Кәсіби бағдар беру жастарды еңбек
қызметіне дайындау ретінде
Алибекова Махаббат
«Тұран-Астана»
университеті магистранты
Жастарды
еңбекке даярлау мәселесі – қоғам өміріндегі
жылдан-жылға келе жатқан мәселе. Алайда ол әр кезде
жаңа мазмұнмен толықтыру және тәжірибеде
жүзеге асырудың жаңа түрлерін табу арқылы
әр түрлі қоғамдық-экономикалық формацияда әрқалай
шешімін тапқан.
Алғашқы
еңбек бөлінісі (жыныстық және жас ерекшелік)
табиғи сипатта болды. Әрі қарай ол басқа факторлар
әрекетінің жиынтығында, мысалы мүліктік
теңсіздіктің өсуі топтардың туындауына, қала мен
ауыл арасындағы, ой еңбегі мен дене еңбегі арасындағы қарама-қарсылыққа
әкеліп соқты.
Еңбек бөлінісінің
өсуі мен артуы өндірістік қатынастардың дамуына
әсер етеді. Алғашқы қауымдық
құрылыста алғашқы ірі еңбек бөлінісі болды
(малшы тайпаларын бөлу). Алғашқы қоғамдық
ірі еңбек бөлінісінен екі топтық алғашқы ірі
қоғамдық бөлінісі – құдайлар және
құлдар, қанаушылар мен қаналушылар туындады. Нәтижесінде екінші
қоғамдық-экономикалық формация – құл
иеленушілік құрылыс пайда болды.
Екінші ірі
еңбек бөлінісі – қала мен ауылды бөлудің бастауы
болып табылатын шаруашылықты жер шаруашылығын бөлу.
Алғашқы
қауымдық құрылыс кезеңінде пайда болған
тауарлық айырбастың бұдан әрі дамуы өзінен кейін
үшінші ірі қоғамдық еңбек бөлінісіне–
өндірістен сауданын даралануы және көпестердің
бөлінуіне алып келді. Нәтижесінде жаңа
қоғамдық-экономикалық формация – капиталистік
құрылыс пайда болды.
Капитализм
кезінде мамандандыруды арттыру мен кеңейту, өнеркәсіптік
өндіріс саласы санының өсуі жағдайында кәсіпорын
ішіндегі еңбек бөлінісі, жаңа мамандықтардың
толасыз санын пайда болды.
Капитализм
кезінде ірі машина өндірісі тар шеңберде мамандандырылған жұмысшылардың
бұдан бетер өсуіне әкелді. Олар нақты бір үнемі
және бірқалыпты жасалатын, сонымен бірге қызу жұмысты
да орындады. Олардың еңбегі өте қажытатын болды.
Капиталистік өндірістің бұл жүйесі созылмалы
жұмыссыздық жағдайында да жұмысшылардың
өзінің мамандығын жиі ауыстыруына әкеліп
соқты.
XIX аяғы – XX басындағы
ғ.ғ. прогресшіл ғалымдар мен қоғамдық
қайраткерлер әр адамның нақты бір жұмысты
орындауы үшін әдет пен дағды ғана емес, сонымен
қатар оның кәсіби қажеттілігін айқындайтын
қабілеттілік те керек деген ойға келді. Осыған байланысты
мамандық таңдаушы жастарға тиісті көмек беру де
қажет болды.
ХІХ
ғасырда жастардың кәсіби бағдар беру мәселелері
бойынша кейбір сұрақтарға жауап алатын әдебиет
көздері пайда болды. Францияда «Руководство по выбору професий» (1849)
атты әдебиет шықты; Ресейде 1887 жылы Петербург
университетінің профессоры Н.И. Кареевтің «Выбор факультета и
прохождения университетского курса» атты кітабы басылып шығарылды. Ол
алғашқылардың бірі ретінде оқушылардың
мамандық таңдау себептерін зерттеген. Оның жұмыстарында
жастардың мамандық таңдаудағы түсініктері
төмен және олар болашақ мамандықтың
айналасындағы адамдардың ақылымен таңдайды деп
көрсетілген.
Осылайша
XIX ғ. аяғы – XX ғ. басында туындаған кәсіби
бағдар беруді ұйымдастыру бойынша әрі қарай ілгерілеу
өмірдің талаптарынан, оның
әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастау алды.
ХХ
ғасырдың басында алғаш рет АҚШ-та, Англияда, Германияда
еңбек биржасы кезінде жастарға арналған
анықтамалық-ақпараттық бюро ұйымдастырылды.
Бұл жерде жастардың қай мамандықты таңдау
керектігі жайлы, білім берудің болашақтағы
мүмкіндіктері және алда күтіп тұрған
жұмысқа даярлану сияқты мәселелер бойынша кеңес
алуға мүмкіндіктері болды. Мұндай бюролар әр адамға жеке кеңес беру
қызметтерімен шектеліп қана қоймай, кәсіби бағдар
беру парақтарының, кітапшалардың және т.с.с.
көмекші құралдардың көмегімен саналы түрде
мамандық таңдау туралы насихаттау жұмыстарын да
жүргізді.
