Копбаев Б.Т., Сиротина Н.М.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

Спорттағы жарақаттар және олардың болу себептері.

 

Спортшы жаттығулар, жарыстар кезінде жарақаттар алмай тұрмайды. Тіпті бұл салада «Спорттық жарақаттарды емдеу» деп аталатын медицинаның саласы да бар. Спорттық жарақаттардың емдеу үшін алдымен оның болу себептерін, ерекшеліктерін, қандай жарақат кезінде қалай емдеу қажеттігін де білу шарт. Әрине, жарақат өзінен-өзі болмайды. Көбінесе оның басты себеп салдары жаттығу жұмыстарын дұрыс ұйымдастырмаудан туындайды. Кейде секцияға қатысушылардың саны көбейіп, зал тарлық етеді. Сондықтан олар жаттығу кезінде бір-бірімен соқтығысады, қараңғы, тар залда ретсіз тасталған құрал- жабдықтардың өзі жарақат алуға себепші болады. Кейбір спортшылар жаттығулардың жүйелілігін сақтамайды, жатығуға бірде келіп, бірде келмейді, бой жазбаны аз жасайды, сақтықты ұмытады, жаттығу кестесін бұзады. Міне, осылардың барлығы да күтпеген жерден жарақат алуға әкеліп соқтырады. Кейде спорт залдың гигиенаға сай келмеуі мүмкін, алаңда қоқыстың жатуы, ойқы-шойқы еден, желдеткіштің жоқтығы, терезелерден желдің гуілдеп тұруы, спорттық құрал-жабдықтардың талапқа сай болмауы, ауа-райының қолайсыз күндерінде жаттығу сабақтарын өткізу – жарақат алудың басты себептерінің бірі. Мысалы, қатты аязда, боранда жүгіру, шаңғы тебу, дене мүшелеренің – құлақтың, саусақтың, башпайлардың үсуіне әкеп соқтырады. Әрбір спортшы дәрігерлік бақылаудан жиі-жиі өтіп тұруға тиіс. Жаттығуға, жарысқа дәрігердің рұқсатынсыз қатысуға болмайды. Сырқат спортшы бойға көп күш түсірсе денсаулықты бұрынғыдан да әлсіретеді, ал жүйені сақтамаудың қауіпі де одан кем емес. Бұл жарақаттарды туғызатын алғашқы себеп-салдар ғана.

Ал жарақаттанудың қандай түрлері бар? Соған тоқталайық.

Барлық механикалық зақымдаушылар ашық және жабық деп бөлiнедi.

Жарақаттар – бұл адам ұлпалары мен органдарының зақымдануы, сыртқы себептерден аяқ-қолдың сынуы мен буынның шығуынан, жұмсақ ұлпаның жаралануы мен дененiң сыдырылуынан, органдардың зақымдануынан және көптеген басқа жәйттердiң әсерiнен ұлпалар мен органдар тұтастығы мен қызметiнiң бұзылуы.

Алғашқы көмек дегенiмiз – зардап шеккен адамның жарақатын асқындырмай, оған әртүрлi медициналық көмек шараларын дұрыс көрсетiп,оның өмiрiн сақтап қалуға бағытталған iс-әрекет. Сондықтан да жарақаттанған адамның өмiрi мен патологиялық процестердiң одан арғы салдары көбiнесе апат болған жердегi алғашқы көмектiң көрсетiлген уақыты мен оның сапасына тығыз байланысты. Кез-келген жарақат бiр орындағы ұлпалардың бұзылуымен қатар ағзада белгiлi бiр жалпы өзгерiстердi тудыруы мүмкiн (жүрек-тамыр қызметiнiң, тыныс алудың, зат алмасуының бұзылуы). Бұл құбылыстар орталық жүйке жүйесiнiң тiтiркенуiнен, қан кетуiнен, өмiрлiк маңызды органдардың зақымдалуынан, уланудан пайда болады. Қатты сырқырататын және қан көп кеткен ауқымды зақымдану кезiнде сырқаттың жалпы жағдайы өте жедел және күрт нашарлайды.

Ашық зақымдалу, немесе жара, кiлегейлi қабықша мен терi жамылғысының тұтастығының бұзылуы — бұл сыртқы жара, ал iшкi жара қан кетумен сипатталады (көкiрек, құрсақ қуысы, ми сауытында).
Жараларды зақымдануына жарақаттаушы зат формасына, құрал түрлерiне қарай бiрнешеге жiктеймiз.

1.                 Кесiлген жара (пышақ, әйнек, ұстараның жүзi т.б). Мұндай жараның жиегi тегiс, тiк және қан қатты ағады. Бұл жарада ауру дәрежесi басқа жарақат түрлерiне қарағанда азырақ.

2.                 Шапқылағанда, балтамен кесiп алғанда кесiлген жараға ұқсас бұдан терең, тiптi кейде жарақат сүйекке дейiн жетуi мүмкiн.

