Хасенова А.А., Ахметова Б.Б., Болатбекова А.К.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті,

Қазақстан Республикасы

КӨПТІЛДІЛІК ЖҮЙЕСІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ОРНЫ

 

Егемен еліміздің болашақ бағдарының ұштұғырлы тілдер саясатын негізге алып отырғаны – бүгінгі ақпараттық қоғамның және қашанда өз өктемдігін жүргізетін уақыт пен заманның талабы. Себебі тарих бір орында тұрмайды, әлем жұртшылығының алдында тарихи қажеттіліктен туындаған, айналып өтіп кетуге болмайтын үлкен бір сын тұр. Ол - «жаһандану», «жаһандасу», «ғаламдастыру» деп түрліше аталып жүрген «глобализация» атты бүкіл әлемде бастау алып жатқан санаспауға болмайтын ғаламдық қозғалыс. «Жаһандану жағдайында мемлекеттік тіл, орыс, ағылшын тілдерінен тұратын үштілділікті дамытудың қажеттілігі айдан анық».

Елбасының: «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», – деп атап айтқаны баршамызға аян [1].

Әрине, әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілді меңгеруі бірінші кезектегі міндет. Бізге жаһандану үрдісінің тасқынына төтеп беру үшін ұлттық болмысымызды сақтап қалатындай асқақ рух қажет. Мәселен, бүкіл әлемдік сауда ұйымы талаптарына сәйкес халықаралық стандарт бойынша мемлекет дамуының негізгі белгілерінің бірі – елдегі мемлекеттік тілдің толыққанды қызмет істеуін қамтамасыз ету болып табылады.

Қалай дегенмен де қазір тіл саясатқа айналып отыр. Немесе оны саясатқа айналдыру қоғам қажеттілігінен туындауда. Жалпы, қазақ тілі қоғамдық топтасудың бастауы болуы керек деген пікір бар. Көп тілді пайдаланған, әрине жақсы. Бірақ мемлекет ішінде қазақ тілін орыстың, ағылшынның деңгейіне жеткізбейінше, біздің қорғанысымыз әлсіз болады. Яғни қазақ тілі ғаламдану заманында бізге қорғаныс ретінде қажет болып отыр. Демек, жас ел ретінде мемлекеттік тілді дамыту басты мақсаттың бірі болуы тиіс. Қазір осы бағытта идеялық күрес қарқынды жүріп жатыр.

Әлемдік бәсекелестікте жалғыз мемлекеттік тілмен қалуға болмайды, бірақ, басты міндетіміз – мемлекеттің тілін сол дәрежеде алып жүру болып отыр. Отандық білім беру жүйесін халықаралық стандартқа бейімдеу, көп тілді білім беру жүйесін талап етеді.

Қазіргі заманның басты мәселесі – адамдар арсындағы келісім және өзара түсінушілік, этника аралық қарым-қатынас қиыншылықтарын жою. Мәдениаралық қарым-қатынас әр мемлекетте көптілділік жағдайын сақтауға және қолдауға, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа үлкен деңгейде мүмкіндік туғызады.

Қазіргі білім беру мақсаты тек қана білім емес, сонымен қатар жастардың қоғамдағы алдағы өмірін қаруландыруы тиіс негізгі міндетін қалыптастыру.

Біздің міндеттеріміздің бірі өсіп келе жатқан ұрпақтың қарым-қатынас жасай алу іскерліктерін және әлемдік кеңістікте өзара бірлесе жұмыс істей алуын қалыптастыру болып табылады.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамыту көзқарасы мамандыққа жауап бере алатын кәсіби кадрлар дайындау түрлері мен әдістерін сапалы жаңартуға, бүкіләлемдік стандартқа бағытталған. Осындайда көптілді білім беруге үлкен назар аударылады. Өркениетті елдерде тілдерді оқу әрқашан жалпы білім берудің негізгі компоненті болды. Тілдік дайындық стратегияның бөлігі болып табылады.

