Биназарова Н.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

XX ҒАСЫРДЫҢ КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМЫ Л.Н.ГУМИЛЕВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

 

Лев Николаевич Гумилев 1912 жылы 1 қазанда Петербор губерниясы, Царское селосында ақын Николай Гумилев пен ақын Анна Ахматованың отбасында дүниеге келген.  

Балалық шағын Тверь губерниясының Слепнёво атындағы Бежецк уезінде әжесінің қолында өткізген. 1917 - 1929 жылдары аралығында Бежецк қаласында тұрды. Бежецк қаласының №1 мектебінде 1926 жылдан 1929 жылға дейін білім алды. Ал 1930 жылы Ленинградта оқыды. 1930—1934 жылдары Саян, Памирдегі, Қырымдағы экспедицияларда жұмыс істеді. 1934 жылы Гумилев Ленинград университетінің тарих факультетіне түсіп, Батыс пен Шығыстың өздеріне тән әр түрлі мәдениеттерінің бір-бірімен байланысы, сонымен қатар ерте орта ғасырлардағы халықтардың тарихи жөніндегі мәселелерді зерттей бастады. Ол бірінші рет 1935 жылы түрмеге қамалады, бірақ анасының аралсауымен көп уақыт өтпей босатылады. 1938 жылы Гумилев қайта түрмеге қамалып, 5 жылға бас бостандығынан айрылады. 1944 жылы өз еркімен майданға кетіп, 1945 жылы Берлин операциясына қатысады. 1945-1946 жылдары университетті жедел (экстерно) түрде бітіріп, «Политическая история первого тюркского каганата (546-656)» атты кандидаттық диссертация қорғады. Тұтқында жүргенде «Хунну» кітабын жазып, ол кітап кейіннен «Степная трилогия» кітабының бір бөлігі болды: «Хунну» (1960), «Древние тюрки» (1967) кітабтарында Гумилев ұлы дала этносының тарихын суреттесе, «Поиски вымышленного царства» бөлігінде еуропалықтардың Еуразия даласының тұрғындарына алдын ала жоспар бойынша жасалған қарым-қатынастарының қалай туындағаны көрсетілген [1].

60-70 жылдарда Гумилевтің ғылыми еңбектерінің тарихи құрылымы жалпылама түрде қабылданған кеңестік тарихи ғылымнан түбегейлі айрықша болды, сондықтан да оның жұмыстары теріс бағаланды.

Лев Николаевич Гумилевтің өмірі мен шығармашылығын тағдырдың торына шырмалғандар санатына жатқызуға болады. Алайда, ол тағдырдың бұйыртқан  сыбағасын қасқайып тұрып қарсы алып, қорлық пен зорлықты өмірдің заңына балай жүріп, алға қойған мақсатын толық орындап шыққан қайсар жан ретінде қайран қалдырады. Қазақстан үшін оның Еуразия халықтарының бірлігі контексіндегі түркілер мен славяндардың өзара қарым-қатынасы, түркі-моңғол әлемінің тарихын тану мәселесі бойынша жұмыс істегені аса маңызды.

1967 жылы Ленинград университетінің аясында география ғылыми-зерттеу инсти­туты ашылып, ректор А.Александров­тың шақыруымен Лев Николаевич ғылыми қызметкер болып келеді. Осы орында 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өткенімен, профессор шеніне іліге алмайды. Оның есесіне Лев Николаевич “Халықтану” деп аталатын арнаулы курс бойынша студенттерге 20 жыл бойы лекция оқиды. Ол лекция оқыған 20 жыл  аясында бірнеше толқын студенттердің зердесін қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзі де шыңдала жүріп, бүкіл әлем мойындаған орыс этнологиясының іргетасын қалаушылардың маңдай алдында болды. Дәлірек айтсақ, таза гумилевтік этнология мектебін дүниеге келді. Яғни, этностың шаруашылық және саяси жүйелерінің арасындағы өзгерістердің өзара байланысына, сол байланыстардың нәтиже­сін­де болатын жаңғыруларға, сондай-ақ этностың кіндік жұр­ты болып табылатын ландшафт эволюциясына табанды түрде ден қояды [2].

Лев Николаевичтің этнологиялық ізденісі мұнымен шектелмейді. Ол 1959-1964 жылдар аралығында жазғы демалыс айларында архео­логиялық экс­пе­диция  ұйымдастырып  Еділ, Каспий, Қара­теңіз жаға­лау­лары­нан Ха­за­рия­­ның (VІІІ-X ғғ.) сорабын із­дей­ді. Нәтиже­сінде аса мол айғақ-деректер жинақтап, ол материалдарды археолог, географ, этнолог ретінде сара­лап, 1966 жылы Шығыс Еуропа тарихын қайта зерделеуге мұрындық боларлық “Хазарияның ашылуы” (“Открытие Хазарии”) атты кітабын жарыққа шығарады. Лев Николаевичтің бұл еңбегі этнос, табиғат, қоғамның әлеуметтік өмірі мен космос арасындағы байланыстардың нәтижесін одан әрі тереңдетуге, зерделеуге дес береді. Мұның өзі, түптеп келгенде этногенездің тұғыры болып табылатын пассионарлық идеясының дүниеге келуіне себепші боладыи [3].

Ғалым артына мол мұра қалдырып кетті. Оның еңбектері аса құнды. Қазіргі уақытта өскелең ұрпақ Гумилевтің өмірі мен шығармашылығына зор қызығушылық танытуда. Л.Н.Гумилев мұрасынан 1960-1980 жылдары өзінің еуразия­шыл­­дығын жарнамалаған, сөйтіп, еуразияшылық идеясының ғылы­ми негіздемесіне қомақты үлес қосқан еуразияшыл-ғалымның көз­қарасын тануға болады. Біздің пікірімізше, Лев Гумилев еңбектері оны тек шығыстанушы-тарихшы деп емес, нақты еуразиятанушы-тарихшы ретінде бағалауымызға мүмкіндік береді. Яғни, оның мұрасы тарихи, олай болса, олардан қоғам­дық-саяси ойлаудың тиімді бағы­ты ре­тін­де терең негізделген еура­зия­та­ну­шылық ұстанымды тани аламыз.

Лев Николаевич Гумилев – еуразиялық кеңістіктегі халықтар тарихын жүйелі түрде зерттеген XX ғасырдың көрнекті ғалымы. Оның мұралары тарихи, философиялық, этностық және саяси ойдың перспективалық бағыты ретіндегі еуразиятанудың терең негіздемесіне айналған.

 

Әдебиет:

1.       Лев Гумилев: энциклопедия/бас. ред. Е.Б.Сыдыков, Астана, 2012

2.       «Л.Гумилев – нағыз гуманист ғалым». Егемен Қазақстан. Қазан, 2012ж, №6

3.       Лев Гумилев и тюркское возрождение. – Астана: Фолиант, 2012.

4.       «Лев.Гумилев шығыстанушы ғалым». Жас Алаш №55 (15513) 13 шілде, сейсенбі 2010