Педагогические науки/5. Современные методы преподавания

П.ғ.м. Рымханова А. Р., студент Жолмаганбетова Д. К.

Академик Е.А.Бөкетов ат. Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

Логопедия сабақтарында фонематикалық қабылдауды дамытуда ойындарды қолдану

Фонематикалық қабылдауды дамыту, тілдің фонетикалық жағының қалыптасуына жағымды әсер ететінін көптеген тәжірибелер дәлелдейді. Дыбыс айтуды үйрету фонематикалық қабылдауды қалыптастырған жағдайда ғана жүзеге асады. Нәтижесінде бұл баланың жазуды меңгеруіне де жағымды әсер етеді. Дыбыс айту кемшіліктерін түзетпес бұрын фонематикалық қабылдауын дамыту кезеңіне көп көңіл бөлу керек.

Балалардың дыбыс айтуының кемшілігін түзету дыбыс  тіркестерін айту және фонематикалық қабылдауын жетілдіруден бастайды. Егер логопедиялық тексеру барысында фонематикалық есту бұзылысы байқалса, фонематикалық қабылдауын дамыту ойын түрінде фронтальды, топтық, жеке сабақтар барысында жүргізіледі. Логопедиялық сабақтар барысында бала ең алдымен өзінің дыбысты айтуын бақылап және түзетіп, оны айналадағы адамдармен өз айтқан сөзін салыстырып үйренуі керек. Балалардағы дыбыстарды ажырату қабілеттіліктерін дамыту бойынша логопедиялық жұмыстарды алты кезеңге бөлуге болады:

1) тілдік емес дыбыстарды тану;

2) бірдей сөздер, фразалар, дыбыс жинақтарын және дауыстың дыбыс жоғарылығы, күші, тембрі бойынша ажырату;

3) дыбыстық құрамы бойынша жақын сөздерді ажырату;

4) буындарды ажырату;

5) дыбыстарды ажырату;

6) қарапайым дыбысты талдау әдеттерін дамыту [1].

Бірінші кезеңде арнайы ойындар мен жаттығулар арқылы балалардың тілдік емес дыбыстарды тану және ажырата білу қабілеттері дамытылады. Сонымен қатар балалардың есту зейіні және есту жады да дамытылады.

Бірінші сабақтарда логопед балаларға терезенің ар жағында қандай дыбыстар естілетінін сұрап, сұрақтарға жауап беруді сұрайды: Не нәрсе шуылдайды? (ағаштар). Не нәрсе гүрілдейді? (көлік). Кім шулап жатыр? (бала).

Дыбыстарды ажыратуда келесі ойындарды жүргізуге болады:

1-ойын. Балалар шеңберге тұрады. Логопед ойын жүргізушісіне білдірмей арттарынан қоңырауды бір-біріне беруді ұсынады. Қоңырау щеңбердің әр жерінде шырылдау керек. Ойын жүргізуші қоңырау үнінің қай баланың артынан шыққанын тауып алып көрсетуі керек.

2-ойын. Логопед балаларға түрлі заттардың қандай дыбыстар шығаратынын көрсетеді: жерге ұрылған доп; шыны банкада немесе керамика ыдыста домалаған кішкене шар; мыжылған газет; жыртылған қалың қағаз; орындықты орнынан жылжыту және т.б. Кейін осы іс-әрекеттерді басқа реттілікпен шымылдықтың артынан жасап, балаларға не естігіндерін нақты және толығырақ суреттеп айтып беруін сұрайды.

Сабақтың екінші кезеңінде балаларға дауыстың жоғарылығына, күшіне, тембріне бағдар жасай отырып, бірдей сөздерді, дыбыстарды ажыратуға үйретеді. Мысалы, балалар ойын жүргізушілермен ауыса отырып, ойын-жүргізушісі, балаларға артымен тұрып, артынан оның есімін кім атағанын анықтауы қажет. Сосын ойын күрделендіріледі: енді балалар ойын-жүргізушісінің есімін атамай, тек «ау» деген бір сөзді қайталайды, ойын-жүргізуші бұл сөзді кім айтқанын тауып алуы қажет.

Сонымен қоса, дауыстың жоғарылығын, күшін, тембрін ажыратуға байланысты мынадай ойындарды өткізуге болады.

1-ойын. Логопед балаларға ойыншық мысықты көрсетіп, мысық алыста және жақында тұрған қалпында қалай мияулайтынын мұқият тыңдап, есте сақтауын сұрайды. Сосын ол дауыс күшін алмастыра отырып, «мияу» деп айтады, ал балалар мысықтың алыста немесе жақында мияулағанын тауып алулары керек. Ойынды күрделендіруге де болады: балаларға дауыстың ерекшеліктері мен тембріне байланысты мияулағанды ажыратуды сұрайды. Мысалы, мысық өте кішкентай және күшіктен қорқады, сондықтан аянышты, дірілдеп мияулайтынын логопед балалаға түсіндіруі керек. Балалар кезекпен мысықтың әр түрлі қалпын суреттей мияулай бастайды, ал ойын-жүргізушісі оның «көңіл-күйі» қандай екенін тауып алады. Бұл ойының кейбір түрінде балалар дыбыстарды ажырату үйренеді, мысалы, кеменің алыс немесе жақын жерде гуілдегенін, қатты және жай дыбыс «у-у-у»; қандай сыбызғы ойнап жатқанын-кішкентай немесе үлкен, төменгі және жоғарғы «у-у-у» дыбысы т.б.

