Априорлық синтетикалық білімдегі категорияларды трансценденттік талдау

 

Трансценденталдық логиканың ең басты мазмұны, Канттың пікірінше, - ол логикалық категорияларды зерттеу, өйткені категориялар арқылы теориялық білім өзінің әмбебаптығы мен қажеттілігіне ие. Кант философиясында трансценденталдық логика аналитикалық және диалектикалық болып екіге бөлінеді. Ұғымдардың аналитикасы деп Кант әдеттегі «философиялық зерттеулердегі кездесетін ұғымдарды мазмұн жағынан бөліп қарастыратын және оларды айқын ететін әдістерді емес, априорлық ұғымдардың болу мүмкіндігін зерттеу мақсатында қазірге дейін әлі аз қолданып жүрген пайым қабілеттілігінің өзін бөлшектеу болып табылады, - дейді, өйткені олардың шығу тегі орнын тек пайымнан іздеу керек және жалпы [пайымды] таза қолдануды талдау керек». «Таза парасатқа сынның» үш бөліміне «Пролегоменнің» үш бөлігі сәйкес келеді, дәлірек айтсақ: математика, жаратылыстану және метафизика қалай мүмкін болады?

Ғылыми теориялық білімнің (a priori синтетикалық пікірдің) қалыптасуында категориялардың маңызы өте зор болды, оны Кант «Таза парасатқа сынның» екінші бөлімінде терең зерттеді. Логикалық категорияларды, ойлаудың әмбебаптық формаларын Канттық талдаудың философия тарихында алатын орны ерекше.  Егер Кантқа дейін категориялар негізінен онтологиялық тұрғыда, дүниенің жалпы байланысы ретінде қарастырылса, ал Канттық философияда оның жаңа қыры ашылды – категориялар принциптер, ғылыми – теориялық білімнің әмбебаптық қалыптасу шарты ретінде қарастырылды.

Сонымен бірге Кант алғаш рет категорияларды логика, трансценденталдық логика пәні ретінде зерттеді. Сондықтан біз – дейді Әбділдин, кейбір авторлар сияқты, категориялрды талдауда Кант Аристотельмен салыстырғанда бір қадым кейін шегінді деген тұжырыммен келісе алмаймыз. Мұндай тұжырымдаудың ақиқиқатқа ешқандайда қатысы жоқ және шындыққа жанаспайды. Олардың пікірінше, категориялар туралы канттық ілімді талдауда осы ілімнің тек бір аспектіне – идеализм мен агностицизміне ғана көңіл аударуы. Өкінішке қарай, олар ойлаудың әмбебаптық формалары  туралы Канттың идеяларына мән бермеді.

Бәрімізге әйгілі, Кантқа дейінгі философияда категорияларды толық талдауды Платон мен Аристотель жүзеге асырды. Платон бес категорияны қарастырды – мәнділік (болмыс), қозғалыс, тыныштық, барабарлық, айырмашылық (өзгеріс). Осылардың әрқайсысы әрі бар, әрі бар емес; әрі бір-біріне тең, әрі тең емес; әрі өзінде барабарлықта, әрі қарама-қарсылықта және сонымен бірге өзінен «өзгеге» өтеді.  Сөйтіп, болмыс-бейболмысты, біртұтастық (бірлік) көптілікті, тыныштық – қозғалысты, барабарлық-айырмашылықты ұйғарады. Аристотель «Категориялар», «Метафизика» деген еңбектерінде категориялар болмыстың елеулі жақтарын бейнелейді деп 10 категорияны қарастырды, оның біреуі болмыстың не екенін айтса, ал қалғаны 9-ы оның сипатын береді: мән (субстанция), мөлшер, сапа, қатынас, орын, уақыт, жағдай, күй немесе қалып, әрекет немесе әсер, қасірет немесе күйіну. Ол категорияларды болмыстың тектері деп ұғынып, оның гносеологиялық маңызына көңіл аударды. Аристотельден Кантқа дейін ешбір философ логикалық категорияларды осылай терең зерттей алмады.

Категорияларды талдау мен зерттеуде Кант мүлде өзгеше принципті басшылыққа алды. Өзіне дейінгілерден өзгеше Кант категорияларды субъективтік қызмет санатында қарастырды, оларды адами сананың белсенділігінің формасы ретінде, сезімдік пен пайымның априорлық формасы ретінде түсіндірді. Сонда ол категориялар объективтік дүниенің шынайы мазмұны мен оның заңдылықтарын бейнелемейді, олар тек синтетикалық априорлық білімнің әмбебаптық шарты ғана, онсыз математика да, жаратылыстану да, метафизика да шынайы өмір сүре алмайды.

Сезімдік-танымның мазмұнын, ал пайым – тәжірибе құбылыстарының байланысын орнықтыратын форманы береді. Осы форма дегеніміз ойлаудың әмбебаптық ұғымдары. Категориялар өзінің задылығымен объективті, ал зерделеу тек категорияларға келтірілгендіктен объективті. Әмбебаптық пайымдық категориялар тек ойлау формаларына қатысты, ол өз бетінше ешқандай да мазмұнға ие емес.

