Абжан Гүлмарт Мәдіханқызы,

аға оқытушы,жалпыуниверситеттік педагогика кафедрасы

Абай атындағы ҚазҰПУ,Алматы қ.,Қазақстан

 

«Қыз» сөзі этимологиясының тәрбиелік мәні

«Қыз» -қазақ халқында ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт - санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйелзаты.

 Сол за­мандағы қыз тәрбиесі турасында Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп апа­мыз өзінің «Бабалар аманаты» атты кіта­бында былай деп жазады: «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жо­март қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қыз­ды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. Басында «қыз» атауы  (он тоғыз жастан бұрын) тұрмысқа шығып кеткен әйелді төркіні өмір бойы «қыз» деп атайды екен. Өйткені, ол осы әулеттен «қыз» қалпында ұзатылды. Осы әулетте жүргенде оған басқаша ат таңылмаған. Енді, төркіні оған деген құрметі ретінде оны өмірбақи «қыз» деп өткен. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға кол көтермеген. Отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз. Адамзаттың ұлы анасы, ортақ анасы – Хауа ана да «қыз» болған.

Атам қазақ ұрпақ тәрбиесіне ерекше ден қойған. Шарананы құрсақтан тәрбиелеп, ата салтын бойына дарытқан. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне баса көңіл бөлген. Себебі – бүгінгі бүлдіршін қызды «ертең ибалы келін, одан соң абзал ана атанады» деп тәрбиелеген. Демек, ертең елдің батыры мен ақынын, көреген көсемін, сөзуар шешенін, топ жарар дүлдүлін де, өмірге әкелетін – ана. Сол себепті қыз баланы қонақ деп санап, бетінен қақпай, «қызға қырық үйден тыю» дей отырып, еркелетіп, ибалы, инабатты, тәрбиелі, ар-намысын алдыңғы орынға қоятын ару етіп өсірген. Құлағында шолпысы, шашында шашбауы бар жан сұлулығы мен тән сұлулығы тең қазақ қызының басты тәрбиешісі ана болған. «Есті қыз етегін жабады» деп, ұзын көйлек кигізіп, қыздың талшыбықтай бұралған сырт-келбетін сұқ көздерден сақтаған. Аналар қыздың киім киісіне, жүріс-тұрысына, қай ортада болсын, өзін-өзі қалай ұстау керектігіне, үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, кішіге ізет көрсетуді құлағына құйып отырған. Қызының алдында әкесін асқар таудай ете білді. Отағасының айтқанын екі етпей, оның қадір-қасиетін балаларының алдында арттыра түсті. Мұны көрген қыз да ертеңгі күні ер адамның алдында қия баспасы, ерін, яғни балаларының әкесін қастерлейтіні анық. Қазақ аналары сонымен қатар, «Қызым үйде, қылығы түзде», «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болады» деп өзіне де барынша шектеу қойып, қызының әрбір ісін бағамдап отырған, «шеше тұрып қыз сөйлеуден» бездірген. Бойжеткен қыздың еркімен қыдыруын шектеп, құрбы-құрдасымен көңіл көтеру үшін алтыбақан, ақсүйек, бастаңғы, тоқым қағу сынды жастар бас қосатын ортаға ғана жіберетін болған. Бірақ, қыз баланың әр басқан қадамы анаға аян болып отыратын. Ертеңгі күні келін болып түскен ауылда өз отбасының, бір рулы елдің бетіне таңба болмасы үшін ар-намысын аяққа таптатпауды жалықпай санасына сіңіріп, қадап айтып отырған.

Қыз (әйел) – Ата – ананың, сүйікті перзенті. Оң жақта отырған байжеткен. Елдің назы, мақтанышы, сәні, базары, көркі. Қыз – ел, ауыл еркесі, үлпілдеткен үкісі, алақандағы аяулысы, басқа елдің болашақ келіні, анасы, «Қыз - өріс, қыз – қонақ» деп туған - туысқандары оларды аялап мәпелеп өсірген. Қызға қатты сөз айтылмауға тиіс.

