Ақтанова Л.П.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Мемлекеттік басқару Академиясы, Қазақстан

 

 

ҚАЗАҚ ТІЛІН АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР АРҚЫЛЫ

ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

 

Қазақстан Республикасының егеменді мемлекет болып әлемдік кеңістікте нығая түсуі еліміздегі білім беру саласында да ҚР «Білім туралы» Заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп [1], білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген.

Білім беруді ақпараттандыру – жаңа технологияны пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асырады. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деп [2], Елбасы атап көрсеткендей жас ұрпаққа білім беру жолында ақпараттық технологияны, яғни компьютер арқылы оқу үрдісін оңтайландыру мен тиімділігін арттырудың маңызы зор.

«Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.  Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс»-деген [3] болатын өзінің жолдауында Н.Назарбаев.

Жаңа ақпараттық технологиялар    дегенiмiз – бiлiм беру iсiнде ақпараттарды даярлап, оны бiлiм алушыға беру үрдісі болып табылады.

Ақпараттық технология ақпараттық құралдармен  жұмыс істеуге, оқу барысында компьютерді пайдалануға, модельдеуге, электрондық оқулықтарды, интерактивті тақтаны қолдануға, интернетте жұмыс істеуге, компьютерлік оқыту бағдарламаларына негізделеді. Ақпараттық әдістемелік материалдар коммуникативтік байланыс құралдарын пайдалану арқылы білім беруді жетілдіруді көздейді.      Ақпараттық технологиялардың жастардың жан-жақты білім алуына, іскер әрі талантты, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашатын педагогикалық, психологиялық жағдай жасау үшін де тигізер пайдасы аса мол.

Ақпараттық технология – оқытушы жұмыстарының әдістері мен ұйымдастыру түрлерін түбегейлі өзгертуге, тыңдаушылардың жеке қабілеттілігін дамытуға, оқудағы пәнаралық байланысты күшейтуге, оқу үрдісін ұйымдастыруды үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

Қазақ тілі  сабағында ақпараттық технология құралдары тыңдаушыларға жаңа ақпарат көздеріне жол ашады, жеке жұмыс пен білім алудың нәтижелілігін, тиімділігін көтереді, кәсіби дағдыларды қабылдау және бекіту үшін мүмкіндіктер береді, қашықтықтан оқытудың жаңа түрлері мен әдістерін жүзеге асыруға мүмкіндіктер ұсынады. Мысалы:

·     қазақ тілі пәні бойынша оқу-әдістемелік электронды кешендер құру;

·     жалпы компьютерлік желілерді пайдалану;

·     инновациялық әдістерді пайдалану, құралдар жасау;

·     қашықтықтан оқыту барысында өздігінен қосымша білім алуды қамтамасыз ету;

·     тыңдаушының дайындық деңгейін, ынтасын және қабылдау жылдамдығын ескеру арқылы жаңа материалдарды меңгеруге байланысты оқытуды ұйымдастыру және оқыту үрдісіне  жаңа ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану;

·     оқытудың жаңа әдістері мен түрлерін   (проблемалық, ұйымдастырушылық іс-әрекетін компьютерлік ойындар және т.б.) сабақта жиі қолдану;

·     проблемалық зерттеу, аналитикалық және модельдеу әдістерін қолдану арқылы классикалық әдістерді жетілдіру;

·      жаңа ақпараттық технология құралдарын пайдалану арқылы оқу процесінің  материалдық-техникалық базасын жетілдіру;

·     білім алушының шығармашылық әлеуетін, коммуникативтік әрекеттерге қабілетті болуды, сараптамалық-зерттеу қызметі дағдыларын, оқу қызметі мәдениетін дамыту;

·     оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерін қарқындандыру, оның тиімділігі мен сапасын арттыру;

·     қазіргі қоғамның ақпараттануымен байланысты пайда болатын әлеуметтік тапсырысты өткізу.

Ақпараттық технологияларды пайдалану – бұл  ұжымдық, өзін-өзі толықтыратын, барлық қатысушылардың өзара әрекетіне негізделген, оқу үрдісіне тыңдаушының қатыспай қалуы мүмкін болмайтын оқыту үрдісін ұйымдастыру болып табылады.

Бұл технологияны пайдалану барысында, ең алдымен  білім алушы  мен  оқытушының қарым-қатынасы тікелей жүзеге асатын сұхбаттасып оқыту болып табылады. Сабақтағы әрекет өзара түсіністікке, сабаққа қатысушының әрқайсысына  қажет есепті бірлесіп шешуге алып келетін – ұйымдастыру және сұхбаттасып қарым-қатынас жасауды дамытуды ұсынады.

