Аубакирова Жансая Жусуповна, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Қазақстан, Қостанай қаласындағы физика-математикалық бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Қазақ тілін меңгертудің жаңа қырлары

           Ғылыми-техникалық революция өзгерісімен қатар ғылым да, педагогика да, әдіс-тәсіл де жаңарып отырады. Кезінде А.Байтұрсынов өзінің «Тіл – құрал» атты еңбегінде қазақ тілі дыбыс жүйесінің, сөз жүйесінің, сөйлем жүйесінің негізін қаласа, Ы.Алтынсарин, Ж.Аймауытұлы, К.Жақсылықова, Ә.Исабаев сынды ғалымдар қатары қазақ тілін оқытудың әдіс-тәсілдерін зерттеді.

Жалпы тіл білімінде Профессор Е.Я.Голант оқыту әдісінің 8 түрін береді:

1.Ауызша мазмұндау; 2.Әңгіме; 3.Кітапты пайдалану; 4.Көрсету; 5. Экскурсия; 6.Лаборатория жұмыстары; 7.Жазу-сызу жұмыстары; 8.Практикалық жұмыс.

П.А.Зайченко он түрін көрсетеді:

1.Педагогикалық баяндау; 2.Түсіндіру; 3.Мектеп лекциясы; 4.Әңгіме; 5.Кітапты пайдалану; 6.Байқау; 7.Көрсету; 8.Лабораторияда сабақ өткізу; 9.Экскурсия; 10.Жаттығулар орындату әдісі.

И.Я.Лернер мен М.Н.Скаткин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді:

1.    Түсіндіру  -  сипаттау   әдісі,   әңгіме,   лекция,   көрсету, оқулықпен жұмыс істеу, жазба жаттығулар.

2.    Қайталау - жаттығу, әңгіме, өз сөзімен қайта айту.

3.    Проблемалық баяндау әдісі - оқытушының дәлелді түрде баяндауы, экскурсия.

4.    Ізденіс түрлері - эвристикалық әңгіме, байқау, жоспар жасау.

5.    Зерттеушілік - тәжірибе, байқау, сыныппен жұмыс. қүжаттармен жұмыс, сурет салу.

Ю.К. Бабанский бірсыпыра Ресей ғалымдарының (Е.Я.Голант, Б.П.Есипов,  М.Н.Скаткин,  И.Я.Лернер,  А.Н.Алексюк, М.И.Махмутов, С.Г.Шаповаленко т.б.) оқыту әдістері жіктеуіне сүйеніп, оларды үш топқа бөлуді ұсынды.

Тіл білімінде тіл ұзақ жылдар бойы құрылымдық жағынан зерттеліп келді, ал оның қатысымдық қызметіне көңіл аудару өткен ғасырдың екінші жартысынан басталады.

Қазақ тіл білімінде осы мәселеге жете көңіл бөліп, арнайы зерттеген ғалым – Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева. 

Ф.Ш.Оразбаеваның бұл саладағы басты еңбегі — 2005 жылы жарық көрген «Тілдік қатынас негіздері». Бұл еңбекте, ғалымның өзі айтқандай, алғаш рет қазақ тіл білімінде «Тілдік қатынастың негізгі сипаты, құрамы мен басты қағидалары, оны қолданудың әдіс-тәсілдері қарастырылып, терминдері ғылыми айналымға түсті».

Ғалым 1996 жылы докторлық диссертация қорғап, 2000 жылы «Тілдік қатынас: теориясы мен әдістемесі» атты еңбек жазды. Бұл кітап – жоғары оқу орындарында оқытылатын пәнге арналып, солардың негізінде жазылған оқулық.

Аталмыш ғалымның пікіріне сүйене отырып, қазіргі білім беру орталарында қазақ тілін оқытудың төрт түрлі дағды бойынша үйретілуі негізге алынады.Мәселен,

Тыңдалым дағдысы бойынша:  

ü   негізгі ойды  түсіну; 

ü  ақпаратты анықтау;

ü  түсінгенін  практикада  қолдана  білу;

ü   ақпаратқа өз көзқарасын білдіру;

ü  ой қорыта білу дағдылары.

  Айтылым  дағдысы бойынша:

ü      белгілі бір тақырыпқа қатысты  ойын  білдіру;

ü      өз көзқарасын  дәлелдеу;

ü      шешім шығару, қорытынды пікір  жасау;

ü      зерттеушілік  (анализ,  синтез);

ü     ақпаратты өңдеу         дағдылары.

Оқылым  дағдысы бойынша :

ü     мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты  ажырата білу;

ü     астарлы ойды анықтау;

ü     шығарма кейіпкерлерін салыстыра білу;

ü     зерттеп оқу;

ü     сыни тұрғыдан бағалай білу дағдылары.

  Жазылым дағдысы  бойынша:

ü     тақырыпты  аша білуі;

ü     өз  ойын сыни  тұрғыда дәлелдеуі;

ü     қорытынды шешім шығаруы;

ü     өз көзқарасын дәлелдеуі;

ü     цитатамен жұмыс істеу  дағдылары бағаланады.

Жаңа әдіс таба білу – ұстаз талабы. Қазақ тілін оқытудағы жаңаша талаптар әр тілшіні, әр ұстазды ойландырмай қоймайды. Әдістің дұрыс-бұрыстығын уақыт көрсетер деп пайымдаймыз. Дегенмен де, жаттанды грамматикадан сыни ойлауға көшу – оқушы санасын ойландырмайды емес, ойландырады, тілді дамытуға өз септігін тигізеді деп есептейміз.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.      Үш тілде білім беруді іске асыру бойынша мектептерге арналған нұсқаулар

2.      Кіріктірілген оқу бағдарламасы, негізгі мектеп.

3.      CLIL әдісіне  негізделген әдістемелік нұсқаулық. Астана 2013ж