История/2. Общая история

Утепбергенова Г.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

1905-1907 жылдардағы Бірінші орыс революциясының Түркістан өлкесінің қоғамдық-саяси өміріне әсері

 

ХХ ғасыр басында Романовтар әулеті басқарған Ресейдің самодержавиелік үкіметінің саяси-әлеуметтік дағдарысы қазақ өлкесіндегі ұлт-азаттық күреске жаңа серпін берді. Бірінші орыс революциясының нәтижесінде ІІ Николай автократиялық басқарудан бас тартып, Ресейде Мемлекеттік Думаның ашылуына, ел азаматтарының саясатпен айналысуына, жиналыс өткізу және тәуелсіз баспасөз органдарын шығару құқын беруге келісті. Тарихта бірінші орыс революциясы деген атпен қалған бұл көтеріліс патша үкіметінің империялық ықпал ету аумағындағы барлық орыс емес халықтардың қоғамдық ой санасына үлкен әсерін тигізді, бұл көтеріліс ұйқыдағы шет аймақты оятты. 

Орталық Ресейде осы көтерілістен кейін қалыптасқан революциялық ахуал қазақтардың санасында пісіп-жетілген наразылықтың сыртқа шығуына түрткі болды. Ал саяси күрес ең алдымен патшаға халықтың мұң-мұқтажы жазылған арыз-тілектер жазып жіберу ретінде көрініс тапты. Әсіресе, 1905 жылғы 18 ақпандағы «халықтан сайланған» адамдарды заңды жобаларды дайындауға қатыстыру туралы «Булыгиндік рескрипттен» кейін, патшаға арналып империяның түкпір-түкпірінен халықтың мұң-мұқтажы жазылған хаттар көбейді. Бұл арыз-шағымдарда толық негізді мынадай талаптар қойылды: ішкі ресейлік губерниялардан орыс шаруаларының қазақ жеріне жаппай қоныс аудару толқынына шектеу қойылсын, жергілікті халық орналасқан жерді оның заңды меншігі екендігі мойындалсын, діни сенімдерді атқаруда, оқу-ағарту ісін жүргізуде ұлт мүддесіне қайшы келетін шектеулер жойылсын т.б. Осы жылдың қазан айына дейін жер-жерде «тілге, дінге» бостандық сұраған, оны саяси құқықтармен ұштастыруды мақсат тұтқан петициялар Петербордағы патша сарайына ағылып жатты. Олардың қатарында қазақ даласынан жолданған, атақты Қарқаралы петициясы да болды.

Верныйдағы жандарм бөлімшесі қаладағы тағы бір «Машраб» үйірмесіне тексеру жүргізіп, оның жетекшісі А. Мухамедшиннен үйірменің жұмысын доғартуды талап етеді. Әйтпесе, оған үйірме мүшелерінен заңсыз жарна  жинаған деген айып тағылатындығын ескерткен болатын. «Машраб» үйірмелеріне билік орындарының бұлайша шүйлігуінің де өзіндік себебі бар еді. Өйткені, сол кезде билік орындарына тыңшылар арқылы «Машраб» үйірмелерінде патша өкіметінің орыс шаруаларын Түркістан өлкесіне қоныс аудару жайы,  соның салдарынан жергілікті халықтың шұрайлы жерлерінен айырылып жатқандығы және оқу-ағарту саласындағы орыстандыру саясаты жиі талқыланатындығы мәлім болған еді.

1905 жылғы Бірінші орыс революциясы ұйқыдағы қазақ өлкесін оятып, халықтың саяси санасының оянуына өзінше үлес қосты. Революцияның басты жеңісі болып табылатын «Бостандық манифесі» жариялаған еркіндіктерді жүзеге асыру мақсатында өлкенің азаттық күресінің қайраткерлері саяси күреске кірісіп кетті. Бұл жолда Мемлекеттік Думаның Мұсылман фракциясы мен оның жанындағы бюро мүшелері ұлан-ғайыр еңбек етті. Түркістанның азаттығы үшін бар өмірлерін сарп еткен ХХ ғасырдың басындағы ұлы тұлғалардың саяси қызметі дәл осы кезден басталды. Өлке қайраткерлері ұйымдастырған қоғамдық негіздегі үйірмелер мен ұйымдар да өз жұмыстарын осы 1905-1907 жылдардағы революциялық кезеңде бастады. Отаршыл патша үкіметі мен реакциялық столыпиндік саясаттың озбырлығына қарамастан бұл бірлестіктер өлке халқының саяси құқықтарын қайтару жолында жан аямай еңбек етті. Толық мәніндегі қоғамдық-саяси ұйымдарды құру тек патша үкіметі құлатылған 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ғана мүмкін болды.