-дастандардың
білгірі ретінде таныла бастады ...» [3]. Өтеміс қажы, тірнектеп
жинаған материалдарын сүзбеден өткізіп барып қана
пайдаға жарататын. Бұл туралы Өтеміс қажы: «Нә іш
бірлә вә нә кәйфійәт бірлә хан
болғанлары мәзкүр әрмәс // әрді вә
көпрәкінің атлары һәм мәзкүз
әрмәс әрді. Чүн маңа даъійәол //
әрдә кім фәлан // кіші қары сөзні йахшы
білүр тесәләр, әлбәттә андын барыб тәһқіқ
вә тәфтіш қылур // әрдім вә әқл
тәразусыға мувазіне қылыб мәъқулын хатірімда
кізләб намәъқулны // бәр тәрәф қылур
әрдім»(«Не іс атқарған және қандай хан
болғандығы мәшһүр емес // әрі
көпшілігінің аты мәшһүр емес еді, соны білмек
едім. Сол себепті пәлен деген көне сөзді жақсы білетін
шешендерге, әлбетте соларға барып, мақұлын
қаперімде тізбелеп, не мақұлын бейтарап қалдырушы едім
...») [4].
Аталған шығарма қазақ тілінің
дамуының, қалыптасуының бір болып табылатын орта ғасыр
жазба ескерткіштерінің барлығы бірдей толығымен ғылыми
айналысқа түсіп, оның
тілдік ерекшеліктеріне қатысты мәселелер толық зерттелді деп
айта алмаймыз. Орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінің тіл тарихы
тұрғысынан ерекшеліктерін айқындау да осы уақытқа
дейін шешімін таба алмай келе жатқан келелі мәселелердің
қатарында. Қазіргі қазақ тілінің түп тамыры
болып есептелетін «Шыңғыс наме» шығармасы
лингвистикалық тұрғыдан әлі де жете зерттеуді
қажет ететін шығарма.
Пайдаланған
әдебиеттер
1 Өмірбаев Е.Ж. Лексико-семантические и словообразовательные
осо-бенности в пиьсенных образцах староказахского языка (ХV-ХVІІ в.в.). афтореф.канд.дис. - Алматы, 2003.
2
Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері ІІІ том:
Өтеміс қажының «Шыңғыс намесі» тілінің
көрсеткіш сөздігі. - Алматы: «Дайк-Пресс», 2006.
3 Бартольд В.В.
Отчет о командировке в Туркестан (летом 1902) // Соч. – М., 1973. Т.8. – С.
164-169.
4 Утемиш-хаджи.
Чингиз-наме/Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические примечения,
исследование В.П. Юдина. Комментари и указатели М.Х. Абусеитовой. – Алма-Ата:
Гылым, 1992. – 296 с (С. 119.).