Шаншылған, тесiлген жара шаншылатындай заттардан: ине, шеге, пышақ, үшкiр темiр т.б зақымданудан пайда болатын жара.
Терiде аз ғана жара тесiгi болады, бiрақ ұлпаға тереңiрек еңiп зақымдайды, кейде iшкi органдар да зақымдалуы мүмкiн. Сыртқы қан кету болар болмас қана.

Мыжылған жара снарядтың жарықшағынан зақымдалуынан және адам жүрiп бара жатқан транспорттың астына түсуiнен т.б. болады. Мұндай жараның жиегi тегiс емес, оның айналасындағы ұлпалар күштi зақымдалады. Қан кету өте көп болмайды,бiрақ ауырсыну әр уақытта жоғары.
Соғылған жара сыртқы түрiне қарағанда мыжылған жараға ұқсас. Соғылған жара таспен (күштi ұрғанда) және дөрекi заттармен күштi ұрғанда, көмiлiп қалғанда, күштi толқындар әсерiнен болады.
Егер соғылған және мыжылған жара көлемi қан көлемдi ұлпаларды зақымдаса, олар езiлген жара деп аталады. Соғылған, мыжылған, езiлген жараларда инфекция түсу, даму мүмкiндiгi жоғары.
Тiстелген жара адам мен жануарлардың тiстеуiнен пайда болады. Тiстелген жараға ауыз қуысынан инфекция түсу мүмкiндiгi жоғары.Ол көбiнесе iрiңдеп, баяу жазылады.

Атылған жара оқ, снаряд жарықшағы түсуiнен т.б жара ол оқ және жарық винтовка мен пистолет оғының әсерiнен болса, екiншiсi жарықшақты жара – артиллериялық снаряд, мина, қол гранаты, авиабомба жарықшағы әсерiнен болады. Жаралар, ату құралдарын қолданудан пайда болса олар мыжылған, шаншылған, езiлген де болуы мүмкiн. Атылған жаралар ұлпаны қатты зақымдайды. Жарықшақ пен оқ кейде сүйекке өтiп, оны бөлiп жiберуi мүмкiн, ал сүйек (жарық) жарықшақтары жұмсақ ұлпаны зақымдайды.

Адам денесiндегi атылған жараларда кiре берiс және шыға берiс тесiктер болады. Бұл жараны өтпелi тесiк дейдi. Егер жарықшақ немесе оқ адам денесiне өтсе, ұлпалар арасына батып кетсе оны соқыр жара деп атайды. Соқыр жарада тек кiре берiс тесiк болады. Жарықшақты жарақатта көбiнесе соқыр жара көп кездеседi, себебi, оққа қарағанда жарықшақ жеңiл. Сондықтан ұлпаларға кiрiп кетедi. Оқ пен жарықшақ жанама өтiп, терiнi және ұлпаларды жарақаттап, тереңге өтпесе оны жанама өткен жара деп атайды. Онда жараның каналы болмайды. Кейде зақымдаушы заттар (кинжал, оқ, жарықшақ т.б.) дене қуысына өтiп, ары қарай (көкiрек, құрсақ) өтпей, тұрып қалуы мүмкiн. Бұл кезде ол сол қуыстағы етке, iштiң қабырғалық терiлерiне тұрып қалады. Мұндай жарақатты соқыр, кiре алмайтын жарықшақты жаралар деп атайды. Кiре алмайтын жаралар ми сауыты көкiрек және iш қуысында болады да, ол өте қауiптi..

Алғашқы көмек көрсеткенде асептикалық және антисептикалық таңғыштар жиi қолданылады.

Таңғыштарға клеолды таңғыш, созылмалы торлы түтiкше таңғыш және желiмдер пластырлы таңғыштар БФ-6 желiмi жатады.
Қан ағып тұрған жараға зарарсыздандырылған таңғыш таңылады немесе үтiктелген таза мата жабылады. Олардың үстiнен кiшкене бинт пен мақтадан жасалған бинт оралады. Таңғышты ораған кезде дымқылданып қалмағаны дұрыс. Қысылған бинттi зардап шегушiнi ауруханаға жеткiзгенше шешпеу керек. Егер таңғыш оралмаса, жарақатқа инфекция түсуi мүмкiн. Сөйтiп жарақат инфекциялық iрiңдi зақымға айналып кетедi. Мұндайда жара iрiңдеп, ауырады, айналасы терiсi қызарып iсiнедi. Егер iрiң терi астындағы шелге жанылса, онда терiде қызыл жолақтар пайда болып лимфа тамырлары қабынады. Мұны лимфангоит деп атайды. Ол шап, қолтық бездерiн шошындырады. Ірiңдi жара ұлғайған кезде ауру жағдайы нашарлайды, дене температурасы көтерiледi, тамыр соғуы жиiлейдi, денесi қалтырайды. Ірiңдi жара ұзақ уақыт жазылмаса инфекциялар қанға өтiп, сепсиске ұшыратады. Ірiңдi жара көбiнесе стафилакокк, стрептококк, протеин iшек таяқшасы сияқты микроб әсерiнен пайда болады. Бұдан басқа микробтарда жарада өсiп-өнiп ауру туғызады.