Алайда,
жастардың кәсіби жарамдылығын анықтайтын негізгі
әдіс анкеталық сауалнама ғана болды. Сол кездегі анкета
сұрақтарының талдауы бюро ең алдымен
кәсіпкерлердің қызығушылығы жайлы
ойлатындығын растады.
Осылайша
алғашқы кәсіби бағдар беру жұмыстары алдын-ала
жастардың кәсіби икемділігін зерттеу, бюрода жастармен
әңгімелесу, анкета толтыру, ата-аналары мен оқытушыларына
сауалдар қою, қорытынды әңгімелесу, түлектерді
жұмысқа орналастыру кезінде кеңес беру арқылы
өткізілді.
1908 жылы Гарвард университетінің
профессоры Ф. Барсонс жастардың
өмірдегі өз жолдарын табуларына көмек көрсету үшін
Бостонда (АҚШ) «Бюро орентации» атты бағдар беру бюросын ашты.
Бұл бюроның қызметін кәсіби алға
іргелілеудің бастамасы деп санауға болды. Бұдан кейін осы сияқты бюро 1910 жылы Нью-Йоркте
құрылды. Оның басты міндеттері әр түрлі
мамандықтардың адамға қойылатын талаптарын зерттеу,
жастардың ерекшеліктерін егжей-тегжейлі білу. Бюро өз жұмысын
оқытушылармен толық түрде байланыс жасап, тест пен анкеталар
қолдану арқылы жүргізді. Бұл бюролардың
тәжірибесі кең түрде АҚШ-та, Испанияда, Финляндияда,
Швейцарияда, Чехославакаияда және басқа да елдерде
қолданылды. Англияда кәсіби
бағдар беру мекемелерін қолдау және дамыту заңнама
жүзінде ұйымдастырылды.
ХХ
ғасырдың басында Ресейде кәсіби бағдар беру
қызметін Оқытушылар үйінің педагогикалық
мұражайы (Педагогический музей учительского дома) (Мәскеу) ұйымдастыра
бастады. Мұражай әр типті оқу орындары оқушыларының
мамандық таңдау сұрақтарына қатысты
зерттеулердің біршама қатарын қабылдады. Нәтижесінде
қандай мамандықтар ең көп қызуғышылық
тудыратыны, жастарды қайсыбір еңбек жолымен жүруге
итермелейтін себептер анықталды. Осы мақсатта мұражай
әр мектепте оқушылардан олардың болашақтағы
мамандығы жайлы сауалнама жүргізуді ұйымдастырды.
Әрі қарай кәсіби
бағдар беру мәселесін шешу заңнамалық деңгейге
өтті.
Марксистік – лениншілдік
педагогиканың ең маңызды мәселелерінің бірі
оқуды өндірістік еңбекпен қоса жүргізу, балаларды
белсенді еңбек қызметіне даярлау идеясы болды. К. Маркс, Ф.
Энгельс, В.И. Ленин буржуазия қисыншылдарының көбіне
қарсы мектеп кәсіби оқу орнына айнала алмайды. Мектеп адамды
қандай да болмасын мамандыққа даярлайтын жалпы білім
және политехникалық негіз беруі керек. Білім беру және тәрбиелеудің, сонымен бірге
білім беру мен өз еркімен еңбек етуді ұштасырудың берік
іргетасын қалау қажет деген пікірді ұстанды.
Кеңес
мектебінің оқушыларын өндірістік еңбекке
қатысуға даярлау талаптары В.И. Ленин әзірлеген РКП(б)
бағдарламасынмен анықталып, 1919 жылы партияның VIII сезінде
қабылданды. Ленин жалпы және политехникалық білімді
бұдан әрі кәсіби даярлауға арналған негіз ретінде
қарастырды.
Мектептерді
политехнизациялау жас кеңес республикасының алғашқы
кезектегі іс-шарасы деп санап, В.И. Ленин әр мектеп бітіруші жас
түлек ғылым негіздерімен және идеологиялық
тәрбиемен бірге политехникалық білімнің негіздерін де алуы
керек деп талап етті.
Теорияшылдардың және
политехникалық мектепті ұйымдастырушылардың бірі П.Т.
Блонский мектепте «жақсы жұмысшы» бағдарламасын дамыта келе,
кәсіби бағдар беру жұмысын қызығушылықтары
бойынша білімдерін арттыру және өз күштерін практикалық
түрде сынау негізінде мамандықтармен таныстыру жолы арқылы
бастауыш сыныптарда бастау қажеттілігін дәлелдеді.
Халық
шаруашылығы мен кадр мәдениетінің әр түрлі
салаларын толықтыруға арналған қор құру
үшін 1924 жылы мектептің жоғары –тоғыз жылдықтар
сыныптары кәсіби мамандандырылды.
Елде кооперативтік-сауда, өндірістік-техникалық,
әкімшілік-шаруашылық, мәдени-ағарту
бағытындағы орта мектептер ашылды. Жалпы білім беретін және
машықтар мен икемділіктерге дағдыландыратын жеті жылдық
фабрика-зауыттық және шаруа жастарының мектептері
құрылды.