2-ойын. Балаларға үй жануарлары мен олардың төлдерінің бейнелері бар суреттер таратылады: сиыр мен бұзау, ешкі мен лақ, қой мен қозы және т.б. логопед дыбыстарды біресе жоғары біресе төмен дауыспен еліктеп айтады («му-у», «бе-е» т.б.). балалар дауыстың жоғары- төмендігіне қарай сәйкес суреттерді көрсетулері керек [2]. 

Сабақтың үшінші кезеңінде балалар дыбыс құрамы бойынша жақын сөздерді ажыратуды үйренеді. Осы мақсатқа сай басында мынадай ойын жүргізіледі. Логопед балаларға суретті көрсете отырып, қатты және анық «вагон» дейді.сосын балаларға «мен қазір мына суретті біресе бұрыс, біресе дұрыс айтамын. Ал, сендер мұқият тыңдап, мен қате айтқан кезімде алақан шапалақтаңдар» дейді. Логопед: «вагон-вакон-фагон-вагом» т.б. балалар қате айтылған сөздерді естісе, қол шапалақтаулары керек. Ескеретін жайт, басында дыбыс құрамы бойынша жеңіл сөздер айтылады, біртіндеп олар күрделенеді. Сөздегі дыбыстарды ажыратуға байланысты мынадай ойындар өткізуге болады.

1-ойын. Логопед дыбысталуы бойынша бір біріне жақын сөздері бар суреттерді құрастырма матаға орналастырып қояды. Мысалы, лас, тас, қас, бос, ала, бала, қала, дала, сала, соқ, шоқ, тоқ, жоқ, сол, қол, жол, мол және т.б. сосын логопед белгілі бір ретпен үш-төрт сөзді оқиды, ал балалар сол сөзге сай суретерді таңдап алып, логопед оқыған ретпен қойып шығуы керек: логопедтің нұсқаулығы бойынша бір сызыққа немесе бір бағанаға.

Төртінші кезеңде балалар буындарды ажыратуды үйренеді. Мынадай ойыннан бастаған жөн. Логопед бірқатар буын қатарларын айтып шығады, мысалы, «на-на-на-ПА», ал балалар қай буынның артық екенін анықтаулары керек. Сосын буындар қатары күрделендіріледі: «на-НО-на», «ка-ка-ГО-ка», «па-па-Ба-па» т.б.

Бесінші кезеңде ана тілінің фонемаларын ажыратуды үйренеді. Әрі қарай дауысты дыбыстарды дифференциациялаудан бастаған жөн. Мысалы, логопед балаларға пойыздың, қыз баланың, құстың бейнесі бар суреттерді таратып: «пойыз «у-у-у» деп уілдейді, қыз бала «а-а-а» деп жылайды, құс «и-и-и» деп сайрайды» түсіндіреді. Сосын ол бұл дыбыстарды алдымен созыңқырап, кезек-кезек айтады: «а-а-а-а-а», «у-у-у-у-у» немесе «и-и-и-и-и», ал балалар дыбысты ести отыра, сәйкес сурет бейнелерін көтереді.

Алтыншы кезеңнің мақсаты - балаларда қалыпты дыбысты талдау қабілеттіліктерін қалыптастыру болып табылады. Бұл жұмыс сөздердегі буын сандарын анықтаудан басталады (екі немесе үштен көп болса, қол шапалақтау арқылы). Логопед балаларға буын сандары әр түрлі сөздерде қалай қол шапалақтау керек екенін, сонымен қоса екпінді буынды қалай бөлу керек екенін көрсету керек. Сосын логопед әр түрлі сөздер беріп, оны қол шапалақтау арқылы буынға бөліп жаттығып үйренеді, дыбыстарға талдау жүргізіледі. Әрі қарай балаларға бірнеше бір түсті дөңгелектер таратады. Логопед бір, екі немесе үш дауысты дыбыстарды, мысалы, «а», «ау», «иоу», «о» т.б. оқиды, ал балалар үстелге қанша дыбыс оқылса, сонша дөңгелектерді қояды [3].

Қорыта айтқанда, мектепке дейінгі жастағы балаларда сөйлеуді қалыптастыру фонематикалық естуін дамытумен, әрі лексикалық-грамматикалық кезеңінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Сондықтан, баланың дыбыс айту кемшілігі ерте жастан және нәтижелі түзетілсе, мектеп кезеңіндегі оқу және жазу қабілетін меңгеруінде қиындықтар болмайды.

Әдебиеттер:

1.                 Ткаченко Т. Развитие фонематического восприятия: Альбом дошкольника.- А.,-2001. С.7 – 8.

2.  Филичева Т. Б., Чевелева Н. А., Логопедическая работа в специальном детском саду. – М.:  Просвещение, 1987. С.15 -21.

3.                 Основы логопедическиий работы с детьми. / под. ред. Г. В. Чиркиной. -М.:АРКТИ, - 2003. С. 51-52.