Заурбекова А.М.

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Қазақстан

 ОЙЫННЫҢ БАЛА ӨМІРІНДЕГІ  РӨЛІ МЕН МӘНІ

 

       Ойынның негізгі мақсаты – баланы қызықтыра отырып білімді меңгерту болса, мұғалімнің міндеті – сол ойын түрлерін пайдалана отырып оқушылардың өздігімен жұмыс істей білуге, ой белсенділігі мен тіл байлығын арттыра түсуге түрлі дағды мен шеберлікті меңгертуге қол жеткізу.Тәрбиеленуші тұлғасын қалыптастыру мен дамыту ойынынан басталады. Тәрбиеленушінің құрбы-құрдастарымен әртүрлі ойындар ойнауының өзі тілінің, жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптасуындағы алғашқы баспалдағы болып саналады. Осыған орай М. Жұмабаев баланың ойыны туралы: «Баланың қиялы, әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда да бала әсерлерімен пайдаланады. Айналасында тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал, қуыршақтан қыз жасайды»,- деп ұлттық тұрмысымызға тән ойын үстіндегі бала болмысын, психологиясын зерттейді. Баланың ойын үстінде өзін-өзі жаттықтыруы, өмірді білуге деген құмарлығы, шынығуы, шыңдалуы, оның ақыл-ойы, дене еңбегіндегі белсенділігін арттырып, алдына қойған мақсатына жетуге деген ерік-қайратын шыңдайды, алға қарай ұмтылысын, құштарлығын оятады. Осының нәтижесінде оқушының өз бетімен ізденуі, білімді қажетсінуі өсіп, нақтылы мақсаткерлікке ұласады. Ойынға қатысқан әр оқушының алдына жеңіске деген ұмтылыс пайда болады.

Ойынды түрлендіруге жаңылтпаштарды, мақал-мәтелдерді, жұмбақтарды жатқызуға болады. Олар әрі тілді, әрі ақыл-ойды дамытуға, демалыс сәттерін тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Оқушы әрекет үстінде өзін-өзі еркін ұстауға, қысылып-қымтырылмауға, басқалармен тіл табысуға, жолдастық, достық сезімінің оянуына мүмкіндік жасайды.

Ойынның міндеті баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін арттыру мақсатында іріктеліп алынған нақты мазмұнмен анықталады. Сабақта тиімді қолданылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың аса зор ықыласпен тыңдап, жемісті меңгеруіне әсер етеді. Балалар тез сергіп, тапсырманы жылдам, дұрыс орындайтын болады.
Ойындар оқушыларды өз бетінше жұмыс істей білуге дағдыландырады, ойлау қабілеттерін, ізденімпаздығын арттырады, сөздік қорларын молайтады. Ойынды қолдану сынып оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттырады, белсенділік танытып, материалды қажетті деңгейде игеруіне ықпал етеді. Ойындар мазмұны баланы қызықтыра алатындай құнды болуы керек. Ойын әрекеті сабақта игерілген білім, білік, дағдыға сүйене отырып оқушылардың өзіне және басқаға сын көзбен қарап, тиімді шешім қабылдауына мүмкіндік туғызады. Ең бастысы әлеуметтік психологиялық талаптардың бірі - шынайы қарым-қатынас практикасы мен ойынның логикалық үйлесімінің болуы. Ойын сабақтары түрлерін таңдап алу, оны жүргізу мұғалімнен үлкен шығармашылық ізденісін талап етеді.Ойын-адамның өмірге қадам басардағы алғашқы адымы. Жас баланың өмірді танып, еңбекке деген қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Адам іс-әрекетінің ерекше түрінің бірі-ойынның пайда болуы туралы зерттеушілердің көпшілігі өз еңбектерінде ойын - өнер мен көркемдік іс-әрекеттің алғашқы қадамы деп түсіндіреді. Өмірдің әр түрлі құбылыстары мен үлкендердің әр түрлі әрекеттеріне еліктеу ойынға тән нәрсе. Ойын балаларға ақыл –ой, адамгершілік, эстетикалық тәрбие берудің маңызды тетігі деуге болады. Ойын тілдің дамуына өте зор ықпал тигізеді. Ойын жағдайы оған араласқан әрбір баладан тіл қарым-қатынасы дамуының белгілі бір деңгейін талап етеді. Егер баланың ойынның барысына қатысты өз тілегін анық айтуға мүмкіндігі болмаса, егер ол бірге ойнап отырған өз жолдастарының сөз арқылы берілген нұсқауларын түсінуге қабілеті жетпесе, онда ол құрдастарына масыл болады. Құрдастарымен түсінісу қажеттігі ұйқасымды тілдің дамуына себепші болады.

 

Әдебиет:

1.  Ж.Б. Қоянбаев., «Педагогика». А.: Рауан, 1992

2.  В.А. Сухомлинский., «Балаға жүрек жылуы». А.: 1989

3.  Ж. Әбиев., «Педагогика тарихы». А.: 2006

4.  В.З Мухина., «Алты жастағылар мектепте». А.: 1989

5.  В.З. Мухина., «Мектеп жасына дейінгі балалар психологиясы». А.: 1986

6.  Қ. Жарықбаев. «Психология». А.: 1993

7.  Д.Джумалабаева., «Ойын-тәрбие құралы». // Ғылыми журнал// Бастауыш мектепте оқыту. №5. 2008

8. Н. Жалғас., «Ойын іс-әрекеттің тәлім-тәрбиес». //Ғылыми журнал// Қазақстан мектебі. №4. 2009

9. С.Әділбекова., «Баланың ойы мен белсенділігін дамытудағы ойынның   рөлі». //Ғылыми журнал// География және табиғат. №4.2006