Қазақта қыз тәрбиесі мен оны құрметтеудің жолдары өте көп. Бір рудың ұзатылған қызы жасына қарамастан сол елдің «қызы» деп аталады, ауыл адамдары туыс –туғандар оны «Қыз» деп атап дәріптейді. Үлкендер оны «Қыз» деп құрметтейді. Үлкендер оны «қызымыз» деп, кішілері «апай» деп ерекше сыйлауға, сәлем беруге тиіс. Қыз ауыл ақсақалдарымен ақылдасып ауыл ісіне араласып отырады. Жеңгелеріне әмір бере сөйлеп, мен сенің қожаңмын деп айбат көрсетуге де хақысы бар. Жеңгелері оны мойындап, айтқанын көтеруге тиісті. Бұдан олар арасындағы татулық пен сыйластық қалпы бұзылмайды. Қыздың сыбағасы-төс, орны-төр, жолы үлкен деп есептеледі. Қызға кәрі жілік, өкпе тартылмайды. Қазақ ұғымында бойжеткен 15-16 жасқа келіп, ақыл-есі, дене бітімі кемеліне келіп, ұзатуға жарап қалған қыз бала. Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы.

Қыз абыройы – болашақ отбасының, босағаның беріктігіне қатысты мәселе. Қазақ халқы «Қыздың жолы жіңішке» деп, оның абырой сақтауын қатаң қадағалап отырған. Қыз баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, махаббатты жоғары бағалауына, іске бейімділігіне, өнерпаздығына, білімдарлығына байланысты. Әр әке-шеше, туған-туысқан,  бауыр өз қыздарының абыройлы болуына ерекше мән беріп, қадағалайды. Бұл жайтқа көбінесе қыз анасы жауапкер болатыны белгілі. Анасын ардақтай білмеген қыз өз абыройын да ардақтай білмейді. Өз намысын қорғайтын қыз есер жігітке кіріптар болмайды, есті жігітке ес қосады. Қыз абыройлы болу үшін оның мінез-құлқы ибалы, инабатты болу керек. «Қыз қылығымен жағады» деген мақал содан қалған. Халық өсіп келе жатқан қыздың алдына келешектегі өмірлік міндеттерін қойып, оларды орындап отыруды да қыздың абыройы деп санаған. Бұларға: ізетті болу, әсем киіну, әкені күту, шешені сыйлау, дөрекі сөйлемеу, қабақ шытпай жүру, үлкендерінің алдынан кесіп өтпеу, ұқыпты болу, өсек айтпау, ұрпақ  тәрбиесінен хабардар болу, ұлт дәстурлерін құрметтеу, ана тілін ардақтау, орынсыз сөз айтпау, арқан, жіп есе білу, кілем тоқи, кесте тіге білу т.б. секілді мінез-құлықтың қасиеттері мен дағдысын, икемділіктерін жатқызған.

«Қыз» сөзінің этимологиясы жайында «Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты тарихи еңбекте «Қыз (гиасы) – «ханша» дегеннің орнына қолданылатын сөз.

Түпкі мағынасына келетін болсам, Қыз  – «ханша» дегеннің орнына қолданылатын сөз. Ежелден хан-патша, тегін-тектілердің қыздары «қыз» деп аталып, қара халықтың қыздары «қырқын» делінген."Қыз-қырқын"-деген сөз тіркесінде бұрынғы кездерде қазақ ауылдарында қазіргідей тек қана қыздардың өзі жиналып баратын түнгі клубтар немесе кафе,сауық орындары болмаған. Ол кездің көңіл көтеру жиындары ақсүйек,алтыбақан,бастаңғы сияқтылар болған. Міне сол жиындарға қыздары бар үйлер сақтық мақсатымен бойжеткеннің жалғыз өзін жібере алмаған, оларға жеңгелерін,сіңлілерін,тіпті кейде кіші інілерін де қосып жіберетін болған.Ал бозбалалары мұндай сәттерді бос жібере алмай,соғып-кіріп кететін жайлары болған. Міне осыны байқаған үлкендер жігіт басыңмен қыз-қырқынның арасында не бар деп тиым салған. Бұл жердегі қыз дегеніміз бойжеткен де, қырқын деп отырғанымыз қасына ілесіп барған (апасы, інісі, жеңгесі сияқты) адамдар.

