ҚОБЫЗ ӨНЕРІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ-ЖАППАС
ҚАЛАМБАЕВ
А.Карсыбаева
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институты. Шымкент., Қазақстан
Қазақтың
көнеден келе жатқан музыкалық аспаптарының бірі ретінде
қобыз да қилы-қилы кезеңдерді басынан өткерді.
Қобызды қолына алған халық арасындағы
бақсы-балгерлердің бойында да дарын-қабілет болған.
Олардың арасындағы өте дарындылары қобызды
қолынан тастамаған.
Бұл
көне аспапта халқымыздың сан ғасырлық
мұңы мен арманы, қуанышы мен күйініші жатыр.
Қобыздың қоңыр үнімен адамның ішкі
жан-дүниесі өбісіп, қабысқанда ғана көкейге
қонымды саз толғайды. Қобыздың аққу,
қаздың дауысына ұқсас қоңыр әуезі
жүректі тербеп, жаныңды шымырлатады. Осы қасиетті қобыз
аспабын ұлтымызға алғаш еншілеп, халқымыздың
көкейіне қонымды саз тербеп, түрлендірген ІХ
ғасырдағы Қорқыт ата, ХІХ ғасырда өткен
атақты қобызшылар Қойлыбай мен Ықылас. Сол
абыздардың өнер мұрасын кейінгі ұрпаққа
жеткізе білген виртуоз күйші, композитор Жаппас Қаламбаевтың
еңбегі өлшеусіз деп айтсақ қателеспейміз.
Қорқыт
атамыздан бастау алған қазақтың дәстүрлі
қобыз өнерінің майталманы, шебер орындаушы Ж. Қаламбаев
1909 жылы Шымкент облысының Созақ ауданына қарасты Талап ауылында
өмірге келген. Қобызшының өнерге деген ықыласы
жас кезінен-ақ байқалады. Бала кезінен сезімтал,
ізденімпаздығымен ерекше көзге түскен Жаппас дарынды
өнер иелері сал-серілердің музыкасымен сусындап, үлкен
жиын-мерекелерге, би-шешендердің бас қосуына, айтыс-тартыстарына
қатысып, белгілі халық сазгерлердің өнерін
меңгеріп, тыңдаушылардың көңілінен шығып,
белгілі орындаушы атанады. Жаппастың осындай дәрежеге жетуіне,
Ықыластың музыкалық мұрасын толығымен біздерге
жеткізуіне бірден-бір себепші шертпе күй шебері Сүгір Әлиев
екенін баршығы мәлім. Ықылас пен Арқадағы Сайдалы
Сары Тоқадан бата алған Сүгір күйші жас кезінде,
Ықыластың күйлерін қобызда, кейіннен домбырада
шеберлікпен орындаған деседі. Сол күйлерді Жаппас үйреніп
қайтадан қобызға түсіреді.
Қаратау
шертпе мектебінің негізін қалаған домбырашы Сүгір
Әлиұлы өзіне дейінгі күйшілердің мұрасын
терең меңгеріп, сазгерлігімен күй өнерін жаңа
белеске көтерген үлкен дарын. Ол қобыздың «пірі» атанған
Ықыластың төл шәкірті ретінде қобызды да
жақсы игерген. Мұндай феномен Сүгірдің шәкірті –
Жаппас Қаламбаевқа да қонып, жалғасын тапқан. Ол
екі өнер мектебін бірдей меңгерген. Біріншісі – домбыра, екіншісі –
қобыз. Жаппас Қаламбаев Ықылас күйлерін
алғашқы домбыра арқылы үйренеді де кейінірек оларды
қобызға лайықтап, өзіне ғана тән
мәнерімен, техникалық шеберлігі айқын орындаушыға
айналады. Сүгірдің қайталанбас күйлерінің
әсері оның бойына сіңіп, ішкі дүниесін тербелетіп,
үлкен сахнаға шығуына ықпал етті.
