Заркенова Ж.Т., Аббасова Э.Ш.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды
қаласы
ЦЕРЕБРАЛЬДЫ САЛ АУРУЫ БАР
ОҚУШЫЛАРМЕН ЛОГОПЕДИЯЛЫҚ ТҮЗЕТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ
МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
2002
жылдың 11шілдесінде қабылданған Қазақстан
Республикасындағы «Мүмкіндігі шектеулі
балаларға әлеуметтік және
медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау
көрсету туралы» Заңына
сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі
балалар білім алуға және шығармашылық,
дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең
құқылы [1]. Осы заң
аясында жарымжан балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне
мән берілген. Дизартриямен зардап шегуші балалардың
сөйлеуінің даму ерекшеліктері олардың жүйелі
түрдегі арнайы оқытуды қажет ететіндігін көрсетеді.
Бұл түзету жұмыстары сөйлеудің дыбыстық
жағынан кемшіліктерді жоюға, лексикалық қордың
дамуына және сөйлеудің грамматикалық
құрылымының дамуына, оқу мен жазудың
бұзылыстарын жоюға бағытталады.
Осындай
түзету тапсырмалары сөйлеу бұзылыстары бар балаларға
арналған арнайы мектептерде шешіледі. Бұл жерде бала жалпы
оқытатын мектептің тоғыз жылдық бағадарламасын
меңгере алады.
Ал
мектеп жасына дейінгі дизартриямен зардап шегетін балалар сөйлеудің
фонетикалық және лексико – грамматикалық
құрылымын құрастыруға бағытталған
арнайы мақсатталған логопедиялық сабақтарды қажет
етеді. Бұл сабақтар арнайы сөйлеуінде бұзылыстары бар
балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерде өткізіледі.
Дизартриямен
зардап шегуші балалармен өткізілетін логопедиялық түзету
жұмыстары әр түрлі формаларында кездесетін
сөйлеудің кемшіліктерінің құрылымын білуіне,
баланың тұлғалық ерекшеліктерін есепке алумен, жалпы
және сөйлеудің моторикасының бұзылыстарының
механизмін білуіне сүйенеді.
Дизартрия
(грек сөзінен шыққан, қиыншылық, бұзылыс
деген мағына білдіреді) – сөйлеу аппаратының жеткіліксіз
иннервациялануы салдарынан пайда болған сөйлеудің
бұзылысы болып табылады. Ол бас миының артқы маңдай
бөлімінің және қыртыс асты бөлімдерінің
зақымдалуынан пайда болады.
Дизартрия
кезінде сөйлеу органдарының: жұмсақ
таңдайдың, тілдің және еріннің
қозғалысы шектелген болады. Ересек адамдарда дизартрия болатын
болса, олардың сөйлеу жүйесі бұзылады, ол есту, жазу,
оқуға еш әсер етпейді. Ал балаларда ерте жасында пайда
болған дизартрия әдетте жазудың, оқудың, сөздерді
дұрыс айтудың бұзылыстарына алып келеді. Кейбір
жағдайларда тіптен сөйлеу дағдылары дамымай қалуы
мүмкін. Осы сөйлеу кемістіктері логопедиялық түзету
жұмыстарының жүргізілуімен түзетілуі мүмкін.
Сөйлеу
бұзылысын дизартрия кезінде анықтау оңай. Себебі,науқастың
сөйлеген сөзі мыңқау, мұрыннан естіледі
және дұрыс емес болып естіледі. Айқын көрінетін
«диагностикалық симптом» болып «аузын толтырып алып сөйлеп
тұрғандай» табылады.
Дизартриямен
зардап шегетін науқастар тек нашар сөйлеп қана
қоймайды, олар сонымен қоса тамақ ішуде де
қиындықтарды кездестіреді: олар қиын шайнайды, тамақ
ішкен кезде шашалады, ал ата –аналар оларға көмек ретінде
тамақты езіп берсе, ол логопедиялық түзету жұмысына
кері әсерін тигізеді. Себебі, бала оған үйреніп алады да,
өзі шайнауға, бұлшықеттерін жұмыс істетуге
тырыспайды, дайынға әбден үйреніп қалады. Ал бұл
өз кезегінде зақымдалған сөйлеу мүшесінің
ары қарай дамуын шектейді және логопедиялық түзету
жұмысының жағымды нәтижелерге жетуді баяу
қарқынға салады. Бұл өз кезегінде логопедиялық
түзету жұмыстарының курсын ұзарта түседі.
