Саяси ғылымдарының кандидаты Насимов
М.Ө.,
философия магистрі Паридинова Б.Ж.
«Болашақ» университеті,
Қызылорда, Қазақстан
Бұқаралық ақпарат құралдарының
негізгі қызметтері
Қазіргі
қоғамда ақпарат тауарға айналғаны белгілі.
Өркениет дамуындағы дағдарыс үдерістері мен
құбылыстарының өршуі еліміздің саяси,
экономикалық, әлеуметтік, мәдени салаларының
өзгерістеріне ұшыратуы заңды құбылыс. Бұл
тұста әлемдік мәдениеттің және
қоғамдық қозғалыстың бөлігі болып
саналатын журналистиканың қоғам үшін орны ерекше. Ол шығармашылық
пен саясаттың да феномені. Сонымен қатар, қазіргі
өркениеттің маңызды құбылыстарын қамтитын
жиынтық. Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінгі
таңдағы өзекті мәселелер қатарын
оқиғалар, бағалау және түсініктемелер
арқылы әлеуметтік топтар дүниетанымына ықпал жасайды.
Бұқаралық
ақпарат құралдары қатарына баспасөз, кино,
теледидар, аудио- және бейнекассеталар, плакаттар және т.б. енетіні
анық. Сондықтан БАҚ үлкен аудиторияны қамтитын
және тұрақты түрде қызмет ететін ақпарат
таратудың құралы. Бұл ұғым ағылшын
және орыс тілдеріндегі «масс-медиа» түсінігімен синонимдес.
Негізінен бұқаралық ақпарат құралдарына
енеді: басылымдар: газеттер, журналдар; электронды БАҚ: теледидар, радио
және Интернет. Бұл байланыс құралдарының
бүгінгі қоғамдағы орны ерекше екендігі баршамызға
мәлім.
Бүгінгі
ғылыми зерттеулерде бұқаралық ақпарат
құралдарының екі негізгі қызметін айқындай
аламыз: 1) гуманитарлық
(ақпараттандыру, білім беру, ойын-сауықтық); 2) саяси (бұқаралық сана
қалыптастыру).
Өз кезегінде
бұқаралық ақпарат құралдарының саяси
қызметі қазіргі кезеңдегі өзіндік құрамдас
бөлігін құрайтын және гуманитарлық
қызметпен тығыз байланысты бірнеше өзіндік ерекшелігі бар
қызмет түрлерін қамтиды.
БАҚ-тың
негізгі қызметтерінің қатарына ақпараттандыру
жатады. Саяси ақпаратқа қоғамдық маңызы
зор, мемлекеттік органдар тарапынан назарды қажет ететін және
оларға ықпал жасайтын мәліметтер енеді. Алынған
ақпарат негізінде азаматтардың үкімет, парламент, партиялар
мен басқа саяси институттар қызметі, қоғамның
экономикалық және мәдени өмірі туралы ойлары
қалыптасады.
БАҚ-тың
ағартушылық қызметі ақпарат көздерінен
алынған мәліметтерді өз дәрежесінде бағалау мен
реттеуге бағытталады. Масс-медиа азаматтардың бүкіл
өмірін қамту арқылы олардың саяси және
әлеуметтік ақпаратты ұғынуға ықпал жасайды.
Сондықтан азаматтардың саяси біліміне БАҚ-тың
әсері мол.
Бұқаралық ақпарат
құралдарындағы ағартушылық әлеуметтендіру қызметімен
тығыз байланысты. Дегенмен, ағартушылық жүйелі білім
игеру мен тұлғаның танымдық және
құндылық мүмкіндіктерін кеңейтсе, саяси
әлеуметтендіру халықтың саяси нормалар, құндылықтар
мен мінез-құлық үлгілерін игеруге ұмтылдырады.
Сонымен қатар, тұлғаның әлеуметтік
ақиқатқа бейімделуін қамтамасыз етеді.
БАҚ-тың сыни қызметін
саяси жүйедегі масс-медиамен қатар, оппозиция кеңінен
қолданады. Бірақ, ақпарат құралдарындағы
сынның көлемділігі өте кең болғандықтан,
мемлекеттік саясаттың барлық бағыттары оның назарында
болады.
Қоғамдық
пікірдің беделділігіне негізделген бақылау қызметінің
артықшылықтары өте мол. Қоғамдағы
келеңсіздіктерге әкімшілік және экономикалық жазалау
шараларын қолданбаса да, кез келген оқиға мен саяси тұлға
қимылына құқықтық және адамгершілік
бағасын ұсынады.
Бұқаралық
ақпарат құралдарындағы ықпалдастық
қызметі саясат пен қоғамдағы кемшіліктерді сынаумен
қатар, саяси ойыншылар мен түрлі қоғамдық
мүдделер ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Түрлі
әлеуметтік топтар мүшелері пікірлерін бұқараға
ашық білдіру мүмкіндігін ұсынып, қоғамдық
пікірдегі өз мүдделерін қорғауға жағдай
қалыптастырады.
Жоғарыда
аталған БАҚ-тағы саяси қызмет түрлерінің
барлығы жұмылдыру қызметімен бірлескен.
Қызметтің бұл түрі
азаматтардың белгілі бір саяси қызмет түріне
итермелеуге жол береді. БАҚ халықтың санасы мен сезіміне
ықпал ете отырып, нақты саяси
мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етеді.
Өйткені кез келген жоғары білімді азамат
қарама-қайшылығы мол саяси процестерде жауапты шешім
қабылдауда теледидар, радио, газет пен журналдарға сүйенеді.
Жалпы
бұқаралық ақпарат құралдарының саяси
қызметі жоғарыда аталған түрлерімен шектелмейді. Кейбір
ғалымдар бұқаралық ақпарат
құралдарының саяси қызметі түрлеріне инновациялық, жеделдету және қоғамдық
пікірді қалыптастыру қызметтері туралы да айтады. Бұл
БАҚ-тың саяси кеңес беру қызметі ерекшеліктерін
толықтай айқындайды.
Жалпы
Қазақстан Республикасында бұқаралық ақпарат
құралдары негізгі қызметінің дамуы келесі
бағыттар бойынша жүруі керек деп ойлаймыз:
- ақпараттың құқық мәселелері
бойынша теориялық дайындау;
- компьютерлер, ақпараттандырудың өзге де
құралдарын пайдалануға бағытталған қызмет
түрлерінің экономикалық шарттарын құру;
- әлеуметтік мемлекеттік және қоғамдық
ақпараттың қызмет көрсету түрлерін дамыту;
- ақпараттық қоғамның саяси
алғышарттарындағы жағымды демократиялық
құрылысты қалыптастыру;
- ақпараттық алмасулар бойынша әлеуметтік және
коммуникациялық ерекшеліктері құралдарын насихаттау.