Сонымен,
төлтума қобызшы Ж. Қаламбаев, Сүгір мектебінің
дәстүрін жалғастырушысы болып саналады.
Оның қобызшылық
өнерінің ары қарай қалыптасып, шеңберінің
кеңейіп дамуына қамқоршылық білдірген белгілі сазгер,
өнер қайраткері, академик А. Жұбанов болды. 1934 жылы
Алматыда өткен бүкілқазақстандық өнерпаздар
слетіне Ж. Қаламбаевта қатысып, қобызшылық өнерімен
ерекше көзге түседі. Сол кезде жаңадан ұйымдаса
бастаған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар
оркестрінің құрамына қабылданып, оркестрдің
іргетасын қалаушылардың бірі ретінде аспаптық өнерін
ары қарай жалғастырып, сахнаның санаулы шеберлерінің
біріне айналады.
Сонау көне
заманнан бізге дейінгі қазақтың аспаптық музыкасын
жеткізіп, аманат еткен халық аспаптар оркестрінің
алғашқы құрамындағы орындаушылардың бірі –
Жаппас Қаламбаев. «Қобыз қазағымның,
ата-бабамның өнері, ғажайып дарыны екен. Сондықтан
халқым алдында өтелмеген қарызым көп, шамам келсе соны
өтей бермекпін», - деп айтатын Жаппас .
Ж.
Қаламбаевтың ойнау ерекшелігі географиялық өмір
сүрген ортасына да байланысты. Тарлан домбырашылар Тәттімбет,
Сүгір, Дәулеткерей, Дина, Тоқа, Дайрабай күйлерін
қобызға салып орындайтын. Сонымен қатар, Жаппас
өзінің ауызекі түрде жаттап алған шығармаларына
мәнер-стилін қосқан. Ол орындаушы ретінде
қазақтың музыкалық мәдениетіне, күй мен
әндеріне жаңашыл ырғақ, мақам қосқан
шебер күйші. Сол күйлердің образдық әлемін, ойнау
тәсілдерін, өрнектеу әдістерін, ойнау техникасын және
теріс бұраудағы домбыра күйлерінің даму композициясын
қобызға түсіріп, айнытпай орындаған.
Жаппас Қаламбаевтың қылқобызда орындаған "Жезкиік", "Қасқыр", "Мұңлық-Зарлық", домбырада орындаған "Тоғыз тарау", "Жұман", "Аққу" күйлері мен өзінің "Марш" күйі, "Кең өлке" әні, "Күй толғау" романсы қазақ музыкасының алтын қорына қосылған айтулы шығармалар болып есептеледі. Жаппас Қаламбаевтың қазақтың музыка өнеріне сіңірген еңбегінің негізі Қорқыт пен Ықылас, Сүгір күйлерін қобыз шанағына түсіріп, қайта жаңғыртып жеткізе білуінде жатыр. Қылқобыздың сиқырлы үнін ғасырлар сарынымен ұштастырып, кейінгі ұрпақтың құлағына құя білуде Жаппас Қаламбаевтың еңбегі ерекше болғанын оның соңынан қалған өнер мұрасы дәлелдесе керек.
Қобыз
дәстүрін бұзбай біздің заманымызға жеткізген
Қаламбаевтың өнерін академик А. Жұбанов жоғары
бағалап жазады: – «Жаппас өзінің кыл ішек
тағылған қобызын тартқанда, тірек болу үшін сол
құлақтың бірін сол жақ шекесіне тіреп
қояды. Оның халық қобызын ұстаудағы
түйінінің үлкен акустикалық мәні бар. Ал
қобыздың орындауы домбырадан анағұрлым басқа,
қиын екенін музыка танушылар жақсы біледі. Онда ойнау скрипкадан да
гөрі қиынға соғады. Өйткені қобызда
саусақтарды басатын мойны жоқ. Солай бола тұрса да, Жаппас не
бір техникалық күйлерді құйқылжытып
тартқанда, адам баласының ала алмайтын қамалы
жоқтығына таң қаласын»
Дара
қобызшының орындауындағы өзіндік стилі, жоғары
көркемділігі музыка сүйер қауымның жүрегін
баулитын. Оның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалап,
көптеген зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін жазып
қалдырған. Соның ішінде белгілі жазушылар І. Жақанов,
Б.Ғизатов, Е.Рахмадиев т.б. Өзіндік орындаушылық стилімен
ерекшеленетін Ж.Қаламбаев халық музыкасын жинастыруда да елеулі
еңбек етті. Көптеген күйлерді қайта
жаңғыртып, қолтаңбасын қалдырған феномен.
