Айдарбекова А.У.

Тараз инновациялық- гуманитарлық университеті

 

ЖАЗБАША АЙТЫСТЫҢ ОҚУШЫЛАРДЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСҚА БАУЛУҒА ӘСЕРІ

 

        Шығармашылықтың бір қыры, айтпақ ойды жеткізудің белгілі бір тәсілі ретінде жұрт жылы қабылдаған жазба айтыс. 

       Жазбаша айтыс жүргізудің оқушының шығармашылық жұмыс істеуіне әсері мол. Оқушыларды ізденімпаздылыққа, шығармашылыққа деген ынталарын арттырып, білімдерін кеңейтеді. Дамытушылық- оқушылардың айтыс туралы білімдерін шығармашылыққа жинақтап, ойлау қабілеттері мен тіл байлықтарын арттырады. Айтыстың ерекшеліктерін таныта отырып, шешен сөйлей білуге, ізеттілікке, имандылыққа тәрбиелейді. 

Себебі жазбаша айтыс-бұл өнер. Ауызша емес, жазу өнері. Оқушыларды шығармашылық жұмысқа, баулудың тағы бір әдісі-оқушыны жазбаша айтыс өнеріне баулу болып табылады.

Оқушыны жазбаша айтысқа қатыстырып шығармашылыққа баулудың ерекшелігі- оқушы өлең жазу өнеріне қабілеті болуы шарт. Әйтпесе жазбаша айтысқа қатыса алмайды.

Педагог Р. Ибраева шығармашылық жұмысқа былайша баға береді: "Шығармашылық-адамның ойлауының және өз бетінше әрекетінің жоғарғы формасы. Дегенмен, шығармашылықтың обьективті және субьективті болатындығы белгілі. Оның алғашқысы ғылымда, зерттеулерде бұрын болмаған жаңалық деп танылса, соңғысы субьектінің өзі үшін жаңалық болып, оны әрі қарай жаңа бастамаларға шабыттандыратынымен сипатталады...".

Оқушыларды шығармашылыққа баулудың бір әдісі оқушыларды жазбаша айтысқа қатыстыру қажеттігін жоғарыда айттық. Бұл әдіс өте қарапайым һәм дарынды оқушылар үшін тиімді.

Тараз қаласындағы №47 мектептің оқушылары Насихат пен Қуаттың жазбаша айтысына назар салып көрейік:

                                      Насихат:

                                      Жазба айтысы-дәстүрім,

                                      Біліммен өткен жас күнім.

                                      Айтысып өлең жазайық,

                                      Өлең-жыр менің шаттығым.

                                      Ұстазым менің ақылшым,

                                      Өсиетін тыңдап жатырмын.

                                      Әр бір сөзі тыңдасам-

                                      Қиығындай асылдың.

                                      Қуат:

                                      Депсің: "Өлең-шаттығым,

                                      Өлеңмен өтер жас күнім..."

                                      Айтыспасаң менімен,

                                      Басылмай ма, аптығың?

 

                                      Өлеңмен сені Насихат,

                                     Қалайша мен ұтамын?

                                      ...Алматыда басылды,

                                      Алғашқы менің кітабым...

 

Міне, бұл мектеп оқушыларының тырнақалды дүниесі. Жазып айтысқан екі оқушының да өнерге-сөз өнеріне қызығушылығы сезіліп тұр. Екеуінің де өлең жазуға құштарлығы көрініп тұр. Жеті буынды өлеңмен жазып айтысқан Насихат пен Қуаттың болашағы зор. Ертең бұлардың сөз өнерін құрмет тұтатын, ақын болатын таланты сезіліп тұр.

Ұмытылып бара жатқан жазбаша айтысты қайта түлетуге үлес қосып жүрген ғалым һәм ақын, журналист Меңдібай Әбілұлы "Жазбаша айтысты жүргізу арқылы мектеп оқушыларын шығармашылыққа баулу" атты оқу құралында былай деп жазады: "Жазбаша айтысты мектеп оқушылары мен білімгер жастар арасында жүргізудің көп пайдасы бар. Мұнда жастардың дүниеге деген көзқарасы артады. Өлең жазуға бейімі бар оқушылар мен білімгерлердің қаламы төселеді...".

Шынында жазбаша айтыс оқушыларды шығармашылыққа баулудың бір әдісі. Оқушының қаламының төселуіне ықпал етеді. Оқушы ізденеді. Жазбаша айтысқа қатысқан дарынды оқушы қарсыласын жеңуге тырысады. Әдеби шығармалар оқып, тіл байлығын арттыруға ұмтылыс жасайды.

Мектеп оқушысы Тұрсын Сұлтанбековтің өлеңмен жазған айтысына А. Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Бағлан Қамбатыров былай деп жауап жазады:

"Жігіттік қызметімді атқарайын,

                                Биікке есіміңді алып барайын.

   Жолдашы жырмен жылы сөздеріңді,

  Көрмесем де, көргендей боп қалайын.

      Жер жаннаты туған жерің, гүлді мекен,

                             Санаймын мен өзіңді құрбыма тең.

Жүзіңді көз алдыма елестетем,

                             Қандай боп сен анаңнан тудың екен.

 Көрмеген соң ойымда шатысты өлең,

                             Сөзімді көрсетейін нақ іс пенен.

                           "Интернеттің" заманы болғаннан соң,

                            Сәлемімді жолдаймын "фокуспенен".

 

Міне, бұл екі оқушының жазбаша айтысы оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына әсер етіп, қаламын шыңдай түседі. Екі оқушы бірін-бірі танымайды, бірінің жүзін бірі көрмеген. Жазбаша айтыстың ауызша айтысқа қарағанда ерекшелігі осы.  Осы орайда мектеп оқушыларын шығармашылықпен айналысуына ықпал ететін жазбаша айтыстың алатын орыны өте зор.

Белгілі ғалым, профессор М. Әбілұлы жазбаша айтыстың мектеп оқушылары арасында жүргізудің пайдасы туралы былай деп жазады: "Ұмытылып бара жатқан жазбаша айтысты қайта қалпына келтіру, оны мектеп оқушылары арасында жүргізе отырып, жас өрендерді ұлттық дәстүрлерді сақтау және дамыту мақсатында істелетін қыруар жұмыстар қазақ мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің міндеті болуы шарт...".

Мектеп оқушыларының шығармашылық жұмыспен айналысуына мүмкіндік жасап, оларға шығармашылық жұмысты дамытатын әр түрлі әдістерді пайдалану- мектеп мұғалімдерінің негізгі міндеті десек, осы бағытта мұғалімдер өз тәжірибелерінен пайдаланып, оқушылардың өмірге деген құштарлығын арттыра білуі тиіс.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Р. Ибраева, "Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын бағалай білейік", "Өнер" журналы, №5, 2012-жыл, 21-бет.

2. М. Әбілұлы, "Жазба айтысын ұйымдастыру арқылы білімгерлер мен мектеп оқушыларын шығармашылыққа баулу", Алматы, "Полиграфия сервис және К" баспасы, Алматы, 2006-жыл, 39-бет.

3. Б. Қамбатыров, "Балдәуреннен басталған...", "Балдәурен-балғын шақ" газеті, №18, 20-қыркүйек, 2004-жыл.

4. М. Әбілұлы, "Жазба айтысын ұйымдастыру арқылы білімгерлер мен мектеп оқушыларын шығармашылыққа баулу", Алматы, "Полиграфия сервис және К" баспасы, Алматы, 2006-жыл, 45-бет.