Дизартриямен
зардап шегетін балалар өз денелерін нашар билейді, бір аяқта секіре
алмайды, түймелерін таға алмайды, бауларын өз бетімен байлай
алмайды, ұсақ қимыл –қозғалыстарды орындау
қиынға соғады, себебі бұл балалардың
ұсақ моторикасы да зардап шегеді. Осындай қарапайым
қозғалыстарды орындай алмағаны үшін ата –аналары
балаларға ұрысатын болса, бала бір қарапайым қимыл қозғалыс жасаудан тіптен бас тартады немесе
сөйлеуге деген ынтасы жоқ болып кетуі әбден мүмкін. Ал
бұл өз кезегінде ата –аналармен «еркелік» ретінде танылып, осыдан
ары қарайғы «репрессивті» шараларды қолдануға
мәжбүр етеді [2].
Дизартриясы
бар балалар өз – өзіне қызмет ету дағдыларына
қиындықпен үйренеді. Сурет сабақтарында
қарындашты дұрыс ұстай алмайды, олардың қолдары
күштеніп тұрады немесе керісінше әлсізденіп тұрады.
Көбісі сурет салғанды ұната қоймайды. Еңбек
сабақтарында пластилинмен немесе аппликациямен жұмыс
жасағанда олардың қол икемділіктері келмейді, осы жерде
олардың қолдарының ұсақ моторикасының аса
көп зардап шегетінін анық байқауға болады. Ондай
балалар үлкеннің көмегінсіз қолдарының
саусақтарын жұдырыққа жинай алмайды немесе керісінше
қолдарын жұдырықтан ашып ұстай алмайтын қалыпта
да болады және кеңістікте бағдарлануда қиындықтарға
ұшырайды.
Ата
– аналарының айтуы бойынша 5 – 6 жастағы балалардың
көбісі құрастыру ойындарымен ойнамайды, оларға
қызықпайды, ұсақ ойыншықтармен ойнауды
жақсы көрмейді, пазлдарды (ұсақ мозаика) жинамайды.
Балаға
аузын шаю да оңайға соқпайды, себебі оның
жақтарының, ұрттарының бұлшықеттері
дұрыс дамымаған болғандықтан. Осының бәрі
ата – аналардың дұрыс емес психологиялық бет алыстарында
және педагогикалық түзету жұмыстарының
жоқтығынан балада көптеген өз – өзін кеміс
санаудың себептерін туғызады.
Дизартрия
диагнозы логопедтің шешіміне сәйкес дәрігер өзі
қояды. Ал логопед өз кезегінде дыбыс айтудың
бұзылыстарын зерттеп қана қоймай, ол сонымен қатар
сөйлеудің де, сөйлеу аппаратын да толығынан
барлық жағынан зерттеп шығуы тиіс. Бұл жерде
баланың интеллектінің дамуын зерттегеннің өз
маңыздылығы бар. Бұл түзету жұмыстары арнайы
психолог маманымен бірге жүргізілуі қажет.
Дизартрияның
көпетеген формалары бар. Әрқайсысына қысқаша
жеке–жеке тоқталып кетейік.
Қыртысты
дизартрия – бас миының қыртыстарының зақымдалуы
салдарынан пайда болады. Артикуляцияда қолданылатын
бұлшықеттердің зақымдалуынан сөздің
буындарын айтудың бұзылысымен сипатталады.
Мишықтық
дизартрия – мишықтың функциясының бұзылуы салдарынан
пайда болады. Сөздерді созылған, модуляциясы бұзылған
және әр түрлі дыбысталумен сипатталады.
Экстрапирамидалық
дизартрия – қыртыс асты байланыстардың және жүйкелік
байланыстардың бұзылыстарымен сипатталады. Сөйлеген кездегі
сөздер нақты емес, мұрындық, просодикасы қатты
зақымдалған, сөйлеу екпіні мен дыбыстық мәнерінің
құрылымы зақымдалған болады.
