Заркенова Ж.Т., Жалғасбаева Ж.И., Оразбекова А.К.

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі мәселелердің бірі оларды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік бейімдеу, жан-жақты дамуларына көмек көрсету, әлеуметтік  өмір шеңберде тең құқылы тіршілік ете алуларына  жағдай жасау.

2002 жылдың 11 шілдесінде қабылданған Қазақстан Республикасындағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету туралы» Заңына сәйкес даму және денсаулық мүмкіндіктері шектеулі балалар білім алуға және шығармашылық, дүниетанымдық мәдениеттерін дамытуға тең құқылы [1]. 

Осыған орай, тарихқа үңіле келе, психикалық дамудағы  аздаған ауытқулар мәселесі, шетелдік және отандық ғылымда, тек XX ғасырдың ортасында пайда болды. Бұл кезде ғылым мен техниканың түрлі салаларында, қарқынды даму болды, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламалары күрделене түсіп, көптеген балаларға оқу қиындай бастады. Педагогтар мен психологтар мұндай үлгермеушілік себептерін, өте маңызды деп санап, талдау жасады. Көп жағдайда, бұл мәселе ақыл-ойдың кемістігі деп қарастырылып, үлгермуші оқушылар көмекші мектептерге орналастырылады.

Жалпы білім беретін мектептердегі  бағдарламаны меңгере алмаған балаларды клиникалық тексеруден өткізгенде, ақыл-ойы кем балаларға тән өзгеше ерекшеліктер байқалмаған. Тек 50-60 ж.ж Л.С.Выготскийдің шәкірті М.С.Певзнердің басшылығымен,үлгермеушілік мәселесінің түпкілікті себебі анықтала бастады. Кешенді клиникалық-психологиялық педагогикалық тексерулер үлгермеуші оқушыларға психикалық дамудың тежелуі деген тұжырымдама берді. Сөйтіп, жалпы мектептердегі үлгермеуші оқушылардың тең жартысын құрайтын, дамуында ауытқуы бар балалардың жаңа категориясы пайда болды [2].

1960 жылы Кеңес одағында ғылым академиясының дефектологиялық ғылыми зерттеу институтында, М.С.Певзнер мен Т.А.Власованың жетекшілігімен жүргізілген кешенді зерттеулер екі жақты қажеттілікпен туындады: біріншіден, жалпы мектептердегі үлгермеушілік мәселесімен күресу болса, екіншіден, танымдық әрекеттің клиникалық бұзылуын әрі қарай тереңірек зерттеу қажет болды. Барлық көрсеткіштерге сәйкес, бұл категориядағы балалардың психоәлеуметтік дамуы басқа да дизонтогениялық бұзылулардан өзгеше, екінші жағынан, қалыпты дамудан айырмасы бар, сөйтіп, психикалық даму деңгейіне қарай ақыл – ойдың кемістігі мен қалыпты даму аралығын көрсетеді. Осы ақау – кемістік салдарынан жүйке жүйесінің дамуы байқалады. Сөйтіп, бүкіл функциялар тежеліп дамиды. Кейбір психикалық қызметтердің баяу дамығанымен, оның пісіп жетілетін жақтары болады. Осындай топтағы балалар  үшін әр түрлі психикалық жақтарының жеткіліксіз бірыңғай дамымай тепе – тең дамымаған сипатқа тән. Ақыл – ойдың кемістігінде орталық жүйке жүйесі диффузиялық түрде зақымданатын болса, психикалық дамудың тежелуінде орталық жүйке жүйесі локальды зақымданады. Ақыл – ойдың кемістігінде екінші сигналдық жүйе шартты байланыстар жасауда белсенді рөлді атқармайды, ал психикалық дамуы тежелгенде екінші сигналдық жүйе шартты байланыстар жасауда, қалыпты жағдайда белсенді рөл атқарады.Ақыл – ойы кем балалар ересек адамдар тарапынан берілген көмекті қабылдамайды, ал психикалық дамуы тежелуі бар балалар көмекті қабылдайды.

