М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

Мукашова Қ.С. құқықтану мамандығының магистрі

 

Конституция-тәуелсіздігіміздің айғағы

 

Кеңес жүйесі тарап, Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін 1993 жылы парламент қабылдаған бірінші Конституция Республиканың дамуындағы зор қадам болды. 1993 жылы 28 қаңтарда егеменді тәуелсіз қазақ мемлекетінің тұңғыш Конституциясын Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің сессиясында бірауыздан қабылданды. Сөйтіп, Конституция – егеменді, ешбір мемлекетпен ортақтаспаған тәуелсіз мемлекеттің Ата Заңы болды. Ал, 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық дауыс беру негiзiнде екiншi, қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.

         Ата Заңымызды бұлжытпай орындаудың нәтижесінде Отанымыздың бірлігі нығайып, елдегі тұрақтылық пен татулық орнықты. Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты.

Конституцияда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді [1].

         Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі. Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді. Ғасырлар тоғысында әлемдік өркениеттің шыңына ұмтылған Қазақстан халқы тарихы да тағдырлы шешім қабылдап, жасампаз жаңа дәуірге қадам басты [2].

Ата Заң біздің бүкіл жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды.
Конституция мызғымас мемлекетіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!
Конституцияны басшылыққа ала отырып, біз тәуелсіздігіміз бен мемлекетімізді нығайту жолында ғасырлық  мәні бар ауқымды  атқардық.
Ортақ шаңырағымыздың шекарасын шегелеп, іргемізді мызғымастай етіп бекіттік.
Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі ұлт өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты.

 Осыншама қысқа мерзімде өз Конституциямызды қабылдағанда, бізге таң қалған ел аз болған жоқ. Біз олардың ешбіреуіне мән бермей, өлшеулі уақыт, табанды талап, шығармашылық іс- әрекеттің арқасында алға қойған мақсатымызға жеттік. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзін демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Конституциясымен бүкіл әлемге мойындатты.      
        Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде әрбір құқықтық санасы жоғары  азамат Конституцияда  бейнеленген жауапкершілікті сезінуі қажет. Қоғамның бүгіні  мен болашағы үшін, жалпы алғанда  өз Конституциямызды құрметтеп қорғап және маңыздылығын жоғалтпай сақтауымыз біздің, яғни әрбір Қазақстан Республикасындағы азаматтың міндеті мен парызы [3].

Себебі, бұл Конституция Қазақстан Республикасының Ата Заңы. 
 Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Осы идеяның меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық бірлестіктерге, отбасына және тағы басқаларға қатысы бар екендігін ұмытпауымыз керек. 
    
Мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі - Ата Заңымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Баянов Е. Қазақстан республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері. Алматы 2003- 692 бет.

2.     Баққұлов С. Құқық негіздері Алматы, 2004 -248 бет

3.     Қазақстан Республикасының Конституциясы. Елорда, 2008- 56 бет