Түпкі мағынасы «Қыз – «ханша» дегеннің орнына қолданылатын сөз.. Қыз-қырқын да бала-шаға, бұлан-талан, қызыл-жасыл деген секілді айтылған сөздердің бірі.

Қыз сөзі көбіне тәуелдеулі болады да, кімнің қыз баласы, тумасы екендігінен хабар береді. Тарихи ескерткіштерде де, қазір де осы мағынада жұмсалады. Йалавач аңа берди еки қызын ҚБ 13 (Пайғамбар оған екі қызын берді). Күйеуге тимеген, бойжеткен мағынасы да көне дәуірге де, жаңа дәуірге де ортақ. Оғул сегизинч ордулуғ қыз төртүнч ордулуғ болур ДТС 449 (Ұл сегізінші ордалық, қыз төртінші ордалық болып табылады). Аталған сөзге біздің заманымызда жігіттің көңіл қосқан, жүріп жүрген адамы, қалыңдық деген экспрессивті мағына үстеген [1].

Қазақта он сегіз жасқа толмаған, тұрмысқа шықпаған әйел заты «қыз» деп аталады. Ал, тұрмысқа шықпаған күйінде жасы он сегізден асып кетсе, оны «отырған қыз» дейді. Он сегізден бұрын тұрмысқа шығып кетсе, оны «жас  келіншек»/«жас келін» деп атайды. Отырған қыз күйінде, яғни, он сегізден кейін тұрмысқа шықса оны (жай) «келіншек»/«келін» дейді [2].

Бүгінгі күнде нәзік жыныстылардың бәріне жалпы атауға айналған «қыз» ұғымы, халықтың өз ұрпағын жақсы болса екен, патшалардың қызындай сыйлы да құрметті болса екен деген асыл арманының айғағы болса керек.Этимология (грек. etymos – ақиқат, шындық, logos – білім) – сөз төркінін зерттеп, айқындаушы тарихи лексикологияның және жалпы тіл білімінің бір саласы болып табылады. Этимологияның зерттеу нысанына, негізінен тілдегі жеке сөздер, сөз тіркестері, граммататикалық тұлғалар жатады. Этимологиялық зерттеу нысаны тек мағынасы ұмыт болуына, не күңгірттенуіне байланысты жеке-дара қолданылмайтын сөздер, тұлғалар ғана емес, сонымен қатар тілімізде дербес те жүйелі түрде қолданылатын жалпы лексика-грамматикалық мағынасы айқын сөздер мен сөз тұлғалары да бола береді [3].

Қызықты этимология – сөз төркінін ашуда дәйектілігі белгілі бір деректермен шектелген, сөздердің сыртқы тұлғасы және бөлігі контекстегі мағынасымен қанағаттанатын, бірақ өзінің сиқырлы сырымен жұртшылықты қызықтырып, қалың бұқара арасына тез тарап кететін этимологиялар жатады [3].Мұндай қызықты этимологиялар қатарына қыз атауын жатқызуға болады: Қыз. Бұл да жалпытүркілік атаулар құрамына кіреді. Азерб., түркімен: гыз. Чув.: хыр. Қыз – барлық қазіргі түркі тілдерінде «қыз» мағынасында ұшырасады. Ерекше ═> туваша: – ’ұрғашы’, «әйел». Хыр    адыг – ’ұрғашы аю’,  Хыр бөрү – ’ұрғашы бөрі’. «Қыз» ұғымы тува тілінде уруг терминімен беріледі. Як. кыыс (қыз, немере қыз). Демек, уол, кыыс – туыстық терминдері ретінде кеңірек мағынада қолданылған. Сонымен, екі жайтты көрсетуге болады:

1) оғул, қыз  – анықтауыштар (анықтауышты тіркестерде);

2) олардың өзі анықталатын сөздер. Бірінші жағдайда қыз әдетте ’бала ’ мәніндегі сөзге анықтауыш болады: татарша., қазақша., қара калпақша. қыз бала, башкұрт. қыз бала, өзб. қыз бола, алт. кыс бала, хак. хыс пала. Оғыз тілдерінде: кыз чоджук.