Психикалық дамуы тежелген балаларға, айқын даму ауытқулары жоқ балалар жатады. Бұл категориядағы балаларда, түрлі биоәлеуметтік себептер (ОНЖ жеңіл зақымдануының қалдықтары, соматикалық әлсіздік, церебрастниялық күйлер, педагогикалық қараусыздық, гармониялық инфантилизм т.б.) салдарынан, бейімделу қиындығы кездеседі. Жоғарыда аталған кемшіліктер бұл балалардың жалпы білім беру бағдарламасын меңгеруіне кедергі жасамайды, бірақ олардың психикалық және дене бітімдік ерекшеліктеріне бейімделуін қажет етеді. Дер кезінде жүргізілген түзету-педагогикалық көмек жүйесі кейбір жағдайдағы медициналық көмек көретілгенде, даму ауытқуын толық немесе жартылай жоюға болады [3].

Психикалық дамудың тежелу мәселесі дүниежүзілік психологтар мен педагогтардың бірден – бір көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Олар кемақылдылар қатарына жатпайтын, бірақ білім қорының көлеміне қарай оларды қорытуға жеткілікті икемділіктері болса да алғашқы сыныптарда мектеп бағдарламасын игере алмайды. Психикалық дамуы тежелген балаларды жан – жақты зерттеу 1960 жылдардан басталады. Осы жылдары енгізілген міндетті орта білім беру жүйесіндегі өзгерістер, жалпы білім беретін мектептердің бағдарламаларының күрделенуі көптеген балалардың сабақ үлгерімін төмендетті. Тіптен кейбіреулері бағдарламаны игере алмады, білім сапасы төмендей бастады. Осы кезеңде шет елдерде оқу үлгерімінің сапасы, білім деңгейін көтеру бағытында ғылыми зерттеулер қалыптаса бастады. АҚШ, Англия, Германия сияқты дамыған мемлекеттерде сабақ үлгерімі төмен, оқуға ынтасы аз балаларды ғылыми психологиялық тәсілдермен зерттеу арқылы «оқуға қабілеті төмен», «оқытуда қиындықтар кездесетін», «педагогикалық дұрыс тәрбие алмаған», «тәртібі бұзылған», «бейімделмеген», «миында болмашы зақымданулары бар» балалар деген топтар айқындала бастады. Мектеп жасындағы бұл балалардың бәріне тән кемістік – үлгермеушілік. Ал оның басты себебі: бастауыш сыныптарда анық байқалатын психикалық әрекеттердің кейбір түрлерінің тежелуі немесе уақытша қалыптасуы. Бұл ауытқу көбінесе 5 – 6 жастан 11 – 12 жас аралығында кездеседі.

Қазіргі уақытта балалардың психикалық даму тежелуі жан-жақты клиникалық, психологиялық және педагогикалық бағыттарда зерттелген, оның клиникалық белгілері анықталған [4].

Осы бағыттағы зерттеу жұмыстарында Сухарева Г.Е., Власова Т.А., Певзнер М.С., Лубовский В.И., Лебединская К.С. жоғарыда көрсетілген топтардағы балалардың бәрінде әр түрлі дәрежеде психикалық функциялардың тек тежелуі ғана болатыны анықталды. Сонымен қатар психикалық дамуы тежелген балаларда кездесетін этиопатогенетикалық өзгерістердің сапасы анықталды. Ең бастысы, бұл балалардың орталық жүйке жүйесіндегі өзгерістер күрделі емес, жеңіл, өтпелі екені анықталды. Кейбір жағдайда  мида патологиялық өзгерістер тіптен байқалмайды, тек қана оның әрекеті әр түрлі себептердің салдарынан уақытша нашарлайтыны анықталды. Психикалық дамудың тежелуі негізгі этиопатогенетикалық себептерге байланысты. Нәрестенің анасының құрсағында дамуы кезеңінің бастапқы немесе соңғы айларында әртүрлі зиянды себептердің оның миына әсер етуі; Нәрестенің босану кезінде бас сүйегі мен миының жеңіл зақымдануы; Бала туғаннан кейін, әсіресе алғашқы айлары мен жылдарда әртүрлі соматикалық немесе жұқпалы аурулармен ауыруы; Отбасында дұрыс тәрбие мен күтімге көңіл бөлмеуі; Психогенді жағдайларының кері әсерінен де пайда болуы мүмкін: бала ата-анасынан айырылғанда, толық эмоционалды қарым-қатынастың болмауынан; жаңа туған нәрестелерді, жас балаларды тастанды балаларға арналған балалар үйлерінде дұрыс тәрбиелемеу, мейірем мен жақсы көріп еркелету – сүйіспеншілік сезімдерінің жетіспеуі сияқты және басқа да зиянды себептер баланың психикасының қалыптасуын тежейді.

