Қазақ мемлекеттілігінің тарихы Асан Қайғы
шығармаларында
Мансурова А. М.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ-сы,
Қазақ хандығының құрылу тарихына
байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдеби
шығармаларға
үңілсек,
бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен
Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Қазақстан үшін ортағасырлардағы
ХV ғасырдың орны ерекше.
Өйткені, ғасырлық
этникалық үдерістер нәтижесінде қазақ халқы
жеке хандық құрды.
Құрылған хандықтың нәтижесінде,
халық өсімінің негіздері қаланды,
тұрғылықты аумақты кеңейте,
шаруашылық-мәдени өмірді нығайта алды.
Қазақ
хандығының құрылу тарихы XIX ғасырда Шоқан
Уәлиханов зерттеулерінде былайша беріледі: «..ауызша аңыз
әңгіме бойынша қырғыздар (қазақтар)
Барақтың ұлы Жәнібекті өздерінің ханы
санайды. Қалай болғанда да, аңыз бойынша Жәнібек Жошы
ұрпағынан шыққан қазақтардың бірінші
ханы болған… орданың екі жақыны, ноғайлар мен
қазақтардың тұрмыстары бірге болған.
Жәнібектің билік құрған кезеңі
қырғыздың (қазақтың) поэмасында «Алтын
ғасыр» ретінде жырланады. Далалықтар арасындағы Жиренше
шешеннің (дана), әз Жәнібектің және ноғай
философы Асан қайғының адамгершілік жөніндегі
жыр-аңыздарының басым бөлігі қазіргі кезеңге
дейін қолданыста». Бұл жерде Ш. Уәлихановтың кейінгі
тарихи кезеңдегі бір-бірінен ажыраған туыс халықтар,
қазақ және ноғайды бірге айтуы да бекер емес-ті.
Біздің ұлы жұртымыздың басым бөлігі
мыңдаған ғасыр бойына көшпелі өмір салтын
ұстанды.Асан Қайғы бабамыз осы тіршіліктің
түйінін тапты. Ол – Жерұйық болатын. Болса да
«Жерұйық» бостан-босқа орнамайды, оны әуелі жер шолып
іздеп, табу керек, орнығу керек, көркейту керек… Қазақ
мемлекеттігіне 1456 жылы Қозыбасы, Шу бойынан құтты мекен
тауып берген, өзі бастап келіп қоныстындырған,жаңа
құрылымның ұраншысы болған Асан Қайғы
бабамыз болатын. Ол ұлы-ұлы мемлекеттердің – Алтын Орда,
Ноғайлы ұлысы, Қазақ хандығының бас биі,
ақылманы, бастаушысы, елшісі, ұраншысы, сол мемлекеттің
ең басты қағидаттарын қалыптастырушы,
құраушысы, реформаторы еді. Асан қайғы барлық
жыраулық-дастаншыл ақындардың атасына айналды.
Асан
қайғының жырлары Қазақ хандығының
құрылуы мен нығаюының куәсі және солай
болып қалады. Бірақ қазақтың ежелгі және
ортағасырлық деректеріне көңіл бөлінбеу
және кеңес кезеңіндегі идеологиялық кедергілер
салдарынан ескерілмеді және айтылмады, күшпен алынып тасталды,
қазақтың ауызша тарихи деректерін білмегендіктен
зерттеушілерге белгісіз күйінде қалды. Айта кету керек,
қазіргі кезеңде де зерттеу жұмыстарында ауыз әдебиеті
деректерін пайдалану өзекті болып тұр.
Асан қайғы жырларында айтылғандай, Керей мен
Жәнібектің қоныс аударуы Әбілқайыр
ұлысының ыдырауын жеделдеткен толассыз текетірес, өзара
қырқыс салдарынан болды. Оның үстіне алыс
өлкедегі «жаңа қазақтарға» қоныс аудару да
оңайға соқпады. Қонысынан, туғандарынан айырылу
адамдар бойында ашу мен ызаны туғызды, мұндай реніштер Асан
қайғының «Әй ,хан, мен айтпасам білмейсің?»жырында
нақтылап көрсетіледі. "Шабылып жатқан
халқың бар, аймағын көздеп көрмейсің", – деп,
күйзелген халқының қамын ойлау орнына
"қымыз ішіп қызарып, масаттанып, қызып, өзінен
басқа хан жоқтай елеуреп, бақ-дәрежесіне, мансабына
масаттанған" ханға батыл үн қатады. Жырау
бұл жерде ханның мақтаншақ, парықсыз,
ұшқалақ мінезін тамаша бейнелеген.
Ертеңгі
халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла,
көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында
жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші
патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы
ескертеді:
Қилы-қилы заман болмай ма,
Суда жүрген ақ шортан
Қарағай басын шалмай ма?