Башқұрт тілінде ең кіші қызды атағанда кинйә (соңғы, кейінгі) анықтауышы қолданылады: кинйә кызым (кейінгі, ең кіші қызым). Қыз термині күрделі терминдер құрамына кіреді: кыз кардаш «қыз қарындас», кыз оғул «қыз, бойжеткен», оғул кыз «балалар».

Башк. qïd qïrqïn  (қыз, қыз-қырқын), қыз-мыз, qïd-mïd. Кыркын – бұрынғы заманда «күң, тұтқын қыз» мәнінде болған. Бұл туралы М.Кашғари сөздігінде бар.

Әр елдің өміріндегі шешуші кілт  қыздарға берілетін тәлім-тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жан-жақты сұлулықтың символы ретінде қолданады. Жарық пен жылу, от пен су жоқ жерде тіршілік жоқ, ал осылардың көктегі көзі – күн, жердегі көзі – адамзат. Адамдардың бір-біріне мейірімі мен ұлағатты тәрбиесі тіршілікті сақтайды. Тәрбиесі түзелмей елдің көсегесі көгермейді, отбасы түзелмей болашақ түзелмейді.

Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала болашақта да сол әдебін сақтамақ. Әдепті, инабатты, адамгершілігі мол, сыпайы қыз тәрбиелеу – бүгінгі мектептің, қоғамның және ата-ананың негізгі міндеті. Қазіргі заман қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруді қажет етеді. Себебі, қыз баланы тәрбиелеу деген сөз – ұлтты тәрбиелеу деген сөз. Отбасы – қоғамның бір бөлшегі. Ал отбасының алтын қазығы — әйелзаты. Бесігінде жақсы тәрбие алған, үлгі-өнеге көрген қыз бала ержеткенде сол әдебін сақтайды. Қазақ халқының мақсаты— әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, ақ босағаның аруы, шаңырақтың құт - берекесі екенін ұғындыру, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиелеу.

Қыз бала бойжетіп, әке-шешесінің, бауырларының ортасында бұлғақтаған дәуренін қалдырып, басқа бір үйге келіп келін атанады. Өз шаңырағын көтеріп, үй мен шаруаға иелік етіп, түтін түтетеді, ана болып өмірге перзент әкеледі. Жар құшып, ана болу – қыз баланың мақтанышы, әрі бақыты. Бұған әсіресе ата-ана қуанады.Қыздың бойжетуі, яғни, жан-жақты жетіліп, белгілі дәрежеде өмір тәжірибесіне ие болуы заңды құбылыс. «Қыздың жолы жіңішке», «Қызға қырық үйден тыю» деген сияқты халықтық тәлімгерлік талаптарының мәнін түсініп қана қоймай, бойжеткен одан өзіне қатысты қорытынды шығара білуі, іс-қимыл, жүріс-тұрыс дағдысын басшылыққа алуы керек.Ұят-әдеп жоралғыларын белден басып, отырғанда, тұрғанда өзінің әйелдік жаратылысын ескермейтін, қызға, келінге жарасатын қымсыну, қызару, тартыну, имену дегендер ойына кіріп-шықпайтын қыз өзіне ғана емес, ата-ана, бауыр-туғандарына сөз келтіріп, жерге қаратады. Сондықтан, қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлдем болмайды .Біздің халық ұрпақ тәрбиесінде екі нәрсені естен шығармаған. Біріншіден, дүниеге келген ұрпақтың жалпы тәрбиесіне баланың ержеткенге дейінгі бағым-күтімі, жүріс-тұрысы бәрі-бәрі енген. Екіншіден, ұл мен қыздың тәрбиесін екі бөліп жүргізуге тырысқан. Мұнда негізінен ұлдың тәрбиесі әкеге, қыздың тәрбиесі шешеге байланысты жүргізілген. Олардың әдепті, тәрбиелі, тындырымды, іс-әрекеті тиянақты болуын қадағалаған. Соған орай ақыл-кеңес беріп отырған. Ұлы ғұлама Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова: «Қыз баланың мына өмірдегі міндет-парызының жүгі ауыр,әрі ардақты. Ол – адамзат ұрпағын өмірге әкелетін болашақ ана, үй ұстап, жар күтетін адал жар, ата-ене сыйлап, иілетін қамқор келін. Ол осыны қаласын-қаламасын, бұл— өмір заңы», -  деген.