Психикалық даму тежелуі бар баланың жеке басын қалыптастыруда эмоционалды даму дәрежесіне нейродинамикалық бұзылуларға байланысты. М.С.Певзнер мен Т.А.Власова психикалық және психофизикалық инфантилизм негізіндегі психикалық даму тежелген, екіншісі баланың өмірінің ерте кезінде түрліше патогенді ауру туғызатын факторлардың нәтижесінде пайда болған, баланы астениялық және церебрастениялық күйге әкелген психикалық даму тежелуі.

Ал, К.С.Лебединская клиникалық зерттеулерінің нәтижесінде психикалық дамудың тежелуінің клиникалық түрлері айқындалған, мәселен:

Конституционалды және гармониялық инфантилизм түрінде қалыптасатын психикалық дамудың тежелуі, бұл топтағы балалардың негізгі клиникалық белгілері – эмоциялары мен жігерлік қасиеттерінің тежеліп, жас жағынан көп кіші балаларға тән мінез, еркелеу, қуаныш – реніш, аңқаулық, сенгіштік сияқты психикалық ауытқулар. Керісінше өз жастарына тән іс – әрекеттерге (оқу, жаттау, ойлану, сапалы іс бітіру, жауапкершілік) ынталары болмайды.

Соматогенді психикалық даму тежелуі – бұл топтағы балалардың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себептері: баланың іштен туа және жүре келе жүрек, бүйрек, өкпе ауруларымен жиі ауруы, созылмалы аурулардың асқынуы, жүйке ауруларының әсері сияқты соматогендік зақымданулар балаларда астениялық жағдайларды қалыптастырады. Осыдан барып балалардың психикалық тонусы төмендеп, оның дамуы тежеледі. Клиникалық белгілері әлсіздік, дәрменсіздік, қорқақтық, өзіне-өзі көңілі толмаушылық, жалтақтаушылық. Көптеген балаларда жоғарыда келтірілген кемістіктер отбасындағы тәрбиенің дұрыс болмауынан, баланы қорқытып, жәбірлеп, ұрсып – ұрып қорқытып өсіруімен болса, ендігі бір жағдайда ата – ананың баланы қорғаштап, оның айтқанын істеп, шамадан тыс еркелетіп, олардың өз бетімен талаптанып,  ойланып шынығуына тиісті жағдай жасалмағандықтан.

Психогенді психикалық даму тежелуі – бұл топтағы балалардың психикалық дамуының тежелуінің негізгі себебі: баланың жас кезінде отбасылық жағдайда немесе әр түрлі созылмалы жүйке ауруларының салдарынан психикалық күйзеліске ұшырауы. Баланың эмоционалдық және жігерлік әрекеттері өте төмен, бала ынжық, өзіне сенімсіз, әр нәрсеге, әр адамға күдікпен қарайды және  жалтақтап сезіктеніп тұрады.

Церебральды – органикалық психикалық дамудың тежелуі. Балалардың психикалық дамуының тежелуінің басты себебі жоғары жүйке жүйесінің әрекетінің жеңіл түрде зақымдануы. Бас миының кейбір бөліктеріндегі өтпелі  қабыну процестері. Сондықтан, бір қарағанда күрделі психикалық тежелу кемақылдылыққа ұқсағанымен, мидағы өзгерістер органикалық сипат алмағандықтан бұл патология дер кезінде анықталса, дұрыс жан – жақты емдеу түзету  әдістері қолданылса, балалар уақыт өте келе өз қатарлы дені сау  балалармен бірдей дәрежеге жетеді [5].