Осы бейнелер
арқылы орыс патшасы отарлауының мән-жайын алдын ала айтып,
көрегендік танытады.
Асан
қайғы ел, халық тағдырына, болашағына терең
көз жібереді, қабырғасы қайыса жыр төгеді, болжам
жасайды. Жырау ханға:
Тіл алсаң, іздеп қоныс
көр,
Желмая мініп жер шалсам,
Тапқан жерге ел көшір, –
деп ақыл-кеңес береді. Онан
әрі ханға:
Аңдып жүрген көп
дұшпан,
Елге жау боп келеді.
Құладан қуды
өлтірсе,
Өз басына келеді.
Құлың кеп сені
өлтірер.
Осыны Асан біледі, –
деп, жырау халық көтерілсе,
хан басына ауыр күн туарын ескертеді.
Бұл
арнауда кезінде батыс өңірінен оңтүстікке қоныс
аударған Жәнібек сұлтанды жазғыру сезіледі.
Ақылгөй ақын, Жәнібек саясатын сынға
алушылардың бірі болды. Асан қайғының
сұлтанға арнауы мемлекеттік басқарудың кемшілігін
көрсете, көсемнің уайым-қайғысыз және
мамыражай әрекеттеріне соққы береді. Жазушы-ғалым
Мұхтар Мағауин Асан қайғының құлдыраған
Алтын Ордадағы жер иеліктері үлесі үшін болған
өзара қырқысуды ғана уайымдаумен қоса, ол хандықтың
әлсіреуінің, өзара талас-тартыстың қауіптілігі
жөнінде ескерткенін және көрші мемлекеттің өсіп
келе жатқан даму ауқымына мән бергенін пайымдайды. Ірі
мырзалар арасындағы алауыздықты, сол сияқты
Әбілқайырдың кертартпалығын асау мінезді
сұлтандар дер кезінде пайдалана алды. Әбілқайырдан Керей мен
Жәнібектің бөлінуі, қазақ мемлекеттігі
құрылуының алғашқы қадамы ғана
болған-ды. Бес томдық «Қазақстан тарихының»
екінші томындағы (1998ж.) мәлімет бойынша қоныс
аударған тұста Жәнібек қырық жас шамасында
болғандығы берілген. Ал Керей болса одан бірнеше жас үлкен
болған-ды. Бұл тәжірибелі, ақылды саясаткерлердің
алдын ала ойласа және келісе шешкен қадамы болды. Екінші
жағынан, оларға мұндай қадам жасауға,
Әбілқайырмен қатынасын үзуге түпкілікті шешім
қабылдаған көшпелі тайпалардың жаппай көңіл
күйі мен олардың ниеттері де әсер етті. Жәнібек пен
Керейді қолдаушылардың жылдам қарқынмен өсе
түсуі, осы нұсқаны бекіте түседі. Бірақ
Есенбұғаның 1462 жылы қайтыс болуымен Жетісуда
қазақ билеушілеріне қарсы тұра алатын нақты
күш болған жоқ. Есенбұғаның бауыры
Жүніс хан бұл кезде Ташкентте жүрген.
Моғолстандағы өзара қырқыстардың басталуы
– Жәнібек пен Керейдің саяси бағытының алмасуына негіз
жасады. Көп уақыт өтпей-ақ, табанды қазақ
сұлтандары Моғолстан билеушілеріне бағынудан бас тартып
қана қоймай, Жетісу аумағын өздеріне бағындырып,
патшалық таққа отырды. Осы кезеңнен сұлтандар
лауазымы өзгереді, оларды сенімді түрде хандар деп атай бастайды.
Қорыта айтқанда, тарихта аты қалған ұлы
тұлғалардың әрқайсысының өзіндік орны
болатыны белгілі. Осы ретте, Асан Қайғыны қазіргі
қазақ мемлекеттігінің, ел тәуелсіздігінің
түп қазығы деп қарастырсақ артықтық
етпейді. Қазақ дейтін халықты ұйыстыруда Асан
Қайғыдай данышпанның болуы, ол Алладан келген ұлы сый
деп білеміз. Оның армандаған «Жерұйығы» жер бетінде
орнады. Ол – Қазақ мемлекеті. Бүгінде біз Асан
Қайғы армандағандай, қой үстінде бозторғай
жұмыртқалаған бейбіт
тіршілік кешудеміз. Қанша
қиындықты бастан өткерсек те, жеріміз бен елімізді аман
сақтап қалдық. Келешекте осы азаттығымызды,
тіліміз бен дінімізді сақтап қалу біздерге,
яғни, өскелең ұрпаққа аманат деп білемін.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
М.
Мағауин. Қазақ
хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы: Ана тілі, 1992.
Ж. Б.
Ошақбаева. Жыраулар даналығы. Философиялық пайымдаулар. –
Алматы, 2011.
Alashainasy.kz