Кеңістік пен уақыт, Канттың пікірінше, өзіндік заттар болмысының объективтік формалары емес, адами зерделеу формалары. Субстанция, себептілік, қажеттілік – бұл таза пайымдық формалар. Сонда тәжірибеден ұғымдар алынбайды, керісінше, тәжірибе мүмкіндігі пайым категорияларымен шартталған.

Өзінің идеализміне қарамай Канттың философия тарихындағы, диалектикалық логикада категория мәселесін зерттеудегі маңызы ол адами сананың белсенділігін, қызметшілдігін атап өтті, субъект пен объекттің бірлігі концепциясын жасады, ойлау категорияларын сана мен өзіндік сананың белсенділігінің шарты ретінде қарастырды. Сонымен бірге Кант дедукция негізінде категорияларды бір жүйеге келтіруге тырысты. Ол категория кестесін жасады және жаңа заман философиясында алғаш рет логикалық категориялардың дедукциясын негіздеуде бірегей, бір принциптің маңызын атап өтті.

Ол категориялардың шығу көзін пайым пікірінің төрт функциясын дедукциялау арқылы негіздеді. Ол логикалық пікірде қанша тек болса, таза ұғымдардың да сонша тегі болуы керек деп ұйғарды. Ол осы мәселені зерттеудің пәндік аясын іздеді. Егер парасат категориялардың шығу көзі болса, онда ол пікірлерде бітімделіп, көрініс табады. Ал категория дегеніміз кез келген пікірдің жалпылық болу шарты. Осыдан шығатын қорытынды: пікірдің жалпы мөлшері, класы сонымен бірге бірмезетте категориялардың жалпы мөлшері мен класын көрсетеді.

Кантқа дейінгі логикада пікірдің төрт класы – мөлшер, сапа, қатынас және модальдік жағынан қарастырылды. Категориялар пікірлердің жалпы шарты болғандықтан, әрқайсысы категориялардың үш түрін өзінде сақтайтын олар да төрт кластан құрылуы керек. Демек, – деп жазды Кант, – категориялардың жалпы саны пікір формаларының жалпы санына сәйкес, яғни он екі болуы керек. Сөйтіп, ол он екі категорияны төрт топқа бөліп, әрбір топтар арасында диалектикалық байланыстың элементтері бар екенін байқады:

·             Сапа – шындық, терістеу, шектеу;

·             Мөлшер – бірлік, көптік, бүтіндік;

·             Қатынас субстанция және қасиет, себеп пен салдар, өзара әрекеттесу;

·             Модальдік – мүмкіндік пен мүмкіндіксіздік, шындықтық пен шындықсыздық, қажеттілік пен кездейсоқтық.

Бұл категориялар жүйесі ішкі логикалық құрылымға ие: әрбір төрт кластық категориялардың алғашқы екі категориясы қарама-қарсы сипатқа ие де, ал үшінші категория олардың синтезі болып келеді.

Кант категорияларды ойлаудың әмбебаптық формалары деп қарастырып, оларды жаңа, трансценденталдық логиканың пәні ретінде зерттеді.

Канттық әдістің жаңалығы – ол категорияларды ғылыми – теориялық білім қалыптасуының әмбебаптық және қажетті шарты деп қарастырды. Егер ол фактілерді, сезімдік алуан-түрлікті, тәжірибені таным материясы ретінде алса, ал категорияларды ғылыми – теориялық білімнің (a priori синтетикалық пікір) құрылымдық, ұйымдастырушылық мәні деп зерделеді. Әсіресе, Канттың категорияларды ойлау формаларының мәні деп ұғынуын Әбділдин өте жоғары бағалады, өйткені дәстүрлі логика ойлау формалары деп тек пікір, тұжырым мен ұғымды ғана ұйғарған еді. Канттың осы ойлары әлі күнге дейін өзінің маңызын жоғалтқан жоқ, себебі формалды логика өкілдері мен қазіргі позитивизм категорияларды ойлаудың әмбебаптық формалары деп мойындамайды. Сонымен бірге канттық категорияларды талдауға қатысты айтсақ, оған идеализм, агностицизм және априоризм тән екенін де мойындау керек.

               Пайдаланылған  әдебиет:

·              Абдильдин  Ж.М. «Роль принципа конкретности в современной науке», Соч. в 5-ти т. Т.2. Алматы, 2001. – 448с.

·             Абдильдин  Ж.М. «Формирование логического строя мышления в процессе практической деятельности». Соч. в 5-ти т. Т.3. Алматы, 2001- 392с.

·              Кант И. Соч. Т.3. 165б. «Критика чистого разума». М., 1964.

·              Кант И. Соч. Т.4. 37б. «Критика практического разума ». М.,1964.