ТӘРБИЕ - ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ
ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ШЕШУШІ ФАКТОРЫ РЕТІҢДЕ
Ауелгазина Т.К.
Саяси ғылымдарының докторы, доцент,
Педагогикалық білімнің халықаралық Ғылым
Академиясының академигі,
«ӨРЛЕУ»
біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік
қоғамының
филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін
арттыру институты» директорының ғылыми-әдістемелік
жұмыстар жөніндегі орынбасары
Қазақстан
Республикасы, Алматы қаласы
Балаңды
өз тәрбиеңмен тәрбиелеме,
Өз ұлтыңның
тәрбиесімен тәрбиеле
Бабалар өсиетінен
Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын ұлы
мұрат - міндеттің ең бастысы өзінің өмірі
мен ісін жалғастыратын саналы да салауатты, ұлтжанды,
ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі кең
ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.
Тәрбие мәселесі - ұрпақтан
ұрпаққа таралып, жетілдіріліп отыратын өмір мектебі.
Қазақ халқының тәрбие дәстүрі
қай халықтан да болсын кем түсіп көрген емес. Олай
болса, бүгінгі ұрпағымызды халқымыздын баға жетпес
бай салт-дәстүрлері негізінде тәрбиелеп, олардың
санасына ата-бабаларымыздың озық дәстүрлерін
терең сіңіру қажет.
Тәрбие –
адамзаттың тарихи қалыптастырған әлеуметтік
тәжірибесін мақсатты түрде ұрпақтан
ұрпаққа жеткізу үдерісі.
Тәрбие –
тәрбиеленушілер бойында көзқарастар мен сенімдер,
құндылықтар мен әлеуметтік қасиеттерді
қалыптастыру мақсатындағы тәрбиеші мен
тәрбиеленушілердің өзара әрекеттесулерінің
үдерісі.
Тәрбие ұғымы
кең мағынада әлеуметтік қоғамдағы
құбылыс ретінде барлық тәрбие салаларын, атап
айтсақ: отбасы, мектепке дейінгі мекемелер, оқу тәрбие
орындары, еңбек ұжымы, ақпарат құралдары, баспа
орындарын қамтиды. Біздің мемлекетте бұл салалар
қоғамдық, мемлекеттік мақсатқа қызмет
етеді.
«Тәрбие кең
мағынасымен алғанда, қандай болса да бір жан иесіне тиісті
азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек
көрсету деген сөз. Ал, енді адамзат туралы айтылғанда,
адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі
қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген
мағынада жүргізіледі» [1]. Демек, тәрбие кең мағынасында
бүкіл сыртқы әсерлердің, адамды қоршаған
табиғи және әлеуметтік ортаның,
тәрбиешілердің мақсатты іс-әрекеттерінің
ықпалымен адамды қалыптастыруды білдіреді.
Ал, «тәрбие»
ұғымы тар мағынасында жеке тәрбиелік міндетті шешуге,
жеке адамның белгілі бір қасиетін қалыптастыруға,
мәселен, эстетикалық талғамын тәрбиелеуге
бағытталған жұмыс.
Тәрбие жаңа
ұрпақты өмірге, еңбекке дайындау арқылы
коғамның алға қарай дамуын қамтамасыз ететін
үдеріс. Қоғамда мұғалім, педагог,
тәрбиешілер жеке адамның қалыптасуына ықпал жасай
отырып, арнайы тәрбие жұмыстарын ұйымдастырып, ерекше
әдіс-тәсілдерді қолданады.
Осыған орай жеке
тұлғаны қалыптастыру - объективті үдеріс. Ол әр
адамның бала кезінен бастау алуы қажет. Баланың дамуы
және жеке тұлға болып қалыптасу үдерісі отбасында
негізделеді. Отбасында ата-анасы және өзге де отбасы мүшелері
баланың тәлімді де тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар
аударатыны анық. Өз кезегінде баланың бойына жас кезінен
тағылымы зор тәрбие негіздерін орнықтырудың
маңызы өте зор. Себебі бала жасынан қалыптасқан мінез,
тәлім-тәрбие, қарым-қатынас қағидалары
көбінесе есейгенде де сақталынады. Сондықтан әр адам
өзінің ар-намысын, қадір-қасиетін жоғары
ұстап, өзін-өзі тәрбиелей білуі керек.
Өзін-өзі тәрбиелеуге
әр адамның жақсы қасиет пен талғамға
үйренуінің негізінде өз бойындағы бағалы адами
қасиеттерін жетілдіруі жатады. Олай болса, «моральдың негізгі
міндеті - адамның мінез-құлқын тәрбиелеу, осы арқылы
олардың бойында адамгершілік, әдеп сақтау қатынастарын
қалыптастыру, сөйтіп адам мен қоғам арасындағы
қатынасты реттеу болып саналады» [2]. Демек, еліміздегі өсіп келе
жатқан жас ұрпақ өкілдеріне қажетті сапалы білім
мен салиқалы тәрбие берілуі тиіс.
