История/2. Общая история

 

Тарих магистрі, оқытушы Альдибаева А.Б.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

1917 жылғы қазан төңкерісі және кеңес өкіметіне Алаш арыстарының көзқарастары

Тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы 20-дан астам өкіл қатынасты. Оның күн тәртібіне барлығы он төрт мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жаңдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа да мәселелер бар еді [1].

1917 жылы 21-28 шілдеде Бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» атты партия құрылып, бұл сиезде 14 мәселе қаралды. Осылардың ішінде ерекше атайтынымыз: 1) Мемлекет билеу түрі; 2) Қазақ облыстарында автономия; 3) Жер мәселесі; 4) Оқу мәселесі және т.б.

         «Алаш» партиясының облыстық ұйымдары 1917 жылдың қазан айынан қалыптаса бастайды. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда, мәселен, Ә. Бөкейхановтың тікелей ұйымдастыруымен және басшылығымен қазан айының шамамен 12-20 жұлдызы аралығында партияның облыстық ұйымдары алдымен Семейде, сонан соң Омбыда, ал қарашаның  10-на қарай Орынборда ашылады.

«Алаш» партиясының Семей облыстық комитетінің ашылуы Ә. Бөкейхановтың Томда 8-10 қазан аралығында болып өткен Сібір автономистері съезінен қайтар сапарында іске асырылады. Ол қайтар жолында Семей қаласына тоқтап 12-13 қазан күндері қала жұртшылығымен кездесулер, өткізіп, баяндамалар жасайды. Ал, оның соңы «Алаш» партиясының 15 кісіден тұрған уақытша облыстық комитетін ашумен аяқталады. Комитеттің төрағасы болып Халел Ғаббасов, жолдасына Ахметжан Қозбағаров, хатшысына Сыдық Дүйсенбин, қазынашысы Әнуар Молдабаев сайланады, Комитет мүшелері оған құрметті төраға етіп Әлихан Бөкейхановты сайлайды [2].

         «Алаш» партиясы өз бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын қалайтындығын білдіреді. «Демократия», - деп түсіндірілді бағдарламада, - мемлекетті жұрт билеу, федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративті республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады, әрқайсы өз тізгінін өзі алып жүреді».

Ақпан революциясынан кейінгі кезеңде өз бостандығы үшін күреске шыққан отарлық езгідегі халықтарға большевиктер партиясы тек кеңестік негіздегі автономия беретіндігін мәлімдеді. В.И.Ленин мен И.В.Сталин Түркістан кеңестерінің съезіне  жолдаған жеделхатында: «Халық комиссарлары кеңесі сіздердің өлкелеріңіздің кеңестік негіздегі автономия болғандығын қолдайды» - деп көрсетті. Ол еңбекші бұқараның өзін-өзі билеуі туралы айту, тек пролетариаттың өзінің таптық мүдделерінің буржуазия мүдделерімен ешқашан да сәйкес келмейтіндігіне біржола көзі  жеткенде ғана мүмкін екендігін, сондықтан да мұндай деңгейге әлі жете қоймаған халықтар өзін-өзі билеу құқықтығын талап етсе, онда мұндай талаптың толық заңдылығын мойындаудан бас тарта алмаймыз деп кесіп айтты. [3].

         Дегенмен, құжаттармен танысып, 1918 жылдың көктемінде Алашорда және Кеңес билігі арасында өмірлік шындықтан бастау алатын, екі қуатты қоғамдық қозғалыстың (ұлттық және әлеуметтік таптық) табиғатынан туындаған өзара түсінушлікке кішкене болса да ұмтылушылықтың орын алғандығын аңғару қиын емес. Оған кезінде «Сарыарқа» газетінде жарық көрген екі өкімет арасында жүрген келіссөз тексі куә. 1918 жылдың наурызында Оралдан Мәскеуге Алашорда үкіметінің тапсыруымен Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар аттанып, барған бетте Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы В.И.Ленинмен және ұлт істері бойынша халық комиссары В.И.Сталинмен кездесіп, оларға екінші жалпықазақ-қырғыз съезін (Орынбор, 1917, желтоқсан) қаулысын табыс етеді. И. Сталин қаулымен танысқаннан соң,  19  наурыз күні Семейге телеграфпен хабарлап, Ә. Бөкейханов және оның орынбасары Х. Ғаббасовты телефон арқылы келіссөзге шақырды. Ертеңіне, яғни, 20 наурыз күні Сталинмен телеграф арқылы келіссөзді Халел Ғаббасов жүргізді. Әңгіме Алашорда автономиясының статусы жөнінде болды. Газетте Сталиннің пікірі сөзбе-сөз аударма түрінде берілген. Бізде сол күйінде оқырман назарына ұсынамыз. [4].

Алашорда үкіметін құрған жалпықазақ-қырғыз съезінің шешімдерінің толық құқылы екендігін құптай отырып, сонымен бірге автономия, федерация алу немесе түбінде «басы-байлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығару» үшін Қазақстандағы Кеңес үкіметін мойындап және сонымен біріге отырып жалпықазақстандық съезд шақырып ортақ тұжырымға келіп, оны орталыққа табыс етуді ұсынуы еді. Бұл іс жүзінде Қазақстанда қос өкіметтің орнағанын мойындату болатын. Мұндай тактикалық қадамның негізінде қандай мақсаттың жатқанын қосымша құжаттар арқылы пайымдауға болады. Қалай болғанда да Сталин сөзінің Алашорданы қиын жағдайға қойғаны анық [5].

         Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1.       Нүрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. - Алматы: Ататек, 1995.- 256 б.

2.       Қойгелдиев М. «Алашты» бұғаудан қашан босатамыз? // Арай.-1990.- №8.-6 б.

3.       Қазақстан тарихы. Хрестоматия / Құрастырғандар: М.Қ.Қозыбаев, І.М.Қозыбаев.- Алматы, 1994. 256 б.( 63-64)

4.      Сейфуллин С. О киргизской интеллигенции // Жизнь национальностей. - 1920. №37(94)-25 ноября.

5.       Байдильдин А. По поводу революционного движения в Восточной Киргизии // Степная правда.-1922.- №168,-2 августа; Кенжин А. К. К исторической оценке деятельности «Алаш Орды» // Степная правда"1922.-№247.-14 ноября.