Қазақстан және Ұлыбританиядағы  жалпы білім беру жүйесі

 

Иманалиев Ж.О.., Уатаева Г.Ә.

 әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультеті

 

Қазақстанда білім беру жүйесінің әлемдік білім беру жүйесіне интеграциялануы, оның білім беру жүйесінде дамыған елдердегі білім беру тәжірибесі жетістіктеріне терең ғылыми талдау жасау қажеттілігін талап етіп отыр. Еліміздің Еуропалық білім беру жүйесі аймағына ену мақсатының нақты жүзеге асу мүмкіндігі айқындалған соң (2012 жылы Болон декларациясына қол қойылды), дамыған елдердегі білім беру жүйесінің сапалылығын анықтау мақсатында салыстырмалы-педагогикалық талдау жасау қажеттілігі күн тәртібіне қойылды.  Дүние жүзінің көптеген елдеріндегі сияқты, Қазақстан Республикасында да қазіргі кезде білім беру жүйесін реформалау жүзеге асырылуда, ЮНЕСКО-ның жүйелеуі бойынша бұл реформа екінші типті реформалар қатарына жатады.

Дамыған елдердегі (Ұлыбритания, Жапония, Норвегия, Франция,Финляндия т.б.) жоғары білім беру жүйелеріне салыстырмалы-педагогикалық талдау жасау, негізінен, әдіснамалық мәселе болып табылады. Ең басты мәселе сапалы білім беру, жоғары педагогикалық білім берудің сол елдердің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық процесте алатын орнын нақты анықтау болып отыр [1]. Біз осы орайда Қазақстанның жалпы орта білім беру жүйесін дамыту мақсатында білім беру саласында жетекші орын иеленетін Ұлыбритания білім беру жүйесін қарастырамыз.

Біріккен Корольдікте тұратын барлық балалар заңға сәйкес оқып білім алуға міндетті. Ұлыбританиядағы міндетті білім алу кезеңі 5 жастан 16-18 жасқа дейін. Заңға сәйкес, балалардың мектеп пен басқа да оқу орындарына баруына ата-аналары жауапты. 17 жастан кейін білім алу міндетті болуын тоқтатып, жасөспірім өзінің мүмкіндіктері мен талпынысын ескере отырып, ары қарай оқуды жалғастыруды немесе еңбек қызметін бастауды таңдайды. Ұлыбританиядағы жасөспірімнің 70%-ы 16 жасқа келген соң, өзі оқыған мектебінде немесе колледждерге түсіп оқуын жалғастырады. 10%-ы жұмыс істей бастаса, қалған 20%-ы еңбек біліктілігін алу үшін government training programs атты еңбек ісіне дайындайтын арнайы үкіметтік бағдарламаларына қатысады [2].      

Ұлыбританияда білім берудің 2 секторы бар:

-  мемлекеттік (тегін білім алу);

-  жеке білім беру (ақылы оқу орындары, жеке меншік мектепетер);

Альтернативтік білім алу:Метеп жасындағы оқушы мектепке бармаған жағдайда, үйде білім алуға мүмкіндігі бар. Бұл білім беру түрін таңдаған ата-аналар балаларының эффективті әрі толық, өзінің жасы, қабілеттіліктері мен мүмкіндіктеріне сай білім алып жатқанына жауапты болады. Егер бала мектепке бармаса, кез келген альтернативті оқытуды Ұлыбританияның Білім беру Министрлігі тексеруге алады.

Қазақстан Республикасының 1999 жылы қабылданған "Білім туралы" Заңында тұңғыш рет гимназия мен лицейге түсінік беріліп,оның мәртебесі, құқықтық негізі айқындалды.

Гимназия - негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, оқушыларды олардың бейімділігі мен қабілетіне сәйкес тереңдетіп, салаға бөліп, саралап оқытуды көздейтін, жалпы орта білім беретін оқу орны.

