Мәңгілік елдің тарихы тереңде

 

Бейсембекова Г.Ж.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан, Тараз қ.

 

Қазақстанның мемлекеттігін нығайту жолында өзінің мемлекетіне деген терең патриоттық сезім де, жалпылық сананы жетіктірудегі қазақ тілінің тірек боларлық рөлі де бас көтерер азаматтардың айқын мақсатты әркеттері де, тарихи сананы қалпына келтіру де, бәрі-бәрі барша қазақ ұлтының басын біріктірер  бастаулар болып табылады [1].

Ел болу, ұлтты сақтау, жерді қорғау сынды мәселелермен қатар ұлттық рәміздерімізді құрметтеу аса маңызды істің бірі екендігі белгілі. Осы аталған мәселелер әртүрлі тарихи кезеңдерде күшін жойған емес. Бүгінде тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің алдында тұрған да осы мақсаттар. Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи астарына тоқталып өтті. Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі арманы. Сондай-ақ бабаларымыз салып берген сара жол, шешендеріміз бен билеріміз айтып кеткен дара сөз, хандарымыз бен батырларымыздың арқасында сақталған ұлан байтақ жер.    

Байтақ түркі тарихының терең тамырлары байырғы тайпаларға барып тірелетіні белгілі. Түріктер - Еуразиядағы ең ірі этностардың бірі, оның тарихында маңызды роль атқарған және қазір де сол дәстүрді жалғастырып келе жатқан түркі халықтары.

Ежелгі түріктер қысқа уақыт ішінде әлемдік дәрежедегі мемлекет құрып, сол уақыттағы әлемдік тарих сахнасындағы ең ірі мемлекеттермен байланыс орнатып, тіпті  олардың кейбіреулерін кіріптар қылып қойды. Түрік державасының геосаяси орнын Лев  Гумилев өз еңбегінде  «Түркі мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат  тарихында белгілі бір дәрежеде бетбұрыс кезең болды.  Өйткені сол кезге дейін орта теңіз мәдениеті мен Қиыр Шығыс мәдениеті, бір – бірінің дүниеде бар екенін білсе де, басы қосылмаған еді», деп анық көрсеткен [2]. Түркі қағанатының басқа мемлекеттермен қарым – қатынасындағы Батыс пен Шығыс арасындағы транзиттік функциясы мықты болды. Өз кезегінде Түркі қағанатының саяси дамуы көрші мемлекеттермен тайпаларға ықпал етіп, әлсіздерін өздеріне бағындырып отырды. Айбынды қағандар мен абыздар «Мәңгілік Ел» орнатуды армандады.

Күлтегін ұстынында «Елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, азды көп қылған, кедейді бай қылған, тату елге жақсылық қылған» деген сөздер бар. Осының бәрі біздің қазақ елі үшін айтылғандай.

Қазақ халқының негізін құрған ру-тайпалардың түпқазығы – қазақ жерінде қаланған. Қазақ хандығы ХҮ ғасырдың ортасында құрылды. Қазақ хандығының тұғырлы тұлғасы – Қасым хан. Қазақ хандығының территориясын айқындап, оны ұлы мақсаттарға бастаған да – Қасым хан. Абылай хан билік құрған жылдары алғаш рет қазақтар мен қалмақтар арасында бейбіт келісім жасалды. Ресеймен, Қытаймен тату көршілік қарым-қатынас орнатылды. Кенесары - қазақтың соңғы ханы және ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы.. Ол өмірінің соңына дейін қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін сақтау жолында күресті. Тәуелсіздік – кешегі батыр бабалардың елімізді қасық қаны қалғанша қорғауының жемісі.

Қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасты. Бүгінгі территориямызды біз қандай да бір отарлаудың немесе басып алушылықтың салдарынан иемденіп отырған жоқпыз. Қазақ халқын, қазақ этносын өз территориясынан, өз жерінен аластату үшін немесе өз тілі мен дінінен айыру үшін жер шарында қазақ халқына жасалған қасіреттен асқан қасірет болған жоқ. 

Қазақ  жеріне  әр  түрлі  себептермен  қоныс  аударған  көптеген  ұлт  пен  ұлыстардың  бірлігін  қазақ  халқы  үлкен  парасаттылықпен  бірлікке  үндей  отырып  сақтап  келеді. Соның  арқасында  қазақ  және  басқа  этностарды  қазақстандық  патриотизмге  тәрбиелеу  ісі  әрі  қарай  өз  жалғасын  табуда. Адамдар  арасындағы  достық  қарым – қатынас, әлеуметтік  топтар  мен  халықтардың  жалпыұлттық  келісімде  өмір  сүруі  дамудың  маңызды  факторы  болып  табылады.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ресми басталуына орай арнаған сөзінде: «Бұл жыл – ортақ тарих пен тағдыр мәңгілікке біріктірген халқымыздың бірлігін паш ететін жыл. Қазақстан – бұл біртұтас жер, біртұтас халық, ортақ болашақ! Сондықтан, Ассамблея жылының басты идеясы - «Менің Елім – Мәңгілік Ел» деп айтқан болатын [3].  

