Бакирова Маржан.,  ПС-13-1 тобының студенті

Н.Ж. Сарсенбеков., аға оқытушы

ҚарМТУ., Қазақстан Республикасы

 

Гегель дүниетанымындағы рух мәселесі

 

Немістің ұлы философы Георг Вильгельм Гегель адам рухын табиғаттың тамаша туындысы, ақиқаты, мақсаты ретінде қарастырды. Гегель философиясының жүйесі мынадай үш бөлімнен тұрады: а)логика; б)табиғат философиясы; в)рух философиясы. Гегель философиясының басты мәселесі – әлемдік рух, абсолюттік идеяның бүкіл дүниеден бұрын пайда болғандығы. Бұл пікірді Гегель «Логика ғылымы» деген еңбегінде жан-жақты баяндаған. Мұнда ол абсолюттік идеяны, дүниежүзілік рухты табиғат, қоғам пайда болғанға дейін әлі ештеңе емес, таза идея күйінде қарап, оның диалектиканың үш жалпылық заңдары - санның сапаға көшуі, қарама-карсылықтың бірлігі және күресі, терістеуді терістеу негізінде, өздігінен қозғалып, дамуын идеалистік тұрғыда алып қарайды. Бұл еңбектің бірінші бөлімі - «болмыс», екінші бөлімі – «мән», үшіншісі «ұғым» деп аталады. «Логика ғылымы» еңбегінде Гегель ең алғашқы болып диалектиканың осы үш жалпылық заңын, жоғарыда айтылғандай, бүкіл табиғатқа, әлемге дейін идеалистік тұрғыда зерттеп көрсетеді. Бірақ Гегель идеалистік тұрғыдан таза идеяның бірте-бірте абсолюттік идеяға, әлемдік санаға, бүкіл дүниені жасаушы демиургке айналуын қиял түрінде тұжырымдады. Әрине, бұған қосылуға болмайды. Өйткені идеяның даму заңдылықтары – тек объективтік шындықтың даму заңдылықтарының санадағы көшірмесі, бейнесі ғана. Гегельдің пікірінше, табиғат – абсолюттік идеяның затқа айналған, өзгеше өмірі. Бұл пікір Гегель философиясы жүйесінің екінші бөлімі – «Табиғат философиясында» баяндалады. Бірақ табиғат дамымайды, тек кеңістікте қанатын жазады. Гегель еңбегінде механика, физика және тіршілік мәселелері қарастырылады.  Ол материяны да сөз етеді, бірақ оны дүниенің негізі ретінде емес, идеяның бір көрінісі – ұғым ретінде қарастырады. Оның философиясы жүйесінің үшінші бөлігі – рух философиясы. Мұнда ол әлемдік рух табиғаттан жоғары көтеріліп, өзіне-өзі айналады. Гегель бұл бөлімде азаматтық қоғамды, мемлекетті, құқықты, эстетиканы, дін философиясын әңгіме етеді. Сондай-ақ ол сана, өзіндік сана, ақыл, рух феноменологиясын, мәдениет мәселелерін арнайы алып қарайды.

Гегельдің ойынша, рух даму процесінде өзінің үш сатысынан

өтеді:

1. Субъективті рух, яғни жеке адамның санасы.

2. Объективті рух, оған ол құқ, мораль, адамгершілік, отбасы, азаматтық, мемлекеттікті жатқызады.

3. Абсолюттік рух - ол өнер, дін және философия.

Субъективті рухты Гегель үш ғылымның шеңберінде қарайды. Олар: антропология, феноменология және психология. Антро­пология ілімінде ол жеке адамның тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына, дене мен жанның арақатынасына, адамзаттың нәсілдік айырмашылықтарына, мінез-құлық пен темпераментіне, адамдардың өмір кезеңдеріндегі айырмашылықтарға т.с.с. көңіл бөліп талдайды. Гегельдің ойынша, адамның басқа тіршіліктен бірде-бір айырмашылығы - оның тік жүруінде. Ашық нәсілшілдікті қолда-мағанмен, Гегель нәсілдер мен ұлттардың арасындағы айырма-шылықтарды «абсолютті рухтың» әртүрлі сатыларындағы өз-өзін анықтауымен теңеп, олардың арасындағы мәдени айырмашылықтар ешқашанда жойылмайды деген кертартпа пікір айтады. Адамның өмір кезеңдеріндегі айырмашылықтарды қарап, ойшыл қоғамдық қатынастардағы тәртіпке адамдар тек қана жастық шағында ғана қарсы шығады, есейе келе, пісіп-жетілген шағында олар қирату мен бүлдіруден гөрі тәртіпті сақтауды, жасампаздық еңбекті қалайды.

Субъективтік сананың дамуының екінші сатысы «Рух фено-менологиясында» қаралады. Онда, негізінен, адамның санасы сезім дік сатысынан ақыл-ойға, одан әрі зердеге қарай көтеріледі.

Тарихи абсолюттік идея өзінің абсолюттік рух сатысына көтерілген кезінде, өзін-өзі түбегейлі танып-біліп, қанағаттанады. Өнер саласында ол өзінің толық еріктігін сезінеді, дінде өзін Марқабатты түрде қабылдайды,  ал философияда өзінің  мәнін категориялдық (ұғымдық) дәрежеде түсініп, таниды. Олай болса, философия діннен жоғары, өйткені діндегі қабылдау философиядағы ұғымнан төмен. Сонымен философиямен рухтың дамуы бітеді, өйткені ол өзін-өзі түсініп тынышталады.