Қанайтын, қанталайтын жарақаттар қанның көп кетуіне ұшынуына әкеліп соғады, мұндай бұлшық ет жасушалары, кілегей қабат бұзылады. Мұндай жағдайда бірден қанды тоқтататын ем жасалынады, жара дәріленіп, таңылады немесе салқын зат басып тамырларды тарту арқылы қан тоқтатылады. Қан аққанда бір ескеретін жай қанды тоқатуға қанның ұйуы арқылы дененің өзі көмекке келеді. Кейде қаны нашар ұйыйтын адамдар да болады. Мұны спортшының өзі жақсы біліп, жарақаттың алдын алуға ерекше назар аудару қажет. Кейде бұлшық ет жаншынып зақымданады, мысалы, бұлшық ет қатты жаншылғанда қанталап, кейін көгеріп кетеді. Мұндайда жаншылған жерді тазалап, сутегі қышқылы араластырылған сумен сүртеді де, йод ертіндісін жағып, майлайды. Таңып немесе таза дәке жабыстырып қояды. Аяғы немесе қолы шығып кеткенде жаттықтырушы оны еш уақытта өз бетінемен салуға тырыспауы керек. Көбінесе сүйек шыққанда ол буын ішінде сынып тұрады. Ал кейде сүйек буынынан бұрын еш уақытта кездеспеген күйде шығады. Міне, мұндайда білмей сүйекті салам дегенде оның буындасатын жерлері мен жүйке тамырларын зақымдап алуға болады. Ендеше өз бетімен емдеу спортшыға пайда емес, залал тигізеді. Мұның тағы бір салдары буын ойнамалы болып, аздап күш түссе, шығып кете береді, буындары босайды, зақымдық неврит, сүйектің түрін бұзатын артроз, тағы басқа ауруларға шалдықтырады. Сондықтан шыққан жағдайда жаттықтырушы алғашқы көмек ретінде салқынды пайдаланып, шыққан буынды таңып бекітіп, спортшыны зақымды емдейтін дәрігерге жеткізуі тиіс. Байқап көруі үшін рентгенге салғаннан кейін(қалай шыққандығын және шыққан сүйектің сынған-сынбағанын білу үшін) және ауыртпайтын дәрі берген соң маман дәрігер шыққан сүйекті орнынан салып ем қолданады. Ересек спортшыларға қарағанда жастардың сүйектері сирек сынады. Өйткені олардың сүйектері аса серпінді келеді. Осындай себепке байланысты жасөспірімдердің құлақ-қалқанының шеміршегі де өте аз зақымданады. Спортшының сүйегі сынған жағдайда оны қолда бар нәрселермен қозғалмайтын етіп байлап, дереу жедел жәрдем шақырып дәрігерге жеткізуі керек. Басын жарақаттап алып, тіпті аз ғана уақыт есінен танып қалса, басы ауыратын болса, жарысқа келген дәрігерлермен кеңесу, сол кісінің кеңесі бойынша жедел жәрдем шақыруға болады. Жарақат алған немесе зақымданған спортшыны жаттықтырушы сабаққа да, жарысқа да жібермейді. Өйткені мұндай күйінде жаттығатын болса, спортшы бұрынғы жарақатын ұлғайтып, тіпті созылмалы ауруға ұшырауы мүмкін. Жас буынның денсаулығы мықты болуы үшін дәрігердің, жаттықтырушының, ата-аналардың бірігіп күш жұмсауының маңызы аса зор. Дәрігер мен жаттықтырушы бірлесе отырып қызмет істегенде ғана спортшыға жаттығу кезінде түсетін күшті дұрыс мөлшерлеуге болады. Дәрігер қарап шығып, берген деректер мен бақылау нормативтерін жарыс және жаттығу кезіндегі бақылау нәтижелерін үнемі салыстыру жеткіншектер мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау мәселесін шешуге мүмкіндік жасап қана қоймай, ұжымдағы тәрбие жұмысын жүргізуге көп пайда береді.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     М. Болғанбаев:«Қазақтың Ұлттық спорт түрлері» Алматы: Қайнар. 1983.

2.     Ә. Нұрмаханов :«Боксшы болғың келе ме?»: Алматы. Санат.1994

3.     3.М.Мырзабеков. Жазатайым жарақат алсаңыз. Алматы, 1987 ж.

4.     Қазақтан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi Агенттiгi. Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс жөнiндегi материалдардың ақпараттық әдiстемелiк жинағы. (1,2,3 шығарылым), 2000 жыл