Әбу Насыр Мұхаммед
ибн Тархан әл-Фараби алғашқылардың бірі болып адамды
ардақтап, әр адам өмірінде бақытты болуға
лайықты. Ал, адамдар бақытқа мемлекетті дамытып,
жетілдірудің негізінде жете алады. Сондай-ақ, тек жетілген
қоғам тұсында ғана адам білім-ғылымды игеру мен
тәлім-тәрбиені алу арқылы кемелділікке қол жеткізеді
деп тұжырым жасайды. Ойшыл жас ұрпақты бақытқа,
кемелділікке жеткізудің басты құралдары ретінде үлгілі
мінез-құлық, адамгершілік пен ақыл-ой, парасатқа
зор мән бере келе: «Жақсы мінез-құлық пен
ақыл күшті болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық
қасиеттер болып табылады... Егер осы екеуі... бірдей болып келсе, біз
өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз
және осы екеуінің арқасында біз ізгі, игілікті және
қайырымды адам боламыз», - дейді [3].
Ал, әйгілі түрік
ойшылы Жүсіп Баласағұн «Құтты білік»
шығармасында:
«Сәбиінде көкірекке
түйгені
Өлгенінше санасында
жүреді!
Ұяда не көрсе, соны
іледі,
Сүтпен сіңген
өле-өлгенше жүреді!» [4], - деген бәйіті «Ұяда не
көрсе, ұшқанда соны іледі», «Сүтпен біткен мінез,
сүйекпен кетеді» деген мақалдармен үндес. Яғни,
Ж.Баласағұн бұл бәйіттерінде өмір есігін енді
ғана ашқан жас ұрпақты отбасында және
қоғамдық ортада ұлттық тәрбие
құндылықтарына тәрбиелеудің орны бөлектігін
атап көрсеткен. Міне, сонда әрбір бала ұрпақтан
ұрпаққа жалғасып келе жатқан ізгі
қасиеттерді, әдеп ережелерін өз өміріне серік етіп
өседі дейді.
Баланың ұжымға
енуі мен әлеуметтік бағыттағы жеке тұлғаға
тән қасиеттерінің оның бойында орнығуы бірден
жүзеге аспайтыны белгілі. Ол мұғалімдер мен тәрбиешілердің
әр түрлі сыныптағы оқушылардың
мінез-құлқын және іс-әрекеттерін бақылауы
мен оған талдау жасауының негізінде жүретін әрі
ұзаққа созылатын үдеріс. Міне, осылайша жеке
тұлғаның қалыптасуы өте ертеден басталып,
бүкіл өмір бойына жалғасады. Кішкентай баланың
үлкендердің қарсылығына қарамастан белгілі бір
жағдайдың шегінен шығып, қиялының ырқымен
өз ойын жүзеге асыруы оның жеке тұлға болып
қалыптасу жолына түскенінің бастамасына жатады. Белгілі
психолог ғалым Л.И.Божович тұжырымдап көрсеткендей:
«Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасу жолы оның
қоршаған ортаның тікелей ықпалынан бірте-бірте босануы
мен осы ортаның белсенді қайта жасаушысына айналу үдерісі
болып табылады» [5]. Әрине, бұл адамның жеке
тұлғаға айналу жолының тек бастамасы ғана
екендігі айқын. Өйткені субъект өзінің алдына
қойған мақсатына жету үшін сыртқы ортаның
ықпалымен қатар, өзінің мүмкіндіктерін
пайдаланудың арқасында ішкі бөгеттерді жеңе білуі
қажет. Бұған адам қоғамдағы алдыңғы
ұрпақтың әлеуметтік тәжірибесін жетік
меңгерген кезде жете алады.
Сайып келгенде, баланы
мақсаты айқын, белсенді жеке тұлға ретінде
қалыптастыру оның бүкіл іс-әрекетін дұрыс
әрі саналы түрде ұйымдастырған жағдайда
ғана мүмкін болатыны белгілі. Жеке тұлғаның жан-жақты
жетілуі үшін Макаренко сөзімен айтқанда, кең
түрдегі тәрбие, жалпы білім, кітап, газет, еңбек, қоғамдық
жұмыс, сонымен қатар ойын-сауықтар, демалыс болуы керек. Жеке
тұлғаны қалыптастыруға мемлекеттік құрылым
білім беру мекемелері арқылы зор ықпалын тигізеді. Ұжымда
тіршілік ету оқушының бойында болашақ жеке
тұлғаға тән сапа-қасиеттердің, сонымен бірге
ұжым мүддесіне сай саналы түрде әрекет жасауды
қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, білім беру
мекемелері жас ұрпақ өкілдерінің санасында
қоғамның болашақтағы белсенді бір мүшесіне
айналуына негіз болатын құрал ретінде ғана емес, сонымен
бірге бүгінгі өміріне азық болатын тағылымды
тәлім-тәрбиені бойына сіңіретін ерекше бір орта болып табылады.
Пайдаланылған
әдебиеттер тізімі:
1. Жұмабаев М.
Шығармалар жинағы. 3-том. Аудармалар, ғылыми еңбек,
мақалалар. - Алматы: Жазушы, 2008. – 98-б.
2. Оразбекова К. Иман және
инабат. - Алматы: Ана тілі, 1993. – 23-б.
3. Әл-Фараби. Бақыт
жолын сілтеу // Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. -
Алматы: Ғылым, 1975. - 11-12-бб.
4. Баласағұн Ж.
Құтты білік. - Алматы: Жазушы, 1986. – 175-б.
5. Божович Л.И. Проблемы
формирования личности. - Москва: Изд-во «Институт практической психологии»,
Воронеж: НПО «МОДЭК», 1993. – С.15.