История/2. Общая история

Утепбергенова Г.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Түркістан өлкесінің 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейінгі қоғамдық-саяси ахуалы

 

Түркістан өлкесінде Ақпан төңкерісінен кейінгі жаңа үкімет жағдайында Түркістан комитеті деп аталатын жаңа билік органы құрылды. 1917 жылдың 7-сәуір күні құрылған бұл үкіметтің құрамына Жетісу мен Сырдария, Самарқанд, Ферғана, Закаспий облыстары, Бұхара мен Хиуа хандықтары кірді. Ақпан төңкерісінен кейінгі өзгерістер Ресейдің орталық аудандарында жылдам қарқынмен жүрді. Мұнда патша үкіметінің билігі тез жойылып, жаңа құрылған үкімет тез арада билікті өз қолдарына алып үлгерді. Қазақ өлкесінде Уақытша үкіметтің билік басқару органдарын құру жергілікті ерекшеліктеріне байланысты аса қиын жағдайда өтті. Бұл ерекшеліктерге басқа да жағдайлармен қоса, Сырдария және Жетісу облыстары сияқты елде жергілікті жаңа билік-басқару орындарын құра алатын маман кадрлардың жетіспеуі секілді жайттар себепші болды. Сондай-ақ, Түркістан өлкесінде патша үкіметінің ескі басқару аппараты жойылмай, сақталып қалды. Соған қарамастан, Қазақстанның оңтүстік өңірінде де, өлкенің басқа да аймақтарындағыдай жаңа үкіметтің қалалық атқару комитеттері құрыла бастады. Алайда шовинистік ескі үкімет жаңа атқарушы билік органдарының құрамына жергілікті халық өкілдерін тартуға құлық танытпады. Мысалы, 1917 жылы 6 наурызда құрылған Ташкент қалалық атқару комитетінің құрамына сайланған жергілікті халық өкілдерінің саны өте мардымсыз еді. Мұндай жағдай облыстық және уездік деңгейдегі атқару комитеттерінде де байқалды.

Билікке келген Уақытша үкімет тарапынан шет аймақтардағы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар жүргізілмеді. Ал отарлық саясатта жаңа үкімет империялық үкіметтің саясатын жалғастыру ниетінде болды. Осындай жаңа тарихи кезеңде ұлттық мүддені қорғау үшін жан-жақты даярланған, білікті мамандарды топтастырған қоғамдық-саяси ұйымдарға деген қажеттілік туындады. Түркістан өлкесінде мұндай бағыттағы қоғамдық-саяси ұйымдардың бастауында ұлт қайраткері М.Шоқай тұрды. Шоқай өз естеліктерінде Түркістан өлкесінде қоғамдық-саяси ұйымдардың Ақпаннан кейін бірденнен-ақ құрыла бастағандығын және бір ғана Ақмешітте осындай үш ұйымның жұмыс жасағанын жазады. Оның біріншісі - Ерәлі Қасымұлы жетекшілік ететін Ақмешіт қалалық ұлттық кеңесі,  екіншісі – Серәлі Лапин жетекшілік ететін Ақмешіт аудандық халық өкілдерінің кеңесі, үшіншісі – Хұсан Ибраһим басшылық жасайтын Ақмешіт жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі. Жалпы, сол кезде бір ғана Ташкентте не жарғысы, не бағдарламасы жоқ екі жүзге тарта ұйым жұмыс жасаған деген дерек бар. 

Ақпан төңкерісінен кейін қалыптасқан осы бір тарихи кезеңде өлкедегі азаттық күрестің бастауында тұрған қоғамдық-саяси ұйымдар қазақ пен қырғыз арасында белең алған ашаршылыққа көмек ұйымдастыру, орыс қоныстанушылары мен жергілікті халық арасындағы ұлттық қайшылықтарды реттеу, ел арасында саяси жұмыстарды жандандырып, Құрылтай сайлауына дайындық жүргізу, жергілікті халықтың саяси құқықтарын қорғау сияқты маңызды шараларды жүзеге асыруда ерекше қызмет атқарды. Бұл жолда әсіресе, ұлт зиялылары басшылық еткен қазақ атқару комитеттерінің, Ы.Жайнақов басқарған Жетісу қазақ комитеті мен Ташкенттегі Түркістан өлкелік қазақ атқару кеңесінің, М.Шоқай басқарған Түркістан өлкесі мұсылмандары кеңесінің атқарған қызметтерінің орны ерекше.

Төңкерістен кейін билікке келген екі үкімет те қазақ халқы үшін ғасырлар бойы қордаланған мәселелерді шешіп бере алмады, оған құлықты да болмады.  Ұлт тағдырын айқындаудағы осы бір маңызды кезеңде қордаланған мәселелерді шешу қажеттігі кешегі империя көлемінде езілген ұлттардың ұлттық комитеттерін дүниеге әкелді. Украин, башқұрт, татар, түркімен тағы басқа халықтардың ұлттық қоғамдық ұйымдарымен бір қатарда кең-байтақ қазақ өлкесінде де өз ұлттық комитеттері құрыла бастады. «Қазақ комитеттері» деген атауға ие болған бұл қоғамдық-саяси ұйымдар өлкедегі көп жылдар бойы қордаланып, шешімін таппай жатқан жер дауы, азық-түлік мәселесі, оқу-ағарту ісі, Жетісу босқындарына жәрдем ұйымдастыру, Құрылтай сайлауына әзірлену секілді аса тығыз істермен айналысты. Қазақ комитеттерінің қызметі туралы С.Сейфуллин өзінің Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы тақырыбына арнаған атақты еңбегінде ("Тар жол тайғақ кешуде") тоқталып өтеді. Автор өз еңбегінде Қазақ комитеттерін патша үкіметі құлағаннан кейінгі кезеңдердегі қазақ өлкесінде «соттың да, милиция мен өкіметтің де» рөлін  бір өзі атқарғандығын көрсету арқылы, комитет маңызының қаншалықты болғандығын көрсетеді». Қазақ комиттерінің тарихы туралы зерттеуші А.Махаева болды.

Патшаны тақтан құлатып, монархияны жойған төңкерістен кейін билікке келген Уақытша үкімет барлық мәселелердің түйінін бірден шешіп бере алмады. Аса маңызды мемлекеттік істердің бәрінің шешімін Құрылтай жиналысына қалдырды. Сондықтан, Уақытша үкімет билік құрған наурыз бен қазанның аралығындағы 8 ай мерзім ішінде бүкіл кешегі империя көлемінде Құрылтай жиналысына қызу дайындық жүрді. Құрылтай мәжілісіне дайындық науқанына қазақ өлкесі де тартылды. Өлке халқы империяның өзге жұртымен бірге болашақ Құрылтайдан зор үміт күтті. Ұлт жанашырлары ақпан төңкерісі алып келген Уақытша үкімет пен жиналғалы отырған Құрылтай жиналысына үлкен сенім артты.