Сонымен бірге ғылыми-зерттеу
институттары, зерханалар, кабинеттер мен бюролар өткізетін барлық
жұмыстар мектептен тысқары болды. 1931 жылғы мамыр айында
Бүкіл кеңестік политехникалық съезд кәсіби бағдар
беру бойынша жұмыстарды түбегейлі қайта құру
қажеттілігін және оны жалпы білім беретін мектептерге ауыстыру
керектігін атап өтті.
Мектептегі
кәсіби бағдар беру жұмыстары бойынша ілгерілеу Ұлы Отан
соғысының басталу кезеңінде тоқтатылды. Ол кезде мектептерде политехникалық
білім беру, еңбекке баулу жойылды.
Соғыстан
кейінгі уақытта, СОКП ХІХ съездінде жастарға политехникалық
білім беру мәселесі қайта қозғалды. 1958 жылға
желтоқсанда қабылданған «Мектеп пен өмір байланысын
нығайту және КСРО халықтық білім беру
жүйесінің әрі қарай дамуы туралы Заңының»
негізінде мектеп жұмысының қайта құрылуы
оқушыларды кәсіби бағдар беру мәселелерінің
дамуында жаңа кезеңді белгіледі.
«Кәсіби бағдар беру
экономикалық процесс ретінде – бұл жеке адамның
мүмкіндіктері мен қоғамның қажеттіліктерін есепке
ала отырып сендіре білу арқылы нақты бейімділікті
қалыптастыру жолымен мамандықты және жұмыс орын
таңдауды басқару» - деп жазады А.В. Соловьёв.
Кәсіби бағдар беру жастарды
олардың қызығушылықтарына, бейімділіктері мен
қабілеттіктеріне, сондай-ақ еңбек ресурстарындағы
қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес мамандық
таңдауға бағыттайтын мектептің, отбасы мен
қоғамның біріккен қызметі деп түсінемін.
Бұл мәселенің мемлекеттік және тәжірибелік
маңыздылығы «жалпы білім беретін және кәсіби мектептер
реформаларының негізгі бағыттарында» көрсетілген.
«Дұрыс қойылған кәсіби тәрбие, оқыту мен
кәсби бағдар беру, оқушылардың тікелей
қоғамдық-пайдалы, өндірістік еңбекке
қатысуы оқуға, азаматтық, адамгершілік және
интеллектуалдық және тұлға ретінде қалыптасуына,
физикалық дамуына деген саналы қатынастың факторлары болып
табылады.»
Кәсіби бағдар берудің
әлеуметтік маңыздылығы өз кезегінде оның
тәжірибеде жүзеге асырылуымен, осы жұмыстың
әлеуметтік-экономикалық және
психологиялық-педогогикалық
бағыттарының тығыз қарым-қатынасымен
байланысты мәселелерді шешуде кешенді амалды талап етеді.
Аталған
мәселенің әлеуметтік-экономикалық бағытына
жастардың өз елінің жалпы халық шаруашылық
жүйесімен, оның жетекші салаларымен және жұмысшы
кадрлардың қажеттілігімен танысу, еңбек ресурстарының
демографиялық құрылымын, жеке кәсіптер мен
мамандықтардың әлеуметтік беделін, келешекте кәсіби
тұрғыда өсуін және т.б. білу жатады.
Жастарға
кәсіби бағдар беру міндеттерін шешудегі
психологиялық-педагогикалық амалдың маңыздылығына
біріншіден, әр адам ең алдымен өзіне ғана тән
психофизиологиялық сипаттарға: бағыттылық, темперамент,
есте сақтау, назар аудару, анатомия-физиологиялық
мүмкіндіктерге және т.б. ие. Екіншіден, мамандық таңдау
адамның болашақтағы әлеуметтік-адамгершілік
жағдайымен байланысты.
Жастарға кәсіби
тұрғыда жол ашу және оларды тәрбиелеу, оларда
қоғамдық маңызға ие мамандықты таңдау
мен жеке адамның психофизиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес
кәсіби қызығушылық түрткілерін
қалыптастыру, кәсіби бейімділікті анықтау және оны
әрі қарай дамыту осы мәселенің педагогикалық
бағытын құрайды.
Қазіргі
уақытта жастарға кәсіби бағдар беруді
ұйымдастыруда оның негізгі екі аспектісін – диагностикалық
және тәрбиелеу деп бөліп қарау керек, олар бір-бірінен
жұмыстардың мақсаттары мен маңызы, олардың
өткізу әдістері мен түрлері арқылы ажыратылады.
Кәсіби бағдар берудің
теориялық және ғылыми негіздерін, осы мәселенің
мемлекет пен қоғам үшін орын алатын
қоғамдық-саяси, әлеуметтік және
экономикалық маңызын жалпылай қарастыра отырып, кәсіби бағдар беру
жұмыстары жеке адамның психофизиологиялық ерекшеліктеріне
сәйкес болуы керек және кәсіби бейімділікті анықтау
және дамыту саналы әрі уақытылы болуы керек деген
тұжырымға келуге болады.