Лицей - негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, жоғары сатыдағы оқушыларды кәсіби бағдарлап оқытуды жүзеге асыратын жалпы орта білім беретін оқу орны. Лицейлердің ең басты ерекшелігі - ақыл-ой (интеллектуалдық) қабілеттері жоғары жастарды топтап оқытып, оларды жоғары оқу орындарына даярлайтын бірыңғай элитарлық мектеп болуында. Лицейге жастарды қабылдау ең алдымен олардың табиғи мүмкіндіктерін, интеллектуалдық ерекшеліктерін айқындау негізінде жүргізіледі, кейін де бала дамуын қадағалай отырып, бірнеше іріктеу сатыларынан өткізеді. Ал оны аяқтаған жастар жоғары оқу орнында білім алу құқығына ие болады. Бұл оқу орындарының басты принципі баланы дәл болашақ мамандығына сәйкес қабілетіне қарай іріктеу және сол мамандықты жоғары деңгейде меңгеруіне көмектесетіндей бірнеше жыл бойы арнайы дайындықтан өткізу болып табылады.

 Шағын жинақты мектеп – білім алушылар контингенті шағын, сынып-жинақтары біріктірілген және оқу сабақтарын ұйымдастырудың өзіндік нысаны бар жалпы білім беретін мектеп;

Тірек мектеп (ресурс орталығы) – шағын жинақталған мектеп оқушыларының сапалы білім алуына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында қысқа мерзімді сессиялық сабақтарды және аралық әрі қорытынды аттестаттауды өткізу үшін базасында таяу маңдағы шағын жинақталған мектептердің білім беру ресурстары шоғырланатын жалпы орта білім беру ұйымы;

Арнаулы мектептер: «Мирас», «Арман», «Болашақ»  және тағы басқа  халықаралық мектебінің білім беру қызметінде Қазақстан Республикасының орта білім беру саласындағы ұлттық стандарт пен халықаралық бакалавриат бағдарламасының талаптары орынды үйлесім тапқан. Көптеген пәндер ағылшын тілінде оқытылады.

Ал Ұлыбританиядағы мекетеп түрлері өте көп. Ең танымал түрі – мектеп-пансион (Boarding school). Бұл мектепте оқушылар оқып қана қоймай, сол мектепте тұрады да. Бұл мектептер ортағасырда монастырьда пайда болды. ХІІ ғасырда Рим Папасының бұйрығымен қайырымдылық мақсатымен ашылған бұл мектептер уақыт өте келе ақылы бола бастады. Ақсүйек отбасылары үй ішінде оқытуды ұнатса да, жеткіншектердің әлеуметтік шығу тегіне тәуелсіз жастас балалармен оқуы жөн деген пікір қалыптасқан соң, өз ойларын өзгертті. Бұлардың арасында қазіргі заманғы британдық қоғамның элитасын оқытып қалыптастыратын мектеп-пансиондары да бар. Әлемдегі ең қымбат әрі ең беделді мектептер тізімінде британдық мектеп-пансиондары да кездеседі.

Қазақстан Республикасында жастарға білім беру үдерісі халқымыздың ұлттық салт-дәстүріне, мәдениетіне, экономикасына және саяси өміріне негізделіп іске асырылады.

Қазіргі таңда білім беру саласында әлем мемлекеттерінің озық тәжірибесін зерттеу, озық тәжірибенің қажеттісін өз мемлекетіміздің білім беру саласына енгізуіміз заман талабы. Осы орайда Қазақстан мектептік білім берудің кадорлық әлеуетіне әсер етіп жатқан «Өрлеу» БАҰО Ұлыбританияның «Кембридж» білім беру бағдарламасын қолданып жүруі шын мәнінде мектептік білім беру сапасына оң әсер етіп жатқаны сөзсіз.  Әлемдік ғылым-білім кеңістікті толық интеграциялану кезінде салыстырмалы педагогикалық зерттеулер соның ішінде білім беру саласында озық ел болып есептелеті Ұлыбритания білім беру жүйесін зерттеу  маңызы ерекше.

Жалпы айтқанда Қазақстан мен Ұлыбританияның білім беру жүйелерінің ерекшеліктері де  ұқсастықтары да бар.

Ұлыбританияның білім беру жүйесі Еуропа стандарттарына толығымен сәйкес келеді. Біздің елімізде шетелдің білім беру жүйесі негізінде білім беру мәселелері де жолға қойылып келе жатыр. Еліміздің экономикасы мен әлеуметін көтеретін  жастардың білім алу  жолдары заман қажеттілігі сай даму үстінде.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.                      А. Құсайынов «Білім және реформа» (мақалалар жинағы); Алматы, 2010ж.

2.                      Кусаинов А.Образовательная политика как основа устойчивого развития системы образования // Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының хабаршысы = Вестн. Академии Пед. наук Казахстана.- 2007. - № 4. - С.4-10.