Бүгінгі таңда жалпы білім беретін орта мектеп жаңа қоғам мектебі, болашақ мектебі, яғни  саналы  халықтық мәдениетке бағытталған, баланың жеке басының дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын, бәсекеге қабілетті, елдің ертеңі болатын жас ұрпақты өсіріп, дамытатын мектеп болуы тиіс. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттеріне: білім бағдарламасын меңгеру үшін жағдайлар жасау және жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір  салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай  арқылы парасатты байыту» деп атап көрсетілген. Осыған байланысты қоғам алдында оқушының жеке басын үйлесімді дамытуға бағытталған міндеттер қойылып отыр. Отанымыздың әрбір болшақ азаматын жан жақты тәрбиелеп, білім беру арқылы дамыту ең жауапты іс. Жалпы орта білім беретін мектепте үлгерімі төмен балалар тобында елу пайыз психикасы тежелген балалар кездеседі. Психикалық дамудың тежелуі бұл баланың интеллектуалды қабілетінің жасына сәйкес келмеуі.

Психикалық дамуының негізгі бұзылыстары интеллектуалды  даму деңгейі, яғни, зейіні, есте сақтауы, ойлауы, кеңістікті бағдарлауы төмен болып келеді. Осы себептерге байланысты психикасы дамуы тежелген балалардың оқу үлгерімі төмен болады. Бұл балалардың оқуға үлгермеушілігі жеті сегіз жастан анық байқалады. Оның негізгі белгілері: сабаққа белсенділігі байқалмайды, берілген тапсырмаларды үлкендердің көмегінсіз дұрыс орындай алмайды, сыныптастарымен аз араласады, өз ойын ашық айта алмайды, оқу мен жазу, есептеулерде көп қателер жібереді, тез шаршағыш, зейіні тұрақсыз болады. Психикасының дамуы тежелген балалармен жүргізілетін психологиялық түзету дамыту жұмыстарының түрлері көп. Психологиялық түзету жұмыстарын жүргізудің принциптері төмендегідей:

- баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау;

- шаршап кетпеуін қадағалау;

- оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру,кеңістікті бағдарлауын дамыту;

- сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру;

- ойын дағдыларын оқу әрекетіне аудару;

- арнайы әдістемелермен оқытуды  ұйымдастыру;

- жылдық диагностикалық даму деңгейін салыстыру [6].

Мамандардың оқыту түзету процесінде әдістемелік нұсқауларды дұрыс және жоғары деңгейде ұйымдастыруына байланысты психикалық дамуы тежелген балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жеткізуге болады. Білім беру  мекемесінде оқитын психикасының дамуы тежелген балалар әр уақытта нәтижеге жету үшін бақылаудан тыс қалмауы қажет. Психолог, сынып жетекшісі, ата-ана тығыз байланыста болған жағдайда баламен жүргізілетін жұмыс нәтижелі болады, яғни баланың өз өзіне деген сенімділігін арттыру арқылы түзете дамыту жұмыстарын жүргізу тиімді.

Мамандардың кеңесімен әр баланың кемістігінің ерекшелігіне сәйкестендіріліп құрастырылған арнайы түзету-дамыту әдістемелерін  қолдану жақсы нәтиже береді. Есте болатын жағдай, қалыптастыру, дамыту процестерінде ата-анасының, отбасы мүшелерінің балаға дұрыс көзқарасының, оны аялап жақсы көріп, жетістіктеріне өздері де баланы да сендіріп, жігерлендіруі өте қажет.

Жалпы коррекциялық педагогикада «психикалық дамудың тежелуі» ұғымы психологиялық-педагогикалық болып табылады және ең алдымен психикалық іс-әрекет дамуының артта қалуын сипаттайды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы Қазақстан Республикасының Заңы.  2002ж. 11 шілде № 343-ІІ тарау.

2. Обучение детей с задержкой психическокго развития у детей. – М: «Просвещение», 1987. – 146 б. 

3.  Нұрманбетова У.Е. Мүмкіндіктері шектеулі балалар: интеллектуалды даму кемістіктері. – Қарағанды, 2003. – 132 б.

4.  Диагностика и коррекция задержки психического развития у детей. – М: АРКТИ, 2001. – 224 б.

5.  Тебенова Қ.С., Рымханова А.Р. Арнайы психология. – Алматы, 2011. – 49 б.

6. Ермағамбет Ә. Психикалық дамуы тежелген балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы.// Дефектология. – 2008. - №4. – 3 б.