История/2. Общая история

Тарих магистрі, аға оқытушы Ташқараева Ә.М.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Қазақ хандығының құрылуы – мемлекеттілік тарихының құрамдас бөлігі ретінде

 

Қазақ тарихы - кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, халықтың қалыптасуы бір басқа. Бүгінгі қазақ халқы тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің ұрпағы.

«Қазақ хандығы» XV ғасырдың екінші жартысында өз алдына жеке хандық құрып, тарих сахнасына шыққанымен, қазақ мемлекеттілігінің тарихы тым әріде жатыр. Бұл туралы көне тарихымызға қозғау салып жүрген белгілі тарихшы Нәбижан Мұхаметханұлы: «Азия даласында алғаш салтанат құрған көшпелілердің бірі хұндар (ғұндар). Тарих ғылымында қазақ халқының этногенездік бір тармағы хұндар екендігі анықталған ақиқат. Ал хұндар жалпы тұркі тайпаларының қайнар-бұлағы болып табылады. Демек, хұн-түркі тайпалары ұзақ тарихи даму барысында өзіне тән мәдениет қалыптастырып, көптеген дербес ұлттарға айналып кетті. Бірақ, солардың ішінде ерте замандағы көшпелі тіршілік формасы мен дүниетанымын таяу заманға дейін біршама толық сақтаған ұлттардың бірі қазақтар болып табылады»,-деп қазақ мемлекеттілігінің тарихын хұн дәуіріне (б.з.б V-IV ғасырлар) апарып тірейді Б.з.б І мыңжылдықта Тұран ойпатында өмір сүрген көшпелі Сақ тайпаларының парсы немесе түркі тектес екендігіне тарихта талас-тартыстың бар екендігі белгілі. Еуропалық зерттеушілердің көпшілігі сақтарды көшпелі иран тектес халық деп біледі. Дегенмен, тарихшы, профессор Сайран Әбушәріп: «Сақ-скифтердің түрік тектес деуге келетін сипаттамаларын Страбонның еңбегінен, А.Македонскийдің Түркістанға жасаған сапарына байланысты айтылып, жинақталған әпсаналардан, Табаридің жазбаларынан табуға болады» деп тұжырымдап, қазақ мемлекеттілігінің тарихын ежелгі Сақ қоғамымен сабақтастырады [2. 466 б.]. Сондай-ақ, қытай зерттеушісі М.Фанрыннің: «Тарихи деректерге негізделгенде кейбір ғалымдар былай деп қарайды: сақтар және үйсіндер бір ұлыстың екі басқа аталуы» деген көзқарасы да профессор С.Әбушәріптің жоғарыдағы пікірін қуаттай түседі. Яғни, бұл ғылыми болжамдарды негізге алсақ, қазақ мемлекеттілігінің тарихы б.э.б І мыңжылдықтан бастау алады.

Жалпы қазақ мемлекеттілігінің тарихын Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезең, Қазақ хандығы кезеңі және қазіргі мемлекеттілік кезең деп қарастыруға болады.  Б.з.б. ІІ ғасырда өмір сүрген Үйсін және Қаңлы қоғамдары қалыптастырған мемлекеттер бүгінгі қазақ мемлекеттігінің бастау көздері. Яғни, Қазақ хандығының құрылу тарихы, өркендеуі, жеке хандықтарға бөлінуі және жойылуы – қазақ мемлекеттілігі тарихының құрамдас бөлігі болып табылады.

Қазақ хандығының іргесін көтеруі – қазақ атын иеленген хандық биліктің басталуы ғана. Ал мемлекеттіліктің басталуы тым әріде жатыр.

Мемлекеттілік қашан қалыптасты деген мәселеге тоқталайық.

Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан жерінде 20-ға жуық мемлекет болған. Мемлекеттіліктің міндетті белгісінің бірі - оның территориясы екені белгілі, демек, қазақ халқының өмір сүрген кеңістігі – қазақ жері оның басты көрінісі бола алады. Сақтарды мемлекеттік ұйым болды десек, одан кейінгі ғұндар да мемлекет құрды. Ғұн билеушісі Модэ шаньюй Қытайдың өзін мойындатқан, қытайларды туысқандық және бейбітшілік жөніндегі шартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Ол шарт елу жыл бойы күшінде болып, қытайлықтар ғұндарға салық төлеп тұрған. Одан кейінгі Үйсін, Түрік, Түргеш, Оғыз, Қыпшақ мемлекеттері бар. Бұлар тұтас ел аумағын қамтымаса да, қазақ жерінде мемлекеттіліктің болғанын көрсететін фактілер.

Қазақ даласындағы мемлекеттіліктің сан ғасырлар көшінен өткен тарихи-эволюциялық дамуы барысында бірігу мен ыдыраудың көптеген мысалын басынан өткерген.  Ұлт ретінде қалыптаса алмай, өзінен әлдеқайда күшті көршілес мемлекеттердің табиғатына сіңісіп кеткен мысалдар тарихта көп.    Керей мен Жәнібекке дейін де бұл ұлы сахарада тегеуріні жер тітіреткен ұлыс-тайпалар өткен. Шола қарағанның өзінде сақтардың, ғұндардың, үйсіндердің ұлысын, көне түркі қағандықтарын, одан кейінгі Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттерін, наймандардың, керейіттердің, жалайырлардың, қаңлылардың ертедегі мемлекеттерін, Шыңғыс ханның империясы мен Моғолстанды ешкім жоққа шығара алмайды.

Қазақ халқының қалыптасуы сандаған ғасырларға созылған ұзақ этникалық үдерістерден тұрады. Оның соңғы кезеңіне назар аударар болсақ, Алтын Орда ыдырай бастағанда қарауындағы түркітілдес халықтар үш түрлі үлкен этноқауымдастыққа бөлініп кетті. Олар – татарлар, өзбектер және ноғайлар қауымдастығы еді. Алғашқылар Қазан, Қырым және Астрахан хандықтарында ықпалды болған болса, ал екіншілер Көк Орда мен Ақ Орда аймағында басым болды. Алайда «өзбек» атанғандардың өздері де іштей үш этноқауымдастыққа бөлініп өмір сүрді. Ноғай ұлысы аймағындағылар «маңғыттар» аталса, ал бұрынғы Көк Орда аймағындағылар – «татар-өзбектер» (шайбандықтар), ал байырғы Ақ Орда аймағындағылар «өзбек-қазақтар» атауларына ие болды.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Мұхаметханұлы Н. Ежелгі көшпелілердің этнотерриториялық ұғымы және Қазақстан аумағының қалыптасуы. ІІІ Халықаралық Түркология конгресі. 486 бет

2.     Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін. 5 томдық. – 2010 ж. – 606 бет.