Қобыздың ішкі дүниесін жетік білген ол жеке орындаушы ретінде
сахнаға жиі-жиі шығатын. Сондықтан ХХ ғасырдың
орындаушылық саласында оның алатын орны биік те, ерекше. Ұлы
қобызшы оркестр тәрбиесін көріп өскен, қобызда
ойнағанда шығарманың құрылымын дәл
сақтауды принцип ретінде ұстаған. Сондықтан оның
ойнау тәсілі, дәстүрлі өнер мектебіне жатады.
Қобыз репертуарын байытып, асқан шеберлікті қажет ететін
күйлер мен көптеген халық әндерін қыл
қобызға арнап нота беттеріне түсірген.
Ж.Қаламбаев-белгілі
орындаушы музыкат қана емес, дирижер-композитор, ұлағатты
ұстаз, оркестр жетекшісі де бола білген тұлға. Ол оркестр
мүшелерінің ең алғашқыларының бірі болып
Қазақ ССР «Еңбек сіңірген өнер қайраткері»
атағына ие болған. Ұлттық музыка
өнеріміздің жетістігі жолында аянбай еңбек етіп,
қаншама жастарға өнегі –үлгі бола білген.
Шебер өнер
иесі Ж. Қаламбаев өмірінің соңғы күніне
дейін өзінің аспабында «күмістей»
сыңғырлаған әсем-қоңыр дыбысын сақтап
қалған. Қазақ радиосы қорына дарынды
қобызшының бірнеше әндері мен күйлері жаздырылып
алынған. Ж. Қаламбаев ұлттық музыка
мәдениетіміздің көрнекті өкілі, қыл қобыз өнерін
дамытуда оның еңбегі айрықша. Орындаушы ретінде
қалың жұртшылықтың сүйіспеншілігіне
бөленді. Оның шығармашылық мұрасы мен
орындаушылық шеберлігі, өзінің қайталанбас сипаты
және көркемдік құндылығы рухани
байлығымыздың биік саласына айналды.
Адам баласы ертеңгі күнге үміт артуын тоқтатпайды. Мұндайда: "Уақыт бәріне төреші. Ешкімнің еңбегі ұмытылмайды, уақыт бәрін орын-орнына қояды" деген қағиданы көңілімізге қанша тоқ санайық десек те сол сирек талант иелерінің қадір-қасиетін шын сезініп өскен, халқына сіңірген еңбегінің бағасын жетік білетін көзкөрген, жақын араласқан жандар біртіндеп өмірден өтіп бара жатқанын көріп-біліп отырып, олардың келешекте шынында да лайықты орнын алатынына күдікпен қарайтын кезің болады екен. Талант иесінің нағыз бағасын беріп, өнердегі орнын айқындап кететін оның қатар өмір сүрген замандастары, халықтық дәстүрлі өнердің қадір-қасиетін шын сезініп өскен жандар емес пе деген ойға тоқтаймыз. Әуен мен сарынның түсін ажыратып, дәмін татқан Жаппастану өнері мен ілімі телегей теңіз тұңғиық әлем іспеттес.
Пайдаланған әдебиет
1.
Ө.Қырғызбаев «Қобызшы Ж.Қаламбаев» А,2009
2. Қ.Садық
«Дара қобызшы Ж.Қаламбаев» А, 2009
3.А.Жұбанов
«Ғасырлар пернесі» А. 1975