Паркинсондық
дизартрия – экстрапирамидалық дизартрияның бір түрі болып
табылады. Бұл паркинсон ауруы кезінде көрініс табады және
баяу созылмалы, нақты емес сөйлеумен, дауыс модуляциясының бұзылысымен
сипатталады.
Суықтық
дизартрия – миастения мен миастениялық синдром кезіндегі пайда болатын
симптом. Температурасы төмен бөлмеде артикуляция зардап шеге
бастайды. Ол әдетте диагностикаланбаған туа пайда болатын
миопатияның негізгі симптомының жалғыз куәсі болуы
мүмкін.
Жалғанбульбарлы
дизартрия – перифериялық парезбен немесе артикуляцияда қолданылатын
бұлшықеттердің салдануынан пайда болатын
тілдік–жұтқыншақтық және тіл асты
нервтерінің және олардың ядроларының
зақымдалуымен сипатталатын бұзылыс түрі болып табылады.
Жалғанбульбарлы
дизартрияда тіл асты және тіл –жұтқыншақтық
нервтерінің иннервациясы бұзылады. Сөйлеу айқын емес,
монотонды болып келеді.
Жойылған
дизартрия түрі– жақтық сигматизм түріндегі
ысқырық дыбыстардың айтылуының бұзылысы. Оны
Чехия дәрігері М.Зееман алғаш болып анықтаған болатын.
Бұл
сөйлеу бұзылысының түрі дәрігерлік (невропатолог,
педиатр, ортодонт) және педагогикалық (логопед, психолог)
тәжірибеде ең жиі кездесетін патологияның бірі болып
табылады. Науқас нашар және нақты емес дикцияға,
сөйлеген сөзінің мәнерлі еместігіне, сөз бен
сөйлемдерді дұрыс айтпауына, кейде күрделі сөздерде
дыбыстарды алмастыруға шағымданады.
Дизартрияның
ең ауыр дәрежесі БЦС – мен (балалардың церебральды салдануы)
зардап шегетін балаларда болады. Ал ең жеңіл дәрежесі ПДТ
(психикалық дамуы тежелген) және ақыл есі кем балаларда
көрініс табады.
Жойылған
дизартрия – сөйлеу патологиясы, сөйлеу функциясының
жүйесінің фонетикалық және просодикалық
компоненттерінің бұзылысында кездеседі. Ол бас миының
микроорганикалық зақымдалуы салдарынан пайда болады [3].
Дизартрия
логопедиялық тәжірибеде ең жиі кездесетін және ол
түзету жұмыстарына қиын соғатын сөйлеу
бұзылысы болып табылады. Дизартриямен зардап шегуші баланы анамнезін
жинаған кезде кейбір жағымсыз факторлар жиі кездеседі: ауыр акушерлік
анамнез (токсикоз,нефропатия,гипертония), босану кезіндегі асфиксия және
гипоксия, созылған немесе тез босану, Апгар шкаласы бойынша төмен
баға, бірінші жас кезеңінде бала невропатологтың перинатальды
энцефалопатиямен немесе орталық жүйке жүйесінің гипоксиялық
ишемиялық зақымдалу диагнозы бойынша бақылауында болуы.
Дизартрия
диагнозын көбінесе бес жастан кейін қояды. Бұл сөйлеу
бұзылысымен зардап шегетін баланы қараған кезде оның
неврологиялық және логопедиялық статустарында кейбір
ерекшеліктер байқалынады:
· баланың жалпы мотрикасы қалыпты емес;
· қолдың ұсақ мотрикасы нашар дамыған;
· өз - өзіне қызмет
етуде қиындықтар кездеседі;
· артикуляциялық мүшелердің
бұлшықеттерінің паретикасы;
· артикуляциялық мүшелердің
бұлшықеттерінің спастикасы (бет гипомимикалы, мимикалық
бұлшықеттерді сипау кезінде олар қатты немесе күшейіп
тұрады);
· діріл түріндегі гиперкинездер;
· тіл треморы;
· дауыс қатпарларының дірілінің бұзылысы;
· қол апраксиясы, еркін қозғалыстарды дұрыс орындай
алмаушылық;
· тіл девиациясы - тілдің орта сызықтан ауытқуы;
· гиперсаливация - сілекейдің көп бөлінуі;
· просодика - дауыстың өзгеруі, дауыс модуляциясының
жоғарылығы мен күшінің өзгеруі, сөйлеу
тынысы төмен, әлсіз, сөйлеу тембрі, екпіні, ритмі
бұзылған күйде болады.