Қоғамдағы соңғы кезде болып жатқан өзгерістер шетел тілін оқып-үйренуге мәжбүрлік ахуалын туғызып отырғаны белгілі. Компьютер арқылы әлемдік ақпараттар кеңістігіне шығу, әлемдегі озық технологияларды, жаңалықтарды меңгеру, өмір ағымына ілесу дамыған елдер тілін меңгермейінше мүлде қиын болатыны – бүгінгі күннің шындығы.

Қазіргі таңда шетел тілін білу әркімнің тілегі болса, ертеңгі күні қажеттілік болады [1]. Ағылшын тілінің халықаралық қарым-қатынас тілі ретінде жаһандану тілінің рөліне үміттенуі нақты шындық. Швед полиглоты Эрик В. Гуннемарктің көзқарасы мынадай: «Қазіргі кезде әлемдік тіл ретінде бірінші нөмірде тұрған ағылшын тілінің жағдайы ешқандай күмән келтірмеуі мүмкін» [2]. Осы бірінші шетел тілі (ағылшын) «басым (доминантты) тіл» ретінде көптілді қарым-қатынас міндетінің негізін қалыптастыруға қажет [3].

Барлық тілдерге тән прелингвистикалық концептуалды деңгей ойды білдіру үшін, тілдік көркемдік үшін негіз болатын біріңғай субъективті семантикалық жүйені көрсетеді. Сондықтан біз көптілді компетенция қалыптастыруда ана тілін ескермеуіміз мүмкін емес.

Тұлғаның лингвистикалық тәжірибесінде алғашқы шетел тілін белгілеуде қолданатын «басым тіл» түсінігі басқа шетел тілдерін меңгеруде білінетін когнитивті стильде зерттеу мен сүйенуді болжайды. Жоғары деңгейде меңгерілген шетел тілі көптілді меңгеруде басты рөл атқарады.

Жалпы адам неғұрлым көп тілдерді білген сайын, соғұрлым мүмкіндіктері де арта түседі. Өз ана тілінен басқа бір шет тілді меңгерген адамның келесі тілдерді меңгеруі әлдеқайда жеңіл болатынын психолог ғалымдар дәлелдеген. «Қандай да болмасын бір өзге тілді білетін адамға екінші тілді меңгеру біріншіге қарағанда айтарлықтай жеңіл және тез болады. Себебі, бірінші өзге тілді меңгергенде, адамда ана тіліне қосымша үйренуші тіл сезімі қалыптасады, сонымен қатар, жалпы тіл ерекшеліктерін айыра білу қабілеті дамиды, осы қабілеттің арқасында адам тек қана үйренетін тілдің емес, жалпы тілдердің арасындағы ерекшеліктерді айыра алады» [4].

Қазіргі уақытта Қазақстандағы мемлекеттік тіл мәселесі саяси-лингвистикалық реңкке ие болып отыр. Себебі, Қазақстан – көпұлтты ел. Қазіргі білім беру жүйесінде көптілділікті оқыту мен ел территориясындағы тілдерді дамытуда Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңы, «Білім беруді дамытудың 2011-20 жылдарға арналған жоспары», «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы, «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекетті бағдарламасы» басшылыққа алынуда [5].

Көптілділіктен қашпау керек, қайта әлемге ашылған терезе ретінде қабылдау қажет деп ойлаймын. Қазіргі жаһандану дәуірінде көп тіл білу, оны мемлекет саясатына енгізу - заманның өзі туғызып отырған қажеттілік. Дегенмен, үштілділік жүйесінде мемлекеттік тілдің маңызын аласартып алмай, «Өзге тілдің бәрін біле отырып, өз тіліңді құрметтеу» қажет екенін ұмытпаған абзал.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында сөйлеген сөзі.

2. Гуннемарк Э.В. Исскуство изучать языки. – СПб.: Тессо, 2001

3. Щепилова А.В. Дидактика многоязычия и проблема «доминантного языка». / Иностр. Языки в школе. – 2007. - №6

4. Беляев Б.В. Очерки по психологии обучения иностранным языкам. 2-е изд. Пос. Для преподавателей и студентов. – М.: Просвещение,. 1965. – 227с.

5. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы. Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығы.