Сейтова С.Т.

А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ магистранты, Қостанай қаласы, Қазақстан

Қазақ  мақал-мәтелдеріндегі әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің этномәдени тұрғыдан көрініс табуы

 

Әдебиеттанушылар мақал-мәтелдерді: «Халық даналығының айнасы, оның тіл байлығының алтын қазынасы», – деп сипаттап, «олардың көбі өмір шындығының қорытындысы, іс-әрекеттің ережесі болып келеді» [1, 94]; «Келелі ой мен кең мазмұн, даналық қорытынды мен ақыл-өсиет, ащы мысқыл мен жарасымды әзіл – осының бәрін өз бойына жинаған және оларды әрі ықшам, әрі көркем түрде шебер түйіндеген сан алуан мақал-мәтелдерді орынды жерінде пайдалана білудің орасан зор маңызы бар» [2, 304], – екендігін айта отырып, мақаламызда қазақ мақал-мәтелдеріндегі салт-дәстүрлердің этномәдени тұрғыда көрініс табуын қарастырмақпыз. Бұған себеп, ел тарихымен бірге жасасып келе жатқан қысқада нұсқа, ғибратты мақал-мәтелдеріміздің ауыз әдебиетінде ел тіршілігінен, мәдениетінен, салт-дәстүрлерінен туындауында.

Мақал-мәтелдер — сөз құрамының ел-халық өміріндегі әр түрлі кезеңдерді, қарым-қатынас пен қоғамдық құбылыстарды бейнелей сипаттайтын, көңілдегі ойды шебер де ұғымды жеткізетін, қысқа да нұсқа тұжырым жасайтын, мән-мазмұнға бай бөлігі. Демек, ата-бабамыз өмір шындығын, кеңілге түйгенін мақал-мәтел ретінде өз ұрпағына үлгі-өнеге етіп қалдырып отырған. Аталмыш тілдік бірліктер арқылы жас ұрпақты патриоттық сезімдерге, елін-жерін сүюге, ерінбей еңбек етуге, білім алуға, адал, кішіпейіл болуға үндеп, жалқаулық, өсек-өтірік, мақтаншақтық тәрізді қасиеттерден бойын аулақ салуға тәрбиелей білген.

Жер бетіндегі ең ырымшыл, салт-дәстүрін, әдет-ғұпын сақтай білетін халық – біздің қазақ халқы. Өзіне қонақжайлығы мен бата-тілек айту, туыс-тұғандарын қадірлеу, алғыс білдіре алу жарасымды болып отырады. «Құрмет етсең, құрмет көрерсің», «Үлкенге - құрмет, кішіге - ізет», көрсете білген де қарапайым қазағым.

Қазақ халқы қыздың жасауына ерекше көңіл бөліп, "Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді” деген. Тағы бір мысал «Жасауы көп келіннің күйеуі жуас», «Тозбас жасау болмас, бас білмес асау болмас».

Жасау сөзінің мағынасы төмендегідей:

Жасау – 1. Ұзатылған қызға берілетін мүлік, дүние.

                 2. Үй  ішіндегі жиһаз, дүние. [3. 277].

Жасау (дәстүр). Жасау — ұзатылатын қызға дайындалатын дүние-мүлік. Жасауды ұзатылатын қыздың ата-анасы дайындауға міндетті. Бұған жақын туыс-туғандар, ағайындар да өз үлесін қосуына болады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Небір жақсы бұйым, киім-кешек, әсем әшекейлі тағамдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады. [4.11].

«Бүгін кешке қызының жасауын тағы бір көріп шықпақ. Оны үстіне үй тігіп, бөлек көш қырып жөнелтпек»[5.22]. 

Киіт– құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәденің бірі. Қазақ халқы арасында "құдалық белгісі киіт, қоныс белгісі – бейіт” деген мақал бар. Яғни «Киіт – құдалардан сыйлыққа, сый-сияпатына киім-кешек алу»[3.39].

Киіт – бас Киіт, аяқ Киіт болып бөлінеді. Құдаларды бастап барған үлкен адамға бас Киіт беріледі де, қалған құдаларға екінші дәрежедегі (аяқ) Киіт беріледі. Киіт келген құданың беделіне, алатын орнына қарай бөлінеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем, т.б. қымбат бұйымдар, киімдер мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген.

Амандау салты қазақ халқының ең үлкен дәстүрлерінің бірі. Үлкені мен кішісі бір-бірімен кездескенде, кішісі бірінші амандасады. Жасы үлкен ер адамдар арасында амандасу салты «Ассалаумағалейкүм!» деген сөзден басталады. Бұның мағынасы: «Сізге Алланың нұры жаусын!» деген сөз.

Мысалы, сәлем беру (салт). «Алты жасар бала алыстан келсе, Алпыстағы қария алдынан шығар» демекші мұндағы қазағымның қарапайымдылығы суреттеліп отыр. Сәлемдесудің ережесі бойынша атты адам жаяу кісіге, жасы кіші үлкендерге бірінші болып сәлем береді деген ауыспалы мағынаны білдіреді.

Алдынан шығу – құрметтеп қарсы алу, сәлем беру [3.41].

Әке – әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше.

Сондықтан қазақта әке туралы накыл сөздер мен мақал – мәтелдер көп. Мысалы, «Әке – бәйтерек, бала – жапырақ», «Әкеге қарал ұл өсер», «Алты аға бірігіп-әке болмас, Жеті жеңге бірігіп – шеше болмас» т.с.с.

Мысалы, «Әке – балаға ұлы» деген мәтелде әр баланың жаны да, тәні де әке екені мағынасы жағынан байқалып отыр. Әкеге қарап үлгі алады, ақылымен өй өсіреді, әкені әр уақытта бәрінен биік қойып құрметтейді делінген.

Ұлы деген сөз мынаны білдіреді:

1) орасан зор, үлкен, ірі;

2) асқан кемеңгер, данышпан, озық ойлы [3.858].

         Қазақ халқының дәстүрлері қонақ күтумен де байланысып жатыр.  «Қонаққа «кел» демек бар» дегендей, той-думандатып өмір кешетін қазақ халқы, қандай той болмасын, қонағын шақырып, оны құдайындай сыйлаған.  Ертеден келе жатқан әдеті бойынша, келген қонақты құр қайтармайды. Келген қай қонақты болмасын, ақ жарқын жүздерімен қарсы алып, дастархандарын жайып, оған барын салып сыйлайды.  Мысалы,«Қонақтың орны – төрде», «Қонағын сыйлағантөрге шығарады» деген мақалда қазақтың қонақжайлылығымен қатар, төрге шығару салтын көреміз. Келген қонақты я болмаса кісіні төрге шығару тек қазақ халқына ғана тән қасиет. Төр сөзінің мағынасы төмендегідей:

Төр – үй ішіндегі ең құрметті орын, үйдің босағаға қарама-қарсы жоғарғы жағы. [3.817].
Төр – мұнда жүк жиналады, қонақтар орналасады. Бұл үйдің жоғары әрі қымбатты орны деп саналады. Жас келіндер бұл жерді баса бермейді. [4.41.]
Қорыта айта келгенде, бай мұрамыздан орын алатын мақал-мәтелдер кез келген ұлттың, халықтың шежіресі, тарихы болып табылады. Мақал-мәтелдер – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенін, бастан кешкен оқиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы, табиғатта, өмірде үнемі қайталанып тұратын оқиғалармен, құбылыстармен байланысты туған сөздің тобықтай түйіні.Әрбір мақал-мәтелдердің  бойына этнос болмысына, оның рухани заттық (материалдық) мәдениетіне, дүниетанымына, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сеніміне т.б. қатысты бай ақпарат жинақталғанын ескерсек, олардың этнос болмысын танып-білуге қосар үлесі зор. 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Балақаев М, Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. – Алматы: Зият Пресс, 2006.

2. Ә.Қайдар. Қазақ этнолингвистикасы // Қазақ тілінің өзекті мәселелері. -Алматы, 1998. -304 б.

3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат митнистрлігі  Тіл комитеті. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, «Дайк-Пресс» 2008.

4. Сейіт Кенжеахметов. Жеті қазына – Алматы «Ана тілі ЖШС 2002

5. Әбіш Кекілбаев «Дала балладалары»І-ІІ том Алматы, «Жазушы», 2002