Аталған технология көзқарастың немесе бір ғана сөйлеушінің басым болуы жағдайын болдырмайды. Сұхбаттасып оқыту барысында  білім алушылар сыни  ойлауды, тиісті ақпарат пен белгілі жағдайды талдау негізінде күрделі мәселелерді шешуді, балама көзқарастарды салыстыруды, білікті шешімдер қабылдауды, дискуссияға қатысуды, басқа адамдармен тиімді қарым-қатынас жасауды үйренеді. Ол үшін сабақта жекелей, жұптық және топтық жұмыс ұйымдастырылады, зерттеу жұмыстары,  рөлдік ойындар қолданылады, құжаттармен және түрлі ақпарат көздерімен жұмыс жасайды.

Әр  оқытушы сабақ өткізген кезде білім алушыларға сапалы білім беру үшін жаңа технологияларды оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалана отырып білім берсе, тыңдаушылардың қызығушылығы арта түсері анық.

Ақпараттық технологиялар арқылы оқытудың моделін пайдалану – өмірлік жағдаяттарды  модельдеуді, рөлдік ойындарды қолдануды, мәселені бірлесіп шешуді қарастырады.  Оқу процесінің қандайда бір қатысушысын немесе идеяны ерекшелеуді шектейді. Оқытушының, білім алушының да шабытын, қызығушылығын арттырып, сабақты тартымды өткізуге ынталандырады. Тыңдаушы алдына жаңа материалды жанды түрде көрсете отырып, танымдық қабілетін арттыруға мүмкіндік алады. Әр оқытушы өз бетінше топпен  жұмыстың жаңа түрлерін  ойлап таба алады.

Оқытудың аталған технологиларын пайдалану сабақтың тиімділігі мен уәжін арттырып, білім берудің табысты болуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Осы технологияларды барлық деңгейлерде жүйелі пайдалану арқылы сабақтарда алынған ақпаратқа талдау жасай білуге, ақпаратты дұрыс таңдау жауапкершілігін қалыптастыруға және өз  бетінше жұмыс істеуге, өз ойы мен көзқарастарын дұрыс жеткізе білуге, проблемалардан дұрыс шешім қабылдап, шыға білуге  дағдыландырады.

    Осы сабақтарда – магистрант өзін белсенді және еркін, оқытушымен тең дәрежеде ұстай алады. Қазақ тілі сабағында жаңа технологияны енгізу арқылы сабақтың белсенділігін арттыруға, дамыта оқыту идеясын жүзеге асыруға, сабақты шапшаң жүргізуге, магистранттың өздік жұмысының көлемін көбейтуге болады. Бүгінгі күні кез-келген оқытушы жаңа технологияларды  пайдалану арқылы әр түрлі  сабақтарға әзірлемелер  дайындап және оны жоғары деңгейде өткізе білсе, сабақтың тартымды әрі қызықты өтетініне күмән келтіруге болмайды.

Осыған байланысты қазақ тілінен дәріс беретін оқытушылардың алға қойған мақсаты – магистранттардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру, олардың білім деңгейін тереңдету,  магистранттарды еркін де сенімді сөйлеуге және жазуға үйрету, коммуникативті тәсіл арқылы алған білімін өз ортасында орынды қолдануға дағдыландыру, ойлаған жағдаяттарды негіздей алуға үйрету.

Енді осы мақсатты қалай жүзеге асырып жатырмыз деген сұраққа жауап беріп көрелік. Ол үшін қазақ тілін үйретудегі негізгі әдістемелік бағыттарды атап өтелік. Олар: пән бойынша оқу процесі оңайдан қиынға қарай дамыта оқытуға бағытталған, тілдік материалдар қазіргі өмір шындығынан алынған және оқу процесінде әбден шыңдалып, өңделген тілдік материалдар. Сондықтан бұл материалдардан күнделікті тіршіліктегі жағдаяттарда қолданып  пайдалануға болады.