Дизартрияның
пайда болу себептеріне тоқталатын болсақ:
· баланың құрсақ ішіндегі ерте даму кезеңіндегі
ОЖЖ (орталық жүйке жүйесінің) зақымдалуы
және бас миына жағымсыз факторлардың әсер етууінен
пайда болады. Әдетте ол ананың көп созылмалы
ауруларының нәтижесінде, оттегі жетіспеушілігінен (гипоксиядан),
интоксикация, токсикоздың әсерінен туындайды. Осындай
жағымсыз жағымсыз жағдайлардың нәтижесінде балада
босану кезінде асфиксия болады немесе ол мерзімінен бұрын туады;
· дизартрияның пайда болуына бала мен ананың резус –
факторларының сәйкес келмеуінен туындайды;
· баланың алғашқы бірінші өмір сүру
экспериментында жүйке жүйесінің инфекциялық
ауруларға ұшырау себебінен пайда болады. Бірақ бұл
себеп басқаларға қарағанда сиректеу кездеседі.
М.Мастюкованың
мәліметтері бойынша дизартрия БЦС (балалардың церебральды
салдануымен) зардап шегетін балаларда жиі кездеседі.Ол 65-85%
құрайды.
Дизартрияның
пайда болу себептеріне келесі жағдайлар да әсер етуі мүмкін:
· құрсақ ішіндегі даму кемістіктері: токсикоздар,
гипертониялар, нефропатиялар;
· жүктілік кезіндегі инфекциялық аурулар: тұмау, ОРВИ;
· нәрестелердің асфиксиясы;
· созылмалы немесе жылдам босану;
· баланың құрсақ ішінде көп уақытқа
дейін сусыз қалуы;
· босануға механикалық көмек көрсету: вакуум,
ұстағыштар [4].
Бұл
балалар өмірілерінің алғашқы жылдарында
неврологтың бақылауында болады. Оларға медикаментоздық
емдеу мен массаж арқылы ем жүргізіледі. Бір жасқа дейін
олардың диагнозында ПЭП (перинатальдық энцефалопатия). Ал бір
жастан кейін диагнозды шешеді немесе МШД (мидың шағын дисфункциясы)
диагнозын қояды.
Балалардың
бір жастан кейінгі дамуы әдетте қалыпты болады. Невропатологтар
оларды бақылаудан алып тастайды және бұл балалар
физиологоиялық дені сау балалар тобына жатқызылады.
Жойылған
дизартриямен зардап шегетін 5 – 6 жастағы балаларды зерттеген кезде
оларда мынадай симптомдар байқалынады:
1. Жалпы моторика:балалар еркін қозғалыстар жасай алмайды,
белсенді қимыл – қозғалыстар шектелген болады, оларға
салмақ түсірген кезде оларда тез шаршағыштық
байқалынады.
2. Қолдың ұсақ моторикасы:Жойылған дизартриясы
бар балалар өз – өзіне қызмет ету дағдыларына
қиындықпен үйренеді. Сурет сабақтарында
қарындашты дұрыс ұстай алмайды, олардың қолдары
күштеніп тұрады. Ата – аналарының айтуы бойынша 5 – 6
жастағы балалардың көбісі құрастыру ойындарымен
ойнамайды, оларға қызықпайды, ұсақ
ойыншықтармен ойнауды жақсы көрмейді, пазлдарды
(ұсақ мозаика) жинамайды.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Кемтар балаларды әлеуметтік және
медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау
туралы Қазақстан Республикасының Заңы. 2002ж. 11 шілде № 343-ІІ тарау.
2.
Сулейменова Р.А. Система ранней коррекци онной помощи детям с ограниченными
возможностями в Казахстана: проблемы создания и развития. Алматы, 2001.
3.
Мастюкова Е.М. «Нарушения речи у детей с церебральным параличем». . — М.: Просвещение,
2006.
4. Микляева
Ю. В. Логопедический массаж и
гимнастика. Работа над звукопроизношением. — М.: Айрис-пресс, 2010. —
(Популярная логопедия).