1995 жылдың 30 тамызында ел Конституциясын бүкіл халық болып қабылдадық. Ата Заң – бабаларымыз армандаған азаттығыңды айқындайтын, Тәуелсіз ел екендігіңді танытатын,  дербес мемлекеттігіңді көрсететін құжат. Еуразия даласын мекендеген Түік қағанатының, Қыпшақ хандығының да өз Заңдары болғандығына тарих куә. Қасым ханның «қасқа жолы», Есім ханның «ескі жолы», Тәуке ханның «жеті жарғысының» жалғасы - Ата Заңымыз. Ел азаматтарының конституциялық құқығын қорғайтын, әрқайсымыз бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Ата Заң  ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі.

1992 жылы 4 маусымда ұлттық болмысымызды айқындайтын рәміздеріміз дүниеге келді. Мемлекетіміз саяси салмағы жағынан ілгерірек тұратын басқа елдермен иық теңестіруге мүмкіндік беретін мәртебеге ие болды. Тәуелсіздік талай игі істерге қол жеткізді.

Еліміздің тым ерте заманда-ақ отбасылық, тайпалық, кейінірек ұлттық рәміздері болған. Таңба, ту, белгі, ұран адамдарға рух береді, сондықтан рәміздерді рухани байлығымызға теңестіруіміз керек. Негізінде ең көне рәміздерге тотемдік белгілер жатады. Ол белгілер әр түрлі салт-жораларда пайдаланылып, ру-тайпалардың басын біріктіруге ықпал етті. Ол кезде қоғамды көсемдер мен ақсақалдардың басқаруына байланысты биліктің жеке белгілері қолданыла бастады. Қазақ халқы мен мемлекеттігінің дамуында қазақ жүздерінің тарихын бірге қарастыру қажет. Бұл үш категория (халық, мемлекет, жүз) тарихи даму толқынында қатар дамыды. Өзіндік қызықты тарихы бар. Бұл – халқымыздың, Республикамыздың тарихы. Оның тарихын, мән-мағынасын түсіну, құрметтеу адамгершілігіміз бен мәдениетіміздің айғағы болмақ [4]. 

Көк түс қазақ халқының ұлттық реңі деп саналады. Кезінде түркі қағанаты, Ақсақ Темір мемлекеті, Қазақ хандығының бірқатар хандары мен батырлары көк асаба көтерген.

Жаңа негізі қаланған жас мемлекеттердің қай-қайсының да алғашқы жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің туын, елтаңбасын, әнұранын сайлап алу. Өйткені, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады.    

Мемлекеттік рәміздер – белгілі бір елдің өзінше өмір салтын, бүкіл болмыс ерекшелігін, айрықша арман-мұратын, басқалармен байланысын білдіретін белгі. Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым мәдени нышандар тілінде де сөйлейді. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ елінің жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасына тағы бір жарқ етіп, өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу тарихында да төл рәміздер дүниеге келген сәттер ерекше орын алады.

Қазіргі таңда әлемдегі Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшелігіне енген 200 мемлекеттің қатарында, күн санап нық сеніммен дамып келе жатқан мемлекеттің бірі және бірегейі Қазақстан Республикасы.

Әрбір мемлекет үшін Отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясын мемлекетіміздің Мәңгілік Ел болу жолындағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісіне теңей отырып, бабаларымыздың ерлігі мен ерен істері және жас ұрпақтардың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана біздің аспан астында адамзат баласы қанша жасаса, сонша ғұмыр кешетін ұлы ел бола алатынымызды атап өтті [5].

 

Әдебиеттер

1.     Назарбаев Н. Тарих толқынында. – Алматы. «Атамұра», 1999.

2.     Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы. «Білім», 1994. 

 3.  Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі – Мәңгілік Елдің ұлы тарихы. // Ақ жол. - 2014, 20     желтоқсан.

4.     Жұмабаев С. Қазақ тарихындағы рәміздер // Дала мен қала. – 2007, 18 мамыр.

 5.  Мәкен Б. Қазақстанның алыс болашағын айқындаған. // Ана тілі. - 2012, 26 қыркүйек.