Хас сұлу қызды ару деп атаған.  «Ару» сөзі әйелдерге қатысты сөз болғанымен, ертеректе «пәк, таза, кіршіксіз» деген және діни ұғымдағы «әулие, ие», осылардан барып, «игі, мінсіз, игілікті, асыл» деген ауыспалы мағыналары пайда болған. Сондықтан көне түркі ескерткішткерінде арығ тон (таза киім), аруғ азуқ (адал тамақ), қылқы аруғ (мінез-құлқы игі), ару күмүш (таза, қоспасыз күміс) деген тіркестерді көруге болады. Бұл сөз тегі тек түркі емес, түркі-монғол тілдеріне ортақ ежелгі сөз болуы керек. Өйткені, монғол тілінде де ариг сөзі «таза» мәнін береді. Монғолша ариг ус – ауыз су (таза, ішуге келетін су), ариун 1) киелі, әулие, таза, адал; 2) үсті-басы таза жүретін деген мағыналарды білдіреді екен.

Ару (ары) сөзінің «таза» мағынасы қазақ тіліндегі арылу етістігінде де сақталған. Арылмақ  сөзі қазіргі түркі тілінде екі түрлі ұқсас мәнде жұмсалады екен: бірі «тазару, таза болу» деген және «аурудан сауығу, жазылу» деген мағыналарда. Татар тілінде де ару – «таза», арулық – «тазалық», аруламақ – «тазарту» деген мағына берген.

Қызымыздың әдепті болғанын қаласақ, қай заманда да тәрбиедегі құндылық болып саналған «текті», «пәк», «қылықты», «ару» сапаларына сай тәрбиелейік. Осындай сапаға лайық болған қызды жар етер жігіттерді тәрбиелеуге де, қыз балаға лайықты қасиет сапаларды жетілдіруге де жаңа көзқарас, ұлттық тағылымнан бастау алған өнеге мен әдіс-тәсілдер қарастыру қажет.

Әдебиеттер тізімі:

1. Құлжанова Б.Р. Байырғы сөз мағыналарының кеңеюі.

2. Ұларбек Нұрғалымұлы.Namys.kz.Қазақ қандай кемпірді «қыз» деген немесе отырған қыздың жасы қанша?, «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, X том.

 

Резюме

 Мақалада зерттеуші өзінің зерттеулерінің нәтижесінде «кез келген сөзді, кез келген тілдің тарихын заманауи контексте қарастырса жаңғырады,- деген қорытындыға келеді.  Автор сөздің алғашқы  шығу байланысын халықтың сөз байлығында орын алған сөздермен байланысын зерттейді, сөздің себептілігін анықтауға ұмтылыс жасайды, қазақ тілінің (түркі тілін) сөз тарихын сөздік кеңістігінде қарастырды. Сонымен, зерделеу барысында автордың ізденістері кеңдігімен және тереңдігімен, жаңаша зерттеулермен этимологияның аясын барынша кеңейткен ғылыми тұжырымдармен сипатталады.