Мысалы:   Жоспарланған сабақ ойын-жағдаят түрінде өтеді делік. Ол үшін магистранттарға екі аудитория қажет. Бірінші аудитория теледидар немесе проектормен жабдықталған болуы керек. Тыңдаушылар сол аудиторияда оқытушының дайындап келген тапсырмаларын орындап отырады. Ал екінші аудиторияға оқытушы екі немесе одан көбірек тыңдаушыны алып барып, әр түрлі жағдаяттық тапсырмалар ұсынады. Мысалы: «Қоғамдық көлікте», «Дипломатиялық қабылдауларда», «Көпшілік алдында сөйлеуде», «Мерекелік жиындарда» т.б. деген тақырыпқа тыңдаушылар шағын 5-10 минуттық жағдаяттық көріністер құрастырулары қажет. Оқытушы осы жағдаяттық көріністерді бейне-камераға түсіріп алады да, теледидар немесе проектор мүмкіндіктерін пайдаланып топ тыңдаушыларына көрсетеді. Жағдаяттық көріністерді көріп болған соң, магистранттар көрініске тақырып қояды. Ол тақырыпты негізге алып, өздері болжам жасай отырып мәтін құрастырады. Осы тұста тыңдаушылардың сөйлеу іскерлігі қалыптасады. Сөйлеу іскерлігін дамыту үшін мынандай: сұрақ-жауап талқысы, салыстыра отырып әңгімелесу, проблемалық сұрақтарды талдау, мәтін не әңгіме бойынша өз ойын ортаға салу, ой алмасу, шарт қою, диалог түрінде сөйлеудегі ойды көрсете білу, пайымдау, логикалық ой тұжырымын дамыта отырып сөйлеу, түйіндеу, дәлелдеу, жоспарлау арқылы сөйлеу, ситуацияға байланысты сөйлеу, ойындар арқылы сөйлеу, сұраққа жауап беру, қорытындылау, өз пікірін айту сияқты сөйлеудің түрлерін қолданамыз; әрі бұлар оқытушылардың сөйлеуді үйретудегі бағыттары  болып та есептеледі. Сабақтың бұл түрін жүргізуге БАҚ-тың материалдары немесе газет мәтіндерінің де ролі ерекше екендігін атап өту керек.

Ақпараттық технологияны пайдаланудағы тағы бір жолы компьютер арқылы оқыту. Компьютер арқылы әр түрлі мәтіндерді оқыту.  Мәтін – негізгі қарым-қатынас құралы. Мәтінді оқымас бұрын сұрақтар беріледі. Ол сұрақтар бойынша сол мәтіндегі мәселеге байланысты тыңдаушы не біледі, не білмейді, соны анықтау бір мақсат болса, екінші мақсат – өз білімі деңгейінде ойын айтқызып, мәтіндегі оқиға жайлы білуге ұмтылдыру, ынталандыру. Бұл жұмысты жалпы топ болып немесе 3-4 магистрант бірігіп және жұптасып талқылауға болады.

Мәтінді оқыған соң магистрант ұғымын тексеруге арналған «Зымыран сұрақтар» жаттығуын қолдануға болады (ол сұрақтар алдын-ала слайдқа салынып дайындалған). Сұрақтар қою арқылы магистранттардың мәтіндегі мәселе бойынша өз ойын ортаға салып, пікірін айтуға, еркін сөйлеуге үйретіледі. Магистрантты еркін сөйлеуге төселдіру үшін сөздерді қайталату, оларды еркін де дұрыс қолдана білуге үйрету, грамматикалық материалдарды, сөйлем құрылымын орынды қолдануға үйрету де басты назарда болу керек.

Бұдан басқа да мәтін оқығанға дейінгі, оқығаннан кейінгі әр түрлі әдіс- тәсілдерді қолданып магистранттардың сөйлеу қабілеттерін дамытуға болады.

Келесі технология – компьютер арқылы тапсырмаларды орындау. Тапсырмаларды компьютер арқылы орындау – тыңдаушылардың танымдық белсенділігін арттырып қана қоймай,  ойлау жүйесін қалыптастыруға шығармашылықпен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Компьютер арқылы тапсырмаларды орындау тыңдаушының уақытын үнемдейді, оқу материалдарын іздеп отырмай, өтілген және тыңдаушының ұмытып қалған материалдарын еске түсіруге зор ықпал етеді. Сонымен қатар компьютер арқылы тапсырмаларды орындау сабақта пайдалану кезінде тыңдаушылар бұрын алған білімдерін кеңейтіп, өз бетімен шығармашылық жұмыстар орындайды. Әрбір магистрант таңдалған тақырып бойынша  жаттығулар мен тапсырмаларды орындап, тестілер шешіп, семантикалық карталар және сызбалармен жұмыс жасауға дағдыланады. Мазмұны қиындау бір үлкен тақырыптың бөліктерін өткенде қосымша бейнехабар және клиптер қажетті элемент болып табылады. Бейнеклиптер уақыт масштабын өзгертуге және көріністерді тез және жай түрде көрсетуге пайдалы. Интернет желісінен таңдап алынған хабарды көшіруге мүмкіншілік туғызады. Интернет желісі арқылы оқытудың ең қажет мүмкіндігі – аудиохабарлар. Интернет арқылы түрлі суреттер, видеокөріністер, дыбыс және музыка тыңдатып көрсетуге болады. Бұл, әрине оқытушының тақтаға жазып түсіндіргенінен әлдеқайда тиімді, әрі әсерлі. Компьютер немесе интернет желісі арқылы оқыту:

·       бiлiм деңгейiн тереңдетуге;

·       ауызекi тiлде сөйлей бiлу дағдыларын қалыптастыруға;

·       өз бетiнше iздену қабiлетiн қалыптастыруға;

·       ойларын дамытуға;

·       магистранттардың сөздiк қорының молаюына;

·       тiлдi үйренуге деген ынтасы мен қызығушылығының артуына;

·       сабақта өзiн еркiн ұстап, өз мүмкiншiлiгiн кеңiнен пайдалана алуына;

·       өз iсiне талдау жасай алуға көптен-көп көмегiн тигiзедi.

Жоғарыда берілген жұмыс түрлерінің нәтижелі болуы – жағымды ахуалдың қалыптасуы мен оқытушы мен магистранттың арасындағы сыйластық, түсіністікке тікелей байланысты.

Сонымен, әрбір оқытушы  шығармашылықпен жұмыс істеген жағдайда ғана еліміздің саналы, дарынды азаматтарын тәрбиелеп шығуға мүмкіндік бар. Шығармашылықпен іздену оқытушының еңбегіне, ой-өрісінің толысуына көп көмегін тигізеді. Бүгінгі күн әрбір оқытушының алдында тұрған басты міндет – білім алушылардың сабаққа деген ынтасын арттырып, сол арқылы әр тақырыпты олардың санасына жеткізе білу.

Қазақ тілі сабақтарында    ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктерін    қолдануда  төмендегідей нәтиже беруде:

·       оқу материалын оқу бағдарламасы бойынша ғылыми негізде ең жоғарғы дәрежеде меңгеріп шығуы және білімін іс жүзінде тиянақты, саналы түрде қолдана білуі;

·       ақпараттық технология мүмкіндіктерін қолданып, өз бетімен білімін толықтыруға дағдылануы;

·       игерген материалдарын шығармашылықпен талдап, өңдеп, қорытындылап, өз көзқарасын қорғай алуы;

·       жеке қабілеттеріне қарай шығармашылық жұмыстарға белсене араласып, белгілі бір ғылыми білім саласында өз мүмкіндігін көрсете алуы;

·       блімді жаңалық ашуға немесе білімді іс жүзінде қолданудың жаңа жолдарын іздеуге ұмтылуы тиіс.

Ақпараттық технологияның ғылыми тұрғыда артықшылығы жеке тұлғаның шығармашылық қабілеті, танымдық белсенділігі, өзіне деген сенімділігі артады, қосымша материалдарды молынан пайдаланады, оқуға деген ынтасы артады, өздігінен жұмыс істеуге дағдыланады, өз білімін бағалай білуіне бағыттауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, білім алушыларды шығармашылыққа, өз бетімен іс-әрекет етуге бағытталған тапсырмалар саны көбейгенде ғана, өз пікірін айта алатын, оны дәлелдей білетін, өмірге деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, үнемі ізденіс үстінде болатын, қоғам дамуына үлес қоса алатын, жан-жақты жетілген білімді жас өкілдер шығады.

Демек, жаңа ақпараттық технологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану білім сапасын арттырудың бірден-бір жолы. Оқыту үрдісінде тыңдаушылардың білім қорын молайтуға, белсенділігін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге көмегі бар. Сондықтан қазақ тілі  пәнін оқытуда жаңа ақпараттық технологияларды қолданудың маңызы өте зор деп айтуға болады.

 

Пайдаланған әдебиет:

 

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы – Алматы, 2008

2. Назарбаев Н.  Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында. Қазақстан халқына Жолдауы. «Егемен Қазақстан» Астана қ., 2005 жылғы 19 ақпан.

3. Назарбаев Н.  «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан халқына Жолдауы. «Егемен Қазақстан»  Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан.